Елімізде мүгедектікке шығатын балалар қатары артып барады. Нақтырақ айтқанда, 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында осы санатқа қосылатындар санының өсуі байқалады. Мәселен, бұл көрсеткіш 2022 жылы 14 385 болса, 2023 жылы 15 201 адамға дейін көбейген. Яғни, жыл сайын 15 мыңнан астам балада бастапқы мүгедектік белгіленеді екен. Олардың ішінде туа бітті ақаулар салдарынан мүгедектік бірінші орынды алса, екінші орында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, үшінші орында жүйке жүйесінің аурулары тұр.
Бұл үрдіс кешенді ғылыми-практикалық зерттеулер мен қаржыландыруды қажет етеді. Өкінішке орай, әлеуметтік салаға қатысты бөлінген қаржыдан бұл шараға бөлініп отырған қаржы мардымсыз. Ал игерілмей қалып жатқан қаржы көлемі аз емес. Үкіметтің 2023 жылғы бюджетті атқару жөніндегі есебіне сүйенсек, 8,1 млрд теңгеден астам қаржы орын таппаған. Сонымен қатар бұл салада 314,7 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған. Бұл жөнінде Сенатта Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалған кезде мәлім болды. Жиында сөз алған сенатор Әсем Рақметова осы мәселеге арнайы тоқталып, елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты біраз жайтты ортаға салған еді. Бүгінде елімізде 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады екен. Бұл ретте, балалар мүгедектігі мәселелері кейінгі ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқатына, ұлтымыздың болашағына тікелей қатысты болғандықтан, біздің мемлекетіміздің жұмыс істеуінің барлық аспектілерін қозғайды. Нейрогенетика, психиатрия және балалар неврологиясы саласындағы зерттеулер, зертханаларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау және арнайы білім беру мәселелері бойынша зерттеулер балалардың мүгедектігінің алдын алу бойынша дұрыс саясат құру және шараларды жоспарлау мақсатында қажет. Сондай-ақ Медициналық-санитариялық алғашқы көмек базасында бала мүгедектігі бар адам мәртебесін алған немесе ауру диагнозы қойылған сәтке дейін дамудың кешеуілдеуіне немесе олардың қауіпті факторларына ерте араласу жүйесін енгізу қажет. Бұл шара ерекше қажеттіліктері бар балалардың мүгедектігіне жол бермеуге, олардың болашақта барынша әлеуметтенуі мен экономикалық дербестігіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбек нарығында мүгедектігі бар адамдардың бәсекеге қабілеттілігіне және оқытуға қатысты мәселелер бар. Мәселен, тифлопедагогтар, ымдау тілінің аудармашылары, Брайль шрифтінде көру қабілеті нашар студенттерге бейімделген оқу материалдары жетіспейді. Мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған оңалту орталықтарын салу мәселесі де өз алдына өзекті болып тұр. Уақытында жүргізілген оңалту адамдарға уақытты, әлеуметтік және кәсіби дағдыларды жоғалтпай, өнімді өмірге оралуға мүмкіндік береді. Бұл орайда оңалту қызметтерін көрсету адам тұратын жерлерде, оған және оның отбасына Астанаға немесе басқа өңірлерге барудың қажеті болмайтындай етіп жүргізілуінің тиімділігі зор. Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы өңірлерде мүгедектігі бар адамдар үшін 12 оңалту орталығын салуды тапсырған болатын. Бұл үшін 2023 жылы әлеуметтік қамсыздандыру объектілерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 13,9 млрд. теңге бөлінді. Өңірлерде іс жүзінде 12,1 млрд. теңгесі, яғни 87,1 пайызы игерілді. Алайда осынша қаржы бөлінгеніне қарамастан, бұл оңалту орталықтары құрылысы қарқынының төмендігі алаңдатады. 2025 жылдың соңына дейін 12 оңалту орталығы толық салынбай қалуы мүмкін. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектер үшін ұсынылатын оңалту қызметтерінің сапасы оларды қаржыландыруға тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Өкінішке орай, оңалту орталықтары өкілдерінің айтуынша, медициналық оңалтудың барлық деңгейлеріне өте төмен тарифтер белгіленген. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде амбулаториялық оңалтуды ұйымдастыру, оның ішінде мультидисциплинарлық топ мүшелерімен жасақталған емханаларда оңалту бөлімшелерінің болуын, оларда емдік дене шынықтыру залдарының, логопедиялық кабинеттердің, физиотерапия кабинеттерінің, психологтың, кабинеттерді заманауи оңалту жабдықтарымен толық жарақтандыру талап етіледі. Мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін бюджет қаражатын қаншалықты тиімді пайдаланатынымызға оның отбасы мүшелерінің де өмір сүру сапасы, яғни бүкіл қоғамның әл-ауқаты әсер ететінін ұмытпау керек.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»