Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Мемлекеттік кеңесші Президенттің бұл бағыттағы пікірін түсіндірді.

«Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты», — деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жеткен.

«Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін», — деді ол.

Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылатынын мәлімдеді.

«Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз. Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді», — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясына қатысып, тілге қатысты пікір білдірді.

Мектептерге жаппай Face ID жүйесін енгізу жоспарланып отыр

Қазақстандағы барлық мектепте Face ID технологиясы арқылы кіруді бақылау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Елімізде кәсіпкерлерге лицензия беру тәртібі өзгерді

Қазақстанда бизнеске арналған кейбір лицензиялар мен рұқсат автоматты түрде беріле бастады. Бұрын лицензия алу үшін 15–30 күн күту керек болса, енді оны жылдам ала аласыз.

Қазақстан ағылшын тілін меңгеру рейтингінде сегіз сатыға көтерілді 

Халықаралық EF Education First білім беру компаниясының жаңа деректеріне сәйкес, Қазақстан 424 балл жинаған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 417 балл болған. Ал былтыр рейтингте 104-орында тұрған Өзбекстан биыл 101-сатыға жайғасты.

АӘК алу қиындай ма? 2027 жылдан бастап не өзгереді? 

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау және төлеу қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.

Желтоқсандағы демалыс: Қазақстандықтар Тәуелсіздік күнінде қалай демалады? 

Қазақстандықтар желтоқсанда неше күн демалады? 2026 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда...