Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады 

Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Президент ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.

Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.

– Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды, – деді Президент.

Алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге пәтер кілті табысталады 

Соңғы 3 жылда тек Астанада ғана 200 журналист баспаналы болды.

Демалыс үйлерін жалға беру кезіндегі алаяқтық жасалып жатыр – ІІМ ескерту жасады 

Жазғы демалыс маусымында демалыс үйлерін жалға алмақ болғандар жаңа алаяқтық тәсілінің құрбанына айналуы мүмкін. ІІМ қандай белгілерге назар аудару керегін ескертті.

Футболдан әлем чемпионаты: Плей-офф қатысушылары анықталуда 

Швейцария, Канада және Марокко плей-оффқа жолдама алды.

Хантавирустың өршуі 2 шілдеде аяқталуы мүмкін – ДДСҰ 

Ұйымның мәліметінше, індет туралы алғаш рет 2 мамырда хабарланғаннан бері 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталған.

«Қазгидромет» елдің бірқатар облысында құрғақшылық қаупі бар екенін ескертті 

«Қазгидромет» РМК шілде айында ауа температурасы жоғарылаған сайын құрғақ құбылыстарға бейім аудандардың ұлғаю ықтималдығы сақталатынын, жауын-шашын көбінесе қысқа мерзімді болатынын мәлімдеді.