Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Мемлекет басшысы «Аквашаруашылық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Заңның мақсаты – жаңа өндірістер құру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту, бәсекеге қабілетті аквашаруашылық нысандарын көбейту, сондай-ақ қоршаған ортаға және адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіз ету арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамыту.

Құжатқа жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту мақсатында инвестициялық жобаларды ғылыми сүйемелдеу енгізілді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен бизнеске ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ Заңда субсидиялау, жеңілдікпен несиелеу, сақтандыру, салық преференциялары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Заңда аквашаруашылық субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлері, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындары мен осындай қызметті жүзеге асыруға арналған учаскелер (халықаралық, республикалық және жергілікті) нақты бөлінген.

Су биологиялық ресурстарына және олардың тіршілік ету ортасына зиян келтірмеу үшін Заңда балық шаруашылығы су айдындарын ұтымды пайдаланудың негізгі қағидаты белгіленген.

Сонымен қатар аквашаруашылық саласына мемлекеттік бақылау енгізілді. Бұл жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану бағытындағы бақылаудың бір бөлігі саналады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңмен Жер, Орман, Экологиялық және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ 14 заңға түзетулер енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді қабылданған және қол қоюға ұсынылған «Аквашаруашылық туралы» Заңға сәйкес келтіруге бағытталған.

Жер кодексіне енгізілген түзетулермен аквашаруашылықты жүргізу үшін су қоры жерлерінің құрамынан жер учаскелерін беру мүмкіндігі белгіленді.

Бұл ретте аквашаруашылықты жүргізуге арналған жер учаскелерін беру үшін конкурстық өтінімге қойылатын талаптар регламенттелген.

Орман кодексіне енгізілген түзетулермен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде балық өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленді.

Жануарлар дүниесін пайдалануға арналған лимиттер мен квоталарды белгілеуге қойылатын талаптар қайта қаралды.

«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының жаңа нысандарымен толықтырылды.

Түзетулердің екінші блогы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылдың 3 қаңтарындағы № 429 Жарлығын іске асыруға бағытталған, соған сәйкес Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген. Осыған байланысты аталған мемлекеттік органдар арасында функциялар Заңмен қайта бөлінді.

Түзетулердің үшінші блогымен жер қатынастары саласындағы жекелеген мәселелер реттелді.

Жер кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, жер учаскесінде жүзеге асыру мақсатында берілген жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату жер пайдалану құқығын тоқтату үшін де негіз болады.

Ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық зерттеу жүргізу жөніндегі қызмет арнайы құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жүктелген.

Түзетулердің төртінші блогында «Астық туралы» Заңға астық жемдік қорын қалыптастыру және қамтамасыз ету ісіне бағытталған өзгерістер енгізілді.

Астықтың резервтік қорын айырбастауды және жемдік қорын айырбастауды жүзеге асыру жөніндегі функцияларды қоса алғанда, жемдік қорды басқаруды астық нарығы жөніндегі оператор жүзеге асыратын болады.

Жемдік қорды басқару жөніндегі ережені Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітеді.

Түзетулердің бесінші блогы «Электр энергетикасы туралы» Заңда қосылған құны жоғары өнім өндірушілерді қолдау мақсатында электр энергиясына инвестициялық тарифті қолдану тетігін енгізді.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңға енгізілген түзетулермен су саласы қызметкерлерінің орташа айлық номиналды жалақысының деңгейі электр және жылу энергетикасы саласындағы жалақы деңгейіне теңестірілді.

Автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жазаламайды — ІІМ түсініктеме берді

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартатыны туралы ақпарат тараған еді. ҚР ІІМ ӘПК өкілдері бұл ақпараттың шындыққа сәйкес еместігін мәлімдеді.

Елімізге көптен күткен көктемгі жылу қашан келеді?

Бұл сұраққа Қазгидромет синоптиктері жауап берді.

Мұнайдың қымбаттауы Қазақстан бюджетіне қалай әсер етеді?

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай бағасының қымбаттауынан Қазақстанға түсетін қосымша пайда туралы сұраққа жауап берді.

Ораза айт — 2026: қай күні тойланады және мерекенің мәні неде?

Ораза айт – мұсылмандар үшін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн қасиетті Рамазан айының аяқталуын білдіреді және бір ай бойы ұстаған оразаның қорытындысы саналады.

Салық кодексі тағы өзгереді: үкіметте қандай түзетулер талқыланып жатыр?

Үкіметте Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе жұмысының алдын ала қорытындысы қаралды.