– Мейрамгүл Барқазатқызы, соңғы кездері елдегі білім бағдарламаларына көп сын айтылып жүр. Жалпы, қазақстандық білім беру жүйесі жайлы сіздің пікіріңіз қандай? Тәуелсіздік жылдарынан бергі қандай жетістігі мен кемшілігін атап көрсетер едіңіз?
– Қазақстандық білім беру жүйесі даму үстінде, білім беруді жетілдіру мақсатында жүргізіліп отырған ауқымды іс-шаралар жетерлік. Мен тек мұғалімге қатыстысын ғана атап өтейін. Мектептегі білім беру мазмұнын жаңартудағы мұғалімнің атқаратын маңызды рөлін ескере отырып, еліміздің педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазақстанның әр өңірінде «Назарбаев Зияткерлік мектебі» автономдық білім беру ұйымы негізінде педагогикалық шеберхана орталықтары ашылды, олар Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірігіп білім беру ұйымдарының басшылары және педагогтарының біліктілігін арттыру негізінде үш деңгейлік бағдарлама құрастырды. Деңгейлік бағдарламалардың идеясы мұғалімдердің кәсіптік біліктілігін дамытуға негізделді. Заманауи мектепті басқару мен әр баланың мүмкіндігін ашуға қабілетті, ерекше ойлайтын, заманауи білім беретін әдістер мен технологияларды қолданатын, өз пәнін жетік білетін, жаңа формация педагогын қалыптастырды. Тәуелсіздік жылдарындағы білім саласының бір жетістігі – сабақ беру тәсілдерін жан-жақты жетілдірді, мектеп мұғалімі өз тәжірибесіне зерттеу, талдау жасай алатын деңгейге көтерілді.
Тәжірибе көрсеткендей, деңгейлік бағдарламалардың негізгі идеясы – мұғалімдердің кәсіптік біліктілігін дамытуға бағытталған. Өкінішке орай, бүл үрдіс мұғалімдер курстан өткен кезде қарқынды жүргізілді де, бірте-бірте оны жүзеге асыруда мұғалімдер көптеген кедергілерге ұшырады. Ол кедергінің басы – сабақ беру тәсілдері жетілгенімен, пән мазмұнына құрылған оқыту методикасының жасалмауында еді.
Оқу бағдарламасы оқушылардың жас ерекшеліктерінің танымдық мүмкіндіктеріне сәйкес әр оқу пәнінің мазмұнын және олардың білім-білік, дағдыларының көлемін анықтайтын оқу-нормативтік құжаты болып табылады. Пәннің оқу бағдарламасы «шиыршық» қағидаты негізінде әзірленген, яғни оқу мақсаттары мен тақырыптардың басым көпшілігі белгілі бір оқу кезеңінен кейін (оқу жылы барысында немесе келесі сыныптарда) білім мен дағдының көлемі көбірек, тереңірек, күрделірек деңгейде қайта қарастырылады. Оқу бағдарламасындағы жетістік пен кемшілікке жеке мұғалімнің сараптама жасауы мүмкін емес. Бұл мемлекеттік тұрғыда кешенді жұмыс жүргізуді, яғни, талдауды талап етеді.
«Әлеуеті жетпейтін талапты қойған соң балада ынта қайдан болсын»
– Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытудың әдіс-тәсілдері қалай жүргізіледі? Жаңа заманға лайықталған оқу методикасы бар ма бізде? Оқушылардың осы пәнге деген қызығушылығы қалай, тақырыпты меңгеру мен түсінудегі белсенділігін қалай бағалайсыз?
«Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (9 қазан 2019 жыл) Жанғара Дәдебаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Абай ғылыми институтының директоры, филол.ғ.д., проф., «Қазақ әдебиетін оқытудың заманауи негіздері» атты баяндамасында: «Пәннің үлгілік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ оларда (5-9, 10-11-сыныптарға арналған оқу бағдарламаларында) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда бекітілген танымдық дағдыларды қалыптыстыру, дамыту мақсаттары, оқу мақсаттары таксономиясы бұрмаланды. Мемлекеттік стандарттардағы білу, қолдану сияқты танымдық деңгей дағдылары бағдарламаны жасаушылар мен бекітушілердің назарынан тыс қалды. Блум таксономиясындағы білім, білу аталған стандарттарда оқыту мақсаттары жүйесіндегі бастапқы саты ретінде қабылданған. Ол жоқ жерде қалған бес танымдық дағдыны қалыптастырмақ болу – әурешілік. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында анық көрсетілген танымдық сипаттағы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламаларында қолданылмай, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру дегендер қосылған. …Таным деңгейлері арасындағы иерархиялық жүйені бұзу жүйесіздікке әкеліп соқпай қоймайды. Оның үстіне мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар қазақ тілінде «талдау» деп анық көрсеткен атаудың пәннің үлгілік оқу бағдарламасында «анализ» болып берілгені, оған «интерпретация» секілді атаудың тіркескені қазақ әдебиеті үшін де, қазақ әдебиеттануы үшін де, қазақ тілі үшін де жетістік емес, кемістік» – деген. Біздің айтпағымыз бағдарламаның жүйесіздігі, оқушының жас ерекшелігінің ескерілмеуі
Ғалым одан әрі «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларындағы 14 мақсаттың бірін талдап көрсетеді: «Анализ және интерпретация» бөлімінің құрамындағы бес бөлімшенің бірі – Автор бейнесі деп аталады. Автор бейнесі бөлімшесінде білім алушылар үшін 10-11-сыныптарда мынадай нақты оқу мақсаттары қойылған: 1) 10-сыныпта «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын айқындау» / «автор бейнесінің шығармадағы белгілі бір оқиғадағы көрінісін анықтау» қажет. 2) 11-сыныпта «автор бейнесінің шығарманың негізгі идеясымен байланысын айқындау» / «шығармадағы авторлық идеяның өмір шындығымен байланысын ашу» шарт. 5-9-сыныптардағы оқу мақсаттары мынадай: 3) 5-сыныпта «эпикалық шығармадағы автор бейнесін анықтауға» тиіс, 6-сыныпта «эпикалық, поэзиялық шығармалардағы автор бейнесін анықтайды». Әдеби шығармаларды бұлайша «эпикалық, поэзиялық шығармалар» деп топтау – қателік. Білім мазмұны, әдеби теориялық ұғымдар деңгейіндегі қателік. Білетін маманға «эпикалық шығармалар» қатарында поэзиялық шығармалар да болатыны, ал «поэзиялық шығармалар» қатарында эпикалық шығармалар да болатыны белгілі. 4) білім алушылардың алдына 7-сыныпта «эпикалық, поэзиялық, драмалық шығармадағы автор бейнесін анықтау» мақсаты қойылады. Бұл да, білім мазмұны, әдеби теориялық деңгейіндегі қате. Өйткені сөз өнері, көркем әдебиет туындылары «эпикалық, поэзиялық, драмалық» деп топтастырылмайтыны Аристотель заманынан бері белгілі. 5) 8-9-сыныптардағы мақсат – «автор бейнесі мен кейіпкерлер қарым-қатынасының тілдік көрінісін талдау», «автор бейнесінің идеялық-стилистикалық тұтастырушы ретіндегі рөліне талдау жасау» «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламаларының он төрт мақсатының біреуін мысалға келтірдік» – деп талдайды ғалым. Осы айтылғанды одан әрі жалғастыратын болсам, бір 45 минутта оқушыға қаншама талап қоятынымызды байқай беріңіз. Оқушының әлеуеті жетпейтін мақсат қойған соң оқуға деген қызығушылығы қалмайтыны белгілі емес пе?
Бағдарламадағы осы кемшілікті айтсақ, жаңалықты қабылдамаған адам секілді түсінеді. «Қазақ тілі» пәні оқу бағдарламасында 45 минутта бір лексикалық тақырып, бір грамматикалық тақырып оқытылады. Әр күні, күнде осылай. Жыл бойы 68 сағат солай. Грамматикалық тақырыптар шашыранды беріледі. Бағдарлама мақсаты бөлек, оқулық мазмұны мүлде бөлек. Сондықтан мұғалімдер оқулық мазмұнынан гөрі оқу мақсатына сай тапсырма құрғанды жөн көреді.
«Қазақ тілі» пәнінің де, «Қазақ әдебиеті» пәнінің де методологиясы жасалмаған. Бағдарлама жасаушылардан сұрап көрдік, жауап берген адам жоқ. 1-сыныпта «Әліппе» кезеңінен кейін қазақ тілі пәні жоқ. «Ана тілі» бар. Оқулық мазмұны басқа, оқу сауаттылығы енгізілген. Бір сөзбен айтқанда дыбыс, буын, дауысты, дауыссыз дыбыс, екпін, екпін түрлері секілді ғылыми терминдер оқытылады. Ана тілі өзінің пәндік функционалдық міндетінен ажырап, не қазақ тілі емес, не ана тілі емес дүние жасалып шығады. Ал 1-сынып оқушыларының сөздік қорын дамытатын «Ана тілі» де сауаттылығын танытатын «Қазақ тілі» де алынып тасталады. Оқулықтың сырты ана тілі болғанымен мазмұны басқа. Оқушы оқитын өлең, тақпақ, ертегі, жұмбақ, шағын оқиғалы әңгімелер жоқ. Сондықтан 1-сынып оқушылары әріп танығанымен сөздік қоры дамымаған болып шығады. Соңғы жылдардағы тілінен айырылған ұрпақтың қалыптасу себебі де осында тұр! 3-4 сыныпта шағын тақпақты баласына жаттата алмаған ата-ананың шағымы осыдан туындап тұр емес пе?
5-11 сыныптағы қазақ тілі мазмұны шет тілін оқыту методикасына негізделіп жасалған. Ондағы оқу мақсаттары да оқушының жас ерекшелігіне сай емес. Бұл білім алушыға өте ауыр. Баланың сауатты жауабына мән берілмейді, ол критериалды бағалау әдістемесінің талабында да белгіленген, оқу мақсатында орфографиялық норма талаптары болмаса, мұғалім «неге қате жаздың?» деп дұрысын талап ете алмайды. Бұл оқушының сауатты жазуына қойылатын талапты шектейді. Бұған қатысты да ұсыныс айтылып келеді, бағдарламадағы оқу мақсаттары жетілдірілсін, оқулық мазмұны түзетілсін деп, қарапайым мектептегі қарапайым мұғалімнен зерттеу, талдау талап ету – НЗМ мектептерінің жауапкершіліктен қашуы деп білемін. Республика бойынша ұстаздар тобы талдауды да жасап отыр. Бірақ ғылымилығы кемшін. Себебі түсінікті де. Мен бұл жерде мұғалімге қиын деп отырған жоқпын, оқушыға, білім алушыға қиын деп отырмын. Баланың бойына сиятын білім берілуі керек, бойға сыйған білім ғана оқушыны дамытады. «Күшпен дамыған» тұлға жетілмей, сөнеді.
«Жалпы мектептерде НЗМ-дей материалдық-техникалық база жоқ»
– Мектептегі оқыту сапасы мен мұғалімнің біліктілігіне ата-аналар тарапынан жиі шағымдар айтылады. «Мектепте алуы керек білімді біз қосымша ақша төлеп, ақылы оқу орталықтарына береміз және нәтижесі жақсы» – дейді. Бұл мәселеге қатысты не айтар едіңіз?
– Бұл да өзекті. Ата-ананың «Мектепте алуы керек білімді біз қосымша ақша төлеп, ақылы оқу орталықтарына береміз және нәтижесі жақсы» деуі орынды. Қосымша оқу екі жағдайда жүргізіледі. Бірі – сабақта оқушының үлгермеуі. Жаңартылған білім мазмұны бойынша бір сыныпта 10-15 бала (стандарт) оқытылуы керек. Шет елде солай. Ал бізде бір сыныпта кем дегенде 27-30 оқушы отырады. Ақылы орталықта баламен жеке жұмыс жүргізіледі де нәтиже тез көрінеді. Бірақ оның да кемшілігі бар, жеке оқыған оқушы қоғамдаса алмайды. Ал ол мектепте оқушымен жеке жұмыс жүргізілмейді деген емес, мектепте де оқушыны жеке дайындайды. Әрі ақылы емес, тегін. Көптеген ата-ана оған да қанағаттанбайды. Себебі, мектепте оқушы демалатын орын жоқ. Республикадағы мектептер ескі стандартты, 60-70 жылдарда салынған, НЗМ мектептеріндегідей материалдық-техникалық база жоқ. Сабақтан соң оқушы қосымшаға қалса, шаршағаннан баяу қабылдайды, сабаққа дейін қосымшаға барса, сабақтағы білімді шаршап қабылдайды. Ал, екіншісі – ҰБТ-ға дайындыққа қатысты. Егер мұғалімнің әр сабағы сапалы өтетін болса, ҰБТ-ға қосымша дайындалудың қажеті де болмас еді. Ал ақиқатына келсек, жоғарыдағы бағдарламаның сапасыздығынан оқушы қосымша білім алуды қажет етеді. ҰБТ сұрақтарына пән мазмұны енбейді, оқу сауаттылығы енеді. Анығын айтсам, оқу сауаттылығы бағдарлама мазмұнында да, пән мазмұнында да жоқ. Сондықтан қосымша білім беру орталықтары сол олқылықты толтырып отыр.
– Соңғы өзгерістер бағалау жүйесіне де көп жаңалықтар енгізді. Соның ішінде БЖБ, ТЖБ тәсілдері баланың білім деңгейінің қорытынды көрсеткішін анықтай ала ма?
– Бағалау жүйесіндегі жаңалықтар оқушы құзыретіне лайықты құрылған. Сабақ үстінде формативті бағаланса, бөлім соңында жиынтық бағалау тапсырмасын орындау арқылы нені игергені анықталады. Бұл жерде жұмыс алынған соң, мұғалім тарапынан кері байланыс жақсы болуы керек. Жоғарыда айтқанымдай оқу жүктемесі көп мұғалім барлық оқушыға кері байланыс беріп үлгермеуі мүмкін. Толыққанды кері байланыс алмаған оқушы өз нәтижесін жақсартуға ұмтылмайды. Білімді бағалаудың диктант, мазмұндама, шығарма тест сынақтарын алуды әр мұғалім өз сабағында жоспарлауға болады. Формативті бағалаудағы 10 балл деңгейінде сабақта оны да қолданса, артық болмайды. Эссе жазу да білім деңгейін қорытынды бағалауға тиімді. Бірақ бірен-саран әріптестерім бағалаудың бұл түрі тиімсіз деп санайды. Ол біздегі бала тәрбиелеу процесіне де қатысты секілді.
«Үш тілділік саясатын тоқтату керек»
–Тестік форматтардың көбейіп кетуі ұстаз бен оқушының арасындағы жанды байланысты азайтып жібергендей. Баланың сөздік қорының жұтаңдығының, оқуға деген белсенділігінің төмендеуінің, кей жағдайлардағы депрессивті көңіл күйлерінің бір себебі осыдан емес пе?
Тесттік формат ұстаз бен оқушы арасындағы жанды байланысты азайтады дегенмен келіспеймін. Білім алушының мақсатына байланысты, білім алушыда қажеттілік туындаса, ұстазбен байланысқа түседі, тест – жаттанды білімді қалыптастырады. Тест жауабын ғана жаттау – білім мазмұнын толық меңгермеуді тудырады. Баланың сөздік қорының жұтаңдығының, оқуға деген белсенділігінің төмендеуінің, кей жағдайлардағы депрессивті көңіл күйлерінің бір себебі болуы әбден ықтимал. Қазақ балалары көп сөздің қазақша мағынасын түсінбейді, орысша сұрап отырады. Қазіргі қазақ баласы орысша ойлайды, қазақша жазады. Ол жөргектен берілген тәрбие. Орыстілді отбасы үйде орысша сөйлейді, бала айналаны солай танып өсті. Көретін мультфилімі де, қолданатын телефон да, ойнайтын орта да орыс тілді. Сабақта түсінбеген сөзді орысша айтуды қажет етіп отырады. Қаны да жаны да қазақ, тілі – жат. Көркем туындыны түсінбеген соң, толық оқудан қашады. Түсінбеген соң 45 минут өтпейді. Жалығады. Бұл – балабақшада, бастауыш сыныпта үш тілді игертуге ден қойған солақай саясаттың ықпалы. Дарынды, талантты ұрпақты кемтар етіп шығарып жатырмыз. Үш тілділік саясатына тұсау қойылуы керек.
– Пәндік білім беру форматтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілу керек деп есептейсіз бе? Есептесеңіз қандай ұсыныстар айтқан болар едіңіз?
Әрине керек. Менің бұл мәселедегі ұсыныстарым мынадай:
- Ең бірінші 2016-2022 екінші жылдан қолданылып келе жатқан жаңартылған бағдарламаға талдау жасалуы керек
- Бағдарламаны қайта қарастырғанымыз дұрыс, қажет болса мазмұнын да мақсатын да (пән бойынша) қайта қараған жөн
- Соған сай, «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының мазмұны қайта жасалуға тиіс.
Сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Шолпан Рақымқызы


