12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«LION SHADOW» КӨКЕ…

– Алло, Абылай аға! – Иə, құлағым сенде. – Үйге кірейін бе, жоқ, сіз сыртқа шығасыз ба? – Ішке кіре бер, – дедім мен. Іле-шала домофон қоңырауы безектеп, келіншегім едел-жедел есікті ашуға бара жатты. Қонақ бөлмедегі диванда «Цифровая криминалистика» деген еңбекті оқып жатыр едім. Кітабымды үстел үстіне қойдым да, кең бөлменің терезеге таяу бұрышында қол компьютерін шұқылап, ішіне кіріп кеткен Арыстанға қарадым. Биыл тоғызыншы сыныпта оқып жүрген балам əзір ғана телефонмен сөйлескен маған тіпті назар аударар емес. Дəп бір меңіреу адам секілді есіктің қоңырауын да естімеді. Əжептəуір жігіт болып қалса да, далаға шығып бір ауық серуендеп қайтуды білмейді. Күнұзаққа арқандаулы аттай компьютердің алдында отырғаны. Біз мұның жасында қыз қуып, қызық іздеп, үй бетін көрмей, қаңғырып жүруші едік. «Дала безер боп кеттің» деп анам ылғи да ренжитін. Ауызғы үйден Нұрбектің үні естілді. – Амансыз ба, Əйгерім жеңге? Жағдайларыңыз қалай? Мынау сізге! – деп сампылдап сөйлеп жатыр. – Түу, несіне əуре болдың, айналайын! Ағаң сыйламайтын құшақ-құшақ гүлді қайныларымнан аламын, əйтеуір, – деді Əйгерім риза болып. – Абылай Əзімханұлының сыйлығы деп қабыл алыңыз, жеңге! Нұрбектің кейде осылай ресмилене сөйлейтін мінезіне езу тарттым. – Мақұл, айналайын, мақұл! Келіншегім дауысын бəсеңдете сыбырлай сөйлеп жатты. «Нұрбекжан, кешелі бері Əбекенің көңіл-күйі жоқ. Абайлап сөйлесерсің» деп тұрғаны анық еді. – Ассалаумағалейкум, Абылай Əзімханұлы! Қонақ бөлменің есігі айқара ашылып, арғы жақтан Нұрбектің қасқа басы көрінді. Кере қарыс маңдайына көзім түссе болды, Хасен атам ойыма оралады. Ол кісінің де басы жып-жылтыр, қылпық шаш болмайтын. – Уағалейкумуəссалам, – дедім қонағымның ресми амандасатын əдетіне тағы да жымиып. Күлген кейіп көрсеткеніммен, жан-дүнием құлазып, дегбірсізденіп тұрғанымды Нұрбек бірден түсінді. – Кел, отыр! Жұмыс қалай? – дедім туыс ініме компьютерімнің алдындағы орындықты көрсетіп. Арыстан осы сəтте ғана үйге Нұрбектің келгенін біліп, «Көке, қалайсың?» деп қолын берді де, бөлмеден шығып кетті. Баяғыда Нұрбек келді деген сөз, екеуі алысып-жұлысып, күресіп ойнап, үйді əлем-тапырақ етуші еді. Арыстан кейде ағасының артқы жағынан байқатпай келіп, қасқа басынан тоқай алып қашатын. Нұрбек Арыстанды қуып жетіп, мойнынан қылғындыра қысып, екінші қолымен шырылдатып шашын жұлып жататын. «Аға де», «ағатай де», «көке де», «көкетай, енді өйтпеймін де» деп үйдің ішін азан-қазан етіп жіберетін. Нұрбек келсе, «көкелеп» бауырына тығылатын Арыстанның салқын амандасқаны есейгені болар деп түсіндім. Қалай байқамағанмын, кеше ғана Нұрбекті «ағалап, көкелеп» айналсоқтап жанынан шықпайтын балам ержетіпті. – Жұмысымызды білесіз ғой, аға. Күні-түні кеңседе байлаулы иттей тапжылмай отырамыз, – деді қонағым күліп. – Сендерді қойшы, бұ күнде біз де байлаулы ит сияқтымыз, – дедім мен. – Жеңгем айтты, денсаулығыңызға байланысты демалыс алыпсыз. Бір жеріңіз ауырып жүр ме? – Денсаулық орнында, Нұрбек жан. Тепсем, темір үзем. Ауырғаннан сақтасын Құдай! Алаңдама. Бірақ өтірік ауыр ғаннан басқа жол қалмай тұр. Былайша айтсам, өз-өзімді үй қамақта ұстап отырмын. Ішім бір сұмдықты сезеді. Хакерлер бұлай тайраңдай берсе, бастықтар мені тірі қоймайды, – дедім көмейіме кептеліп тұрған өксік шерді лақ еткізіп ақтара салып. Бұрын-соңды таусыла сөйлегенімді көрмеген Нұрбек: – Өткендегі мəселе ме? Қиын, өте қиын, – деді мені аяғандай бəсең тіл қатып. – Осы іске мүлдем бас сұқпау керек еді. Қызметі құрысын, баяғыда тыныш жүре бермей, пысықсынып от басыппын. – Жоқ, аға, Алланың басқа салғаны осы. Ертең-ақ ештеңе болмағандай бəрі ұмытылып кетеді. Уайымға салынып, өзіңізді қатты қинай бермеңіз, – деді інім компьютерді қосып жатып. – Хакерлердің кім екенін анықтамай ұйқы жоқ, енді. – Уайымдамаңыз, бастысы, міне, келдім ғой. Ақысыз демалыс алдым. Қанша күн қадалып отырсақ та, қылмыскерлердің бір ізін табамыз. Көр де тұрыңыз, табамыз! – Таппасақ, екеуміздің де талқанымыз осы бөлмеде таусылады, – дедім оның көзіне тіке қарап. – Абылай аға, Құдай тас төбеден ұрып, сіз менен күдіктеніп отырғаннан саусыз ба? – деді інімнің көзі атыздай болып. – Бұл күнде өзіме де сенбейтін болдым, – дедім ауыр күрсініп. – Бəлкім, прокуратураның санкциясымен мені тергеуге аларсыз, подполковник мырза? – деді Нұрбек баяғы əдетімен ресми кейіпке ене қойып. – Асықпай тұра тұр, өйтіп қызбаланба! Сен өзің ойлашы, хакерлер елдегі дөкейлердің жеке деректерін қолға түсірген. Бір адам болса жарайды, жүзден аса лауазымды тұлғаның құпия ақпараттары жария болып кетудің алдында тұр. Енді шенеуніктерді сауын сиыр сияқты сауа бастайды. Айдың, күннің аманында миллиондап долларды алаяқтарға санап беріп, қарап отыра ма олар? – Киберполдың ІТ-шниктері не дейді? – Қауіптің сырттан келмегенін анықтады. – Қазақстанның хакерлері ме екен, сонда? – деді жөтеліп. Нұрбекті жөтел ұзақ қысып еді, жағаға шығып қалған балықтай дем жетпей қалды. – Қазақстан болса бір сəрі, масқара болғанда олар иек астында жүр. «Хакерлер Астанада тұрады» деді киберпол. – Мүмкін емес, – деді інім таң қалып. – Бұлай болуы мүлдем мүмкін емес, – деді бағанағы сөзін қайталап. Жанарына үрей ұялап алғандай көрініп кетті. Қобалжығаны соншалық, дыбысы да дірілдей шықты. * * * Осыдан төрт жыл бұрын Астана қаласының Есіл аудандық полиция бөлімінің қатардағы майор шенді жедел із кесушісі едім. 2019 жылы Астанада «Жиһаз ұрылары» деген қылмыс тық топ пайда болды. «Жиһаз сатып аламын» деп алданып қалған тұрғындар жылап-еңіреп бізге келетін. Олардың арызын қабылдағанмен, күдіктілерді құрықтау қиынға түсетін. Əлеуметтік желілерде мүлік жарнамалап, қармағына түскендердің үйіне барып, жиһаз тұратын бөлменің өлшемін алып, келісімшартқа қол қойғызып, жартылай ақшасын төлеттіріп, табанын жалтыратады екен, ұрылар. Алаяқтарды ұстау үшін Нұрбектің көмегіне жүгінуге мəжбүр болғам. Нұрбек – туысым. Атам Қайсеннің туған ағасы Қасеннің немересі. Əлемдік банктер жүйесінде ІТ маман болып қыз мет етеді. Сонымен бірге Астана қаласындағы Назарбаев университетінде мамандығы бойынша ұстаз. Қазіргінің тілімен айтсақ, «батыс көрген», компьютердің құлағында ойнайтын ұрпақ. Қызмет пен ғылымды қатар алып жүрген осындай інімнің барлығына шүкір етемін, əрине.. Нұрбек студент кезінде біздің үйде жатып оқыды. Əйгерім əр мейрам сайын қазанға ет салып, қайнысының достарын да қонақ етуші еді. Заманауи ғылымның тілін меңгерген жас жігіттер үйге жиі келетін болған соң, балам Арыс тан олардың бəрін туған ағасындай жақсы көрді. Арыстанға ағалары ылғи түрлі кітап сыйлайтын. Сол кітаптар баламды «білім санарға»* құштар етті («билги саяр» – компьютердің түрікше атауы, қазақша мағынасы «білім санар». Нұрбектің достарының көбі түрік лицейінің шəкірттері болатын). Нұрбек университетті қызыл дип ломмен тəмамдап, «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға оқуға аттанғанда, үйімізді кепілге қойдық. Менің бұл тəуекелімді ағайын-туыстарым түсінген жоқ. Себебі Нұрбектің əкесі, менің немере бауырым Əди өмірден ерте қайтты. Əди қайтыс болып, арада үш ай өткен соң, Нұрбек дүниеге келді. Біз бауырымыздың артында із қалғанына шүкір етіп, жас қазаның қайғысын жеңілдеткендей болған едік. Арада жыл өтпей жатып, анасы бесіктегі сəбиді алып туған жеріне, Ресейдің Орынбор қаласына көшіп кетті. Содан кейін немере ағамның келіншегінен де, баласынан да біржола хабар үзілді. Екі мыңыншы жылдарға дейін ел əлеуеті тұралап, бəріміз жанбағыс қамымен кеттік қой. Немере ағайынның сыртқа кеткен баласын іздеуге күйбең тіршілік жар бермеді. Арада табаны күректей 17 жыл өткен соң, інімді өзім тұратын Астана қаласынан таптым. Ол Назарбаев университетіне оқуға түсіпті. Курсында біздің ауылдың қызы да оқиды екен. Сол қызға өзінің басынан өткен ауыр тағдырды əңгімелеп беріпті. Анасы Нұрбекті еден жуып жүріп тең қатардан қалдырмай оқытыпты. Нұрбекті оқу орнына алғаш іздеп барған күнім дəл кеше болғандай əлі есімде. Ол жүгіріп келіп, көзінен жас саулап, құшағыма еніп кеткен. Анасы əкесінің суретін төрге іліп қояды екен. Сол суреттегі əкесі тіріліп келгендей бетімді сілекейлеп, шөлп-шөлп сүйе берді. «Вы как похожи на моего отца, Вы как похожи на моего отца (Əкемнен аумайсыз, əкемнен аумайсыз)» дейді еңкілдеп жылап. Полицияда қызмет еткенмен, адаммын ғой. Екі туып, бір қалған туыс інімді 17 жыл бойы бір рет те іздемегеніме өзімді кінəлап, ішім қан жылап тұрды. Содан бері Нұрбектің алаңсыз білім алуына қолдан келгеннің бəрін жасадым. Жатақханада жəутеңдеп аш жүрмесін деп, үйге көшіріп алдым. Ол «Болашақпен» əлемнің ең мықты университеттерінің бірінде екі-үш жыл магистратурада оқып, елге оралды. Астанаға келе сала ұстаздық қызметін бастады. Араға жыл салмай əлемдік банктің Орталық Азиядағы ІТ маманы болып шыға келді. Астанадан үй алды, келін түсірдік. Құдалық, той-томалақ бəріне өзім шапқыладым. Кейде мүшел жас қана үлкен бола тұра өзімді Нұрбектің ағасы емес, əкесі секілді сезінемін. Нұрбектің анасы оныншы сынып оқып жүргенінде көлік апатынан қайтыс болған екен. Ұзақ жылдардан кейін табысқан інімнің арқа сүйер ешкімі болмаған соң, біздің отбасыға тез сіңісіп кетті. Нұрбек менің «жиһаз ұрыларын» анықтау жайлы өтінішімді жерде қалдырған жоқ. Күдіктілер жарнама жасаған Instagram желісіндегі парақшалар туралы ақпараттарды алып, үйіне кетті. Араға екі-үш күн салып, олжалы оралды. Осылай Есіл аудандық полиция бөлімі Астанада отырып-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде жасалған бірнеше эпизодты қылмыстық істің бетін ашты. Нəтижелі жұмыс ұжымдағы абыройымды асқақтатып жіберді. Сол күннен бастап, интернет арқылы жасалатын киберқылмыстар туралы іздене бастадым. Нұрбек WhatsАpp əлеуметтік желісінен түрлі сілтемелерді атады. Əлемдік полицейлердің киберқылмыстарды қалай ашатыны жайлы қызықты деректер мені еріксіз өзіне байлап тастады. Осы тақырыптағы кітаптарды «Amazon» секілді онлайн кітап дүкендері арқылы алып оқитын болдым. Тіпті, ағылшын тіліндегі кітаптарды еркін түсіну үшін тіл үйрене бастадым. Нұрбек қарап жүрмей ұстазым болды. Ағылшын тілін тез меңгеріп, заң факультетінің магистратурасына оқуға тапсырдым. Дипломдық жұмыс тақырыбын бекітіп, «Киберқылмыстың қалай алдын алуға болады?» деген сұрақтарға бас қатырып, іздене бастадым. Қазіргі замандағы киберқылмыстар туралы мəліметтерді жинап, алаяқтардың айла-тəсілдерін жеке-жеке сараптап, олармен күресудің нақты жолдарын көрсетіп, екі жыл ішінде магистратура дипломын жаздым. Əлемдік ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып пайдаланған сызбалар мен түрлі киберқылмыс жайлы сараптамалар үстел үстінде қобырап жататын болды. Шетелде оқып келген ІТ маманның жөн сілтеуімен өзіме етене таныс криминалистика ғылымымен ұштастыру арқылы дайындаған дипломым министрліктің назарына ілігіпті. Арада алты ай өтпей подполковник шенін алып, Қазақстанда жаңадан құрылып жатқан киберпол басшысының орынбасары болып шыға келдім. * * * Ұйқысыз арпалысты үш күн өтті. Ішетініміз – кофе мен энергетик сусындар. Бұрындары келіншегім Əйгерім дастархан үстінде шашылып жатқан кофе ыдыстары мен босаған бөтелкелерді уақытылы жинап тұрушы еді. Ауылдағы ағайындардың тойы болып, бағана ғана ұзақ жолға шығып кеткен. Нұрбек шексіз кодтар əлемінің ішінде адасып жүрген сияқты. Компьютер мониторы – зеңгір көк, жыпылықтап тұрған сансыз сан мен түсініксіз əріптер – жұлдыздар. Зеңгір көкті аралап, жұлдыздардың ішінде «жау» іздеп қиялымен қалықтап жүрген інімді аяймын. Осы үш тəулік ішінде дұрыстап тамақ та ішпеді. «Білім санар» бетіндегі көп сан жыбыр-жыбыр етіп, ұйқыға жетелесе де, орнынан тапжылар емес. Мен де өз-өзіммен арпалысып, көз ілмеуге тырысамын. Кірпіктерім айқаса кетсе болды, Нұрбек те ұйықтап қалатын сияқты. Аяғымның ұшымен жүріп, ток шəугімге су қайнатып, қоюлап кофе демдеймін. Нұрбектің кофесі кейде суып та қалады. Оған да қарамай, хакерлердің ізін аңдып, көз ілеспес жылдамдықпен ұзын-сонар сандарды тізіп жазып жатады, əйтеуір. – Ох-хо, бір айғақ табылған сияқты, – деді кенет Нұрбек айғайлап. Қуанғаннан шыққан жарықшақ дауысы бөлме ішін жаңғыртып жіберді. – Абылай аға, міне, мына жерде хакер із қалдырыпты. – Дерекқорға шабуыл жасаған осылар ма? – дедім дəп бір арғы жақтағы күдіктіні жағасынан бүріп ұстап, бері қарай жұлып алатындай ентелеп. – «Shadow» деген логин. Лауазымды тұлғалардың құпия ақпараттарын сүзіп шығыпты. Точно, осының қатысы бар болуы мүмкін. Қазір IP-мекенжайын қарап көрейін… – Сенен басқа сенер, сүйенер ешкімім жоқ, – дедім жыларман хəлге түсіп. – Қарашы, Нұрбекжан! Қарашы… – «Shadow, Shadow» – деді інім əндете жымиып. – Қазір құлағыңнан ұстап тұрып, тартып қалсам, аяғымның астына жығылып, қаншық иттей қыңсылайсың! Мен Нұрбектің сөз саптауына күліп жібердім. Бір жасқа толмай жатып Ресейге кетті. Арада 17 жыл өткен соң елге оралды. Алғашында қазақша бір ауыз сөз білмейтін. Сосын, сөздік кітаптарды жата-жастана оқып, жаттап жүріп, ана тілін үйренді. Қазір қызығы сол, «қаншық иттей қыңсылатам» деген сияқты кітаби тіркестермен сөйлейді. «Абылай Əзімханұлы» деп ресмиленетіні де содан қалған əдет. – Абылай аға, уайымсыз ұйықтай беріңіз. Мен де демалып алайын. Тынығып алған соң, мына логиннің соңына шам алып түсеміз. – Құдайға мың шүкір, – дедім күдіктіні құрықтап тастағандай шаттанып. Ұйқым шайдай ашылып кетті. «Shadow, Shadow, Shadow, ай, Сені қайдан табам, ай, «Билгисаярдан» көрсетші, Көлеңкеңді маған, ай»… Мен Нұрбектің аузына таңғала қарап қалдым. «Кеше ғана қазақшаны сөздікпен үйренген інім мына өлеңді өз жанынан шығарып отыр ма?». Əкесі Əди «ақын шалыс» адам еді! Біздің балалық шағымыз айтыс дəуірлеген заманға дөп келді. Əр сенбіде теледидардан айтыс беріледі. Бүкіл ауыл балалары суырып салма ақындардың додасын зарыға күтетін едік. Бізді қойшы, Əди күн санап, дегбірі қашып, ақын болып кететін, сол күндері. «Əй, Абылай, Абылай! Абылай деген ханым, ай! Əди деген көкеңді Неге жүрсің танымай? Жалаң аяқ, жалаң бұт Бала едің сен, о Құдай… Əди ағам осыны айтып алып, жырқжырқ күлетін. Немере ағам шы ғарған өлеңнің «Жалаң аяқ, жалаң бұт, бала едің сен, о Құдай» деген тармақтарын ауыл балалары жаттап алып мазақтап, зығырданымды қайнатушы еді. – Ох, шешеңнің, – деп қасқа басын сарт еткізіп бір ұрды Нұрбек. Оның үрейлене шыққан даусынан селт еттім. – Құрыдық! Ана «көлеңке» бізді көрді. – Көлеңкесі несі? – дедім. – «Shadow»-ды айтам. – «Shadow»-ың кім, тағы? – Ой, Абылай аға, сізді де ағылшынша біледі деп… «Shadow» деген қазақша «көлеңке» деген сөз емес пе? – Ə, бəсе! Бір жерден естіген сөзім, əйтеуір. Көлеңке дегенің ағылшынша аудармасы «darkness» емес пе еді? – «Shadow» бізді біледі, болмаса, біз оны кешелі бері бір рет көргенбіз. Қалай байқамай қалдық. Мүмкін емес, – деді інім қынжылып. – Құрыдық, Абылай аға! – Құрығаны несі? – Қазір, кибер шабуылдың астында қаламыз. Қараңыз, он секундта компьютер беті жыпылықтайды да, деректерді тасымалдаушы сервер істен шығады. Нұрбектің қолы қалтырап дір-дір етеді. Көзін жұмып, басын пернетақтаға қойды да, асықпай санай бастады.

– Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он… Абылай Əзімханұлы, өтінем! Сервер жұмыс істеп тұр деп айтыңызшы. Бір, екі, үш… – Серверіңнің жұмыс істеп тұрғанын мен қайдан білем? – «Билгисаярдың» бетінде «Еrror» деген қызыл жазу шыққан жоқ па? – Жоқ. – Иə, Құдай, қолда… Бір, екі, үш… Нұрбек басын көтерместен қайтадан онға дейін санап шықты. – Абылай Əзімханұлы, «Еrror» деген қызыл жазу шыққан жоқ па? – Шықса не болады, шықпаса ше? – Шықса құрыдым! Менің он жыл бойы ешкім білмейтін сырларым ашылады. Біз серверді қайта қосқанша, хакер біз туралы бүкіл мəліметті өзіне көшіріп ала қояды. Өмір бойы олардың құлы болып өтетін болдым, ау, енді, – деп қасқа басын пернетақтаға тарс-тарс ұрып еді, қалшылдап-қалтырап кетті, Нұрбек. Пернетақтаның беті шытынап, түймелері шашылып қалды. – Ешқандай да қызыл жазу шыққан жоқ, – дедім мен оны сабырға шақырып. – Шын айтасыз ба, – деді Нұрбек менің сөзіме сенбей. Сөйтсе де, көзін қинала ашты. Жанары қызарып, кинодағы вампирдікі секілді қанталап кетіпті. – Енді екеумізде де ұйқы жоқ. Кибер шабуыл жасауға тас түйін дайын тұруымыз керек. Ол «билгисаярын» қосқанда серверін «бомбалаймыз». Масқара болып ұйықтап қалсақ, «Shadow»-дың қақпанына түсіп қаламыз, басқа пернетақта əкеліңіз, Абылай аға! – деді түймелері ұшып, ортасынан қақ бөлінген клавиатураның жібін ағытып жатып. * * * Компьютердің бетіндегі əр сызық, əр сан, əр код тынымсыз жыбырлайды. Қыбырлаған сандарды құмырсқаларға да ұқсатамын. Көп құмырсқа əрлі-бірлі жөңкіледі. Олардың ішінде жасырынған қылмыскер бар. Дене тұрпаты ұқсас, арқалаған азығы да бірдей құмырсқалардың қайсысы хакер екенін аңдып, інім із бағады. Бізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы бір шенеуніктердің құпиясы жария болып кетпес үшін Нұрбек екеуміздің арпалысып, күні-түні ұйқы бетін көрмей, «майдан даласында» жүруіміз қаншалықты əділетті? Осыдан екі күн бұрын мені вице-министр шақырды. Кабинетіне кірген жерден əдеттегідей психологиялық қысым жасауды бастады. – Киберполдың жұмысы – нөл. Мемлекетке қауіп төніп тұрғанын біз сіздерден емес, Интерполдан естиміз. Неге? Шені жоғары қызметкерге бағынып үйренген дағдымен қолақпандай дəу, пұшық мұрынды вице-бастыққа үндей қоймадым. Креслосында қаздиып тік отырған оның көзі емес, үңірейген мұрнының тесігі маған қарап тұрғандай көрініп кетті. – Киберқылмыс күн санап өсіп барады. Мəселен, соңғы бір жыл ішінде киберпол қанша қылмысты ашты? Айтыңызшы ал! – Ресми дерекке сүйенсек… – Ресми дерек, статистикаңды қоя тұр! Міне, Интерполдың мəліметі. Сіздер ай қарап, жұлдыз санап отырғанда, хакерлер 128 лауазымды тұлғаның құпия ақпараттарын ұрлаған. – Интерпол сонда… – Қысқарт, тыңда мені. Бұл құпия мəліметтер əлемдік баспасөзге жарияланып кетсе болды, ең бірінші сенің басың кетеді. Ұқтың ба? Вице-министр «кішкене бөбек» саусағын апанның аузындай үңірейіп тұрған пұшық мұрнының тесігіне тығып, қайыра суырғанда іріген сағыздай маңқасы созылып ере шықты. Бұдан ары шыдау мүмкін емес еді. – Интерпол, сізге хабарласты ма? – дедім мұрнынан ере шыққан «сағызын» қайда жасырарын білмей сасып қалған бастығымның көзіне тіке қарап. – Жоқ, министрге! – деді вице-министр сөзін бөліп жібергеніме жақтырмаған түр байқатып. Киберполдың жұмысын жіліктей шағатын адамның кейпін сомдап отырғаны болмаса, əліпті таяқ деп білмейтіні жанарында тұр еді. Содан болар, психологиялық қысым жасауды қате бастағанын түсінген де жоқ. – Телефонмен айтып па? – дедім əлемдегі ең ірі халықаралық полиция ұйымының атын ойланбай айта салған вице-бастықты мысқылдағандай. Интерполдың полиция департаменттері сияқты бастықтарына жан-жақты мəлімет беріп, хат жазып, иə телефонмен қоңырау шалып отырғанын елестетіп едім, мені күлкі қысты. – Министрге айтқан. – «Global Complex for Innovation» (Интерполдың киберқылмыспен айналысатын бөлімі, кеңсесі Сингапурде орналасқан) ұйымы шығар қоңырау шалған, бəлкім? Жоқ, əлде «Cyber Fusion Centre» (ақпарат алмасу бөлімі) орталығы ма? Вице министр не деп жауап берерін білмей, шын састы. Сосын, «сезікті бірінші секіреді» керімен: – Сен өзі қайда отырғаныңды ұмытпа! Біз сенің «Еурополдың» тыңшысы екеніңді білмейді деп ойлайтын шығарсың! Бəрін білеміз! Кітабыңның Германиядан басылып шыққанын да естіп жатырмыз. Қатардағы жедел із кесушінің айналдырған 3-4 жылда киберпол болып, кітап жазып тастауы мүмкін емес. Шетелдік агент болмасаң… – Құрметті, вице-министр мырза! Сіз маған жала жауып отырғаныңызды білесіз бе? – дедім жарылардай ашуланып. Нақақ айыптауға бұдан əрі төзу мүмкін емес еді. Аяқ-қолым қалтырап, қарсы алдымда отырған бастықты ұрып жіберуге аз қалдым. – Жала ма, басқа ма, онда шаруам жоқ. Егер лауазымды тұлғалардың құпия құжаттарын қолға түсіргендерді таппайды екенсіңдер, бəріне сен кінəлі боласың. Алдыңда екі жол тұрады. Қайсысын таңдасаң да, таңдау өзіңде… Виценің айтқан екі жолын жақсы білетіндіктен түрім бозарып сала берді. – Вице-министр, мырза! Тұлғалардың құпия ақпараттары мен мемлекет қауіпсіздігінің арасында қандай байланыс бар? Қорғаныс, иə Ішкі істер министрлігінің электронды базасына шабуыл басталса, түсінемін. Ал, лауазымды тұлға деген… – Сонда сен, саусағыңды қимылдатып, жұмыс істемей отырғаның аздай, лауазымды тұлғаларды айыптағың келе ме? – Мəселе айыптауда емес. Құпия ақпараттардың артында сыбайлас жемқорлықтың төбесі көрінбей ме? Жүзден аса мемлекеттік қызметкердің тыққан-сыққаны ашылып қалса, ол қара бастарына ғана қатер. Шенеуніктің қылмысын жабу киберполдың міндетіне кірмейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, сіз айтқан құпия ақпараттардың ұрланғаны туралы мəліметті министрге мəлімдеген Интерпол емес, лауазымды тұлғалардың өзі. Соңғы аптада жеті шенеунікке хакерлер хабарласып, əр қайсысынан миллион доллар қаржыаударуды сұраған. Əйтпесе, олардың құпия ақпаратын жарияламақшы екен. Егер шенеуніктер сүттен ақ, судан таза болса, хакерлердің бопсалауына көне қояр ма еді? Үшіншіден, бұдан кейін сіз вице-министрі басыңызбен маған «шетелдің агентісің» деп жала жабушы болмаңыз. Еурополдың «European Cybercrime Centre», БҰҰ-ның «CounterTerrorism Committee», Дүниежүзілік киберқауіпсіздік орталығы (Global Forum on Cyber Expertise — GFCE) секілді ұйымдардың ешқайсысы «тыңшы» ұстамайды, ұстаған да емес. Интернеттен төте ақпарат алу мүмкіндігі бар заманда олар тыңшыны қайтпек?Вице-министрдің жүзі түтігіп, қап-қара болып кетті. – Сіз, – деді бағанағы сенін ұмытып. – Сіз мені өйтіп оқытпай-ақ қойыңыз, – деді тұтыға сөйлеп. – Əңгіменің тоқетері мынау. Құпия ақпараттарды ұрлаған хакерлерді табасыз. Таппасаңыз екі жолдың бірін таңдайсыз. Боссыз. Министрліктен ұнжырғам түсіп, басым салбырап, көңілсіз шықтым. Хакерлер шенеуніктердің шетелге тыққан активтері туралы мəліметтерді қолға түсіріп, қоғамдық резонанс жасаса, біраз шендінің басы кетеді. Бірақ, оларға бұл керек емес. Керісінше, лауазымды тұлғаларды қорқытып, миллиондаған қаржыны бопсалағаны тиімді. Ал, вице-министр айтқан екі жолдың бірі – суицид. Өз-өзіме қол жұмсауым керек. Оған көнбесем, көлік апатынан ба, басқа жайдан ба, əйтеуір көп ұзамай татар дəмім таусылары кəміл. Жанымды қинап өлтіре ме, жоқ у беріп, ұйықтата сала ма, оны өздері біледі. Жұмысқа іле-шала жетіп, төрт сағат ішінде ІТ мамандары арқылы хакерлердің Астанада тұратынын анықтадым. Сөйттім де, кибер қылмысты ашуы тиіс орган қызметкерлерін шенділердің былығын жабуға жұмылдыруға дəтім бармай, денсаулығыма байланысты демалыс алып үйге тарттым. Өз өмірімді сақтап қалудың жалғыз үміті Нұрбектің қолында тұрғандай көрінді. * * * – Кел көлеңке, кел «Shadow» – деді Нұрбек баяғы Хасен атам сияқты қасқа басын сипалап. – Оян, хакер, ояншы! – деді сосын темір қалбырдағы энергетик сусынды қылқылдата ішіп. – Мынау Shadow-ыңыз оңай хакер емес. Біздің елді айналдыра бастағанына бар болғаны екі ай болған. Бірақ, оның іздері, тамыры тым тереңде тұрғаны сезіледі. Қандай серверлерге тұмсық тыққанын көру үшін, ол «білім санарын» тезірек қосса екен. Бұған Қазақстан неге керек бола қалды? Неге? – Күн батарда кішкене адамның көлеңкесі екі-үш еселеніп, ұзарып кетпей ме? Бұл да соның бірі шығар. Əйтпесе, оның ізіне үш күнде түсе қоюымыз мүмкін емес қой, – дедім ішімді кемірген күдікке жауап таба алмай.

– Соған менің де ақылым жетпейді. «Shadow» неге ашықтан ашық із қалдырды? – Оны біз емес, ол бізді аңдып отырған жоқ па? – дедім жымиып. – Күлер дүние емес, Абылай Əзімханұлы, күлетін дүние емес, – деді інім пернетақтаға қайта басын қойып. – «Shadow»-ың атып шығып, андағыңның түймелерін тағы да шашып тастап жүрме, – дедім бұл жолы даусымды шығара жарқылдай күліп. – «Shadow»-ыңның ІР мекенжайын анықтасақ қой. Жұмбақтың бəрі шешілер еді. Бақсыдай бал ашып, отыр мас едік, – деді Нұрбек энергетик сусынға қайта қол созып. – Осы энергетик сусынды ішуді тоқтату керек. Қаншама жас жігіттердің қан қысымын көтеріп, жүрегін тоқтатып тастап жатыр, – дедім əңгіменің арнасын басқа жаққа бұрып. – Ох, шешеңнің, – деді Нұрбек тағы да бағанағыдай қасқа басын сарт еткізіп бір ұрып. – «Shadow»-ыңыз аз болғандай, «Shadow-2» пайда болды, мұнда! «Ептей алмайдылар» (інімнің əзіл-ысқақ театрларынан үйренген сөзі) арандататын болды. Дайын шабуылды осылай қарай бағыттамасақ, құримыз, Абылай аға. Иə, Құдай! «Shadow»-ды он-он бес секунтқа оята көрме. Бір, екі, үш… Нұрбектің қанталап тұрған көзіне қарап едім, жүрегім дір етті. Біздің тұқымда жоқ, өте сұсты кейіпке еніп үлгеріпті, ол. Қайдан сап ете түскенін білмеймін, «мынау Хасен атама да, Əди ағама да ұқсамайды. Мүлдем, басқа адам» деген ой келді. Орнымнан атып тұрып, сейфке қойған тапаншамды алмаққа тұра ұмтылдым. Нұрбекте менің қайда асыққанымды ұғар шама жоқ, «білім санарға» баспен кіріп кеткен. Осы сəтті пайдаланып, тапаншаны алып, оғын салып, шүріппесін ағытып үлгердім. – Он бір, он екі, он үш, он төрт… Абылай Əзімханұлы, сүйінші, қараңыз «Shadow-2» қармақты қапты. Оның серверін быт-шытын шығарып, бомбалап тастадық. Қазір, қазір Абылай Əзімханұлы! – Ох, шешеңнің, мынау «Shadow-3» қайдан шықты. Бұған да соққы берелік. Білəт, «Shadow-4», «Shadow-5», «Shadow-6», «Shadow-7», «Shadow-8», «Shadow-9»… Мына көлеңкелер неге көбейіп жатыр? Неге? Өздері сұранып келіп, қақпанға түсетіндей жын соққан ба, бұларды? Жыбыр-жыбыр сандар көбейіп, компьютердің беті жап-жасыл жазуларға толып кетті. – «Shadow-10», «Shadow-11», « S h a d o w — 1 2 » , « S h a d o w — 1 3 » , «Shadow-14», «Shadow-15»… Бітті. Абылай Əзімханұлы, қорқынышты, мынау! Бір емес, 15 хакер өздігінен беріле салды. Бұл не сойқан? – Не сойқан болуы мүмкін? – Біздің қолмен от көсегелі отыр, бəлкім! – От көсегені қалай? – дедім түкті түсінбей. – Абылай Əзімханұлы, мен білсем, бір əккі хакердің торына түсудің алдында тұрмыз. Шешесінің, нем бар еді, шатылып. Қазір бұлардың IP мекенжайын тексеруге отырсам, ұзақ уақыт кетеді. Ол арада «Shadow»-тың оянбауы, «билги саярын» қоспауы мүмкін емес. Құримыз. Құртады, бізді. Қалаңыз, қаламаңыз, мынау киберқылмыскерлер құрған топың мүшесі болып шыға келеміз. Ал, хакерлердің ақпаратын көшіріп алмасақ, тағы болмайды. Не істеу керек, айтыңызшы, Абылай Əзімханұлы! – Бірінші «Shadow»-ты күтейік, – дедім мен. – Жоқ, күтпейміз! – деді Нұрбек маған атарға оғы жоқ адамдай безере қарап. – Хотя бы, біреуінің мəліметтерін көшіріп алайық. Өлсек те, не үшін жанымызды қиғанымызды біле кетеміз. – Өлгені несі? – дедім мен түкті түсінбей. – Екі жолдың біреуін таңдаймыз ғой, одан басқа не қалды, бізге? – деді Нұрбек қасқа басын қайтадан сарт-сарт ұрып. – Екі жол жайлы сен қайдан білесің? – дедім Нұрбектің жүзіне тіке қарап. Қалтамдағы тапаншаны жұлып алып, қалай тез кезене қойғанымды аңғармай қалдым. – Абылай Əзімханұлы, қолыңыздағы ойыншығыңызды шошаңдатпаңыз! – деді Нұрбек түк те қобалжымай. Тіпті, қазір шүріппені басып қалсам да, ыға қоятын түрі көрінбейді. – Абылай Əзімханұлы, енді тығылмақ ойнаудың түкке қажеті жоқ, – деді Нұрбек. – Мен сіздің 17 жыл бұрын шешесіне еріп, Ресейге кеткен Нұрбек ініңіз емеспін. Нұрбек қазір Мəскеу қаласында жанар-жағармай құю бекетінде «пистолетчик» болып қара жұмыс істейді. Осыдан он жыл бұрын Қазақстанның қауіпсіздік қызметі киберпол құру ісін бастады. Компьютердің тілін меңгерген, жетімдер үйінде өскен ешкімі жоқ қыз-жігіттерді арнайы дайындықтан өткізді. Жаңадан құрылған киберполды басқаратын ІТ маман жоқ болған соң, ұлттық қауіпсіздік комитеті менің кандидатурамды бекітіп, сіздің үйге інісі кейпінде жіберді. Содан бері, мен Абылай Əзімханұлы Қайсенов деген атпен киберполға қызмет ете бастадым. Қысқаша айтқанда, екеуміз бір адамбыз. – Полицейге де, комитетчикке де ұқсамайсың. Мұның бəрін неге менің алдымда жая салып отырсың, – дедім əлемдік банктер жүйесінде ІТ маман болып қызмет етеді деп жүрген інімнің айтқандарына сенбей. – Міне, сенбесеңіз қараңыз! – деп Нұрбек төс қалтасынан бетінде елтаңба бейнеленген қоңыр түсті қалың куəлікті алдыма қарай лақтырып тастап. Дəл менікіндей құжатты ашып қарап едім, бір жақ бетінде подполковник шенді форма киген Нұрбектің бейнесін, сол суреттің жанында Абылай Əзімханұлы Қайсенов деген тектің жазылып тұрғанын көрдім. Осы сəтте компьютер беті жыпылықтай бастады. – Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он… Абылай Əзімханұлы, өтінем! Қандай жағдай болмасын, мен сіздің бауырыңызбын! Бірақ, офицер жеңілгенін мойындауы керек. Менің сіздің көлеңкеңіз болғанымды, болмаса сіздің менің көлеңкем болғаныңыз ды біреулер біледі. Мен шынында жетім бала едім. Маған Отан дегеннің, отбасы дегеннің не екенін сіз ұқтыр дыңыз. Келініңіз, бала-шағам сізге аманат. Мен сізді де, Əйгерім жеңгемді де, кішкентай Арыстанды да жақсы көрдім. Енді қалған ғұмырымды киберқылмыскерлердің құлы болып өткізгім келмейді, – деді театр сахнасында рөл сомдап тұрған актердей тым əсерлі сөйлеп. Нұрбектің жыларман хəлде айтқан сөздеріне сенер-сенбесімді білмей тұрғанымда тарс еткен дыбыс шығып, ол шалқалап құлап бара жатты. Қалтасында жасырған тапаншасы бар екен, соның шүріппесін басып қалған. Не істерімді білмей, абдырап компьютердің бетіне қарап едім, сервер бұзылып, «билги саярдың» бетінде «Еrror» деген қызыл жазу шықты. – Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он… Енді санауды мен бастадым. Компьютер қайта қосылып, бетінде шетелдік банктердің есепшоттары шыға бастады. Барлық шот менің атыма ашылыпты. Аяқ-қолым қалтырап, санап шығып едім 258 миллион доллар. Кенет компьютердің беті гүлге көмкеріліп, «LION SHADOW» көкеден сіздерге сыйлық» деген жазу шықты. «Lion» деген – Арыстан. Арыстан деген Нұрбекті көкелеп жүрген он бес жастағы балам емес пе? Нұрбек екеуміз киберқылмыстар туралы іздене бастағалы бері бүкіл қағаз, бүкіл еңбегіміз үстел үстінде шашылып жататын еді. Қателігіміз сол, «білім санарды» да ылғи ашық қалдырсақ керек. Жүгіріп барып, Арыстан жатқан бөлменің есігін жұлқа аштым. «Аға де», «ағатай де», «көке де», «көкетай, енді өйтпеймін де» деп асыр сала ойнайтын ағасының əзір ғана атылып өлгенін көрші бөлмеде отырып естімеген баламның бетіне үңіле қарадым. Оның көзінен сансыз цифр мен əріптерді көрдім.

Ержан НҰРМҰҚА

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...