Бұл бүгін Нұр-Сұлтанда әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаларды реттеу мәселесі бойынша өткен Үкімет отырысында айтылды. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6%-тен аспайды.
Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды. Бағаны тұрақтандырудың негізгі факторлары – өркениетті бөлшек сауда мен сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс, айналым схемасын қаржыландыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тежеу жөніндегі жол картасы шеңберіндегі жұмыстардың мониторингі мен үйлестірілуін күшейту, «Азық-түлік корпорациясы» ресурстарын ұтымды бөлуді қамтамасыз ету болып табылады. Нарық тарапынан бағаның төмендеуіне бірінші кезекте ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемінің өсуі мен өркениетті бөлшек сауда дамуы оң әсер етеді.
«Бағаларды онлайн режимде мониторингтеу үшін Министрліктің аумақтық бөлімшелері мен әкімдіктер dosmart.kz онлайн жүйесін пайдаланады. Бұл жүйе ML технологияларымен өңдеуге және 1% кэш-бэк алуға арналған фото чектерді қоса, жеке тұлғалардан өзекті деректерді жинауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ дүкендерде бағалар мен өнімдердің бар-жоғын мониторингілеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру шеңберінде Министрлік мынадай жүйелі жұмыстар жүргізуде: бірінші, стационарлық емес сауда базарларын жаңғырту және сауда жабдықтарын сатып алу үшін ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету. Екінші, электрондық сауданы дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу. Үшінші, ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде», – дейді Бақыт Тұрлыханұлы.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ