Жүзінен нұр төгіліп, көктемнің гүліндей құлпырып тұрған нәзік жан, мейірбике не мұғалім емес. Кезі келгенде, ауыр бронжелет киіп, қолына қару алып, ел қауіпсіздігін қорғау жолында ерлермен қатар сапқа тұратын ЗК-169/1 тергеу изоляторының қызметкері, Байбосынова Ақмарал.
Қылықты қыз бала үшін, қиындығы басым Қылмыстық- атқару саласына ол өз қалауымен келді. Туған ағасының полиция қызметінде болуы, оның балалық қиялына қанат бітіріп, санасында мәртебелі мамандық болып қалыптасты. Болашақта пагон тағып, елге сыйлы азамат болуды армандады. Арманын жүзеге асыру үшін, ізденіп, оқып, жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітірді.
Бұл қызметіне келгенге дейін де, жұмыс жасаған мекемелерінде жас маман, міндетін мүлтіксіз атқарып, антына адал болуды берік ұстаным етті. Тергеу изоляторының тынымсыз ортасына түскен епті, алғыр бақылаушы, Сәлем- сауқатты қабылдау бөлмесіндегі жауапты жұмысты мінсіз атқарып келеді. Таңертеңнен кешке дейін 100- ге жуық азаматтан сәлем-сауқат қабылданады. Тікесінен тік тұрып, әкелінгендердің арасынан ішке алып өтуге тыйым салынған затты тексеру, күнделікті атқаратын жұмысы. Қабылданған ас-судың бірін пышақпен кесіп, енді бірінің әрқайсысының қабығын аршып, ыстық тағамдарды аударып, тіптен сусындар мен қатықтың ішін арнайы құралдармен жіті тексереді.
Жұмыс барысында, заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, қырандай қырағылық танытып, сауысқандай сақ жүреді.
Сол, тынымсыз жанкешті еңбегі еленіп, мекеме бастығы мен ҚАЖ департаменті бастығының тарапынан, бірнеше рет алғысхатпен марапатталды. Қай жағынан алсаң да, мақтауға тұрарлық сержант , кадр саясат тобының ұйымдастыратын кез- келген іс- шарасында белсенділік танытып, мекеме жұмысының имидждік сипатын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Отансүйгіш азаматша, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап сурет салған болатын. Бұдан бөлек, майда, қоңыр үнімен сызылта ән айтып , салтанатты жиындарда көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлап, жеке құрамға жігер берер әндерді орындайды.
- Оқушы кезімде, әнші болуға қызығатынмын.
Бірақ , өсе келе үйдегі ағамның форма киіп, халық арасында тәртіп сақтауға үлес қосып жүргенінін күнделікті көріп өскеннен ба, осы салмақты мамандықты таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Қайта, иықтағы жұлдызыма лайықты қызмет атқарып, абырой, құрметке бөленгім келеді — дейді, Ақмарал.
Ия, қызметінің күрделігіне қарамастан, кез-келген жағдайда өзінің нәзіктігімен тартымдылығын сақтап жүретін погондағы ару, көркем мінезімен де көрікті.
Жасынан әсемдікке құштар қыз, үйінде гүл өсіріп, баптап қарауға да әуестігі бар екен.
Сол әдемі әлемі ән салғанда тіптен көріктеніп, құлпырып кетеді.
Өйткені,» Қазақ қызы» деп ән салатын сержанттың бойында шынында да, қазақ қызына тән бар мінез-құлық көрініп тұрады. Ақ маңдайлы Ақмаралды таныған жан, «қыз өссе, елдің көркі деген сөзді, қапысыз қалай айтқан қайран бабам!» дері сөзсіз.