Батыс елдері ресейлік мұнай мен газ, руда, металл, минералды тыңайтқыштарға айтарлықтай тәуелді. Мұның барлығының орын алмастыру қиын және кейбіріне қатысты тіпті мүмкін емес. Жаһандық шикізат нарығын не күтіп тұрғаны жайлы РИА Новости жазды.
Ресей – шикізатқа бай мемлекеттің бірі. Әлемде ол табиғи газ өндіру және экспорттау бойынша бірінші, мұнай экспорты бойынша екінші орында тұр. Көптеген сарапшы Мәскеу Батысқа қарсы қатаң санкциялармен жауап береді және энергия тасымалдағыштардың экспортын тоқтатады деп болжам жасап отыр.
Ресей мұнай мен газдан басқа көмір, темір рудасы, апатит, калий тұзы, фосфорит, алмаз, мыс, алтын, никель мен платиноидтар өндіреді. Ресей алмаз өндіру бойынша дүние жүзінде бірінші орында, кобальт, ванадий және платина бойынша екінші орында, алтын, никель және күкірт бойынша үшінші, күміс пен фосфат бойынша төртінші, темір рудасы бойынша бесінші орында тұр.
«Металл экспортын тоқтату әлемге үлкен проблемалар алып келеді. Мысалы, «Русалға» қарсы санкциялар АҚШ-та алюминий тапшылығына және Еуроодақта бағаның шарықтауына алып келеді. Америкалық және еуропалық тұтынушылар үшін бұл металдың орнын қытай алюминийімен алмастыру кері шегінумен тең. Себебі олар неше жылдан бері қытай тауарын өз нарығынан шығаруға тырысып келді», — дейді өнеркәсіп саласының сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Леонид Хазанов.
Оның айтуынша, никель, кобальт, платина және палладийға қатысты жағдай тіпті мүшкіл. Себебі «Норильский никельге» қарсы санкциялар үлкен қиындыққат алып келеді: бұл кәсіпорынның орнын басатын жабдықтаушы жоқ. Бразилиялық Vale никельге деген, ал жапондардың Sumitomo кобальтқа қатысты жаһандық сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан АҚШ пен Еуропада автокөлік пен мұнай өнімдерінің өндірісі тұралап қалады.
«Ресейлік жабдықтаудан бас тартқан кезде батыс нарығы үшін палладий, титан мен электролит хромы ғана бойынша жағдай ушығуы мүмкін. Бұл өнімдер бойынша Ресей әлем нарығының 25-35 процентін құрап отыр және қысқа мерзімде оның орнын алмастыру қыинға соғады» – дейді минералды шикізат ресурстары мен металлургия жөніндегі сарапшы, техникалық ғылымдардың докторы Игорь Петров.
Ресей палладийді АҚШ, Жапония, Германия мен өнеркәсібі дамыған басқа да мемлекеттерге жеткізеді. Ресейлік титанның негізгі тұтынушысы ретінде Boeing, Airbus, Safran SA, Rolls-Royce пен авиация және қозғалтқыш жасау саласындағы басқа да алып компанияларды атауға болады. Ал электролит хромы АҚШ пен Германияға жеткізіліп отыр.
«Басқа түрлі-түсті металдар бойынша Ресейдің үлесінде әлем нарығының 5-10 проценті жатыр. Сондықтан батыс компаниялары мұны ұзаққа созбай-ақ реттей алады. Олардың экспортты қысқартуы ең алдымен Ресейдің өзіне залал келтіреді. Себебі, алюминий, никель, мыс жеткізулерін сыртқы нарықтан ішкі тұтынуға қайта бейімдеу қажет болады. Ал бұл оңай шаруа емес. Өндіріс көлемі қысқарып, кәсіпорындар жабылуы мүмкін», — дейді сарапшы.
Канада мен АҚШ өздері де алюминий шығарады, ал импорттағы Ресейдің орнын Қытай оңай басады. Никель Канадада да бар, Индонезияда қоры үлкен. Мыс бойынша Ресей әлемде небәрі алтыншы орында. Жаһандық нарықта көш бастап тұрған Чили өндіріс көлемін арттыруға қиналмайтыны анық.
Петровтың айтуынша, металлургияға арналған басқа да шикізаттар бойынша осы тектес ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, вольфрам концентратын Боливия жеткізуі мүмкін.
Есесіне, Ресей мемлекет ішінде оны қайта өңдеуді арттыруды қолға алуға мәжбүр болады. Сарапшылар Еуропа негізінен Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін минералды тыңайтқыштарсыз тіршілік етуі қиын болатынымен бірауыздан келісіп отыр. Оны өндіру үшін табиғи газ қажет. Ал газдың қазіргі бағасына қарасақ, онда Еуропадағы көп кәсіпорын тақырға отыруы мүмкін.
«ЕО-ның АҚШ, Канада, Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан минералды тыңайтқыштарды сатып алу мүмкіндігі айтарлықтай шектеулі. Сондықтан хлорлы калий мен фосфорит импортын арттырудан басқа амал қалмайды. Мұның өзі оңай іске аспайды», — дейді Хазанов.Оның пікірінше, соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласында астық түсімі азайып, азық-түлік тапшылығы туындайды.
Сарапшы Ресейден сатып алып келген фосфорлы тыңайтқыштарды АҚШ алмастыра алмайтынына сенімді. Себебі америкалық тыңайтқыштардың сапасы айтарлықтай нашар. РФ шикізат державасы екеніне қарамастан, кейбір ресурс, соның ішінде металл бойынша Ресейде тапшылық бар. Ол бұл тапшылық орнын санкцияларға қосылмаған немесе ішінара қосылған мемлекеттердің есебінен толықтырып отыр. Ал Украинаға қатысты ахуал әзірше түсініксіз. Сарапшылар қалай болғанда да жеткізулер жалғаса беретінін айтып отыр.
Украина дәстүрлі түрде титан мен циркон концентраттарын экспорттайды. Олардың ресейлік металлургиялық кәсіпорындарды қамтамасыз етудегі үлесі 2020 жылы сәйкесінше 80 және 50 процентті құрады.
Бүгінгі таңда Батыс ең алдымен Ресейден жеткізілетін мұнай және газға қатысты алаңдап отыр. Мәскеу әзірше халықаралық міндеттемелерді орындап жатыр. Бірақ ол қарсы санкциялар енгізсе және ол энергия тасымалдағыштарға қатысты болса, онда оның әлем экономикасына салдары үлкен шығынға алып келетін түрі бар.