АТА ЗАҢЫМЫЗДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БҮКІЛ АУМАҒЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ, ЗАҢ ШЫҒАРУ, СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ ІС ҚАҒАЗДАРЫН ЖҮРГІЗУ ТІЛІ ДЕП КӨРСЕТІЛГЕН. ДЕМЕК, ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕП АТАЛАТЫН ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ.
Республика соттарындағы іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуі алға ілгерілегенімен, сот істерінің қазақ тілінде жүргізілу жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Бірақ, сот ісінің қазақ тілінде жүру көрсеткішінің төмендігін соттардың кінәсінен деп айтуға болмайды. Себебі, көбінесе, іс сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде орыс тілінде басталады, тараптар арыз-шағымдарын орыс тілінде береді, жәбірленуші не айыпталушы адвокатты, ресми өкілдерін орысша сөйлейтіндерден таңдайды. Тек сотқа келгенде ғана тараптардың қазақ тілін меңгермегені байқалады. Тараптардың өтініші негізінде аудармамен де қамтамасыз етіледі. Бірақ, көп жағдайда аударма орыс тіліндегі мәтіннің толық мағынасын жеткізбейді. Ал, бұл жайлар сот құжаттарының мазмұны мен нысанына деген талаптардың сақталмауына, сот құжаттарының дұрыс жүргізілмеуіне, адамдардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Демек, іс қай тілде басталса, сот сол тілде мәжілісті жүргізуге мәжбүр болады. Сондай-ақ, сот отырыстарына қатысқан аудармашыларға ақы төлеу де – сот өндірісіндегі өзекті мәселелердің бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың: «…Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмай ды» және Қазақстанның Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «қазақ тілін халықаралық сөйлеу тіліне айналдыруымыз керек» деген сөздері бүгінгі күннің және келешектің нақты ұстанымы екендігі сөзсіз. Тілге қатысты бұл тұжырымды қазақстандықтар кеңінен
қолдап, қуаттап отыр. Тіл – ұлттың болмысы мен тарихы. Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал, тіл байлығы мен көркемдігі, сөз түбірі мен фразеологиялық
сөздердің көптігі және оралымдығы жағынан алғашқы үштіктердің қатарындағы тіл. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Еліміздің иесі, осы жердің байырғы тұрғыны – қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі парыз. Мемлекеттік тілді білу, оны жеткілікті меңгеру – мемлекеттік қызметшілер үшін міндет болуы керек. ҚР Жоғарғы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 31.03.2011 жылғы №104 іс қағаздарын жүргізуде мемлекеттік тілді қолдануға қойылатын талаптарды күшейту туралы тікелей нұсқау берілген. Ата Заңымызда бекітілгендей, мемлекеттік қызметкер ретінде міндетті бола тұрса да, өкінішке орай, осы нұсқаудың талаптары орындалып жатыр деп айта алмаймыз. Конституцияда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Бұл әншейін өрнектей салған әдемі тіркес емес. Конституцияда намысымыз бен арымыздың ғұмырлық болмысы сипатталған. Конституция қазақ халқының тағдырына жауап беретін ұлы құжат. Кейінгі кездері елімізде
қазақтан басқа ұлт өкілдерінің балалары қазақша білім беретін балабақшалар мен мектептерге көбірек келе бастағаны, әншілер арасында қазақша ән, өлең айтып, домбыра тартатындардың саны арта бастағаны сезіледі. «Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің» депті қазақтың ойшылы Ғұмар Қараш. Орыстың лингивист ғалымы В.Даль: «Кім қай тілде сөйлейді, ол сол ұлттың өкіліне жатады» деген екен. Осы тұрғыдан алғанда, менің пікірімше, мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілінің грамматикасын бүге-шігесіне дейін үйретудің қажеті шамалы. Біздің мақсатымыз мемлекеттік қызметшілерді тіл маманы етіп шығару емес, қазақ тілінде сөйлей білуге, сауатты жаза әрі оқи білуге үйрету екенін ескеруіміз қажет. Мағжан Жұмабаев: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» деген екен. Сондықтан тіл халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Сот қызметкерлері қазақ тілінде сөйлесіп, жауапты мамандар күнделікті айналымдағы құжаттардың мемлекеттік тілде дұрыс әрі сауатты рәсімделуі мен қолданылуын жиі қадағалап отыруы қажет. Қазақша білмейтін қазақтар мемлекеттік қызметке мүлдем алынбаса, олардың бәрі бір жылдың ішінде-ақ қазақша сөйлеп кетері анық. Тағы бір шешуін таппай
жүрген жайт – сот-медициналық сараптама жасау орталығы қызметкерлерінің сараптама жасау туралы қазақ
тіліндегі қаулыға орысша жауап жазатыны. Олар да сот органдары сияқты мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан, сараптама қорытындысы қазақша керек болған жағдайда оны мемлекеттік
тілде шығаруға міндетті. Мемлекеттік тілді сот өндірісінде қолдану мен дамыту ды жүзеге асыру үшін анықтама, тергеу және прокуратура органдарына мүмкіндігінше тергеу амалдарын мемлекеттік тілде жүргізуге бағыттап, міндеттеу; сот-медициналық сараптама қорытындысын қажеттілігіне қарай мемлекеттік тілде шығарылуын талап ету керек. Менің ойымша, қазақ тілін дамыту үшін ең қажеттісі – әділетті қоғам орнату. Ол үшін, Конституциямыздағы 7-баптың күшін жойып, Қазақстанды өзінің Отаны ретінде қабылдайтын барлық азаматтардың мемлекеттік тілді білуін талап етуіміз қажет. Қазақстан унитарлы мемлекет. Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол – қазақ. Басқалары – басқа ұлттың өкілдері, диаспоралар. «Тілге құрмет – елге құрмет». Сондықтан ең бастысы, өз еліне, өз жұртына құрметпен қарағысы келетін әр мемлекеттік қызметші тек мемлекеттік тілде сөйлеп, қызмет бабында нақты қолдана білуі қажет. Мемлекеттік қызметшілердің өздері өзгеруі керек, сонда ғана қазақ тілі шынайы мемлекеттік мәртебе дәрежесіне көтеріледі. Тіл саясаты кез келген ұлттың тағдырын шешетін киелі құбылыс. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» болғандықтан қазақ елінің тағдыры деген негізгі қағиданы басшылыққа ала отырып, заң талаптарын мүлтіксіз орындап, мемлекеттік тілдің сот билігінде қолдану аясын кеңейтуге, қазақ тілінің өз тұғырына мықты орнығуына тиісті үлестеріңізді қосуға шақырамын.
Советхан СӘКЕНОВ,
Алматы қалалық сотының
судьясы