БАЙҚАУ! БАЙҚАУ!!!
Достар, детектив шығармалар байқауы биыл да жалғасып жатыр. Биылғы доданың қаржы қоры былтырғыдан артық болмаса, кем болмайды. Себебі жетінші байқау «Заң» Медиа-корпорациясының» 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Қоржынымызға түскен алғашқы шығармалар газет бетінде жарық көріп те үлгерді. Шытырман шығармаларды оқығыңыз келсе, zanmedia.kz сайтына кіріп, ДЕТЕКТИВ айдарын қарап шықсаңыз болады.
Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін шығарманың техникалық талабына ортақ тәртіп белгілегенімізбен, шығармашылық еркіндікке шектеу қойылмады. Тек Түркістан облыстық сотының қолдауымен ұйымдастырылған 2021 жылғы V байқауда облыстық сот судьялары қараған істерді детектив шығарма өзегіне айналдырып, қазылардың қарымын көрсеткен авторларға арнайы жүлде тағайындалған еді. Бұл өзгеріс деректі детективтің жандануына елеулі дәрежеде қозғау салды.
Ал биылғы жылдың ерекшелігі неде дейсіз ғой?
Бұл жолы байқауға қатысушылар көмегімен қазақ детективінде бірегей ізкесушінің бейнесін қалыптастыру мақсат етіліп отыр.
Өздеріңіз білесіздер, ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың қаламынан туған Шерлок Холмс – әдеби персонаж. Жазушы қиялының жемісі саналатын осы ізкесушіні әлем халқы таниды, жақсы көреді. Содан болар, Шерлок Холмсқа деген құрмет жоғары. 1990 жылы Лондоннан ашылған музей-үйі сөзіміздің нақты дәлелі.
Бүгінде бұл музейге келушілерде есеп жоқ. Қысы-жазы кезек арылмайтын музейде жазушы шығармасындағы персонаждармен қауышып, әр оқиғаның ішінде жүргендей хал кешесіз. Артур Конан Дойлдың кереметтігі осында. Ол ағылшын детективін дамытуға сүбелі үлес қосып қана қоймай, Шерлок Холмс бейнесі арқылы ағылшын ізкесушілерінің мықтылығын, даралығын дәлелдеді. Сөз құдыретінің арқасында қиялдан туған кейіпкерінің көмегімен елінің танымал болуына ықпал етті.
Ендеше, қазақтың өз ізкесушісінің образын қалыптастыруға не кедергі? Мұндай айтулы тұлғаны қаламның күші, қиялдың ұшқырлығымен жасайтын – Сіз бен Біз!
Құрметті байқауға қатысушылар!
Ішкі істер министрлігінің білікті мамандарымен ақылдаса отырып, сіздерге ұсынғалы отырған бірегей ізкесушінің бейнесі төмендегідей:
Тергеушінің /жедел уәкілдің/ сипаттамасы:
Қайсенов Абылай Әзімханұлы.
* Жасы: 35 — 50 аралығында;
* Қалалық ІІД Тергеу басқармасы басшысы, шені – полковник.
* Жоғары білімді, арнайы оқу орнын аяқтаған
/бірге оқыған достарымен әрдайым хабарласып тұрады/.
* Орта денелі, бойы 170-180 см. Салмағы 83 кг.
* Жас кезінде спортпен кәсіби түрде шұғылданған
/күрес түрлерінен спорт шеберіне үміткер; осының арқасында елде ғана емес, шет мемлекеттерде де спортшы таныстары көп. Спортпен әлі күнге тұрақты айналысып тұрады. ІІМ қызметкерлері арасында өткізілетін турнирлердің жеңімпазы;/
* Отбасылы. 2 ұл, 1 қызы бар.
/Үлкен ұлы — Медғат, IT саласында қызмет етеді, жеке кәсіпкер. Екінші ұлы Қасым — ЖОО студенті. Қызы Еркеназ — орта мектептің 9-сынып оқушысы.
Әйелі /емханада дәрігер/
* Ата-анасы Астана қаласында тұрады, екеуі де зейнеткер. /Олармен, туыстарымен, достарымен байланысты үзбейді;/
* Жұмыста қатал, бір істі қолға алса нәтиже шығармай тынбайды; мәселені қазбалап, бүге-шігесіне дейін зерттеп, мән-жайды анықтуды әдет қылған.
* Уәдеге берік, тік мінезді, алайда, әр істі ақылға салып, аналитика жасап шешім қабылдауды жөн санайды;
* Жауапкершілігі жоғары, кәсіби шебер маман ретінде кейде басқа өңірлерге іс-сапарға шығып тұрады /жедел-тергеу тобы құрамында күрделі істерді тергеу үшін/;
* Адамдармен қарым-қатынаста сыпайы, ортада өзін ұстай біледі, кіші демей, үлкен демей барлығына құрметпен қарайды. Қиналған адамға көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұрады.
* Атыс қаруын жақсы меңгерген.
* Бос уақытында балық аулағанды жақсы көреді /қармақпен/. Отбасымен табиғат аясына шығып демалғанды ұнатады;
* Жеке баспанасы жоқ. Жұмыс орнынан берілген 3 бөлмелі қызметтік пәтерде тұрады.
* Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты мықты ұстанады, жөн-жосықты жақсы біледі;
* Криминалистика бойынша үнемі оқып, ізденеді.
* Адал, жемқорлыққа жаны қас.
Бұл — біз ұсынып отырған кейіпкердің жалпы сипаттамасы. Ал, бас кейіпкердің қасиетін әрі қарай даралау, қандай қылмысты аштырып, қандай жұмбақты шештіру, ең бастысы, ізкесушіден жағымды бейне қалыптастыру – сіздің қиялыңыз бен шеберлігіңізге байланысты.
Айтпақшы…
Осыдан екі жыл бұрын байқаудың үздік шығармаларын жинақтап кітап шығарарда кейбір үміткерлердің дерегін таппай, рұқсатын ала алмай біраз әуреге түскенбіз. Осыған орай авторлардан өзі туралы толық мәліметті берумен бірге, шығармасын жинаққа қосу туралы рұқсатты жазбаша рәсімдеп жолдау талап етіледі.
Оның мәтіні төмендегідей:
Қолхат
Мен —————— «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС бастамасымен өтетін детектив байқауына қатыса отырып, конкурсқа жолдаған ………………………. атты шығармамның авторлық құқын «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС-не беремін. Ұйымдастырушылар шығармамды баспасөз бетінде, интернет сайттар мен әлеуметтік желіде менің рұқсатымсыз жариялап, жинаққа енгізе алады және басқа да мақсаттарға пайдалануға құқылы. Болашақта менің тарапымнан ешқандай талап, шағым, наразылық болмайды.
Аты-жөні, қолы, датасы
Қосымша сұрақтарыңыз бен шығармаңызды zangazet@mail.ru электрондық поштасына «Байқауға!» деген белгімен жолдай аласыз!
Байланыс телефоны: 87011220940
Суретте — 2023 жылғы байқаудың жүлдегерлері