12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Кек

Мұрат түн ортасында шошып оянды. Түсінде біреу ұстап алып, терісін бір бөлек, ішек-қарнын бір бөлек қойып, он екі мүшесін бөліп, жіліктеп, басын кесіп жатыр екен. Бір қызығы, осы түсті әр уақытта жаңылмай көретін болды.

Мұраттың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп өсірген атасы еді. Есімін де мұратына жетсін деп ырымдап қойған. Ол оқуда озат, спортта шебер, еңбекқор бала болып өсті. Әрдайым әділдік жағында жүретін.

Мектепті бітіргеннен кейін, заң факультетінде білім алып, жоғары оқу орнын тәмамдады. Сол кездегі тәртіппен жолдама арқылы солтүстік өңірге қызметке аттанды. Содан ішкі істер бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, жедел-іздестіру штабының басшысы қызметтерін атқарды. 

Жетістікке жете берген тұста, өзіне қорған болып жүрген атасы өмірден өтіп кетті. Сол себеп болды ма, соңғы кездері ауылын жиі сағынатын болды.   

Бір күні ол жұбайымен әңгіме үстінде:

  • Мен соңғы кездері ауылымды қатты сағынып жүрмін. Әлдене тартады да тұрады. Жұмыс ауыстырып, ауылға кеткім келеді. Оған қалай қарайсың? Атам өмірден өтсе де, әжем, әке-шешем, ағайындарым бар ғой. Елге оралып, сол жақта қызмет етсем деймін, — деді.

Бұл ойын жұбайы бірден қолдай қоймады. Себебі, ол осы жақта дәрігер болып қызмет атқаратын. Үйлері бар, бала-шағасы мектепте оқиды.

Дегенмен, Мұраттың келіншегі де қазақы тәрбиемен өскен текті жердің қызы еді. Ұзақ ақылдасудан кейін, Мұрат отбасымен бірге туған жері — Сыр өңіріне қоныс аударды.

Ауылына жеткен Мұрат алдымен ағайын-туыстарының басын қосып, атасының рухына құран бағыштап, ас берді.

Сол жиында жақындарымен кездесіп, шүйіркелесіп, біраз шерін тарқатты. Жағдай сұрасу барысында бір әңгіменің шеті шығып қалды.

Соңғы уақытта бұл аймақта түсініксіз жағдай қалыптасыпты. Әңгіменің ауанына қарағанда, екі жігіт жұмбақ жағдайда жоғалып кетіп, артынан өлі табылған. Бірақ, қандай күйде десеңізші?! Жігіттердің денелері бейне бір мал сойғандай мүшеленіп, ішкі органдары бөлшектеліп, әр жерде шашылып жатқан. Мәйіттерге қарауға ешкім шыдамаған. Туыстары бет пішіндерінен әрең таныпты. Мұндай жауыздыққа кім барғаны анықталмаған. Кәсібі дүркіреп тұрған ауданның тұрғындары маңайымызды маньяк торуылдап жүр деп  қорқынышпен күн кешуде екен.   

Мұны естігенде, Мұраттың көз алдына түсіндегі көріністер келе бастады.  «Мені елге алып келген осы жағдай сияқты… Азапталып, өмірден өткен адамдардың рухы мені күтіп жүрген шығар» — деп ой түйді.

Мұрат сол күні дөңбекшіп, түнімен көз ілмей шықты. Ертеңіне аудандық ішкі істер бөліміне барды. Оның еңбек өтілі, спорттық жетістіктері, тергеу саласындағы тәжірибесі, мінездемесі мен марапаттары ескеріліп, көз ұзамай қызметіне оң қорытынды жасалды. Сөйтіп, ол аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі болып жұмысқа орналасты.

Жаңадан келген тергеушінің еңбекқорлығы, іскерлігі, шапшаңдығы мен ойының ұшқырлығы бірден көзге түсіп, аудан халқын шошытқан істерді тергеу Мұратқа тапсырылды.

Сол тұста елдегі жағдай тұрақсыздана бастаған еді. Қайта құру заңдарына сай, арақ-шарапқа тыйым салынса да, көпшілік заңға бағына қоймаған. Дүкен кезегінде тұрған жұрт өзара гу-гу. Екі жігітті азаптап өлтірген қылмыскер ұсталмай, халықтың қорқынышы қоюлана түскені сезіліп тұрды.

Мұрат қызметіне кіріскеннен кейін шамалы уақыт өткен соң, көпшілікті елең еткізген тағы бір оқиға орын алды.

Ермек есімді жігіт көрші ауылға велосипедпен шығып кетеді. Ауыл арасы алыс емес. Жолдастарына сол күні келемін деген екен. Алайда, Ермек достарына жете алмай, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Еш хабар болмаған соң, таныстары полицияға хабарлап, іздеу шаралары жүргізіледі.

Бірнеше күнге созылған іздеуден кейін Ермектің денесі бөлшектелген күйінде табылды. Басы денесінен жүздеген метр қашықтыққа ұшып кеткен. Ашулы аң басын жұлып алып, жұлмалап тастаған секілді. Терісі сыпырылып, дене мүшелері бөлініп, сан еттері ойылған екен. Айналаның бәрі қан. Ауыл адамдарының айтуынша, бұл осыған дейін болған екі өлімге қатты ұқсайды.

Полиция қызметкерлері қылмыс болған жерді тінтіп жүріп, үрейден бойлары салқын тартып, денелері мұздады. Мұндай айуандық адам қолымен жасалғанына ешкім сенбеді. Кейбірі тылсым күштің әсері деп топшылады.

Тергеуші Мұрат оқиға болған жерді мұқият қарап, жұрттан бөлектеу ой түйді. «Екі жігіт дәл осылай ажал құшқан. Бұл сондай айуандықпен өлтірілген үшінші адам. Сан еттері ойылғанына қарағанда, адам етін алғысы келгендей. Бірақ, адамның етін не істейді? Әлде ел ішінде маньяк-каннибал пайда болды ма екен?! Адамның етін жеп, дәніккен залым біреу шығар?!» — деген болжам жасады.

Ермектің өлімі бойынша іс құжаттары жинақтала бастады. Мұрат шыдамай, қылмыс орнына қайта-қайта барды. Алыс-жақын маңайдың бәрін мұқият тексерді. Алайда, ешқандай ілік табылмады. Кісі өлтіруші әрекетін  жан-жақты ойластырып, жоспарлап жасаған сияқты.

Мұраттың жауапкершігі ауырлай түсті. Өзіне тапсырылған екі іске енді Ермектің өлімі келіп қосылды.  

Қылмыстық істерді қарап отырып, Мұрат адам етін жегіштер туралы ойға бата берді. Сөйтіп, каннибализм туралы түсінігін кеңейту үшін  ақпарат көздеріне жүгіне бастады.

«Көптеген тайпалар мен халықтарда мерт болған дұшпандарының, тұтқындардың қайратын, ержүректігін өз бойына сіңіру үшін олардың дене мүшелерін жейтін діни ырымшылдық-каннибализм кең тараған. Әлі күнге дейін кейбір діни рәсімдерде каннибализмнің сарыны кездеседі» — деп көрсетіліпті бір ақпаратта.

            Бұл мәлімет жаңа ізденістерге жол ашып берді. Тергеу жұмысына енді діни ағымдарды зерттеу келіп қосылды.  

Соның арасында құтырма ауруын жұқтырған қасқырлар да осындай әрекеттерге баруы мүмкін деген әңгімелер айтылды. «Бірақ, ауылға жақын маңда қасқырлар қайдан жүреді? Оның үстіне, құтырған қасқырлар қайдан келуі мүмкін?» — деген Мұрат бұл пікірге сенімсіздік білдірді.

Расында да, құтырған қасқырлар шабуыл жасаған деген көпшіліктің болжамы дұрыс болмай шықты. Ермектің басын кесіп, жұлып алғаны анықталды. Пышақ ұстаған адамның тәжірибелі, әбден машықтанған, тіпті арнайы дайындықтан өткен, кәсіби екені айтылды.

Мұраттың тәжірибесінде кісі өлтірушілердің небір түрі кездескен еді. Кейбіреулері қылмысын жасыру үшін мәйіттерді пакеттерге бөліп салып, сырт жақтарға алып шығуға тырысқан. Бірақ, оқиға орнында елеусіз болса да, іліктер қалдырып, сол арқылы құрықталған болатын.

Ал, Ермектің өлімі тергеушінің тәжірибесіндегі істердің ешбіріне ұқсамайды. Кісі өлтіруші асқан «шебер», айлакер әрі сақ. Салқынқанды жауыз. Қылмыстың орнында бірде-бір айғақ қалдырмаған.

Осының арасында Мұраттың жары дәрігерлік біліміне сүйеніп, адамның ішкі құрылысы мен жалпы анатомияны білмесе, мәйітті дәл бұлай жіліктеу мүмкін еместігін айтып қалды. Тергеу жүргізу үшін Мұрат бұл нұсқаны да өзіне түртіп алды.

Дегенмен, алып-қашпа әңгімелер күн өткен сайын күшейе түсті. Халық арасында: «Діни секта пайда болып, олар адамдардың басын кесіп, сан еттерін ойып, діни рәсімдер өткізіп жатыр екен. Қайтыс болып жатқан адамдар солардың құрбаны деседі…» — деген әңгіме желдей есті.

Мұның анық-қанығына көз жеткізу үшін Мұрат осы аймақтың абызы атанып кеткен, бала кезінен танитын діндар атаны іздеп келді.

Ақ сәлделі ата Мұраттың әңгімесіне ойланып қалды да, әлдене есіне түскендей, бір күрсініп алды.

  • Әй, балам-ай!… Еліңе қайтып келем деп, мойныңа халықтың аманатын арқалап алған екенсің. Мен саған көзбен көргенді емес, құлақпен естігенді айтып берейін.

Менің естуімше, ертеректе орыс елінде бір ағым пайда болып, олар күнәдан арылу үшін адамды құрбандыққа шалу керек деп үгіт жүргізген. Халықты адастырып, психологиялық қысым жасап, адамды өзі-өзін өлтіруге жеткізген. Үңгірге жиналып, от жағып, сол отқа адамдарды лақтырған. Оны «отқа шомылдыру» рәсімі деп атаған. Діни ағымның белгісі ретінде «С» таңбасын бекітіп, оны адамдардың денесіне күйдіріп жазған. Өмірде жолы болмай, жаны ауырып, күйзеліске түскен адамдарды жылы сөздермен елітіп, өздеріне тартқан. Кейін бұл ағымның жетегінде кеткен адамдардың көп екені анықталған.

Діндар атаның әңгімесін тыңдап болған Мұрат:

  • Ата, қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз, мен келем дегенше екі жігіттен, мен келгеннен кейін тағы бір жігіттен айырылып қалдық. Тергеу жүргізетін ілік жоқ. Бұл жат ағымдардың ісі ме екен, қалай ойлайсыз?
  • Кезінде елге осы ағымның өкілдері келіп, уағыздарын жүргізген деп естігенмін. Бірақ, бұл өткен ғасырдың еншісінде қалған дүние деп ойлаймын. Мына қылмыстар теріс ағымдардың ісі болып, адамдарды құрбандыққа шалып жатқан болса, мемлекет деңгейінде шаралар қолданылар еді ғой, — деп өзінің болжамын айтты.  

Мұрат абыз атаға рахметін айтып, жұмысына келді. Ел аумағында жат ағымдар бар-жоқтығын білгісі келіп, діни басқарма өкілдерімен хабарласып, ақпараттар жинақтай бастады. Алайда, бұл күдігі де дәлелін таппады. Сол тұста халық арасында жат ағымдар байқалмаған екен.

Әдетте сабырлы болуға тырысатын Мұраттың жүйкесі сыр бере бастады. Әріптесінің темекісін будақтата тартты. Сөйтіп отырып, ол туған жерінде аса жауыз қанішер пайда болғанын түсінді.

Арада айлар өтті. Тұрғындар қанды оқиғаларды ұмыта бастағандай еді. Ел іші енді тыныштала бергенінде, тағы да дәл сондай жаға ұстатарлық адам өлімі орын алды.

Бұл жолғы құрбан Амантай есімді жылқы жануарына құмар, шабандоз жігіт еді. Ауыл-аймаққа шеберлігі мол көкпаршы болып танылып кеткен. Ол кезекті серуенге шығып, сол күні үйіне оралмайды.

Соңғы жағдайлардан қорқып қалған үйіндегілер Амантайды кешкілік іздей бастайды. Түн ортасы ауғанша хабар болмайды. Қорқыныштан дір-дір еткен туыстары полицияға хабар береді. Содан іздеу шаралары жүргізіледі. Өкінішке орай, көптің қорқынышы расталып, Амантайдың жансыз мүрдесі екі күннен кейін табылды. Оның өлімі алдыңғы үш азаматтың өліміне қатты ұқсайды. Дәл осы сәтте жігіттерді өлтіріп жүрген қылмыскердің бір адам екені түсінікті болды.

Қылмыстық істерді ақтарып отырып, көзі қырағы Мұрат бір нәрсені байқап қалды. Қайтыс болған жігіттер құрдас екен. Жастары отыздан енді асқан. Бұл жәйтты ешкім аңғармаған екен.

 Осылай іске қатысты ақпараттар өңделіп жатқанда, бөлімшеге күтпеген жерден маңызды куәгер келді. Жасөспірімді ата-анасы алып келіпті.

  • Мына бала көргенім бар дейді. Тыңдаңыздаршы, көмегі болып қалар, — деді әке-шешесі.

Бала көкпаршы Амантайды сол күні кім алып кеткенін алыстан көргенін айтты. Күдікті адам жылқыларды баптайтын қонысты бірнеше рет айналып жүріпті. Түрі анық есінде қалмаса да, оң қолында наколкасы бар екенін, онда «С» әріпі жазылғанын нақтылады.

Мұны естіген Мұраттың ойына ақсақал айтқан діни ағым сап етті. «С» таңбасын адамдарға күйдіріп жазған деп еді. «Ох-х, ілік табылды-ау! Мына бала да, діндар ата да «С» таңбасы туралы айтып тұр. Бір байланыс бар екені анық. Не болса да, бұл діни ағымдардың ісі сияқты» — деді іштей.

Дереу баланың сөзінен бағдар жасалды. Жұмыс қызып сала берді.  Колонияларға сұраныстар жіберілді. Психоневрологиялық ауруханалар мен мекемелер тексерілді. Ақпараттарды сұрыптау үшін жеке кабинет берілді. Көп ұзамай, кабинет іші құжаттарға толды. Іздестіру жұмыстары бір минутқа да тоқтамады. Алайда, ауқымды жұмыстар еш нәтиже бермеді. Оң қолында наколкасы бар бірде-бір адам табылмады.  

             Содан жасөспірім бөлімшеге қайтадан әңгімелесуге шақырылды. Сол сәтте бала көзіне жас алып, бәрін өтірік айтқанын мойындады. Халық арасындағы әңгімелерді естіп, көпшіліктің назарында болғысы келіп, барлығын ойдан құрастырғанын айтты.

Мұрат орнына отыра кетті. «Сонда неше күннен бері баланың қиялына малданып, іздеу шараларын босқа жүргізген боп шыққаны ма?!…». Үміт оты жарқ етіп, қайта сөніп, тергеу тұйыққа тірелді.

Қанша күйзелсе де, Мұрат тергеу жұмыстарын қайтадан бастауды жөн көрді. Ойлана келе, мұрағаттық істерді көтеру туралы шешімге келді. Бір қарағанда елеусіз көрінетін істерді де назарынан тыс қалдырмады.

Бірнеше аптадан кейін бір істі тауып алды. Кешкілік белгісіз бір адам жас жігітті өлтірмек болып, тосыннан шабуыл жасаған. Бірақ, жолай кетіп бара жатқан біреу жігітке араша түсіп, өмірін сақтап қалады. Қарақшы теміржолға қарай қаша жөнелген. Алайда, шабуылдаушының жеке басы сол күйі анықталмай, тергеу аяғына дейін жетпепті.

Мұрат істі оқып отырып, қылмыскердің қолынан сытылып шыққан жігітпен сөйлескісі келді. Бірақ, ол қазір жүйке аурулары ауруханасында ем алып жатыр екен. Сол жағдайдан кейін қатты қорқып, сөйлей алмай, кекештеніп қалған болып шықты.

Алған бетінен қайтпайтын Мұрат жігітті іздеп келіп, қарақшыны сипаттап беруді сұрады. Науқас ишара арқылы қағаз бен қалам сұратты. Бірнеше минуттан кейін шабуылдаушының портретін салып, тергеушіге ұсынды. Суреттегі жігіт шамамен орта бойлы, қою қара шашты, жас шамасы отыздар төңірегінде, тіпті, одан да үлкен болуы мүмкін.

Салынған сурет бойынша іздеу жұмыстары жүргізіле бастады. Дегенмен, қылмыскерді табу мүмкін болмады.

Мұрат құрбан болған жігіттердің жастары қарайлас екеніне тағы назар аударды. Сонда бір жылы туған жігіттер ажал құшып жатыр ма? Оларды не байланыстырады? Сан сұраққа жауап іздеген Мұрат ақпараттарды жинастыра берді.

Сөйтіп, құрбандардың барлығы бір жылда мектеп бітіргенін, араларында жанжал болмағанын анықтады. Тек бір мұғалім сол жылы мектеп бітірген оқушылардың ішінде Серік деген ерекше бала болғанын айтып берді. Аяғын сылтып басатын, мінезі тұйық бала болған екен.

Осы әңгімеден кейін бірдеңені сезді ме, Мұрат сұрастырып жүріп, ақыры Серікті іздеп тапты. Ол қазір жылқы фермасында жұмыс істейді екен. Аяғын сылтып басып, аттарды баптап жүрген жігітпен тілдесіп көрген еді. Жүзі жылы, мінезі жұмсақ, әңгімесі түзу. Күдікті ештеңе байқалмайды. Сонда да оны сырттай бақылауға алды.   

Мұраттың бұл әрекеті басшылықтың сынына  ұшырады. Оны іске қатысы жоқ адамдардан күдіктеніп, тергеу уақытын босқа өткізіп жатыр деп айыптады. Бірақ, ол өз ойынан қайтпады. Бірыңғай құрдас жігіттердің ажал құшуына күдікпен қарай берді.  

Осылай ой үстінде із кесіп жүрген Мұраттың көзі кенеттен әлденеге түсті. Анықтап қарағаны сол еді, қардан жаңа ғана жүріп өткен аяқ киім іздерін көрді. «Бейсуат уақытта не істеп жүрген адам?! Әлде, біз іздеген қанішер осы ма екен?!» — деді.

Тұра қалып, тың тыңдады. Бір уақытта қардың сықырлағаны естілгендей болды. Сол кезде бұталардың арасынан арқасында ауыр рюзагі бар бір адамды көзі шалды. Ол да мұны байқап қалса керек, дереу қалың бұтаның арасына жасырынып үлгерді.

 Мұрат жедел қимылдауға көшті. Мұндай қолайлы сәтті жіберіп алуға болмайды. Көп ойланбай, аспанға ескерту оқ атты. Ер адам бұта арасымен қашуға тырысты. Қашып бара жатып, әлденеге сүрініп құлады да, тұруға шамасы келмей, еңбектей жөнелді. Қанша тырысса да, ұзай алмай, ақыры қолын көтерді.  

Мұрат жерде құлап жатқан ер адамның қасына жетіп барды. Арқалаған рюкзагін жұлып алды да, байланған жіптерін шешіп, ішіндегісін жерге төгіп жіберді. Сол сәтте қар үстіне киік пен қоян еттері суылдай түсті…

 Ұсталған ер адам мұқият тексерілді. Оның аң аулап, пайда тауып жүрген аңшы екені белгілі болды. Іске қатысты күдікті ештеңе анықталмады. Бірақ, ол аудандағы қорқынышты қылмыстар аңшы-қасапшылардың ісі емес, қанға құмартқандардың ісі екенін айтып, басқаша ой тастап кетті.

  Осыдан кейін Мұрат қылмысқа қатысты болуы мүмкін деген күдікті адамдардың барлығын тексерді. Қарқынды жұмыстың арқасында тасада қалып, түйіні шешілмей келе жатқан талай қылмыстық істер ашылды. Бірақ, өкінішке орай, әлгі істер ашылар емес…

        Алты айдан кейін тағы үш жігіт жоғалып кетті. Олар Алматыдан жұмыстан қайтқан жігіттер екен. Пойыздан түскен күйі үшеуі де хабарсыз кеткен. Өкінішке орай, бір аптадан кейін мәйіттері табылады. Денелерінің сау-тамтығы қалмаған. Кісі өлтірушінің қолтаңбасы алдыңғы қылмыстарға ұқсас. Өлім алдындағы азаптау оқиға орнында сайрап жатты.

Мұрат зерттеуін тереңдете түсті. Ақыры, жігіттердің қасында сол күні тағы бір ер адамның болғанын анықтады. Ол жігіттермен бірге пойыздан түсіп, басқа көлікпен кетіп қалған екен. Шұғыл түрде бөлімшеге жеткізілген ер адам жігіттердің ферма жұмысшысы Серіктің көлігіне мінгенін айтып берді.

Мұраттың іші қылп ете қалды. Сырттай бақылап жүргенде, күдікті ештеңе байқамаған еді.  

 Содан Серік дереу бөлімшеге шақыртылды. Біраз уақыттан кейін ол «Жигули» көлігімен келді. Тергеуші сұрақ қоя бастағанда, өзін ыңғайсыз сезініп,  жігіттерді бұрыннан танитынын, мектепте бірге оқығандарын, сол күні жігіттерді барар жерлеріне апарып тастағанын, одан кейін не болғанын білмейтінін айтты. 

Тергеу кезінде Серікке қарсы ешқандай дәлел болмады. Сондықтан, оны босату туралы шешім қабылданды. Бөлімшеден шығып бара жатқанда, Мұрат оның аяғын сылтып басатынына тағы назар аударды. Қарап тұрып, кекештеніп қалған жігіт көрсеткен белгілер есіне сап ете түсті. Қара қою шаш, орта бойлы, жасы отыздар шамасы. Бұл сипаттамалар Серікке келеді. Бірақ, аяғын сылтып басатыны туралы айтылмап еді.

Сол кезде облыс орталығынан хабар келді. Бөлімшенің басшыларына шұғыл жетсін депті. Бәрі аяқ асты жолға шығып, облыс орталығына қарай тартты. Артынан тергеуші де келсін деген хабар жетті. Шамасы, қанды қылмыстарға тосқауыл қоя алмай отырған бөлімшенің мәселесін қарайтын сияқты.     

Мұрат өзінің жеке көлігімен жолға шықты. Трасса бойымен жүйткіп келе жатқанда, ескі жигули асығыс бұрылыс жасап, көлігінің алдына түсіп кетті. Алға қарай озып кеткен көлікке аса мән бере қоймады.

Бір уақытта жигулидің артқы терезесінен адамның қолын байқағандай болды. Бастапқыда мән бермеді. Қайтадан анықтап қараса, терезеден адам саусақтары көрініп, оңды-солды қозғалып, белгі беріп жатқан сияқты болды. Ойнап келе жатқан біреу шығар деді. Алайда, қанша жол жүріп өтсе де, қоятын емес. Сол кезде бірдеңеден сезіктенген Мұрат көлігінің жылдамдағын үдетіп, жигулиді тоқтатуға әрекеттенді.

Жигули жүргізушісі өзін қуып келе жатқанын сезді ме, жеткізбеуге тырысты. Бірақ, трассадағы тартыс ұзаққа созылмады. Мұрат көлікті қуып жетіп, жүргізушіні ұстауға ұмтылды. Ол да осал емес екен. Көліктен шықты да, қаша жөнелді. Аяғын аздап сылтып басады. Сонда да біраз жерге ұзады. Мұрат спортпен шұғылданған, шымыр жігіт. Көзді ашып-жұмғанша, жетіп алып, жұлқылап жерге жатқызып, қолын қайырды. Сол сәтте таныс адамды көргендей болды. Анықтап қараса, бір сағат бұрын бөлімшеге келген Серік екен.

  • Ей, сен не істеп жүрсің?! – деп айқайлап жіберді Мұрат.

Алайда, Серік жауап қатпады. Мұрат оның желкесінен ұстап тұрғызып, көлікке жақындады. Бөлімшеге айдап келген жигули емес, басқасын мініп алыпты. Көлік ішін қарағаны сол еді, артқы жақта аяқ-қолы байланып, аузы изолентамен оралған Өркенді көрді.

Мұраттың маңдай тері бұрқ етті. Жылдам әрекет етіп, екеуін бөлімшеге жеткізіп, жауап ала бастады.  

Ентігін басып алған Өркен Серікпен бала кезінен таныс, құрдас екенін, бақшаға бара жатқан жолда қасына тоқтап, жеткізіп салатынын айтқан соң, көлікке мінгенін, мінген бойда ауыр затпен басынан ұрғанын, аяқ-қолын байлап, аузын орап тастағанын, содан белгісіз бағытқа алып бара жатқанын айтты. Қайта көрер жарығы бар екен, бір қолы шамалы бостау байланып, көліктің артқы терезесін ашып алып, қолын шығарып, көмек сұраған екен. Мұны көзі қырағы тергеуші Мұрат байқап қалған.

Өркеннің жауабы тергеу жұмысын алға жылжытты. Анықталғандай, Серік жылқы фермасына жұмысқа тұрып, меңгерушінің сеніміне кіріп, сол жердегі қосынға қонып, ұйықтайтын болған. Ферманы қарауылдап, демалуға рұқсат етілген екен.

Жедел-іздестіру тобы Серіктің қосынын тінту кезінде күдікті ештеңе таппады. Алайда, оның фермадан тысқары жерге гараж салып алғаны белгілі болды.

Гаражды алғашқы тінту кезінде қан іздері бар пышақтар мен балталар  табылды. Мұны көріп, іздестіру тобының күдігі күшейді. Біраз уақыттан соң, қан іздері жұққан кареталар табылды. Қарсыласып, жауап бергісі келмей тұрған Серік осы жерде бар қылмысын мойындады.

Құрбандарын қай жерде, қашан өлтіріп, мүрделерін қалай бөлшектегені туралы егжей-тегжейлі айтып бере бастады. Әр қылмыс бойынша айғақтарды іздеу күндіз де, түнде де жалғасты.

Қылмыстары әшкереленген Серік жасаған эксперменттері туралы айтты. Таныс жігіттерді кезіктіріп, майда тілімен арбап, көлігіне отырғызып алады екен. Көлікке кірген бойда ауыр заттармен соққы жасап, есеңгіреп қалған жігіттерді ауыл сыртына апарып, әбден азаптап өлтіріп, дене мүшелерін жіліктеп, бөлшектеген. Қанға құмары басылғаннан кейін, жансыз мүрделер қызықсыз болып қалып, күнделікті жұмысына қайтып оралып отырған. Бір қызығы, өзінің артынан айғақ қалдырмауды әбден меңгеріп алған.

Халық арасында дүрбелең туған соң, адам аяғы баспайтын жерлерге құрбандарын апарып, сұмдық әрекеттерін жалғастыра берген. Өзін адамға шабуыл жасайтын аң сияқты сезініп, адам өлтіруді әдетке айналдырған.

Мұраттың маньяк-каннибал туралы күдігі рас боп шықты. Қанішер адам еттерінен дәм татып та үлгеріпті.  

Кекештеніп қалған жігіт алғашқы құрбаны екен. Ол кезде «тәжірибесі» аз болып, қорқытуға ғана шамасы келген. Жігіт шабуылдаушының келбетін еске түсіргенімен, аяғын сылтып басатынын аңғармаған.

Осылайша, тергеуді тұйыққа тіреп, халықты үрейде ұстаған қылмыскер Серік болып шықты. Оның қолынан жеті адам қаза тауып, бір жігіт кекештеніп қалған. Ал, соңғы құрбанды тергеуші Мұрат аман алып қалды.

Тергеуші қанды қылмыстарды жасауға не себеп болғанын анықтауға тырысты. Жатпай-тұрмай барлық деректерді зерделеді.

Серік мектепте жақсы оқып, оқуды үздік аяқтаған. Бала кезінде ойнап жүріп, шыртаға ілініп қалып, оңбай құлап, жамбасын сындырып алыпты. Дұрыс салынбаған жамбасы шіріп, әрең жазылған. Өкінішке орай, жамбасы жазылғанымен, бір аяғы бір аяғынан қысқа боп қалып, өмір бақи мүгедектік қамытын киіп алған.

Содан қатарластарының күлкісіне айналған. Аяғының қысқалығынан өзін төмен санайтын. Бір күні мектеп бітірер алдында сыныптастарымен табиғат аясына шығады. Сондағы оқиға оның жанын мәңгі жаралайды. Тұйық мінезді Серік ортаға қосылуға тырысады. Бірақ, оны ешкім жанына жақындатайды. Мектепте күлетіні аздай, сол жерде де қатарластары: «Ақсақ, сағат тағибат не керек?» — деп келеке етеді.  Құрдастарының күлкісінен кейін, Серікте айрықша қатыгездік пайда болады. Болашақта жігіттерден кек алам деп өзіне уәде береді.

Мектеп бітірген соң, ауылшаруашылығы училищесінде оқып, кейін жылқы фермасына жұмысқа тұрады. Сол жерде алғаш рет жылқылардың қалай мүшеленетінін көреді. Сөйтіп жүріп, рұқсат сұрап алып, жылқыларды жіліктеп көреді. Шикі етті көргенде, алғаш рет шынайы бақыт пен ләззатты сезінеді. Уақыт өте келе, одан жалығып, адамдарды бөлшектеп көруге аңсары ауады. Қанды көргенде, ерекше сезімге бөленетін болды. Қарап тұрмай, қан аңсады. Жыртқыштық пиғыл оянды.  

Содан мектептің үлгілі оқушысы қатыгездіктің құпияларын зерделеп,  анатомияны оқып, әйгілі қанішер болуға құмартты. Түрлі эксперименттерді ойлап тапты. Айғақ қалдырмауды мықтап жоспарлады. Мүмкіндігі шектеулі болған соң, ешкім күдіктенбейді деп өзіне сенімді болды. Сөйтіп жүріп, қалай қатыгез қылмыскерге айналып кеткенін өзі түсінбей қалды. Қанға құмартқаны сонша, жаңа құрбандарды іздейтінді  шығарды.

Жастайынан жетім қалған Серік туыстарының үйінде жүріп, әркімнің түртпектеуімен, қараусыз өскен бала екен. Өмір бойы әке-шешесін аңсаумен жүрген. Оның үстіне, денесінің кемістігі жанына батып, мазаққа айналғанына намыстанатын. Серік оқуға қабілетті болғанымен, өмірге қатты өкпелі еді. Ал, қатарластары ойнаймыз деп жүріп, араларынан қауіпті қылмыскерді шығарғандарын байқамай қалды.

Ажал құшқан жігіттер бір кездері Серікті мазақ еткен құрдастары екен. Құрбандардың бірыңғай жігіттер болғаны да сол. Олардың күлкісінен кейін, қыздарға да жақындай алмай қалған еді. Біртіндеп қолға түсіріп, ойына келгенін істеп, денелерін азаптағанда, жан рахатын сезінді. Кеудесінде қалып кеткен кегін алғандай әсерде болды.

Адамды мал сойып жатқандай жіліктеп, парша-паршасын шығаруға әбден машықтанып, барлық адами қасиеттерінен айырылған Серік көздерінде еш өкініш жоқ, темір тордың арғы жағынан жан-жағына мысқылдап күліп, қарап тұрды.

Сырт көзге кең пейілді, ақылды көрінетін, оның үстіне мүгедектігі бар жігіттің мұндай ауыр қылмыстарды жасағанына ешкім сенбеді.

 Ал, аса қауіпті қанішерді өз қолымен ұстап, қорқынышты қылмыстардың жұмбағын шешіп, тергеуді аяқтаған Мұрат ел-жұртына құрметті бола түсті. 

 Бұл қанды оқиғадан көпшіліктің түйгені көп болды. Қазақтың ұлттық пәлсапасында: «Кедейдің алдында байлығыңмен мақтанба, аш адамның алдында ішкен-жегеніңмен мақтанба, мүгедектің алдында денсаулығыңмен мақтанба» — деген тыйым сөздің мағынасын терең түсінгендей болды.

Егер осы пәлсападан елдің баршасы тәлім алса, мұндай кек тұтанып, жауыздық өркен жаймас еді. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат алып келеді» — дегендей, жер бетінде  білім мен тәрбие қатар берілмесе, адамзатқа үлкен қауіп төнетіні анық…

Мұрат осындай тұжырым жасады.

Нұргүл Нұрбайқызы, Қызылорда қаласы

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...