spot_img
spot_img

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті…

Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға бет бұрды. Балалары ақтық сапарға арулап шығарып салды. Ауыл жанындағы зиратқа жерледі. Жарықтық, жан баласына қату келіп көрмеген кісі еді. Тірісінде тыныш ғұмыр кешті, алайда мәңгілік жайы жайлы болмаған сықылды. Әлдебіреулер мәйітті қабірден қазып алған екен. Оны баласы Жақып байқаған. Анығында, келім-кетім кісінің аяғы басылғаннан кейін, анасының басын қарайтуға қайта барғанда көрген. Асай-мүсейін артынып, зиратқа барса, бірнеше апта бұрын жерленген шешесі жоқ. Анығында — мәйіті ұрланған. Ит-құс қазып, тартып кетті деуге келмейді, істің адамның қолынан келгенін анық байқауға болады. Күрек іздері көрініп-ақ тұр.

Міне, бұл оқиғаның болғанына да бір апта өтті. Жүзге жетер-жетпес үйі бар шағын ауылда әңгіме жатсын ба?! Бір жұма бедерінде бұл масқараны тұрғындар түгел естіді. Құр құлақтаныпқоймады, ауылда «Көрбақ» пайда болыпты, қазып, өлгендердің етін жеп жүр екен деген дақпырт желдей есті. Аузы жеңіл әйелдер қойсын ба, қосып айтқанда — өтірікті шындай, шындықты Құдай ұрғандай етіп бөседі. Оған себеп те бар еді. Анау жылдары мұндай масқара болған. Жастар мінген көлік аударылып, ішіндегілер қырылып қалған. Кейін солардың да қабірі ашылған болатын, бірақ мәйітке тиіспеген еді. Әруақтың наласынан қорықтыма, сол жолы іс жылы жабылды. Ал бұл жолы қол сынса, жең ішінде деуге келмейді. Күдікті марқұмның мәйітін өзімен алып кеткен. Көп ұзатпай ақсақалдар ақылдасып, зират басына қарауыл қойды. Ауылдың азаматтары кезектесіп күзетке шықты. Бірақ бәле байқалмады. Моланың басына кім түнесін?! Кейін кезекшілік те көп ұзамай сиыр құйымшақтаныпкетті. 

Бұл кезде ауыл инспекторы Бек тергеп-тексеруді бастаған еді. Ынта-шынтасын салып, күдіктінің артынан май шам алып түспек. Алайда айта қоятындай әккі емес — оқуды кеше ғана бітірген жас бала. Академияда жүргенде аннан-мұннан естігені теориясы болмаса, тәжірибедетөселмеген.  Мұнда да нендей мардымды қылмыс бола қойсын?! Мал ұрлығынан басқаны көрмеген. Оның өзі бірнеше қыр әріде жоғалып қалған қой, ешкі. Ол да кейін табылып жатады. Дегенмен, істің ізі шыққан секілді. Түнеу күні жылқышы қарт — Құсейінмен тілдескен. Жетпіске жақындағы қария бөтен біреу көзіне түскен көрінеді. Анығында, ауыл маңынан мотоциклдің ізін байқаған. Малдың соңында жүрген ол адамның да, жануардың да ізін жазбай таниды. Мәшиненің де сырын жақсы біледі.

– Ауылда өзге із пайда болды. Ауданға баратын үлкен жолдан ауылға  қосылып, зиратқа қарай барып жүр. Бір бәле келсе – қос аяқты көліктің иесінен келеді, – дейді қарт.

– Ақсақал, сенімдісіз бе? Не көп, доңғалақтың ізі көп. Оның өзгеше екенін қайдан білдіңіз?

– Ай, балам, сен бұл ауылды өзің білесің бе?,- деп дүрсе қойды. Cөзін қайта жалғады. 

  • Бізде мотоцикл тек Сақыптың ұлында ғана бар. Қалғаны мұны кәсіп қылмайды. Оның өзі бұзылып, қаңтарылып тұрғанына қай заман болды.

– Сонда қылмыскер сырттан келді ме?
 – Иә, депті. 

Қош, бұл да дәтке қуат — бір дерек болар деген үмітпен қоштасып, Бек әрі қарай аттанды. Кабинетіне барып, ұзақ отырды. Бұл — оның оқып жүрген шақтан қалған ескі әдеті еді. Сондағысы — ойланса, істің ізі шығады деген үміт. Мұндайда шылым тартқанды тәуір көреді. «Шал оттай береді, алыстан арқаланып кім келсін?» — дейді. Жаңа жерленген зиратты бір білсе, осы өңірдегілер біледі деп топшылады. Сонда күдікке әлгі қарт айтқан Сақыптың ұлы Тұрсын ілінді. Түлкінің қызылдығы өзіне сор дегендей, мотоциклді мінетіндігі басына бәле болған секілді.

Бек таң азанмен таласып, Тұрсынның үйіне қарай аяндады. Бензин исі мен шаң араласқан ескі ниваны итеріп қоттап, ауыл ішімен келеді. Қаз-қалпында тіршілік жалғасып жатыр. Көзге оғаш еңтеңе жоқ. Көше басында таяқ сүйенген шалдар қауқылдасып тұр. Сәлемдесіп, сигнал басты. Мұны көрген һәм естіген олар да мәз-мейрам, қол былғап тұр.  Енді біреулер жүк көлігіне артынып, егістікке бет алып барады. Тағы бір тұста мал айдаған балалар да кездесті. Бек бәріне бірдей тесіле қарап, көзбен бір шолып өтті. Күдікті кім дейді ғой. Мұныңң ұрланған жанарын байқаған жан бала жоқ, жүре берді. Не керек. Осылай отырып Тұрсынның да үйіне таяды. Кірсе, аула төрінде дарбазасы айқара ашылып, гараз тұр. Көрді,  қос аяқты көлігі бұзылып, қозғалмағанына көп болыпты. Әрі Тұрсын дегенің ащы судың ізіне түскен, аяқтан тұрмай ішіп жатқанына ай өткен екен. Онысын әйелі де айтты:

— Құрғыр, әдеті — осы. Айлап арақ ішеді. Біздің мазамызды алады. Тіпті әлгі ащы суына өзі бармайды, шеттей бала-шағаны жұмсап жатқаны. Масыл болды, — деді жары Жұмагүл.

— Жеңгей, Тұрсының аяққа тұра ала ма?

— Оны қайтейін деп едің, өзім зорға ұйықтаттым. 

— Әлгі кемпірдің мәйіті ұрланды, естіген боларсыз? Соған қатысты сұрағым бар, жауап алуым керек.

Қысқа әңгімелесудің аяғы айқайға ұласты. Зариеленіп, Жұмагүл Бектің өзіне бас салды. «Мойынына ілесің бе?!» — деп жекіп, доқ көрсетті. Алайда оған қарайтын Бек жоқ.  Сүйреп, ауылдық бөлімшеге әкелді. Дегенмен, Тұрсын тілге келмеді. Қанша қыспаққа алса да ләм-мим демепті. Көп ойланбай, қоя берді. Бұл бишара қабірді қазбақ түгілі, алдына қойған асын ішуге әлі жоқ күйде. Әрі Айман әжей — Тұрсынның апасының туған әпкесі. Басқа-басқа, туғанына қастық қылып не көрініпті? Алқаш дегенмен, сау жүргенде адамгершілігі мол жігіт еді. Оған бара қоймас деп ой түйді. 

Осы аралықта бұл оқиға журналшы жолдастардың құлағына тисе керек, аудандық газетте ауқымды мақала жарияланды. Атауының өзін айқайлатып қойған: «Қабірдегі құпия: Қызылбаста «Көрбақ» пайда болды ма?!» деген тақырыпты көргенде, ауыл әкімінің төбе шашы тік тұрғаны айтпаса да түсінікті. Тілші де тартынып қалмапты — әкім, инспектор, ауыл ақсақалдарына дейін шыпқыртқан. Кінәлі емес кісі жоқ. Қызметінен айырылып қаламын ба деп қорыққанда көлеңкесінен шошынатын ауыл әкімі Сағат — Бекке телефон соқты:

— Ай, боқмұрын, жаның барында әкімдікке жет! — деп әмір етті.

Іле-шала есік жақтауының саңылауынан Бектің сұлбасы байқалды. Кіргені сол еді, әкім сәлемін алмастан айқайға басты:

— Сендер не ойлайсыңдар?! Ай бағып жүрсің бе? Ана мақаланы көрдің бе? Аудандағы кісі оқыса, не болады?

— Кінәліміз, әкім аға. Кешірім сұраймын.

— Құрып кетші, сенің кешірімің маған қызмет бола ма? Не болғанын баянда!

Бек бүгеш-жігін бүкпестен баяндап берді. Сағат шынында оқиғадан бейхабар екен. Еңбек демалысында шетел асқан ол, келсе — қырғын басталып кеткен. Іс тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған. Алайда ауданнан ешкім келе қоймапты. Ондағылар да не істерін білмей отырған болар. Осыны ойлаған ауыл әкімі аудан орталығынан арнайы топты шақыртуды жөн көріп, телефон шалды. Бәке, Сәкені түгел жағалап, бүгіннен қалмай криминалист келетін болып келісті. Әйтпесе, Бектің әлеуеті белгілі — созбалақтап жүрер, деді.

Кеш ауа Қызылбас ауылына тергеу тобын бастап, Абылай атты жігіт ағасы келді. Толық есім-сойы – Қайсенов Абылай Әзімханұлы. Биыл елуге толады.  Зейнет жасынан асқанымен, білім-білігін ескеріп, басшылық әлі қызметте ұстап отыр. Олар да: істің ізін Абылай ғана анықтай алады деген зор үмітпен осында аттандырған екен. Өзімен бірге екі жігіт, бір қыз бала ерте келіпті. Әріптестері көрінеді. Сол түні әкімнің үйіне түнеді. 

Азанмен Абылай зиратты жағалады. Көзге көрінетін ештеңе жоқ. Жалғыз дәйек – күрек. Оқиғаның орын алғанына біраз уақыт болғандықтан, айтарлықтай ештеңе табылмады. Ауылға қайта айналып келді. Өткен кеткеннен сөз суыртпақтап, істің ізін іздеді. Мән-жайдың жай-жапсарын анықтаған соң, жедел топ жиналыс өткізді.   Бұл кезде күн де ұясына батып, көкжиек қызараңдап қалған еді. 

– Кәрі кемпірдің мәйіті кімге керек? – деді Абылай.

Әңгімені әрі қарай Әйкерім жалғастырды:

– Тұрғындармен тілдестім, марқұм ұзақ уақыт сырқаттаныпты. Кәрілік те себеп болсакерек, кейін дерт дендеген көрінеді.

– Ауылда аурухана бар ма? Ондағылар не дейді?

– Шағын медициналық мекеме бар екен. Главврачпен сөйлестік, секем алатындай ештеңе байқалмады.

Үшінші болып, екеуінің серігі Ержан сөз алды:

– Дәрігерді тергеуге тарту керек. Мүмкін, сол кінәлі шығар?

– Қайдан?

– Енді, емдеймін деп жүріп өлтіріп алған шығар. Айыбы әшкере болар деп мәйітті басқа жерге жерлеген…

– Сказка! Кәрілік қой, – деп Әйкерім дүрсе қойды.

Жиналыс аяқталды. Абылай ақылдасудан кейін Бекпен бөлек тілдесті. Айтуынша, аурухананың бас дәрігері – Самал есімді келіншек екен. Негізі көрші ауылдың тумасы. Оқу бітірген соң қазіргі күйеуіне тұрмысқа шығып, осы ауылға тұрақтаған. Алғашында мейірбике болып бастаған ол қазір білдей бір жаупты қызмет атқарады, әжептәуір басшы. Дегенмен, барлық жұмыс өз мойнында. Аудан орталығынан қатынап, қабылдау жүргізетіндерді қоспағанда, қарамағында тек екі мейірбике бар. Қысқасы, өзі – қожа, өзі – би. Не керек, Абылай Бекке Самалды тергеуді, бөлімшеге алдыруды тапсырды.

Ауданнан кәсіби криминалист келді десе, кім-кімнің де зәресі қалмайды. Самал сол сәтте-ақ айтылған жерге алып-ұшып жетті. Тергеу үстеліне отырғаны сол еді, Абылай әңгімесін бастады.

– Кемпірдің мәйітін қайда жерледің? – деді Абылай төтесінен. Даусында зіл жоқ. Түрінен ештеңе білінбесе де, бұл – тәжірибелі тергеушінің ескі тәсілі. Мұндай сәтте кінәлі адамның бойына еріксіз алаң мен үрей бойлайды. Самал абдырап қалды.

– Ағатай, айып етпеңіз, сұрағыңызды түсінбедім, – деді дауысы дірілдеп.

Абылай әлдебір папканы ашып, ішінен құжат алып, көз жүгіртті де, қайта сөйледі:

– Сейітқызы Айман. Бір ай бұрын қайтыс болған. Ресми тіркелген. Бірақ қазір қабірі бос. Мәйіт қайда? – деді үнін баяулатып, бірақ нық сеніммен.

– Мен қайдан білемін?.. – деп күмілжіді Самал. Көзі бірде терезеге, бірде үстелге ауып, мазасыздана бастады.

Абылай кілт тоқтады да, бірден тура қарады:

– Самал, сіз айтпағаныңызбен, біз білеміз. Бұл ауылда науқастарға ем жүргізетін маман – өзіңіз. Айманның диагнозын дұрыс қоймағансыз. Дерт асқынып, салдары өлімге әкелді. Жауапкершіліктен жалтару үшін өлім актісін қолдан толтырып, «табиғи себептен көз жұмды» деп жаздыңыз.

Абылай сөз арасында үзіліс жасап, Самалдың жан күйзелісін бақылап отырды. Сосын сөзін жалғады:

– Алайда артынан мәйітке эксгумация (қайта қазып зерттеу) жасалуы мүмкін деген күдік пайда болды. Өз біліксіздігіңіз ашылып қалмасын деп, мәйітті түн жамылып қабірден қазып алып, оны белгісіз бағытқа алып кеткенсіз. Мақсат – дәлелді жою.

Бұл сөздер – нақты айыптау емес, алайда «ықтимал нұсқаны» шеберлікпен тұспалдаған сұрақтар еді. Тергеуші тілінде – тактикалық психологиялық қысым деп аталады. Күдіктіні өз айыбын мойындату үшін істі алдын ала біліп тұрғандай сөйлеп, жалғанконстатация тәсілін қолдану.

Самалдың бет-жүзіне үңілген Абылай күтіп отыр – кез келген ұсақ мимика, кідіріс немесе демігіп жұтқан тыныс – бәрі маңызды. Бұл – шешуші сәт. Дегенмен, дәрігер сыр алдырмады. Демін ішке тартып, бір сәтке үнсіз қалды. Жанарыннан үміт пен күдік һәм қорқыныш байқалады, бірақ сабырмен бекінген сенімділік бар. Қолдарын үстелге жайлап қойып, баяу ғана тіл қатты:

– Ағай, сізге түсінікті болу үшін бірден айтып өтейін. Сейітқызы Айман – 1952 жылы туған, 73 жаста еді. Бізде тіркелген. Соңғы алты ай ішінде кемі үш рет амбулаториялық бақылауда болды. Диагнозы – созылмалы жүрек жетіспеушілігі, ІІ–ІІІ дәрежелі, қосымша гипертониялық ауру, II сатысы, дисциркуляторлық энцефалопатия, және жасқа байланысты синильді деменция.

Абылай үндемеді. Самал ары қарай сөзін жалғады:

– Науқас өмірінің соңғы кезеңінде тәуліктік қысымы тұрақсыз болып, систолалық көрсеткіш кейде 180-ге дейін жеткен. Аппетит төмендеген, есте сақтау нашарлаған, жалпы әлсіздік байқалды. Бұның бәрі – қартаюға тән физиологиялық белгілер. 

– Қайтыс болған күні қандай жағдай тіркелді? – деді Абылай, нақты сұрақ қойып.

– Ол күні түнгі сағат 2 шамасында шақырту түсті. Барғанымызда науқастың пульсі әлсіз еді. Тынысы үстірт, үзік-үзік.  Бұл – терминальді жағдай. Жасанды дем беру құралымыз болмаған соң, тек симптоматикалық көмек көрсетілді. Арада 15 минут өткен соң, биологиялық өлім тіркелді.

Осы сәтте Самал сөмкесінен папка алып, ішінен патологоанатомиялық қорытынды, өлім туралы медициналық куәлік, және мәйіт тасымалдауға рұқсат беретін әкімдік қаулысының көшірмесін ұсынды. Тергеу бөлмесінде үнсіздік орнады. Абылай орнынан тұрып, терезеге қарап біраз тұрды. Сосын құжаттарды үстелге қойып, жымиғандай болды:

– Жарайды, Самал ханым. Біліктілігіңіз көрініп тұр. Әзірге сұрақтарым осы. Сіз боссыз, бірақ ауылдан алыстамаңыз,- деді.  

Мұның бәрін көрген Бек таңғалды.

– Вот, вот это профессионализм! Браво, Абеке! – деді ол алақанын шапалақтап.

Ауылдың ортаңқол инспекторы үшін бұл көрініс тым әсерлі еді. Абылай әңгімені әрі қарай жалғады:

– Дәрігер дұрыс айтып отыр. Білімді-ақ! Қате ем жасаған күннің өзінде өзін оңай ақтап шыға алады. Так что, оған мәйітті жасырудың да, жоюдың да қажеті жоқ. Кез келген тексерістен іліксіз өтіп кете алады.

– Абеке, көрші ауылда бір көріпкел бар. Соған барып көрсек қайтеді? Бұрындары бірлі-екілі мал жоғалғанда, тап басып тауып берген, – деді Бек.

Ойланбай сөйлегенін өзі де бірден түсінді. Сөзін әзілмен аяқтап, жайсыздықты жуып-шаймақ болды:

– Бірақ сен бұл жайлы ешкімге айтпа. Ауылдағылар малымды инспектор бала тауыпберді деп жүр. Сүйіншісін де алғанмын. Так что, тәуіпті ешкім білмесін!

Бектің сандырағы кәсіби криминалист үшін күлкілі естілді. Бірақ басқа амал да қалмағандай көрінді. Ертеден істің көзін, іздің өзін тап басып айтатын аузы дуалы адамдар болады ғой. Солардың бірі болар деп ойлады. 

– Неге көрмеске? Кеттік, – деді Абылай.  Әрі көрші ауылдағылардан да сөз суыртпақтап көргісі келді. 

Екеуі 50 шақырым жердегі көрші ауылға аттанды. Оларды алдынан бір кәрі шал қарсы алды. Келбетіне қарап, көріпкел деу қиын еді — кәдімгі қарапайым ақсақал.

Ол ақырды, шақырды, бірлі-екі тасын лақтырып, қысқа қайырды:

– Мәйіт жоқ.

Абылай ашуланып кетті:

– Ей! Сен ойнап отырмысың? Мәйіттің жоқтығын мен де білем! Қайда кеткенін айт, соны сұрап отырмыз ғой!

– Балам, мәйіт жоқ. Жердің астында да, үстінде де жоқ.

– Енді не, ғайыптан тайып көкке ұшып кетті дейсің бе?

– Мүмкін…

Қош, бұлардың келгенінен кеткені тез болды.

Жол бойы Абылай Бекке ашу шақырып келді:

– Саған сенген мен де ақымақпын. Мынау тәуіп емес, нағыз алаяқ қой! Қайда әкелгенсің мені?!,- дейді. Өзі де көптен үміт етпеген еді, алайда ақсақалдың, «Жердің астында да, үстінде де жоқ» дегені шамына тиген сықылды. Расында, көпті көрген із кесушіге бұл сөз тым сенімсіз көрінген әрі күлкілі. 

Екеу мінген көлік тас жолдың аппшысын қуырып, жүйткіп келеді. Абылайдың ашуы әлі тарқай қоймаған. Бір сәт өзін ақымаққа балады. Бұған сеніп, мұнда келген өзімнің де обалым жоқ дей ме, қайта-қайта Бекке қарап күрсінеді. Сөйтіп жатып кенет көзі ілініп кетті. Бұл ұзақ жолды қысқартудың амалы еді. Ұйықтағаны сол екен, түсіне өздері іздеп жүрген Айман әжей кірді. Өмірі көрмеген адамы ғой, алайда түсіндегі сұлбаның марқұмның өзі екенін сезіп тұр. Алыстан ақ сәуле болып ағараңдайды. Бірдеңеге қарсы секілді, қолын бұлғап, бұған қарай сілтейді. Әлденені айтқысы келетіндей, бірақ даусын ести алмады. Бар түсінгені — өздеріне разы емес… Құс ұйқыда жатқан мұны күңірене шиқылдаған мәшиненің даусы оятты. Бек тежегішке тебіне басқанда темір тұлпар төрт тағандап тұра қалған екен. Ауылдың кіре берісінде бір бала асфальттың бойына жүгіріп шығыпты. Содан жүргізуші жолдас кілт тоқтауға тырысқан. Тоқтады деген аты, баланы қағып кетуге сәл қалды. Бишараның көрер қызығы бар екен — көлік балаға бір елі жетпей тежелді. Абылай ырғып түсіп, сілейіп тұрған балаға қарай жүгірді… Айналып, толғанып, «амансың ба» дегенге салып жатыр. Бұл — Жұмағалидың ұлы Асылбек екен. Бек танып тұр. Шошынып қалған. Оның ақылында кемістігі бар. Дегенмен де түр-тұлғасы сау адамнан артық. Қатарластарына қарағанда ірі, күшті. Кейде көрші балаларды шыпқыртып алатын. Сол үшін де ешкім мұны топқа қоспайды. Осы жолы да жалғыз өзі ойнап жүрген екен.

— Жынды, әкеңнің! — деді Бек. — Қағып кетсең, менің сорымды қайнатады. Бұған сот жоқ, білгенін істейді, — деп тістенді.

Сөйтті де, бала да, бұлар да екіге кете барды. Бірақ сол түні «Бұған сот жоқ» деген сөзі Бектің санасын ұялап алды. Расында, алыстан іздеп жүргені ауыш бала болып шықса ше?! Өзі мұндайға бармаса да, біреулер Асылбектің ақылының кемістігін пайдаланып жұмсап келсе ше?! Бәрі мүмкін. Енді Бек, Абылайға айтпай, Жұмағалидың ұлын тергеп көруді ойлады. Айтса, «Жындымен жынды болып жүрсің» деп өзіне дүрсе қоятынын жақсы біледі.

Ертесіне таңертең Асылбектің үй жағына қарай беттеді. Сол маңда ойнап жүр екен. Ұстап алып әлденелерді айтып, бірдеңелермен алдандырғысы келіп еді, бала көмбепті. Бар айтқаны: «Аға, қабір қорқынышты ғой, аға, қабір қорқынышты» деген сандырағы. Ой артынаной туып, шынында, бала түнде зиратқа қайдан барсын, әрі түн ішінде өлік қазатын ба еді — деген байламға келді. Ал түнде кім дәті барып мола аралауы мүмкін?! «Осы біздің молда: „өліден емес, тіріден қорқыңдар“ деп отыратын еді», — деді күбірлеп. Кенет кілт тоқтады. Ал молда ше?! Иә, иә… өліден қорықпайтын, еті үйренген молда ғой. Сол болса ше?! Осылайша ой қуалап отыра берді. Илануға болады. Бірақ молданы тергеуге тарту үшін Абылайдан рұқсат алукерек. Алайда айтуға батылы бармады.

Осылай жүргенде тағы бір апта өтіп кетті. Абылай да, оның жедел тобы да әлі осында – дым таппады. Әкім күн сайын кеңес өткізеді. Бір сценарий, бір әңгіме – күнде қайталанатын жағдай. Сондай жиналыстардың бірінде Бек Абылайға молданың мысалын айтты. Басында қалалық криминалист келіспеді. Кейін тергеуге рұқсат берді. Алайда, «Ауыл молдасы мәйіт қазып қайтеді?» деген ойда еді. Расында да, оған адамның өлгені олжа, құранын қатым етіп, садақа жиындарда аз-маз ақша алады. Алайда, өлген адамның мүрдесінің қажетіжоқ. 

Абылай көмекшісі Әйгерімді молданың үйіне жіберді. «Қыз бала ғой, іске ұқыпты, ым-жымсыз ауыл имамын алып келер», – деп ойлаған. Дегенмен, баруынан келуі тез болды. Имам «тергеуіңді қоя тұр, шаруам көп» дегенді сылтауратып, шығарып салыпты. Мұны естігенде, Абылайдың күдігі қоюлана түсті.

«Сасқан үйрек артымен жүзеді» деген. Сырын алдырды ма, сөйлесуден неге қашты? Әрі бұл кезде Бек молданың соңғы кездері қалаға көп барып жүргенін айтқан еді. Ауыл имамы апта сайын шаһарға неге ат басын бұрсын?!

«Неде болса өзім барып көрейін», – деп бекінді Абылай. Бекті ертіп алып, жолға шықты. Молданың үйі бөлімшеден бірнеше үй әріде еді. Барса, дарбазасын ашпады.

Шақырусыз қонақты кім ұнатады? Бірақ бұл жолы жағдай бөлек қой. Абылай айқайға басты:

– Ақсақал, есімім Абылай болады. Қаладан келдім. Криминалистпін.

– Сен қай Абылай болсаң да, қайқай!

– Ақсақал, заңға бағынбай барасыз! – деді Абылай қатқыл үнмен.

Екеудің әңгімесі көпке ұзамады, қысқа қайырылды. Молданың бұлармен тілдесер түрі жоқ. Іс насырға шапқаны ма? Ақсақал сөйлесуге неге қарсы? Судан таза, сүттен ақ жан қасарысып қайтсін?

Бұл кезде Бек аула қақпасынан асыра секіріп, арғы бетке бір-ақ түскен еді. Ілулі тұрған есікті айқара ашты. Араны бөлген дарбаза жоқ, Абылай да молданың үйіне қарай беттеді. Ал бұларды көрген имам, ышқына қашты. Жетпіске жетіп қалған қарияның қимылы қалт екен. Ә дегеннен біраз жерді еңсерді. 

– Қуайық! – деді Бек.

Жанұшыра жүгірген бұлар да молданы көпке ұзатпады. Ақыры имам ұсталды. Мәшінегетиеп алып, бөлімшеге бет бұрды. Молданың қашқанының өзі бұларға олжа еді. Қылмыскердің нақ өзін ұстағандай қуанып келеді. Кінәлі болмаса кісіден қашып не көрінді. Бір бәленің бары белгілі. Екеуі осындай ойда еді. Кенет, Абылай:

– Бек, сен не, қызмет барысында ішетін болғансың ба? – деді күдіктене қарап.

– Абеке, не деп отырсыз, – деді Бек шамданып, – көлік тізгіндеп келемін. Ішкені несі? 

Сол сәтте Абылайдың танауына тіксіндірген қышқыл иіс қайта оралды. Қайдан шығып тұр? Ол Бекке емес, артқы орындықта үндемей отырған молдаға қадала қарады.

– Молдеке, – деді ол тістене, – ұялмайсыз ба? Имам деп, ақ жолдың адамы деп жүрміз ғой. Ал мынау қандай күй?

Ақсақал басын төмен салып, үнсіз қалды. Сөзден қашқанның да себебі енді түсінікті болды Сондағысы арақ ішкенін білдіртпеу үшін қашқан сықылды. Мұны Абылай түсіне қойды. Ад молданың көзіне жас іркіліп, сырын ашты:

– Дұрыс айтасың, балам. Қылмысым жоқ, күнәм бар. Кәрі сүйекпен ардан аттап, құмартқан дертім осы… Қалаға барған сайын ішімдігімді сол жақта ішетінмін. Ауыл ішінде, ел көзінше бетін ашуға имендім. Бірақ әдет құрғыр қойдыра ма?..

Желге төзбей майысқан қамыстай, молданың үні сынып шықты.

Абылай мен Бек бір-біріне қарады. Күдікпен шалған ойлары селдіреп, іштерін өкініш кернеді. «Сүттен ақ, судан таза жан» деп жүрген имамның әлсіздігі – қылмыс емес, күнә екен. Адамның осалдығы деген осы шығар. 

Имамға иланған бұлар, оны жібере салды. Кезекті күдігі кері шықты, Мотоцикл мінген Тұрсын емес, дәрігер де таза. Асылбек те емес. Молдадан да мардымды ештеңе табылмады… 

Бірінің ізін бірі басқан күндер өте берді. Алайда бұл таң ерекше атты. Ауылда тағы бір мәйіт қабірінен қазылыпты. Бұл жолы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған Шегебай шалдың қабірі ашылған. Сүйегі қурап кеткен марқұм кімге керек болды екен? Абылай бастаған бір топ зиратқа жетті. Қатарларында Бек те бар. Бұл жолы мәйіт ұрланбапты – жердің бетіне шығарып алып, суретке түсіріп, дәйектер жинап бақты. Алайда көзге ілінерлік ештеңе жоқ. Кейін ішке келіп, түсірілген фотоларды үлкейтіп шығарып қойды. Қанша үңілсе де, ештеңе байқалмады. Әңгімені Бек бастады:

– Шегебай шал кетік болған екен ғой, – деп әзілдеді. Шынында, екі күрек тісі жоқ екен.Адамның сүйегімен еті ажырағанмен, тісі жақ сүйегінен бөлінбейді екен. 

– Иә, рас, – деді Абылай. Сәл кідіріп, сөзін жалғады:
 – Қараңдар, тістер күштеп алынған секілді. Жақ сүйегі сәл үгітіліпті. Марқұмның тірісінде түскен фотосы бар ма? Күлімдеген кезі керек.

– Сұраттыруға болады. Немересі менімен бірге оқыған. Қазір хабарласамын, – деді Бек.

Абылайдың күдігі рас екен. Марқұмның суреті келгенде, істің ілігі шыққандай болды. Шегебайдың алдыңғы екі тісі алтын екен. Яғни, ұры күрек тістерін қағып алған болса керек. Осылайша сағымдай көрінген жағдай анықтала түсті.

– Ұры осы ауылдікі болуы мүмкін. Ауылдағыларды тұтас танитын секілді. Себебі, бірнеше жыл бұрын қайтқан адамның аузындағы тісі алтын екенін біліп тұр.

– Рас-ау, Айман әжейдің де алдыңғы тістері алтын еді, – деді Бек.

Іс ушыға түсті. Екі ұрлықтың да бір-біріне ұқсастығы бар. Ал көлік апатынан қайтыс болған әлгі жастардың жағдайы ше? Үшеуінде де бір қылмыскер болуы мүмкін бе? Осындай сұрақтың жетегімен жедел топ біраз үнсіз отырды. Кейін Абылайдың бұйрығымен бұлар да зиратты күзететін болып келісті.

– Дәніккеннен құныққан жаман деген, тіс қаққыш қайта келеді, әліптің артын бағайық, – деді Абылай.

Не керек, бұлар апта бойы моланың басын торыды. Ара-тұра ас-суүшін ауылға барғаны болмаса, күні-түні сонда. Ақыры, күдікті көзге түсті. Сол кеште кезекші күзетшілікте Абылай мен Бектің өзі еді.

Жетінші түн. Таңның атуына тақау кез еді. Қалың тұман басқан. Аспан – ауыр, бейіт – меңіреу.

Бір мезет… алыстан, тақырға тиген тұяқтың үні естілді. Абылай мен Бек тынып қалды. Қарауытқан тұстан жалғыз салт атты көрінді. Атын жәй ғана жетекке алып келеді. Иығында мылтық. Қимылы — сыралғы. Оған бұл мекеннің жақсы таныс екені, нық қадай басқан қадамын аңғаруға болады. Салт атты қорымға еніп, үшінші көшенің тұсында тоқтады. Атын жыңғыл арасына байлап, мылтығын сүйеп қойды. Артынан аттың тоқым астынан күректі суырды. Сабы қысқа, бірақ сабалақ істің құралы. Күмән жоқ — ниеті белгілі.

– Мылтық жерде. Жабыла кетейік, – деді Бек ақырын.

– Жоқ. Қазір емес, – деді Абылай сыбырмен. – Ұстасақ, дәл істің үстінде ұстау керек. Әйтпесе бұл да жолаушы кейпіне ене қойып, әлденені сылтауратып сытылып кетеді. 

Иә, ол белгілі еді. Мұсылманшылықта бар. Түн жорытқан жолаушы зиратқа қонатыны бар ғой. Абылай осыны айтқысы келіп, алайда, күдікті естіп қояр деп іштен тынды. Сол сетте салт атты қазуға кіріскен еді. Шыңылтыр күрек бір рет, екі рет — қара жерге кірш етті. Бек тістеніп, әр шапқан сайын тыжырынып отырды. Кенет көзі атыздай ашылып кетті:

– Әкеңнің… Анау – біздің батяның моласы ғой! Оның да тісі алтын еді…

Абылай басын изеді. Бірақ сабырынан айрылмады. Қылмыскер тізеге дейін қазып тастаған кезде ғана Абылай оң қолын зиратқа қарай сілтедіде, 

– Камераны қос, – деді Бекке. – Бәрін тірке.

Өзі жер бауырлай жылжи берді. Әлгі тіс қаққышқа мүмкін болғанша жақындай барды. Сол сәт…

– Қазір! – деді Абылай.

Екеуі бірдей ұмтылды. Қылмыскер жалт қарағанымен, үлгермеді. Талайды бұзықты бас білдірген әккінің өзі ғой, Абылай ә дегеннен салт аттының үстіне қона кетті. Құлаған күйі қазып жатқан қабіріне қарай домалап түсті. Бек жүгіріп барып, қолын қайырып байлады.

– Тыныш! Қозғалма! – деді Абылай.

Күдікті бұлқынып көрді. Болмады. Қол байлаулы. Қазған орға өзі сұлап жатыр. Бұл – Сәт еді. 

***

Алты ай өтті. Аудан орталығында Айман Сейітқызының мәйітін ұрлаған күдіктіге сот үкімі оқылып жатыр. 

  • 1984 жылы туған, Қызылбас ауылының тұрғыны Сәт Үкібайұлына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 314-бабы бойынша, яғни өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау айыбы тағылып отыр. Күдікті өз қылмысын толық мойындады. Тергеу барысында бар шындықты айтып, жедел тергеу тобына жәрдемдескені, бұрын сотты болмағаны, жетім өсіп, бауырларының жалғыз қамқоршысы екені ескеріле отырып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу белгіленсін. Үкім осы сәттен бастап заңды күшіне енсін және орындалуға жатады, — деді судья. 

                                                        ***

Қош, Сәт сотталды. Бұрын тіс дәрігері болған ол мәйіттердің алтын тісін қағып алып, соны саудалауды кәсіп етіп келіпті. Кімге қандай тіс қойғанын білетін болғандықтан осыған басқан көрінеді. Ол бәрін мойындады. Айман әжейдің де, Шегебай қарияның да қабірін қазған — сол. Тіпті, жол апатынан опат болған жас жігіттерге де ұмтылғаны рас екен. Бірақ онысы бос әуре болғанын айтыпты. «Шалалығым болды. Өңшең жастарда алтын тіс қайдан болсын?..» – деп түсіндіріп, кейін білетін, көзі жеткен зираттарды ғана қазып келіпті.

Алайда бір жұмбақ — сол күйі ашылмады. Сәт Айман әжейдің мүрдесін қайтадан орнына қойғанын айтты, бірақ… кейін қабір қаңырап қалған. Жер жастанып жатуы тиіс жан — жоқ. Із де, белгі де жоқ.

Көпшілік сене алмады. Көңілге қонымдысы ауыл ақсақалдарының айтқаны еді. 

– Ертеде, әкелеріміз, жақсы адамның денесі қараңғы көрде қалмайды дейтін еді, – дейді олар. 

Бұл сөз ауыл ішіне әп-сәтте тарап, әпсанаға айналды. Қарапайым ғана Айман апа — енді ел аузында әулие. 

–  «Жарықтық , жақсы адам еді. Сүйегі де жайында жатпай, періштеге

айналып, жарыққа оралған болар…» – деді жұрт… Тіпті, әлгі тәуіп айтқандай, көкке көтеріліп кетті ме екен..? Кім білсін?! Ұлы Жақып та, жұрт та имамның айтқанына иланды. Кейін қабірдің басына құрбан шалып, құран оқытып, бос кебінді қайта көмді. Жамағат жиналды. Жанарлары жәудіреп, оқтын-оқтын көрге қарайды. Бірақ қабір бос. Қалың көлеңке, салқын сыз бір құпияны бауырына бүгетіндей… Оның өзі қара құмның ішінде қала берді.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...

ҚАРМАҚШЫ

Ұлдана шипажайдан көтеріңкі көңілмен оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып,...

САТҚЫН

Жомарт – кішкентайынан маңдай термен еңбек етіп, әр саланы...