12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!»

Ипотека – бұл тұрғын үй немесе басқа жылжымайтын мүлік сатып алу үшін банк ұсынатын несие. Әр мемлекет үшін маңызды істердің қатарында тұрғын үй мәселесі тұрары анық. Тұлға жекеменшік баспанаға қол жеткізу үшін ипотека мен оның тиімді бағдарламаларына жүгінеді. Содан болар банктердегі арнайы бағдарламалар бойынша ипотекаға деген сұраныстың азаймауы да түсінікті жәйт.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда жастарға арналған жеңілдетілген ипотека бағдарламасын 2025 жылға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Осы негізде жалпы жалдамалы тұрғын үй беру қызметі мен оның банктерде орындалуы, негізгі талаптары мен несие мөлшерлемесі жайында оқырманға біраз мәлімет бере кетейік. kz.kursiv.media сайтында жарық көрген «Кредит төлейтін ақшаңыз жоқ болса не істейсіз?» атты мақалада көпшіліктің бас ауруына айналған бұл мәселеге қатысты ақыл кеңестер беріліпті.
Кредит алар кезде көбіміз өз мүмкіндігімізді бағамдай алмай қаламыз. Көтере алмайтын шоқпарды белімізге байлап, мүмкіндігіміз келе бермейтін несиеге ұрынамыз. Өмірде әртүрлі оқиғалар болатынын ескерсек, басында несиесін тәп тәуір төлеп жүрген азаматтардың аяқасты ондай мүмкіндігі болмай қалуы, әртүрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін екендігі ғажап емес. Сол себепті, алдағы бірнеше айда қаржылық ахуалды түзей алмайтындай болса, кредитті не істеуге болады? Осы жөніндегі сайт кеңестеріне жүгінсек, олар ең алдымен банкпен арада мәміле болу қажеттігін айтады.

Банкпен арада мәміле керек
Басыңызда кредит болып, оны төлемей жатқаныңыз үшін менеджер хабарласса, одан қашпаңыз. Осыны жақсылап жадыңызда сақтап алыңыз. Себебі, жауапкершіліктен қашқан клиенттің күнін қараң ету қаржы ұйымына ештеңе емес. Соңында соттасып, артық шығынға батып кетуіңіз мүмкін. Әрі кешіктірген әр күн үшін қосылатын өсім­ақы тағы бар. Сол себепті, жағдайыңызды түсіндіру үшін алғашқы қадамды өзіңіз жасап, банкке барыңыз. Қарызыңызды ғайыптан тайып ұмытып кетеді, кешіре салады, өсімақы қосуға ұмытып кетеді деген – бос үміт. Әрине, сіз келді екен деп құшақ жая қарсы алып, пайыз қоспай не кредитіңізді жаба салмасы анық. Дегенмен, мұндай жағдайда екеуара мәмілеге келу жолдарын сұрастырып, бірнеше айға шегерім жасату секілді нұсқаларды қарастырып көріңіз.   
Мысалы, төлемді бірнеше айға шегеру деген бар. Мұнымен былтыр карантин кезінде қазақстандықтар етене жақын танысқан болар. Әдетте мұндай нұсқа клиенттің өте ауыр жағдайға тап болған кезінде қарастырылады. Көбіне банктің келіспеуі де мүмкін. Өйткені, үш не алты ай бойы төлем алмау ақша айналымына әсер ететіні белгілі. Десе де, жалпы сомадан банк ешқандай ұтылмайды. Мұнда кесірін көретін өзіңіз боласыз. Себебі, шегерім алу деген – сол төлемеген айларды келесі айлардағы төлемдерге қосып, нәтижесінде бұрынғыдан көбірек сома төлеп отыруға міндеттеуді білдіреді. Сондықтан соңғы амалы осы дегенде ғана қолданған жөн.

Әйтпесе, айына 120 мың теңгені төлеудің өзіне қиналған адамға үш айдан кейін 150 мың теңге қылып төлеу оңайға соқпасы анық. Бұл енді жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жағдай.  
Бұдан бөлек, қарызды қайта құры­лымдау әдісі бар. Яғни, банкпен келісе отырып, кредит шартын қайта қарастырып, төлемді азайтуды сұрау. Бұл да батпанқұйрық емес. Себебі, төлемді азайтса, сәйкесінше мерзімі ұзартылады. Мәселен, кредитті 5 жылға рәсімдеген болсаңыз, қайта құрылымдау арқылы 7 жылға соза аласыз. Сонда ай сайынғы төлем азаяды. Айтпақшы, мерзімнің шегі бар. Оны да банк белгілеп, нақтылап айтады.

Қалай келісуге болады?
Банк бөлімшесіне барардан бұрын шегерім не шарттарды қайта қарауға негіз болатын барлық құжатты жинап апарыңыз. Жұмыстан шығып қалсаңыз, сол туралы анықтама немесе ауырып қалсаңыз, тиісті еңбекке жарамсыздық парағын дегендей. Яғни, осы күнге дейін төлеп келе жатып, неге төлей алмай қалғаныңызды құр сөзбен емес, нақты дәлелмен түсіндіре алсаңыз дұрысырақ. Сонымен бірге бос уәде беруден аулақ болыңыз. Егер келесі айда төлей алмауыңыз мүмкін болса, «бәрін қатырамын» деп сендірген жөн емес.
 
Бір кредитті жабу үшін екіншісін алған дұрыс па?
Көпшіліктің қолданатын тәсілі десек, артық болмас. Себебі, ақшадан тарыққанда осыдан өзге амал жоқ деп, келесі айда бір реті болар деген үмітпен айлық төлем үшін кредит алып жататындар бар. Мұны енді аса ұтымды шешім деуге келмес. Өйткені, мойныңызға артылған жүк салмағы ауыр тарта түседі.

Төлемесем, не болады?
«Амалым қанша?» деп қанша жерден өлердегі сөзіңізді айтсаңыз да, банктің  кредитті түбегейлі кешіре салуы мүмкін емес. Ал енді оған қоса ашуына тиіп, жоқ болып кетсеңіз, жағдай тіпті қиындайды. Коллекторлар хабарласып, сізді ала алмаса, тума-туысыңызды түгендеп кетеді. Негізі қарызды қайтармай жатсаңыз, банк ақшаны сот арқылы талап етуге әбден құқылы. Сот істі қарап, қарыз сомасын белгілеп, есептейді. Мұндайда тығырыққа тірелген клиент жағдайын түсініп, оған да жеңілдеу шартпен төлеуге мүмкіндік беруі ғажап емес. Мысалы, қарызды бірден емес, бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етеді. Дегенмен істі сотқа апармай, бұл туралы екеуара шешкен әлдеқайда оңайырақ. Бұл жүйкені де, уақытты да, ақшаны да үнемдейді. Ақшаны дейтін себебіміз – іс сотқа дейін жетсе оның шығыны мойныңызға артылады. Сөйтіп жағдайыңыз тіпті ауырлай түседі. 
Банк алдымен қарызды менеджерлері арқылы сұратады. Кейін тәртіпсіз клиент екеніңізді байқағанда іске коллекторларды қосады. Ал олардың бар шаруасы – қарыз­ды қалайда қайтаруды талап ету. Сөйтіп мазаңызды алып, күніне бірнеше мәрте хабарласады. Елімізде коллекторлық агенттік қызметкерлерінің мәдениетсіздігіне қатысты сын жиі айтылады. Әйтсе де, заң аясында олардың сізді қорқытып, қоқан-лоққы көрсетуге еш құқығы жоқ екенін ұмытпаңыз. Бұдан да нәтиже шықпаса, әрмен қарай іс сотқа кетеді.

Банкрот болу тығырықтан шығар жол ма?
Бұл енді шарасыздықтың шегі десек болатын шығар. Дегенмен банкрот деп жариялаған бойда қарыз мойныңыздан алып тасталады деп ойламаңыз. Негізі бұл әдіс үй өртеніп, бүкіл мүлік тәркіленіп, аурудың кесірінен мүлдем жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғанда жасалады. Бұл жағдайда сіздегі бар мүлік саудаға салынады. Тіпті, төленіп бітпеген, жалғыз ғана үйіңіз болса да тартып алынады. Былайша айтқанда, қалтаңыздағы соңғы тиынға дейін санап бересіз. Әрі мұның бір жаманы елден шығуға тыйым салынып, басшылық қызметке болашақта таға­йындатпайтын, кредит бергізбейтін етіп тастауы мүмкін.     

ЖЕДЕЛ СҰХБАТ

Айбар Олжай, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ бас менеджері:

«Біздің ипотека жалпыхалықтық, әлеуметтік санатқа арналған»

– Жастарға арналған жеңілдетілген ипотека жайында толығырақ айта кетсеңіз?
– Бізде әзірге республика бойынша нақты жастарға арналып жасалған мақсатты ипотека жоқ. Біздің ипотека: жалпы халықтық немесе әлеуметтік санатқа арналған (әлеуметтік әлсіз топтар). Белгілі бір топтарға арналған ипотека «Отбасы Банк» арқылы беріледі. Жалпы халыққа арналған ипотекада «7-20-25» бағдарламасы жұмыс істейді. Ал жалпы жастарға арналған атаулы бағдарламаларға тоқталсам: Ол тек қана аймақтық/өңірлік деп қарастырылады. Мәселен, Алматы қаласының өзіндік аймақтық бағдарламасы бар («Алматы жастары»). Нұр-Сұлтан қаласында «Елорда жастары» атауымен аймақтық бағдарлама іске қосылған. Одан өзге кейбір аймақтар жас мамандарды тарту мақсатында аймақтық ипотекалық бағдарламаларды іске қосып жатады. Бірақ қаржыландыру әкімдіктен болғандықтан, қаржылай көмекті көп деп айта алмаймыз. Шамамен 1 млрд қаржыны құрайды. Салыстырмалы түрде бұл 100-ге жуық адамды қамтуы мүмкін.
– Қазіргі уақыттағы банктер мен ипотеканың мөлшерлемесі қандай?
– Коммерциялық ипотекалар базалық мөлшерлемеден жоғары болады. Ол – 14 %.
Барлық банктегі коммерциялық ипотекалар болса, шамамен олар 18 % және одан да жоғары болады. Бізде пайызы төмен тек қана мемлекеттің қатысуымен жасалатын мемлекеттік бағдарламалар. Олар: Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ол «Отбасы Банк»-те берілетін бағдарламалар. Айта кетейін, егер үш жылдық депозит болса, бағалау көрсеткіші (ОП) 16-ға жетсе, ипотеканы 5% — бен алуға болады. Ал «7-20-25» бағдарламасы, өзі аты айтып тұрғандай, 7%, одан бөлек жаңадан шығатын субсидияланатын ипотека – 11-12%-ды құрайды.
– Банктер арасында қайсы банкті тиімді деп көрсете аласыз?
– Нақты тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен айналысатын – «Отбасы Банк». Өзінің атауы айтып тұрғандай, тек қана тұрғын үй мәселелерімен айналысады. Одан өзге «7-20-25» бағдарламасы. Оған қатысатын банктердің бәрінде бағдарламаға сай бір ғана шарт қолданылады. Яғни, барлығына ортақ – несие 7% . Бұл бағдарламаға қатысатын банктер тізімі:
Халық банк; Сбербанк; ЦентрКредит Банкі; Freedom Finance Bank; Jusan Bank; Altyn Bank; Bank RBK; Еуразиялық Банк; Қорытындылай келе, банктер бойынша емес, жалпы «Отбасы Банк» және «7-20-25» бағдарламасын тиімді деп айта аламын. Ал банктің өзінің коммерциялық ипотекалары жоғарыда айтқандай, 18%-дан жоғары.
– Айбар мырза, жедел сұхбатыңызға көп рақмет. Жұмысыңызға табыс тілеймін!

Жібек ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Стратегия роста и новые возможности 

МАНГИСТАУСКАЯ ОБЛАСТЬ ПО ИТОГАМ ТЕКУЩЕГО ГОДА ДЕМОНСТРИРУЕТ ВПЕЧАТЛЯЮЩУЮ ДИНАМИКУ,...

Сенат Цифрлық кодексті мақұлдады

Сенат Цифрлық кодексті мақұлдады. Құжат цифрлық заңнаманың бірыңғай қағидаттарын бекітеді.

Еліміздегі студенттердің 65 пайызы қазақша оқиды

Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда оқуға түскен студенттердің саны  13,7% өскен.

Қазақстанда биометриялық аутентификация енгізіледі

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік цифрлық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға және азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге бағытталған нормативтік өзгерістер қабылданғанын мәлімдеді.

Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді

Елімізде мобильді аударымдарды тексеру талаптары едәуір қатаңдатылатыны белгілі. Қоғамда мобильді аударымдардың сомасы миллион теңгеден асып кетсе және 3 ай қатарынан 100 адамнан ақша түссе, ол автоматты түрде кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылып, салық органдарының тексерісіне ілінуі мүмкін екені айтылды.