«2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдағы өзгерістерге сәйкес 1 сәуірден бастап: айлық есептік көрсеткіш – 3180 теңгеге (3063 теңге қаңтардан бастап), ең төменгі зейнетақы – 48032 теңгеге (46302), базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 20 191 теңгеге (19450), ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңгеге (36018) өсіп, ең төменгі жалақы ғана 60 мың теңге көлемінде өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да өсті. Мысалы, 1-топтағы мүгедекке берілетін жәрдемақы 69 155-тен 71 787 теңгеге өсті. Жаңа туған балаға берілетін біржолғы жәрдемақы 116 394 теңгеден 120 840-қа өсті. Төртінші балаға 192 969-дан 200 340 теңге болды.
Бұдан бөлек осыған дейін тағайындалған жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері мөлшері 4% артты. Оның мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 46 еселенген АЕК-тен аспауы керек, яғни 146 280 теңге. 2022 жылы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 140 898 теңгені құраған болатын. – Алматы қаласы бойынша 231 740 зейнеткердің зейнетақы төлемдері, мүгедектігі бойынша 37660 және асыраушысынан айырылу бойынша 12571 адамның жәрдемақылары ұлғайды. Бүгінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны – 28677, көп балалы отбасылар саны – 26761, көп балалы аналар алқасымен марапатталғандар саны – 4982, бір жасқа дейінгі күтім бойынша жәрдемақы алушылар саны – 3153, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова. Оның айтуынша, мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін әлеуметтік саладағы 44 мемлекеттік қызмет түрінің бәріне электронды түрде онлайн өтініш беруге болады. Ол үшін қызмет алушылардың ұялы телефондарының номері міндетті түрде мобильді азаматтар базасына (МАБ) тіркелуі керек. Халық, Каспий банк бағдарламалары арқылы да бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы және бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыға құжат тапсыруға болады. Көлемі ұлғайтылған барлық төлемдер сәуір және мамыр айларындағы қосымша төлемдерімен бірге есептеліп, маусым айында берілетін болады.
Жалпы әлеуметтік сала бойынша берілетін төлемдер түріне: жасына байланысты зейнетақы (Мемлекеттік корпорация қызметкерлері үшін); мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі; мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы; мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (№1,2 Тізім бойынша еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр); МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлемдер (0701, 0702, 0703, 0704, 0705); арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар; бала туылуына байланысты бір реттік жәрдемақы; 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы; 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы; бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамға берілетін жәрдемақы; «Алтын алқамен» марапатталған көп балалы анаға берілетін жәрдемақы; жерлеуге арналған біржолғы төлем; ай сайынғы төлем (регресшілер); Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккендерге біржолғы ақшалай өтемақылар, айырманың біржолғы төлемі. Мемлекеттік кепілдік; жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы төлеу; экологиялық үстемеақылар (Семей ядролық полигонында тұратындарға); көп балалы аналарға 4 және одан да көп балаға төленетін жәрдемақы жатады.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


