12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӨМБЕСІ КӨП ЖЫЛДАР

«Шуақты сити» мөлтек ауданы, 7-үй, 7-қабат, 77-пәтердегі Бұланның мекенін дәл тауып келген әйелдің отырмастан тік тұрған күйінде:

— Есімім — Мариям. Әулие ата облысының Қаратас қаласынанмын. Менің баламды өлтіріп кетті, — деген үнінен ызалы, ызғарлы, кекті қайшыласқан дыбыстардың қақтығысын ішкі түйсігімен аңлаған бұл да жедеқабыл сұрады.

— Кім? Қашан? Қалай?

— Бұдан он жеті жыл бұрын. Ұрып өлтірді. Кім екенін іздегеніме он жеті жыл! — деп жанары ұшқын шашқан оның да жылдам жауап қайтарғаны сонша, ойын жинақтап үлгермеген Бұлан мен Мариям біріне-бірі қадала қараған қалыппен лез сәттік қана күй кешті.

— Он жеті жыл-тым ұзақ мерзім. Кінәліні іздеп табу.., — деді із кесуші сәл ойлана мүдіріңкіреп.

— Бар сенімімді арқалап тапқан соңғы үмітім өзіңсің. Сенен қайыр болмаса, одан әрі іздеуді де қоярмын, — деген әйелдің сөздерінен қасіретті ыза мен өксікке толы үнді тағы да естіді көңіл түйсігімен. Оның соңғы үмітін шорт кесуге дәті төзбей,  өзіне  не  керегін қысқаша  мағлұмдауды ескертіп, әйелдің әңгімелерін байыппен тыңдаған із кесуші байлауын  айтты.

— Қайғылы жағдайдың қашан, қайда, қалай болғанын тіліңізбен де, діліңізбен де аңғарттыңыз. Енді кісі қолынан өлгеніне және кімнің өлтіргеніне күдіксіз көз жеткізу үшін сол күнгі жағдаяттарды  ине-жібіне дейін түгел еске түсіріп, қағазға жазып дайындауыңыз керек. Ал қазір жинаған құжаттарыңызды, деректерді, фото суреттерді-жалпы қолыңызда не бар, бәрін маған қалдырасыз.

Екеуі осыған келісті.

***

Қаратас қаласы. 2005 жыл шамасы. Телефонның беймезгіл шарылынан оянған Мариям оған жауап берместен бұрын аяғының ұшымен  жылдам-жылдам баса баласының бөлмесіне барған. Қалалық Мәдениет үйіндегі жастардың әдеттегі ойын-сауығына кеткен Иорданның  төсегі бос екен. Қайта оралып, әлі тынымсыз шарылдаған телефонды көтергені сол жауаптасуға үлгертпей:

-Мариям апа, Мәдениет сарайына келіңізші. Иордан құлап.., — деген абыржыңқы аптыққан дауысты жарым-жартылай құлағы шалған ол рульге отырды да, көлігін құйын перен жылдамдықпен заулатқан күйінде өзіне таныс Сарайға тұмсығын тірей тоқтатты. Учаскелік инспектор «Жедел жәрдем» келіп,  соңғы демі үзілгенін ескертсе де Иорданды әдепкі жатқан қалпынан қозғалтпағанын айтып жатыр. Жайшылықта сәл даусы шықса құшағын жая «маматайлап» аптыға жететін жақандағы жалғыз қызығы — Иорданы мұның грекше, орысша, қазақша боздай жоқтағанына селт етпеді. Үнсіз. Көздері тас жұмулы. Езуінен аққан азғантай  қан еш жерді былғамастан қата қалыпты.

— Қайсың ұрған? — деді Мариям мәйіттен басын көтеріп. Жұрт үнсіз.

— Кім деймін сендерге өңкей мақұлық? — деп орнынан ұшып тұрғанда, қоршалаған жастар күрт кейін серпіле шегініп, ашылған ортада екі қолын көкке жая өлтірушінің кім екенін жаны ышқына қайталай  сұраған Мариям мен Иорданның жансыз денесі ғана қалған еді. Жалғыз ұлы бар, жалғыз басты бұл кісіміз қаладағы ең дәулетті отбасының біреуі де, бірегейі де болатын. Қаралы оқиғадан құлақтанып үлгерген қалалық ішкі істер бөлімінің атқа мінерлерін ерткен полковник Ділданов Дәрмен көңіл айтып:

— Мариям апа, қылмыскер қалайда табылады. Көкке ұшса аяғын сындыра, жерге кірсе  мойнын үзе бәрін мойындатып алдыңызға тізе бүктіртеміз. Әзірге балаңыздың мәйітін экспертизаға апаралық,-деді. Содан соң жанындағы қызметкерлеріне жалт қарап:

— Апамыздың кім екенін біздің Қаратас қаласы емес, бүкіл облысымыз біледі. Азаматтығымен, кәсіпкерлігімен,  мырзалығымен, беделімен есімі тек құрметпен аталатын абыройдың иесі. Қазірден бастап би билеуге қатысқандар түгел сұралсын. Сытылып кеткендерін соңдарынан қуалай іздеп тауып жауап алыңдар. Кімнің қайда жүргендерін, бөгделер ұшырасса, осы би күні қайдан келгендерін анықтаңдар. Қысқасы, Иорданды қыршынынан қиып, Мариям апаны қара жамылдырған итті ұзатпай ұстаңдар,-деген полковник барынша қаһарлана сөйледі.

— Экспертизаның мәліметін күтелік, — деді қылмысты іздестіру мен тергеу бөлімінің бастықтары подполковник Айту Аманұлы мен майор Қапал Жұмаұлы.

***

Қалалық ішкі істер басқармасының таңертеңгілік мәжілісі түндегі адам өліміне қатысты оқиғаны талқылаумен басталды.

— Мариям апамыз баласының мәйітін экспертизаға жеткізбей жолдан үйіне қайтарыпты. Ал өзі «Иорданымның би үстінде өзінен-өзі аяқтардың астына таптала құлап өле салатындай ауруы жоқ. Денсаулығы мықты, спортшы екенін бәрің білесіңдер. Қылмыскерді тұтқындауға сендердің шамаларың жетпесе, Москвадан көмек сұрап мықты тергеушілерді шақыртамын» деп зарлай айбат шегуде. Біз Тәуелсіз мемлекетпіз дейміз. Бәріміз сеніп, «Мариям  апалап» басымызға көтеретін гречянка әлі Мәскеуін ұмытпай, сол тұсқа мойын созуын қоя алмапты, — деді бастықтың орынбасары подполковник Бақтияр Сержанұлы пікірін кіжініңкірей аяқтап.

— Сен енді өйтіп қызбаланба. Ызалы, қайғылы ашу үстінде демейді пенде. «Экспертизаның қорытындысымен жазылатын өлімі туралы куәлігі болмаса, балаларына пенсия шықпайды дейтіндей Иорданымның баласы түгілі әйелі де жоқ, сүр бойдақ» деп ешкімді мәйітке жолатпағанын естідіңдер ғой.

— Мен ол кісіге балаңыздың сол жақ қабағында қызарған із бар. Соққы тигенін экспертизада анықтамасақ,  біздің әрекеттеріміз «өзі оқыстан құлап өлдіден» аспайды дегеніме де иландыра алмадым. «Иорданымды біреудің әдейілеп ұрып, басы соғылса жарылатын цемент жақтаудың қырына құлатқаны, сөйтіп өлуге душар еткені экспертсіз де аян маған. Арызымды да солай жазамын. Баламның тәнін пышақтатпай, мүсініне дақ түсірмеген қалпында тапсырамын жер қойнына» деп бетбақтырмады, — деді подполковник Айту Аманұлы.

— Солай-ақ болсын делік. Бірақ өзіміздің қызметтік міндетіміз бойынша да, ол кісінің талабы бойынша да өлтірушіні табуымыз керек, — деген Ділданов тағы да талабын барынша күшейте сөзін қысқа тұжырып. Дегенмен, қала мен облыстағы полковниктердің тікелей өздері басқарған; қала, облыс әкімдерінің өздері назарларында ұстаған қайғылы оқиғаның жұмбағының шешілуі ұзай берді. Сөйтіп Қаратастың құрметті апасы Мариям ханымның ұлы Иорданды өлтіруші жыл асқан сайын жер жұтқандай ізім-қайым жоғалды. Тек қайғылы оқиғаның сүргіні Мариям апаларының жер-көкті шарлап арыздануынан осындағы  басшы орындардағы үш-төрт кісінің ғана естерінен шыға қоймады. Тіпті, еліміздегі халықтық Ассамблея аталатын ұйымның ықпалымен бірді-екілі шет жұрттан да бұл қалай деген мазмұндас сұрақтар жолданып, жауап қайтаруға да тура келді. Бірде облыстан, бірде оңтүстік, бірде солтүстік астаналар жақтан жіберілген қатынастарға қосыла, неше сықпыттардағы із кесушілер де кезектесе сабылды Қаратасқа.  Алайда, ол дөкей тергеушілер де өз беттерінше қылмысты ашудың соны іздерін таппай қалалық полицияның жедел тобы тынымсыз жүргізген іс қағаздарына ешқандай жаңалық та, өзгеріс те қоса алмай таулары шағылып кері оралып жаттты. Сондағы бәрінің сүрінетіндері де, аса алмайтын белдері де сол күнгі биге қатысқандардың «Иорданның қалай құлағанын білмейміз, тек еденде жатқанын ғана көрдік» деген бірыңғайлы жауаптары еді. Жағдай шын мәнінде де солай-ды. Қыз бен жігіті аралас қайшыласқан биші топтың ортасындағы ләлекуге естері ауа еліккендер өзге түгілі өзінің қандай халде секіріп жұлқынып-жұлынғанын да байқамастай аласапыран күйде болғандығы даусыз анық. Қолдарын біресе бастарына көтере секіре, бірде бос тастап бүлкілдей, одан әрісінде жан-жағына сілтей жұлқынып, енді бірде шалқалай, одан әрісінде етпеттей еңкеңдеп есіріктене  биге әулекіленген топтың ортасында кенет Иордан жалп етіп құлайды. Бар өнерін көрсете шалқалай жұлқынған оны денесін игере алмай жығылғанға   жорығандар алғашында  дуылдай күлісе қарағандағы,  билерін одан әрі алаңсыз жалғастыра берген. Тек достарының мүлдем қимылсыз халін аңғарған жанашырлары ғана билерін созалаңдана кідірістетіп жағдай сұраған сәтте Иорданның сұлық қалпынан шошына «Жедел жәрдемге», полицияға хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалып, жан жабыла жүргізілген  іздеу, тергеулердің қорытындысымен оқыстан шалқалай құлағаннан шүйдесі қатты затқа соғылып, желке күре тамырының езіле қиылуынан жүрегі бірден соғуын тоқтатқан. Қабағындағы қызарыңқы  дақ та сол соққыдан бетіне шапқан деп түсіндіргенімен, ашуға мінген анасы бақшаңдап сөзге қонақ берер болмады.  Барлық жағдайды уысында ұстаған полковник Ділдановтың өзі де жоқ қылмыскерді іздеп бас қатырып жатқандарын іші сезгенімен, оны Мариямға бірденінен айта да алмады. Бірақ «Жазым болса, быламықтан да тіс сынады» деген қазақы иланымға ой тоқайластырды да, сол тұжырымын аңғарта әңгімелей «Иордан билеп жүріп цемент бұрыштың қырына оқыстан жайсыз жығылған. Сірә, біреу-міреудің аяғына шалынысқан-ау» дегені сол-ақ екен Мариям «Демек, баламды ерегіскен біреу байқаусызда қасақана аяғын тосып итеріп жібергеннен ол шалынысып құлаған. Қылмыскерді білсеңдер де жасырасыңдар» деген ылаңын қоздатты. Солай мазмұндалып қайтадан жазылған арыздары бойынша да қаншама тексергіштер атбастарын тірегенде экспертизаның қорытынды анықтамасын сұрап, қаратастық құқық қорғаушылардың шаңын қақанда ол кемшілікті өз мойнына алған Мәриям эксгумацияға  да рұқсат етпеді.  Тергеушілердің жасаған қорытындыларына сенген де, көнген де пиғылын танытпай, күдікті күйінен арылмаған, аптыққан кеудесі басылмаған райынан айнымады.  Құқық қорғаушылардың іздетіп те, індетіп те жатырмыз деген жауаптары өзгеріссіз айлардан-айларға, одан әрі жылдарға ауысудан жаңылмаған соң, ол енді тәуіп, балгерлерді жағалады. Бірақ он-жиырма жылдан кейін кімнің президент болатынын шімірікпей айтып салатын, жоғалған малың көп ұзамай үйіңе өзі келеді немесе ұрың алыста емес, дәл жаныңда отыр деген жорамалдарымен көршілерді біріне-бірін алакөздендіруден аспайтын балгерлерден де, көсемсіген көріпкелдерден де қылмыскердің ізін дәл індеткен ешкім кездеспеді. Жаны тыншу таппаған Мариям тіпті қылмыс әлемінің бірен-саран күштілерін де жағалады. Әлгілер мұның күдіктенетін қаланың бұзықтарына жуан мойындарын бұрғандарымен, олардың Иорданның қазасына ешқандай да қатыстары жоқтығы ақиқатталған соң, бұлардың арасындағы жанжалға ұрындыратын оқиғалар да жым-жырт басылды. Мариям апа енді қаратастық полиция тергеушілерінің қолдарындағы күллі құжаттардың көшірмелерін, фотосуреттерін өзіне жинақтап, кеңестік заманнан бастап бүгінгі күнге дейін қылмыскерлердің ізіне түсу, жолдарын кесу мен ұстаудан  атақтары жер жарған із кесушілерді іздей бастады. Орыстан, кәрістен, өзбектен, грузин мен армяннан, Балтық жағалаулары аталатын жұрттан, тіпті Грекиядан шыққан мықтылардың да есіктерін қақты. Олардың біразы жолды алыссынып қипақтап, бірақ ақылы кеңестерін аямай ақтарса, бірсыпырасы Мариям апамен Қаратасқа жолаушылап, оқиға орнын көріп, істің барысына қаныққан соң, қылмыскерді әне-міне ұстап алардай сипаттамалар жасап, біраз үміттендірген де еді. Дегенмен, соңы сиырқұйымшақтанып «көп мерзім өтіп кетіпті, әйтпеседен…» аспаған күйлерімен келген жолдарымен қайтып жатты. Қаратастың Мариям апасы алғашқы маусымдарда баласының түбіне жеткен қаныпезерді өзі соңдарынан қалмай жүріп полицияға ұстататынына, соттататына сенген берік пиғылымен тыным таппаған. Ал соңғы жылдары баласын өлтіргенді тауып жазалау енді полицияның емес, өзінің міндетіне айналғандай жан тыныштығын тәрк еткен аласапыран күйге ұшырады. Дәл сол күні достарымен би-тамашаға үйден шығарында ешқашан бір ауыз қазақша сөйлемейтін Иордан бұған жалт қарады да қазақшалап:

— Қош бол, мама!, — дегенде жүрегі солқ етіп:

— Олай деме, балам!, — деген-ді орысшалап.

— Мен сізге «пока» дедім. Оның не сөкеттігі бар? — деп күлген баласына қазақтардың өйтіп үзілді-кесілді қоштасуды жаман ырымға балайтынын түсіндіргенде де:

— Ой, қойыңызшы сол қазақтардың ырымдарын. Бұл қазақша үйренген түрім еді, оның өзін сіз нетіп жібердіңіз ғой, — деді де қолын сілтей күле сөйлеген қалпында қайтып бұрылмастан кете барды баласы. Қазір ойланады ғой ана жүрек. Жаратушы Алла пендесінің жанын қиярда ажалдың суық нышандарымен оның санасын тітіркендірмеуі мүмкін емес. Қалай да аян береді. Тек адамдар соны ақылға жеңдірмей, ажалмен ойнаймыз-ау. Бірақ төтелей соғатын ажалға  қарсы пенденің жасар амалы да жоқ қой. Менің Иорданыма да Алла анасымен қоштасуды ишаралап тіліне мұсылманшалап сөз салған екен дә сонда. Ал көпті көргендігіме, көп нәрсені білетіндігіме тоқмейілси көкірек керетін мен баламның өзіммен мәңгіге қайырласып тұрғанын қалай сезбедім. Біле тұра оны ажалға айдаған өзім емеспін бе осы деп күйзелетін. Содан жаны ышқынған Мариям енді таптырар деймісің, іздеуімді қояйын деген ойын қайтадан ұмытып, дереу қылмыскерді індетудің амалдарын құрастырумен аласұратын. Содан он жетінші жылға айналғанда Шуақты дейтін қалада бір із кесуші барын есітіп соған көңілі ауды.

***

— Сен мені  түсінесің бе? Қазақы ұғыммен  тәспірлесем-жалғызымды жоқтағалы он жетінші жыл. Соның көзін мәңгі ашпай қалуына душар еткен  мықтыны таппай ұйқым шала, күлкім жалған. Шындап бір ақтарыла күлейін, ел қатарында жарқылдап жүрейін, бәрін ұмытып алаңсыз көз іліндірейін деймін. Бірақ бір жақ бүйірімді ауырлатып, жүрегімді дірілдетіп, жалғызымды сағындырған назалы ойлар неменеңе жетісіп күлмексің, не бетіңмен ұйқыға шомбақсың деп қабағымды аштырар, жүрісімнен жаңылдырып қадамымды дәл бастырар емес.         Сен мендегі бар құжаттарды, суреттерді ал. Парақтаған сайын күйігіме күйік жамайтын бір дорба қағазды арқалап қашанғы безектемекпін. Ақшасын қимайды, төлеуге қиналады демегін. Жалғызым үшін жинаған дүнием жалғызымды көрінде тыныш жатқызатын халге мені иландырғаныңша жетеді,-деп ашына, қамыға, ышқына сөйлеген Мариямнан алып қалған бар қағаздарды парақтаумен отыр қанша күннен бері Бұлан Еркеұлы.

Баламды аңдаусызда  ұрып, құлатып өлтірді дейді. Бірақ кімнің ұрғаны белгісіз.  Бәрі осы белгісіз біреуді яғни ұрғанын тұрғызбайтын күштіні жабыла іздейді де, егер оқиға расымен де  солай болса, неге әлгі ұрудың себебін  іздемейді? «Иорданды белгісіз әлдекім не себепті ұрды?» деп жазды дәптеріне Бұлан. Бірінші себеп, билеп жүргенде ол біреудің немесе керісінше біреу оның аяғын басып кетіп, ерегіс туды. Төбелесті. Жоқ, төбелес болмаған. Өйткені  жұдырықтасқан шуды жұрт көрер еді, араласар еді, ажыратар еді. Ондай шетін оқиға түсініктерде жазылмаған. Екінші себеп, билеп жүргенде оқыс қимылдан грек баланың қолы біреуге немесе біреудің қолы оған тиіп екеуі іліністі де, бірақ ерегіс тез аяқталып би жалғаса берді. Бұны іштей кек сақтаған әлгі белгісіз жігіт өзімен ерегісушінің қапысын тауып елеусіз жағдайда сырт көзге байқатпай ұрып жіберген. Осы  оқыс соққының екпініне айқыш-ұйқыш қимылдағандағы бидің екпіні қосылғанда қолайсыз құлаған Иордан, цемент жақтауға шүйдесімен соғылып,  қимылсыз қалады. Ал ұрғыш жігіт тез сыртқа ұмтылып, соңынан қуа ілесетін қарсыласын клубтан ұзаңқырай күтеді. Бірақ полицияның, «Жедел жәрдемнің» қарасын көрген ол биге жоламай қайтып кеткен. Осылайша белгісіз күйде назардан тыс қалған қылмыс жасаушыны ешкім іздемеген де, сұрастырмаған да. Соның салдарынан тергеуші тарапынан қылмыс ашылмаған қалпында жабылған. «Өзі оқыстан немесе біреумен шалынысқаннан жайсыз құлап өлсе, бұл қылмыс емес» деген тергеудің шешімімен келіспеске амал жоқ. Солай десек те, неге Мариям апай баламды ұрып немесе қасақана шалып құлатып өлтірді дегенінен танбайды. Бұл — ана жүрегінің қателеспегені ме әлде қателессе де оған өзін-өзі иландыра алмағаны ма?

Бұлан қалың папкіге тігілген түсініктерді тағы да шола бастады. «Ештеңе білмеймін, көрмедім» деген мазмұндағыларын бөлек буып тастағандағы, сәл де болса көңілге күдік ұялатадыға есептеген азғантай жазбаларды ерекшелеп қойған еді. Сол түсініктердің ішінен Зәмира есімді қыздың жазғанын қадала оқыды. «Би қызып жатқан. Бір кезде «Аһ!» деген дауысқа еріксіз жалт қарағанымда, бір қыздың тізерлей құлап, аяқ астында қалмау үшін қиналса да тез тұрып кетуге әрекеттенген қимылын ғана аңғарып үлгердім. Сәлден соң әлгі қызды бір жігіттің сүйемелдеп пе, жоқ әлде орнынан көтерілгеннен кейін құшақтап па тұрғанын көрдім де жүретін жігіті бар екен-ау деп те ойлап үлгердім. Бұған менен басқа ешкім назар аудармады ғой деймін. Кенет музыка тоқтап, билеп жатқандар аңтарыла бірімізге-біріміз қараса, «музыка» деп шуылдасқанбыз. Бізден сәл әріректегі топырласа жиналған жастар кейін қарай шегініскенде, бір жігіттің еденде жатқанын көрдім. «Жедел жәрдем» шақыртылып, полиция да келді.  Иордан деген грек баланың би үстінде кенеттен құлап өлгенін естідім» деп жазыпты. Құлаған қыз,  оны сүйемелдеген, әлде құшақтап тұрған жігіт кім? Қыз неге құлады? Жігіті ме  әлде басқа біреу қағып жіберіп құлатты ма? деген ойлар кешті Бұлан.

Мариямның айтуынша дискотека өткен Мәдениет үйі әлі баяғы  қалпында көрінеді. Өйткені оны жекешелендіруге қала жастары қарсы болып, күні кешеге дейін жекеге жіберілмеген екен. Бірақ сол белсенділер ересек тартып, қызық қуулары басылған. Ал қазіргі жастардың той-тамашасы үлкен қалаларға қарай ауысқан сияқты. Сонымен ырду-дырдуы азайған әлгі  Мәдениет сарайын бір пысықай сатып алмаққа жаныға кіріскен деседі. Жаңа қожасы апыр-топыр аударып-төңкеріп бүлдіргеннен бұрын оқиға орнын қарап үлгергені жөн. Ертеңіне атбасын Қаратасқа тіреген Бұлан Мариям апасын ертіп бірденінен Мәдениет үйінің есігін ашты. Сахна мен билейтін алаңның арасы әжептәуір кең екен. Сызба бойынша құлаған Иорданның сахнаға жақын жатқаны бедерленген. Ол маңайда жігіттің қарақұсын үзіп ойып жіберердей қатты ештеңе байқалмайды. Сахнаның алдында ары-бері әлдене іздегендей теңселген Бұланды әлгінде Мариям таныстырған Мәдениет үйінің директоры Серікбай иығынан тартып өзіне қаратты да:

— Иорданның құлаған жері мынау, — деп сарайдың төріне қарай жетеледі.

— Сызбада дененің сахнаға жақын жатқаны бейнеленген ғой, — деген Бұланның сөзін Серікбай:

— Иордан құлағанда оны танитындар жарығы мол сахнаға қарай көтеріп апарған сәтте келген полиция дереу сол тұсты сызған шығар. Ал кейіннен учаскелік инспектордың нұсқауымен бұрынғы құлаған жеріне апарғаннан кейін фото-суретке түсірді-ау деймін, — деді.

— Оның бәрін қолыңмен қойғандай қайдан білесің?

— Мен де он сегіздегі би билеген сондағы көп жастың біреуімін. Одан кейін оқуға түсіп,  оны бітірген соң да талай сахналарда өнер көрсетіп, соңғы екі жылда оралдым туған қалама. Қазір осы Мәдениент үйінің директорымын.

— Бұл сарайың жуық арада сатылатын көрінеді. Директорлықпен қоштасқан соң, тағы да кетесің бе басқа жаққа.          

— Ол ылғи айтылып жүрген қыдырма сөз. Қала әкімі сатылмайтындығына біржола нүктесін қойған. Мен қауіптенетін ештеңе жоқ, — деген директордан да түсінік алды Бұлан. Мәдениет үйінің ішінде ештеңеге, ешкімге назар аудармай, өз ойларымен сенделектей тыным таппаған Мариям сахнадан алыстау қабырғаға жақын тұсқа барды да Бұланға жалт бұрылды.

— Оқиғаның қалай болғанын білмеймін, бірақ  мен алқына жүгіріп кіргенімде балам дәл мына жерде  шалқасынан жатыр екен. Би үстінде шалынысып құлап, шүйдесімен мына цемент жақтауға соғылған, содан көк тамыры жарылып, бірден өліп кеткеніне сендірмекке әрекеттенді барлығы. Бірақ менің  көңілім осыған еш жұбанбайды.

— Өткенде жолыққанымызда сұрай алмадым. Енді айтыңызшы, күдіктенетін біреуіңіз бар ма?

— Бар. Бөрі деген қаланың бұзығынан көремін. Полиция оған қарсы дәлел таба алмады. Себебі, биге қатысқандар Бөріден қорқақтап онымен бірге билегендері туралы жақ ашпады. Ал өзі өлсе мойындар. Оның сол күні биге бармағаны өтірік. Жайшылықта ойын-сауықтың исі шықса елден бұрын сойқанын  сала тепкіленетін Бөрінің соншама жастар жиналған танцыға аяқ баспағанына сенбеймін. Өйткені баламның құлағанын естісімен осында жеткен мен боздап айқайлай есіктен ішке аттағанымда, дуал жағалай сыртқа зытып бара жатқан Бөріні көзім шалды ғой. Соны айтсам, ешкім мақұлдамайды. Ал Бөрі маңайлатпайды. Қазіргі күні адам өлтіріп түрмеде отырған оның түрмесіне де кіріп жолықтым. «Ақыры қамаудасың ғой. Иорданмен бұрыннан ерегісіп ілінісіңкірегендеріңнен құлағдармын. Менің жалғызымды қапысын тауып ұрып құлатып жазым еткеніңді рас деші. Мына жарық дүниеде байыз таппай тыпырлаған жаным тыншысын. Солай етсең кешірімімді беріп,  абақтыдан босануыңа көмектесейін. Ондай болысудың  қолымнан келетінін білесің ғой менің, — дедім жалынып. «Өлтірсем, сол кезде-ақ өлтірдім деймін. Ал саусағымның ұшын тигізбеген  адамның қанын мойныма жүктемеймін ешқашан» деп бетбақтырмайды. Сені шындап кіріссе кімнің де болса  көңілін де, тілін де тапқыш дейді сыртекілер. Бекерден-бекерге суреттерге үңіліп, әркімнің мыжыма түсінігіне қайта-қайта шұқшиғанша,  әлгі Бөріге қылмысын мойындатшы. Уәдем-уәде. Кешірімімді беріп,  басына бостандығын әперейін. Бір бастаса тоқтауы қиын Мәриямның әңгімесін ақырына дейін төзіммен тыңдаған Бұлан  енді онымен бірге жүруден қашқақтап, бүгін кештете Шуақтыға қайтатынын, Қаратасқа таяу уақыттарда тағы да оралатынын, өзін бірге ерте жүріп барлық жағдайға басынан бастап қайтадан қанығуға тиіс екенін ескертіп, үйіне ұзатып салды.

Содан соң директордан кабинетінде бір-екі сағатқа тыныштықта жұмыс істеуге рұқсат сұрап, келісімін алды. Оңашаланысымен полиция тергеушісінің сызған жобаларына үңілді. Сахнада музыкасын ойнаған ансамбль бейнеленген. Одан әрі ашық ортада жатқан адамның сұлбасы сызылыпты. «Өлім себебі-шалқалай құлағанда шүйдедегі күре тамырдың үзілуі. Денеде басқа жарақат жоқ. Ажалы біреудің қастандығынан емес, өзінің оқыстан жығылуынан болғандығына қорытынды беремін»  деп жазған тергеушінің түсіндірмесі тігілген. Конверттен он шақты суретті шығарды. Біразы видеодан алынғаны танылады. Соған қарағанда біреу бишілерді оқта-текте видеоға таспалаған. Топ суреттің арасында оқиғаға жақыны алтау. Ошарылған бір топ ортаға үдірейісе қарап қалған. Видеошы осы сәтте айналадағы көріністі түгел таспасына тартқан тәрізді. Мына біреуіндегілер жерде жатқанға қарап күліп тұр да, келесісінде оны тұрғызбаққа  үш-төрт жігіт еңкейісе қолдарын созған. Ала-құла киінген, қыз-жігіті аралас тағы бір топтың оқиғаны сырттай  бақылағандай тұрыстары немқұрайдылау. Осымен видеодан таспаланған бейнелер бітеді. Полиция криминалисінің әзірлеген фото суреттерін қолмен сызылған сызбалармен салыстырды.  Айырмашылық бар сияқты. Сызбада би алаңы ашық. Көз тоқтатарлық ештеңе бедерленбеген. Ал фотосуретте жерде жатқан адамнаң бас жағында әлдене қарауытады. Бұлан Мәдениет үйінен шықты да, аудандық ішкі істер бөліміне барып, бастығына кірді. Мұның келудегі мақсатын тыңдаған полковник Айту Аманұлы басын шайқай отырып күлді.         

— Бұл көмбесі көп істі ашуға жан жабыла кіріскен едік. Бірақ қылмыстық әрекет анықталмай дәлелін таппағандықтан, іздеуді тоқтатқанбыз. Сол кездегі бастығымыз Мариям апайды осы тұжырымымызға иландыра алмай,  жоғарыдан арызды тексеруге келіп, қайта тергеуді өздері жасамақ болғандармен қосыла алашапқындаумен жүріп, ақыры зейнеткерлікке ілігіп бірақ құтылды-ау. Ол кісі доғарысқа кеткен соң, апайдың тәуіптерді жағалауға кіріскенін еститінмін. Енді жеке детектив тауып іске қоса бастаған ба? Сірә, ақшасы түгесілмей тоқтамайды-ау апамыз, — деген бастықтың үнінен бұдан ештеңе шықпайтынына сенген емеурінді сезді Бұлан.

— Бөрі есімді қаланың бұзығынан күдіктенеді екен. Бұған не дейсіз?

— Бөрі дәл сол күні биге аяқ баспаған. Бірақ оған Мариям апамыз сенбейді. Мәдениет үйіне кірген сәтімде Бөрінің жанымнан өте шыққанын өз көзіммен көрдім дейді. Дегенмен, Бөріні биде көзіміз шалды дейтін ол кісіден өзге ешқандай куә жоқ. Куә жоқ болған соң, мойындату да жоқ. Керісінше Бөрімен бірге қаланың «Қырық кепе» аталатын басқа мөлтек ауданында туған күнге бірге қатысқандарына куәлік еткендер бар.  Жалпы әбден сіңістіге айналған бұған  басыңды қатырмай, апаймен қоштассайшы. Арызын қарамағаныңа қатысты  үстіңнен ешкімге шағымдана алмайды ғой. Жан тыныштық жақпай ма? Адвокат екенсің. Оған енді елімізде әлі заңдастырылмаған   жеке детективтің міндетін қоспай-ақ қойғаның дұрыс болар,-деген полковник енді ақыл айтуға көшкенде орнына көтерілген Бұлан тез-тез қоштасып  сыртқа беттеді.

***

Келіскен уәдесі бойынша Әулиеатадағы түрмеге Бөрі мен кездесуге Мариямның жол ашуымен барды.  Есімін сырттай естіген жігітті  көргенде Бұланның есіне бала кезде шекелеспекке кеуде тірестірген балаң ерегісте  айтылатын «Бір ұрғанда боқ қылам, екі ұрғанда жоқ қылам» дейтін дөңайбат сөз түсті. Мына дәу сарының сол бір ұрса жоқ та, боқ та жасайтын қара күштің иесі екені көзге ұрып-ақ тұр.

— Боксқа қатыстың ба? — деді Бұлан  сыр тарта қарап.

— Қатысуын қатыстым. Оның саған не қажеті бар? Одан да Иорданды ұрған-ұрмағанымды сұрауың керек шығар? Негізгі жұмысың сол емес пе?

— Оған да үлгереміз. Боксер екенсің қорғаныс әдісіңді ұсташы. Мен де бокспен шұғылданғанмын. Тіресіп байқайын, — деген Бұлан әуелі өзі бокстасатын сияқты екі қолын кеудесіне жинай Бөріге қарсы тұра қалды. Мынаның қылығына қызыққандай Бөрі де оң қолын жағына таяй, сол қолын алға созып аяқтарын алшита:

— Келсең кел, — деді миығына мысқыл жүгірте.

— Болды, осы да жетеді. Шынымен де бокстасыпсың. Оңқай екенсің ғой. Солақай болғаныңда түрменің емес, спортшылар көтерілетін үш түрлі тақтың біріншісінен түспейтіндей жөніңнің барын байқадым, — деп оған күле қарады Бұлан.

— Енді әлгінде өзің айтқан Иорданның мәселесіне келейік. Кенет Бөрі тұлан тұта ашуланды.

— Сол кісі де қадалған жерінен қан алып қоймады ғой.

— Қоймағанын  сөгіп  сонша кімге ренжідің?

— Өтірік білмегенсімесейші. Иорданның мамасы Мариям әкелмесе, саған әшейіннен-әшейін түрменің есігін аша  салмайды ғой?

— Мұның да рас. Сол кісінің куәлік етуінше сен сол күні биге барыпсың. Ал өзгелер барған жоқ, туған күн кешінде болды деседі. Құдайшылығыңды айтшы. Осының қайсысы шын? Тоқпақтай  жұдырықтарын жұмулы күйінде үстел үстіне дүк етікізіп қойған Бөрі:

— Екеуі де шын, — деді. Мен Қаратастың бір шетіндегі «Қырық кепеде»  кластасымның үйінде туған күн вешірінде отырдым. Биге бару ойымда жоқ еді. Біраз сілтеген арақтың күшімен бір билеп қайтуға аңсарым ауды да ақыры өзімді-өзім тежей алмай, Мәдениет үйінен бірақ шықтым. Табалдырықтан аттаған сәтте аңтарылған жастарды, жерде құлап жатқан Иорданды көрісімен, дереу сыртқа шыға жөнелдім. Сол кезде есіктен алқын-жұлқын кіріп  келе жатқан Мариям апаны байқасымен, көзіне шалынбау үшін топырлаған көптің ортасына ығыстым. Ешкімге назар аудармай ішке ұмтылған ол кісі мені байқамадыға есептегенмін. Бірақ аңғарып үлгеріпті ғой. Ол гречянкіден бой тасаланғаным, баласымен бір-екі би кешінде ілінісіп, жігіттер ажыратқан. Иорданды ұрып құлатқан мен еместігімді дәлелдегенімше талай пәлеге шатылатынымды, Мариямның оңайлықпен құтқармайтынын ойлап безе зытқанмын. Сапырылысқан жұрттың көбі менің кіріп шыққанымды байқамады да. Бірақ  тергеушілер сол кісінің айтуымен соңыма түскенде, туған күнде болғанымды растағандар мен барғанымды байқамағандар куәлік берді. Шынын айтқанда Мәдениет үйінде жолыққан он шақты таныстарға көрмедік деуге тиісті екендіктерін ескертіп үлгергенмін. Сонымен полицияның күдігінен басымды арашалағаныммен, Мариям апаның күдігінен әлі күнге құтылмай-ақ қойдым. Ал Иорданға саусағымның ұшы да тиген жоқ. Тіпті, онымен тірідей сол күні ұшыраспадым да. Сен оның анасына менің дәлелдерімді айтып, соңыма түскен пәлесінен құтқаршы.

Бұлан түрмеден ұзап бара жатып кімнен-кімді құтқаратын болдым осы деп мырс етіп күлді.

***

Біраз ойлардан соң Зәмираның жазғаны есіне түсіп, бұрынғы би құмар қызды, бүгінде балалы-шағалы келіншекті іздеуге бел байлады. Мариямның көмегімен ол да тез табылды. Үйінде жолыққандағы оның баяндаулары осыдан он жеті жыл бұрын жазған түсінігінен өзгермеді. Сөзін аяқтап өзіне қараған  Зәмираға сурттерді ұсынып:

— Мына адамдардың арасында сіз көргендегі құлаған қызды сүйемелдеген әлде құшақтаған жігіт бар ма? — деді. Қағаздағы бейнелерге кезек-кезек  үңілген ол: 

— Осы жігіт сияқты, — деп билеушілерге селтие қараған біреуді көрсетті.

— Арада қаншама жылдар өтсе де дәл сол екенін қалай таныдың?

— Біздің жас кезіміздегі ерекше түрге есептелетін аяғындағы носкиі аппақ, ал красовкасы мен үстіндегі футболкасы қып-қызыл еді. Суретте қара болғанымен, менің жорамалым солай, ағасы.

— Бұл жігітпен етене таныстығың бар ма?

— Жоқ, мүлде ұшырастырмаған адамым.  Осы кезде манадан екеуара әңгімені тыңдап, суреттерге қарап қойып отырған Зәмираның күйеуі Ақылбек:

— Мен танимын. Ботабай ғой. Бұл әлдеқашан Қаратастан Таразға көшкен. Жалпы талайдан жолығыспадық та. Жанындағы қызы Фарида бізбен кластас еді. Екеуі үйленген. Бірақ кейіннен ажырасыпты. Фарида қазір осында төркінінде әке-шешесінің қолында. Екі бала, бір қызы бар. Мүмкін, сол келіншегі білер қайда екенін. Өйткені бала-шағасымен хабарласпауы мүмкін емес қой, — деді.

— Бұл Боталы балаңыздың бұзықтығы жоқ па еді?

— Жас кезімізде бәріміз де шудың қай тұстан естілеріне елеңдеп өстік қой білекті сыбанып. Ботабай да төбелестен қара жаяу емес-ті. Қалада мектептер арасындағы бокстан өтетін жарыстардан ылғи жүлдемен оралатын. Қаратастағы ересектер құрамасына қабылданды да. Көбіне қарсыласын нокаутқа жіберіпті дегенді жиі еститінмін. Облыстық жарыстарға да қатысқанын білемін. Бірақ Бөрі сияқты қаланы бөріктірген емес. Жөнімен жүретін.

— Бұл мәліметіңізге рахмет. Менің сізден өтінішім, әлгі келіншектің, яғни Фарида кластасыңыздың  үйіне алып барсаңыз, — деді Бұлан.  Оның сөзін екі етпей жол бастаған Ақылбек:

— Ботабай адам ұрып өлтіретіндей қаныпезер емес. Соны бекер-ақ әурелейсіз-ау, — деп қалды.

— Неге Ботабайды әурелейсіз дейсіз? Онымен әлі кездескен де, сөйлескен де жоқпын ғой. Ол емес, таба алмай әуреленуші мен емеспін бе? — деген Бұлан күлді. Фариданың үйі қаланың орталық ауданына қарайлас екен. Тез жетті. Аулада жолыққан жігіт ағасы Ақылбекпен амандасып, оның жанындағы бейтаныс адамға сұраулы жүзбен қарағанда, Бұлан амандасуға қолын созған. Сөйткенше Ақылбек Фариданың әкесі Түгелбайдың қаладағы абыройлы азамат екенін таныстырып та, қонақ жігіттің Фариданы іздеп жүргенін айтып та үлгерді.

— Дәлірегі маған сіздің қызыңыздан бұрын оның жұбайы Ботабай керек еді. Соның дерегін білетін шығар, — деген оймен есік қақтық ағасы. Жауаптасуға асықпаған ол кісі екеуін соңынан ерте табалдырықтан аттай:

— Бәйбіше, дастарқан жай, шай-пайыңды әкел. Фарида қайда? — деп кіре берістегі асханаға қарата дауыстады. Өзі меймандарын бастап қонақ бөлмеге өткен соң Бұланға:

— Фариданы  қазір осында шақыртамын. Біз Ақыл екеуміз сендер сөздеріңді бітіргенше бәйбішінің үстеліне бара тұрайық, — деп есіктен көрінген қызына:

— Сенімен Ботабай туралы сөйлеспекші. Не мәселе екенін сұрамадым, өзің тыңдарсың, — деді де Ақылбекті ілестіре келесі бөлменің есігін ашты. Бейтанысқа не білмексіз дегендей сұраулы жүзбен қараған Фаридаға отырып сөйлесуді айтқан Бұлан өзіне таяу орындықты нұсқады. Бұланның Мариям апаның арызы бойынша жүргенін, Иорданның қазасына қатысты Ботабайды іздейтінін естігенде бұған мүлдем аңтарыла көңіл қойған келіншектің жүзінен Иорданның өліміне оның қандай қатысы бар деген сұрақты таныды.       -Арада он жеті жыл өтсе де анасы баласын жоқтауын да, өлтірушіні іздеуін де тоқтатпаған екен. Қалалық полицияға оқиға болған күні биге қатысқандардың бәрі дерлік жауаптарын жазып тапсырыпты. Суретке, видикке ілінгендердің арасынан біраз жігіттер мен қыздардың түсініктері алынбағанын аңғарған соң, қазір соларды іздеп тауып қағаз жинаудамын. Ал сіздің де, сол кездегі жігітіңіздің де жауаптарыңыз жоқ. Қаратасқа келу себебім осы.  Екеуіңіздің ажырасқандарыңызды әлгінде Ақылбектен естідім. Ботабай мұнда емес, Әулиеатада сияқты болжамдауымша. Оның дәл мекенін білетін шығарсыз? Одан бұрын Иордан құлаған сәтте екеуіңіз қайда, қандай жағдайда едіңіздер? Есіңізгі түсіріп, қағазға жазып бересіз бе әлде сұрайын ба?

— Жазу мен үшін қиындау. Одан да сұраңыз. Мүмкін сіздің сұрақтарыңыздан ұмытылған жағдайлар ойыма оралар.

— Иорданды танисыз ба?

— Есімін сырттай еститінмін. Жақын таныстығым болған емес.

— Ботабай ше?

— Ол таниды-ау деймін. Өйткені екеуі де қаланың атын шығарып жүрген  спортшылар ғой. Оны өзінен ақиқаттарсыз.

— Сіз би үстінде  сүрініп құлаған жоқсыз ба? Фарида күлді.

— Ол да маңызды ма? Би қызып жатқан. Кенет біреу мені иығымен арқа тұсымнан оңдырмай қағып жібергенде, етпеттей бере шөкеледім. Топырласқан билеушілердің аяқ қимылдарынан сескеніп, тіземнің ауырғанын елеместен жанұшыра көтерілгенімде, Ботабай құшақтай алды. Содан соң екеуміздің де назарымыз кенеттен қаумаласа қалған топқа ауғанда, Иордан дегеннің сүрініп пе, әлденеге шалынып па құлағанынан есін жимай жатқанын естідік. Би де тоқтады. Сол арада «Жедел жәрдем» де, полиция да келді. Бір жақтан Мариям апамыз да жетті дүниені басына көтере айқайлып. Аяғымды ауырсынған мен Ботабайдың сүйемелдеуімен сыртқа шығып, ешкімге қарайламай үйді-үйімізге қайттық.  Көп ұзамай Ботабайдың қалауымен үйленіп, Әулиеатаға қоныс аудардық. Ол қазір сонда. Ұл-қыздарына соғып тұрады. Бірақ жиі емес.

— Сұрағаныма айып етпеңіз. Не себепті ажырастыңыздар?

— Алғашқы он жылдай өте жақсы өмір сүрдік. Кейін келіспеушілігіміз көбейіп, отбасымыздың берекесі қашты мүлдем. Ақырында мен Қаратасқа оралдым.

— Өкінішті. Байқауымша ажырасуларыңыздың себебі Ботабайдың тарапынан жұмбағы көптеу жағдайлармен байланысты тәрізді. Есіңізге түсіруге тырысыңызшы. Тізерлей отырған сәтіңізде өзіңізді қағып құлатқан жігіттің кім екенін байқап қалмадыңыз ба?

— Етпеттей жығыла жаздап шөкелеген менің нөпір топтың арасынан арқамнан соққан адамды аңғаруым мүмкін емес қой.

— Жігітіңізбен қалай биледіңіз? Құшақтасып па әлде екі жаққа бөліне ме?  Фарида мырс етіп күлді.

— Ол кезде әлі құшақтасатындай үйреніскен де, үйлеспегендеміз.

— Демек, ондай жағдайда сізге қарама-қарсы билеген Ботабай қаққан жігітті аңғарып, кім екенін  айтқан шығар? Фарида басын шайқап:

— Ол да білмеді-ау. Егер көзімен көрсе, міндетті түрде жаға ұстасар еді. Ондай ештеңе болмады.

— Неге болмады дейсіз?  Сіз жығылып, ұшып  тұрғаннан кейін-ақ іле-шала Иордан құлап,  есін жинамаған күйі о дүниеге көшті емес пе?

— Оның бізге не қатысы бар? Жалпы музыкаға еліте шыр айнала секіріп билегендерді бір бағытта көріп байқау қиын еді топырдан. Ботабай мені қаққанның кім екенін сәл ғана аңғарса, әлгінде айтқанымдай төбелес шығар еді.

— Егер сіздің көзіңізге шалынбаған қағып құлатушыны Ботабай байқап, өзіңізді тұрғызудан бұрын алаңсыз билеп жүрген Иорданды бір-ақ соққымен ұрып жықты десем қалай қабылдайсыз?

— Жоқ, ол мені құшақтай жалт бұрылып оң жағына қарағанынан,  әлгіндегі есерсоқтана билеген жігітті іздегенін байқадым да, тіземнің ауырғанын да елеместен оны қолынан ұстап билеуге тарттым. Ол да маған икемделгенде ғой Иорданның құлағанын естігеніміз. Содан Ботабай екеуміздің сыртқа шыққанымызды жаңа ғана сөз еттім емес пе.

— Өзіңіз бе әлде жігітіңіздің жетелеуімен бе?

— Әрине, соның жетелеуімен. Егер оның сүйемелі болмаса, соншама сапырылысқандардың ортасынан ауырсынған тіземдегі жарақатпен тез жол табу да қиын тиер еді маған. Ондай екі ұдай сәтте ешкімге қақтырмай-соқтырмай алып өту жігіттің міндеті емес пе?

— Кейінірек Ботабайдан мені Иорданның қағып құлатқанын байқап, оны ұрған сен емессің  бе деп сұрамадыңыз ба?

— Жағдайдың мүлдем басқаша екендігін көре тұрып сұрағаным, ақымақтық  болмай ма? — деген  Фарида   енді   ренжіңкірегендей   сөйледі.   Осы    кезде есік ашқан үй иесі Түгелбай Бұланды дастарқанға шақырған еді. Дәм үстінде:

— Ботабайды іздегеніңе қарап, қарыздан қарыз жамаған күйеу баламды таба алмай сандалақтаған әлдекімге жорығанмын. Сөйтсем сапарыңның мүлдем бөлектігін Ақылбектен естідім. Фариданың сізге не айтқанын білмеймін. Ал күйеу балаларымның ішіндегі көңіліме қонатыны осы Ботабай болатын. Өкіндіретіні, кейіннен құмар ойынға желікті де бәрінен жұрдай айырылды. Дегенмен, қазір Фаридамен хабарласып, қарыздарымнан түгел құтылдым. Бұрынғы әдеттің бәрін тастадым, қосылайық дейтін сияқты. Бірақ қызым әлі де сенбей, бармай отыр, — деді.

— Құмар ойынға салынудың да себебі бар шығар?

— Жеңіл көлік алмаққа біреуге қарызданыпты. Сол берешегін өтеуді әрі  үстінен пайда табуды көздеп әлгі қарызданған теңгесін құмар ойынға салған шамалауымда. Оның соңы үйін саттырып, отбасының далада қалуына дейін соқтырған ғой. Мойнына ілінген борыштарынан құтылу үшін Сапақтан  да біраз ақша алған ба? Ол да Әулиеатадағы үйіне алашағын өндірмекке қайта-қайта барыпты. Соның бірінде Фарида жолығып, неге іздегенін сұрағанда, Ботабайдың өзіне берешек екенін жайып салады. Ал күйеу балам ешқандай қарыз-құрызым жоқ, құтылғанмын дейтін көрінеді.

— Ботабай несиені жерлессініп сұраған, сірә. Сапақ ақшасыз емес қой. Көмектеспекке шарттасып ұсынған шығар. Бірақ мұның күн көрісінің жүдеулігін аңғара тұрып, соңынан қалмай қылқылдағаны дұрыс емес, бұрыс-ау. Фаридаға күйеуің қарыз десе, Ботабай құтылғанмын десе, екеуінің бірі өтірікші.  Менің білуімде бұл Сапақ несиесінің пайызын шырылдата көтеріп салады екен сұраушының қалтасына. Содан қарызын өтегенімен, пайызынан құтыла алмай, Сапақтан қарадай қашып жүргендер аз емес Қаратаста,-деді Ақылбек.

— Сонда оның видеодан да бөлек табыс көзі бар бай ма? — деп қызыға сұрады Бұлан.

— Сол сурет пен видеодан басқа бұлағын көрмедім байлығының. Әйтеуір соңғы он-он бес жылда машинадан машина ауыстырып, қабаттап үй жаңартып, жағдайы оңалды Сапақтың. Естуімше аяғын мүлт басқан қызметкерлерді,  қалталыларды аңдумен суретке түсіріп, видикке тартып, сонысын ертеңіне апарып көрсетіп, егер осы теріс қылықты бейнелерін  сатып алмаса, Астанаға дейін жария ететінімен үркітетін, сөйтіп пайдасын еселейтін көрінеді, — деген Түгелбайдың сөзін Ақылбек одан әрі жалғастырды.

— Тойда қызып қалған немесе бұраңдап жас қыздармен билеп жүрген қаланың, қонақтардың тәуірлерінің сілесін қатыратын бәлеқорлығының астары ашылып қалған соң, алғашқыда той-тамашасын видеоға таспалатқандар кейіннен шақырмауға айналыпты. Бірақ Сапақ «Неге тойыңның бейне баянын маған түсіртпейсің? Ендігі ісім сенімен…» деп әлгіні аңдып, бір сүрінгенінде түсірген суреттерін алдына тастайды екен. Қазір Қаратастағы тойдың бәрінің бейнебаянын жасау  Сапақтың ғана еншісінде. Жалпы Қаратастың бәлеқоры да, блогері де сол. Тіпті, өзіміз түгілі көрші облыстың аудандарын да шолып қайтады дейді білетіндер. Әйтеуір қанатын кеңге жайған оны үлкенді-кішілі әкімдердің бірсыпырасы таниды. Осылай қорқытумен, алдап-сулаумен құрастырған беделімен шайқап-ақ жүр. Ботабай онымен бекер-ақ байланысқан. Бірақ әлгі құмар ойынға басын бір сұққан пендеңнің қайтып сырт айналмағы қиын. Сыбайластары да еркіне жібермейді деседі ғой сырын алдырғандар,-деп қыза түскен алуан қырлы әңгімелерден біраз мәліметті көңіліне түйіп, Ботабайдың мекен жайын, қалта телефонын  жазып алған Бұлан үй иелерімен қоштасып, Сапақтыкіне бет алды. !здеген адамы үйінде екен. Сөйлесіп жағдайды  пәйіттеген соң бірденінен:

— Он жеті жыл бойы сақтап неғыламын сонша суретті. Өздеріне керегін полициейлер сол кезде-ақ алып қойған. Дәл қазір менің қолымда Иорданға қатысты жұқанада қалмады, — деп аузын қу шөппен сүрте сөйледі.

— Сен биді тұтас түсіріп үлгермесең де, экраныңнан біреудің Иорданды ұрып жібергенін байқаған шығарсың, бәлкім.

— О, сіз де айтасыз-ау. Дәл сол уақыттағы Қаратастағы ең бай әйелдің баласын, спортшы әрі бұзықтығы да бір есекке жүк болатын Иорданды ұрмақ түгілі, оған батылы жетіп кім саусағын шошайта алар екен?!

— Мысалы, Бөрі.

— Иә, егер екеуі ілініссе, ол бетпақ қолын бір сілтеуін сілтейді. Бірақ  дәл сол биден оны көрмедім.  Кейіннен қаланың бір қиырындағы кластасының туған күніне қатысқанын естідім.

— Биге келгенін шынымен байқамадың ба?

— Келмегеніне куәлік етіп тұрмын емес пе дәл қазір де.

— Биге қатысқанның тағы біреуі Қаратастағы мықты боксер Ботабай деген екен.

— Ботабай деймісіз. Оны қайдан танисыз?

— Таныстығым жоқ. Жолыққан да адамым емес. Бірақ осы іспен жүргенімде сөйлескендердің әңгімелерінен естідім.

— Ботабай ма, Ботабай, — деген Сапақ ойлана сөзін жалғастырды.

— Оның махабат болып жүрген қызы Фаридамен билегенін көрдім. Видеодағы көрініске де әдемі ілігіпті. Бірақ оның Иорданға жұдырық сілтегенін байқамадым. Тіпті, оны не үшін ұрады деп ойлайсыз? Егер нақты жағдайды дәлдеп анықтауға шын ниеттенсеңіз, Мариямның сабан ақшасын жұмысыңызға қоспайсыз ба? — деген Сапақ көзін қулана жымситып күлгенсіді. Бұдан арғы сөздің жүйесіздене бастағанын аңғарған Бұлан онымен сыпайы қоштасып, бірімен-бірі қайшыласқан қалың ойдың шырмауында Қаратастан Шуақтыкентке қайтты.

***

Иорданның қазасына байланысты сызылған сызба екеу. Полицияныңкінде оның денесінің сахнаға жақын жатқаны нобайланған. Ол тұста адамның басы соғылып өлетіндей ештеңе жоқ. Төңірегі ашық және соншама топырлай билегендердің ортасындағы Иордан жерге бірденінен   шалқасынан сұлайып түскенге дейін, бірнеше билеушіге соқтығысып құлаудың екпіні басылып барып жығылғанда оның бірденінен есінен танып, одан әрі демінің үзіле салуы екіталай. Ал фотоға түсіргенде жасалған сызбада дене сахнаға қарама-қарсы қабырғаға тақау бейнеленген. Міне, осы қабырғалықта билеушілердің сиректеу болуы әбден мүмкін. Бұл екінші жағдайда ауыр соққы алғанда немесе шалынысқанда бар екпінімен құлаған Иорданның басын цемент жақтауға оңдырмай ұратыны даусыз. Мариямның баламды біреу ұрып өлтірді дегеніне кереғарлық-осы. Сондықтан да бұл тұста қылмыс құрамы жоқ, жазым ғана бар деген тергеушінің тұжырымы негізді. Демек, осыған сүйеніп, мұның да Иорданға қатысты әрекеттерін тоқтатқаны дұрыс, сірә. Бекерден бекер өзі де әуреленіп, Мариям апайды да үміттендіріп сағызша созу түк те пайдасыз іс. Осындай тұжырыммен демалуға жатқанымен, Бұланның көзі ілінбеді. Мариямнан бұрын өз жанының тыншу табуы үшін Ботабайды іздеп, кісі өліміне соқтырған оқыс оқиғадан оның тазалығын анықтауы керек. Әйтпесе ұйқысының осылай шала болғаны-болған. Қолына алған жұмысындағы оқиғаның шындығына жетпей басылмайтын мазасыз мінезі өзіне анық та танық. Екі-үш күн демалып әрі Иорданға байланысты жинақталған қағаздарды тағы бір ой елегінен өткізген Бұлан көп ұзатпай ақыры Әулиеатаға аттанды.

Жалдамалы пәтерінде Ботабай жоқ екен. Телефон соқты. Тез байланысқан оған өзінің Қаратастан, Фариданың жөн сілтеуімен келгенін айтқанда Ботабайдың даусы күшейе естілді.

— Сен кімсің? Фариданы қайдан білесің? Ол не үшін танымайтын әлдекімді маған жіберді?

— Жолығайық. Мен біреулерді іздеп Қаратасқа барғанмын. Әңгіменің түйіні сізге тірелген соң, мекенжайыңыздың жобасын Фаридадан алдым. Келген жұмысым тез бітуі үшін, уақыт оздырмай жолықсақ дұрыс болар еді.     

— Жарайды. Сөзіңе қарағанда менің пәтерімнің маңайында сияқтысың ғой. Сол жерде күт. Қазір жетемін, — деген Ботбайдың үнінен «Мені белгісіз адам не үшін іздейді?» деген күдіктің нышаны байқалмағанын аңғарған Бұланның көңілін бекер-ақ әурелендім бе деген өкініш қобалжытып өтті. Ғырылдай естілген мотор үнінен көбірек жүріске шалынғаны аңғарылатын «Ауди» түтіндетіңкірей жетіп тоқтады да, одан еңсесі тік те  кесек денелі, спорт тілімен әспеттегенде формасын жоғалтпаған, қара қасты, шүңірек көз жігіт түсіп бұған жанарын қадай сөйледі.

— Төркініне тығылған қатыным арқылы тапқан менің іздеушім сен бе?

— Иә, мен. Пәтеріңізге кіріп әңгімелесейік. Өзін билеңкірей сөйлеген бейтанысқа сынай қараған Ботабай «Алимент даулауға жұмсаған Фариданың адвокаты емес пе осы? Ол қатын маған құлағына тыныштық берсем, ешқандай алимент те сұрамайтынына, бір тиын да көмегімді қажет етпейтініне уәделесіп зытып еді ғой төркініне» деп іштей түйілді.

— Үйге кіріп, бас түйістіріп отыратындай әңгімең ұзақ па? Мына машинаның ішінде-ақ тындырмаймыз ба? Қатынымның жұмсауымен іздегеніңе қарағанда, менің аты-жөніммен, кәсібіммен толық хабардарлығың анық. Ал өзің кімсің?

— Кешіріңіз. Менің аты-жөнім — Бұлан Еркеұлы. Адвокатпын десем де болады. Ал әңгімеміздің ұзаққа созылуы да, тез аяқталуы да екеу ара ортақ пәтуаға  байланысты.

— Жарайды, — деген Ботабай пәтерінің есігін ашып жатып «Адвокат жалдағанына қарағанда қатынның серттен тайғаны ғой бұл» деп тағы да шекесі тырыса Бұланды ішке өткізді. Асханасы бөлек бір бөлме екен. Ботабай Бұланға шағын үстелдің жанындағы орындықты нұсқады да өзі қарама-қарсы жайғасты.

— Шуақкентшелеп шай-пайға ізетпен емексітіп сыпайысымай-ақ қояиын. Біздің қатынның не сұрайтынынан бастай бер әңгімеңді.

— Қатын-қатын деп қайта-қайта қақылдағандағы Фаридаңыз ештеңе сұрамайды. Менің келу жұмысым мүлдем басқа. Ботабай  еңкейіңкіреген немқұрайды қалпынан енді орындығын сықырлата тіктеліп отырды.

— Менің сапарым осыдан жиырма жылдай бұрын Қаратастағы Мәдениет үйінде билеген биіңізге қатысты. Енді Ботабай қарсы алдында үстелге қолтығына қысқан папкісін қойып, өзіне жағын таяна қадала қараған Бұланға назарын тікті. Жиырма жылғы биді еске алғаны несі? Дені сау адамның сұрағы емес қой мұныңкі дейтіндей көзінің жымсиғаны.

— Жиырма жыл бұрын мен жиырма жаста едім. Бисіз бір күніміз бос өтпейтін ол  замандағы қай би есте қалды дейсің? Сонда сендей адвокатты жалдаған қатыным, қай биді анықтау керегін айтпады ма? Әлде бидің тарихын сол біледіге жобалап жіберді ме? — деп ащы жымиды Ботабай. Би туралы сұрағанда, Иорданға қатысты болса, бірденінен бұзылған рең-басынан  сыр аулауды есептеген Бұлан Ботабайдың алаңсыз әрі кекетумен отырғанына қарап, грек баланың оқиғасынан бейхабар ғой мынау деп іштей өзінің әуре тірлігіне тағы да қынжылып, әңгімесін осы жерден үзе салмаққа иек арта бере:

— Жиырма жасыңызды билеген барлық билеріңізді емес, соның ішінде ерекше оқиғаға соқтырған биді есіңізге түсірсеңіз, — деді де папкісінен  қара түсті бір суретті алып Ботабайға ұсынды.

— Суреттегі адамдарды танисыз ба? Егер танысаңыз қай жерде, қай кезде билегеніңіз және сол күні қандай оқиғаны бастан кешкеніңіз жадыңызға оралар. Күңгірттеу бейнеге үңілген Ботабай:

— Мына біреудің кейіптері маған ұқсайтын сияқты. Бірақ дәл өзіммін дей алмаймын. Бұл адамдарды кім фотоға ілседе оңдырмапты, — деген ол тағы да ащы мырс етіп суретті қайтарды. Бұлан түрлі түспен әдіптелген екінші суретті   көрсеткенде Бұланға аңтарыла қараған оның жүзіндегі күлкі табы жоғалып, қату қабақпен тістеніңкірей тіл қатты.

— Бұл мен ғой. Әлденеңе қажет болғандықтан, әлгіндегі қара суретті қолдан боятып қайта жасатқансың ба? Сен жалпы кімсің? Нені жұмбақтап  басымды қатырмақсың?

— Аты-жөнімді айттым әлгінде. Заңгермін. Қаратастық Мариям апа дегенді  естуің бар ма? Сол кісі баласы Иорданның қазасына байланысты ашылмаған жұмбақтардың қағаздарын маған тапсырған.

— Ой, Құдай-ай! Тапсырған деп сыпайыламай-ақ ақшаға жалданғанмын десейші. Бағанадан бері мыжыңдағандағы білмегің осы ма? Оданда Иорданды кімнің өлтіргенін сұрамайсың ба? Қаратастың көкжалы Бөрі бәрін мойындап түрмеге жайғасты ғой. Абақтыдан босаған да шығар ендігі. Әлде мерзімі бітпеді ме екен? Жалпы әлдеқашан сүйегі қураған  Иорданын кімнің өлтіргенін білсе де жұртты мазалауын қоя алмай алжыған кемпір Қаратастағы бар қазақты баласының көзін құртқандарға балап шаптығып жүр екен дә әлі. Өзіңмен бірге ертіп келмегеніңе шүкір. Мұнда да біраз бажылдап, миды бекерден-бекер шірітер еді.

— Ол кісімен талайдан бірге сапар шегудеміз. Бірақ бұл жолы ілесуге денсаулығы жарамады. Екі аяғын басуы қиындап, ауруханада емделуде. Ал Бөрі туралы мен де солай  есептеп, Мариям апаның сұранысымен түрмеге барғанмын. Жолықтым. Басқа дәлелдемелерін айтпағанда, оның  бұған қатысы жоқ дейтінім, ол оңқай екен. Өзіне елең ете қараған Ботабайдың қозғалақтағанын тез аңғарған Бұлан оны осы төңіректі  тереңдете сөзге тартуға іштей түйілді.

— Немене сөз бұл? Оңқай дегенің.

— Сенің бокстан қалалық, облыстық жарыстарда чемпион атанғаныңды естігенмін. Демек, боксшы үшін солақай және оңқай ұғымдары саған ұғынықты. Негізгі соққы сол қолмен жасалса солақай, оң қолмен жасалса оңқай делінбей ме? Әдетте солақай боксшы оңқай боксшыға қолайсыздық тудырады белгілі бір дәрежеде. Мәселен, сен солақайсың.

— Оны қалай біле қойдың? Енді Ботабайды үстелге жақындауға ишаралаған Бұлан  ортаға манағы түрлі-түсті суретті қойды.

— Міне, мына бейнедегі өзіңді таныдың. Енді тұрысыңа назар аудар. Сол қолыңды иегіңнің астына таман көтере, оң қолыңды алға созып, әлдекімнің шабуылынан қорғанбақшы әрекетпен оң жақ тұсыңа қадал қарап қалғансың. Айтқандарым дұрыс па? Кімнен қауіп күттің?

— Ондағы тұрысымда қандай шатақ бар? Бұл рингтегі боксердің емес, алқын-жұлқын билеген адамның қалыпты бейнесі ғой.

— Жоқ, билеген адам қолын кеудесіне тартып қалшия билемейді. Керісінше екі қолын төмен түсіріп немесе жоғары көтеріп бүкіл денесін қозғалтып билейді. Сол күнгі оқиға енді жадыңа қонақтады ма? Қалай болғанын  әңгілеп байқашы.

— Дұрыс айтасың. Бәрі өзіңнің зуылдатқаныңдай жадымызда жаңғырықты. Бидің әбден қызған кезінде біреу қағып жіберген Фарида тізесімен шөкелеп қалды. Мен дереу оны сүйемелдеп түрегелттім де, әлгі екіленіп есерлене билеген нақұрысты іздедім. Сонша топырдан кімге ен таққандайсың? Менің сол сәттегі қимылым суретшінің экранына ілінген болса керек, — деді даусына сәл қырыл аралса ентіге сөйлей тоқтаған Ботабай.

— Одан ары не болды? Кібіртіктемей сырғытсаңшы.

— Не болмақшы? Кенет би тоқтап, топырласқан қыз-жігіттерден әлдекімнің құлағанын естідім де аяғын ауырсынған Фариданы сүйемелдей сыртқа шықтым. «Иордан есінен танып жатыр» деді біреу. «Иордан демсіз жатыр» десті тағы біреулер. Кенет «Жедел жәрдем», полиция келді. Мариям апа да жетті айқайлап. Біз біреудің өлгенін қызықтағандай кідіруге ыңғайсызданып қайтып кеттік. Ал  сен мені оңқай, солақай деген долбармен осыдан жиырма жыл бұрынғы оқиғаға қатысқанға айналдырып, қылмыскер етпексің. Сөйтіп грек кемпірдің ақшасын сыпырмақсың, ә!

— Қызбаланба. Оқыстан тиген соққыдан құлап, жазатайым өлген баласының күнәһарын іздеген Мариям кемпірдің жылағанына жиырма емес, он жеті жыл. Өзі солай дейді. Әр күнін, әр айын, әр жылын түгелдеп санап береді керек етсең. Егер оны сен топшылағандай Бөрі ұрса,  ол бірінші күшті соққысын  оң қолымен жасайды да, Иордан жастар топырлай билеп жатқан сахна жаққа қарай құлайды. Ал мұнда керісінше оның денесі  би алаңының ашықтау тұсында қабырға жағында жатыр. Демек, оған соққы сол қолмен жасалғандықтан да  солай қарап құлаған. Мұқият назар аударсаң, бұл маңда жұдырығың түюлі тұрған солақай боксер өзің ғана. Сен Фариданы тұрғызбағансың. Оң жағыңда билеген жігіттің қызды қағып құлатқанын анық көрдің. Содан бидің жылдамдатылған ырғағымен алаңсыз секіре қимылдаған оны бар ашу-ызаңмен сол қолыңды туралай аямай соғып жібердің де, дереу суреттегіңдей қарсы шабуылға әзірлене қалдың. Иордан құлады деген шуды естігенде  өзі де тұрып үлгерген Фариданы сүймелдей топтан жырылып шықтың ғой. Бірақ ұзамадың. Өйткені оның соңыңнан іздеп келуін күттің. Маған сенбесең, мына түрлі-түсті суретіңе назар салшы. Сенің Фаридаңның құлағандағы даусын естіген Зәмира есімді қыз жалт қарағанда, үстіңде қызыл футболка, аяғыңда аппақ носки мен қызыл красовкалы сені көрген. Бірақ құлаған қызды сен сүйемелдеді демейді. Егер Иорданды ұрып жібермей, қызыңды тұрғызып жатсаң, соны айтар еді ғой. Оқиға сенің боямалағаныңдай емес, мен баяндағандай болғаны рас қой, — дегенде Ботабай басын шайқап күлді.         

— Он жеті жыл бұрын өткен оқиғаны дәл көзіңмен көргендей суреттегеніңе таң-тамашамын. Бүйтіп адвокатпын әлде із кесушімін деп үй-үйді аралағанша, жазушы болуың керек еді, Бұлан бала! Сеніңкінің бәрі бекер сөз. Ол ешқандай соққыдан емес, жазымнан өлген еді. Бірақ Мариямның айқайының зорлығымен Бөрі ілінді қармаққа. Басымды қатырмай келген жағыңа қайтқаның жөн, — деген Ботабай екеуара әңгіменің аяқталғанын байқата орнынан тұрды.

— Мен саған мына суреттің жартысын ғана көрсеттім, қалғанын өзіңнің мойындайтыныңа сеніп.

— Сонда жартысы қайда? Оны неменеге тықпыштап отырсың?

— Видеошы Сапақ жерлесіңді білесің ғой.

— Оның кім тағы? Е, Қаратастағы Сапог па? Жұрт оны Сапақ дейді. Ал мен ылғи Сапог деп жынына тиемін. Айтпақшы, оның бұл іске қандай қатысы бар? — деді тағы да алаңсыз күлген Ботабай.

— Қатысы бар ғой. Сол күнгі оқиғаны видеосына түгел таспалапты. Мына суретіңді видеоға тартқан Сапогың қазір сенің өзіне қарызыңды әл-әзір қайтармайтыныңды есептеп, қалған ақшаңды төлеуді қайын жұртыңдағы Фаридаға ескерту үшін күн аралата соғатынын әйеліңнің төркініне сен туралы білмекке барған сапарымда ұшырасып, өз аузынан естідім,-деді Бұлан қазіргі жағдайды өз пайдасына қарай сәл-пәл бұра сөйлеп. Бірақ Ботабай тағы да бұрынғыша мысқылдай күліп, міз бақпаған қалпын бұзбады. Өзінің дәлелдемекші сөздерін құлағына қыстырмаған оның бұ жолы ашық мойындауынан күдер үзгенде есіне Сапақтың «Мариям апайдың ақшасы сабан ғой. Соны пайдаланбайсыз ба?!» деген ілме сөзі түсті. Демек, Сапақтың қолында Иорданға қатысты жасырып  отырған басқа да суреттер бар. Енді сол дәл деректерді видеошыға сұраған қаржысын төлеп сатып алуы, сөйтіп бұл іске нүкте қоюы керек. Яғни, Сапақты Мариямның ақшасына жығып, Ботабайдың мысқыл күлкісін күмәраға айналдырмаққа сенімді бел байлаған із кесуші үстелге жайылған қағаздарын жинастырып жатқанда, Ботабайдың телефоны шырылдап, ол біреумен сөйлесуге кірісті. Портфелін қолтығына қысқан Бұлан үй иесіне «Мен сенімен қоштаспаймын, әзірге сау боп тұр!» деді де сыртқа беттеді. Көшеге шығып, көлігіне отырғанда, сол қолындағы телефонын бұлғай «Тоқта-тоқталап!» өзіне қарай жүгірген Ботабайды көрді. Көлігінің моторын қосып,  кабинадан түспеген күйінде күтті айқай иесін.

— Машинаңды өшір. Үйге жүр. Бәрін өзім айтамын басынан, — деді ентігі басылмай демін зорға ала сөйлеген Ботабай. Аяқ асты бұл неткен өзгеріс екенін пайымдамай таңданып, өзіне сұраулы жүзбен қараған Бұланға:    

— Ол ит менің қанымды тағы да сормақшы. Түрмеден қорқып оған жалпылдағанша, бәрін мойындап сол абақтыда отырғаным артық. Он жеті жыл Мариям апа қалай боздаса, мына Сапақ ит мені де тура он бес жыл қанымды сорып түгімді қалдырмады, — деген Ботабай Бұланды ертіп үйіне кірген соң  әңгімесін жалғастырды.

— Бәрінің қалай болғанын тыңда енді. Он жеті жыл деген аз уақыт емес қой. Егер Сапақ ит болмаса мен   тіпті ұмытқандай да едім. Әдейілеп өлтіру үшін ұрғаным жоқ. Егер ол Фариданы қағып жібермесе, қол көтеріп не жыным  бар? Бұған дейін ерегіскен де, жауласқан да, тіпті сөзбен де ілініскен емеспіз екеуміз. Мен мұны қылмысқа емес, халықтың «Жазым болса, быламықтан тіс сынады» дегеніне жорығанмын да қойғанмын. Арада үйленіп жұмыс істемекке Әулиеатаға қоныс аудардым. Бала-шағамыздың ортасында  Фаридамен мейлінше бақытты өмір сүріп жаттым емес пе. Бір күні үйде оңаша отырғанымда Сапақ келді сумаңдап. Қаратастың бірді-екілі жаңалықтарын әңгімелеп отырды да кенет Иорданды қозғады. Оны біреудің ұрып құлатып, содан басы тасқа соғылып өлгенін, анасының жер көкті қоймай қылмыскерді іздетіп, бірақ ештеңе таппай, босқа шығынданып жатқанын әңгімеледі. Мен ештеңе білмегенсіп үндемедім.

— Ол күнді ұмытсаң  есіңе түсірейін. Оны ұрып құлатқан сенсің. Бұған менің айғағым бар, — деп төбемнен жай тастағандай болған оның жағасынан қалай ала түскенімді байқамаппын да. Үстелге басынан тұқырта еңкейтіп:

— Не оттайсың оңбаған ит. Сені жұрт жабысқақ деуші еді. Маған да бәлеңмен жабыспақпысың? Сендей бәлеқорды жабысқақша сығып тастаймын, — дедім бетін қайтарып, аузын екінші мәрте ашпайтындай шошытпаққа. Қолымнан жағасын босатып орындығына жайғасқан ол менің алдыма бірнеше суретті лақтыра салды да ұшып тұрып:

— Суреттерге әбден анықтап қарағын. Сонан соң иманыңды үйіре бер. Видеоны сол күйінде, ал суреттерді көбейтіп Мариямға да, полицияға да тапсырамын, — деп үйден шыға жөнелді. Түрлі-түске боялған суреттерден Иорданға қол сілтеген өзімді көргенде есімді бірден жинадым да, Сапақтың  соңынан жүгірдім.  Жеткен бойы жалынып, кешірім сұрап үйге қайта кіргізіп не керегін сұрадым.

— Мен енді саған келмеймін. Талабымды тек телефонмен айтамын. Егер мерзімінде орындамасаң, барлық дәлелді суреттер мен көріністер әлгінде айтқан екі жерге жөнелтіледі, — деді. Оның шарттарына көнбеске амалым жоқ еді. Өйткені баласын өлтіргенді індете іздеп, көзін жоятынын жариялап жүрген Мариямның әрекеттері бүкіл облысты кеулеп тұрған. Соның өзінен сырттай үркектейтін мен қанша аласұрсам да мынадай фактімен біреуге мәжбүрлікпен байланғанымды біржола мойындаудан басқа жол таппадым. Содан Сапақ мені телефонмен сауа бастады. Айлығым айлықтай, тапқан таянғаным дүниедей оның обыр аузына құйылып, аранының түбі көрінер болмады. Өлтіргім келген. Бірақ оны өлтірсем де, Иорданды ұрғанымды мойындасам да  мекендейтінім сол түрме. Мынау ақша сұрағанын тоқтатар күндердің күнінде деген үмітпен Сапақтың соңынан салпақтаумен он бес жылым өтті. Соның сұраған ақшасын табу үшін ойынханаға байландым. Ұту емес, ұтылысым молайды. Ең соңында оның қойған шартын біржола бітірмекке үйімді сатып, бала-шағаммен далада қаңғырдым. Бірақ ол оқта-текте мазалайтын әдет тауып, соңымнан қалмады. Фаридаға рахмет, соның бәріне көніп үндемеді. Жүйкем  тозған мен кейінгі жылдары оған тыныштық таптырмауға айналдым. Ақырында әйелім төркініне кетіп құтылды менен. Егер Иорданмен арадағы оқиғаны бірден мойындағанымда, ендігі түрмеден босайтын да едім-ау деп өкіне ойланамын.

— Оқиға қалай болған еді? — деді Бұлан өз ойларын тағы да тиянақтай түсу үшін.

— Бағанағы өзің айтқандай болған. Бәрін көзіңмен көргендей етіп желдірте әңгімелей келіп, «Солай болған ба еді?» деген сұрақтарыңа «Иә, солай болған» дей жаздап барып тілімді тістедім әлденеше рет. Егер Сапақтың иттіктеріне ұрынбағанымда, ештеңені ешқашан да мойындата алмас едің ғой. Солай ма?  Ботабай Бұланнан қолдау күткендей қарады.

— Видеошы Сапақтың өзің айтқандай он бес жыл бойы тынымсыз қуғындауымен-ақ сенің жайшылықтағы ұстамды мінезің мүжіле-мүжіле ұнжырғаң түскен. Ішкі жан дүниең босап, езіліп,  өзіңді-өзің жеген ойлармен жүйкең жүндей түтіліп әбеден қажығансың. Сендегі сондай өзгерістерді алғашқы жауаптарыңнан аңғарылған дауыс ырғақтарыңдағы үзіктерді көңіліме ұялатқан мен араға біраз уақыт салып, саған тағы да жолығуды саусақтарымды санай ойластырып отырдым. Сонда бәрінен біратола болдырған сен он жеті жыл бұрынғы оқыс оқиға үстінде Иорданды ұрғаныңды растар едің. Әрине, оған тағы да біршама уақыт керек. Айтпақшы, бағана менің дәлелдеріме күле қарап, ештеңені қаперіңе алмай отырдың. Енді бәрі табан астында қалай өзгеріп кетті?

— Е, соны айтпаппын ғой. Өзіңіз кетпекке жиналған сәтте телефоным безілдеді емес пе? Қоссам — Сапақ. «Үйіңе адвокат барды ма?» дейді. «Иә» дедім. «Жақсылап тыңда. Егер менің архивімдегі Иорданды ұруға қол сілтеген суреттеріңді соның пәпкісіне салсын демесең, бір миллион ақша дайында» дейді. «Ондай қаржы менде жоқ. Онсызда сенің сұрағаныңды табамын деумен тырдай жалаңаш қалып, отбасыммен де ажырасып тындым емес пе?!»  деймін шыр-пырым шыға. «Астыңдағы «Аудийіңді» саудала. Содан соң: «Сіздердің қолдарыңызда болып, малдарыңызды бағамын. Үйлеріңізден ешқайда кетпестен, бар жұмыстарыңызды істеймін. Фаридамен қосыламын. Тек тез арада бес жүз мың теңге тауып беріңіздерші» деп қайын атаң мен енеңе жалын. «Аудиің» бес жүзгеге өтеді, қалған бес жүз мыңды әлгіндей амалмен қайын жұртыңның қолына кірген соң талап етемін. Соған дейін күтемін» дейді міз бақпай. Сапақтың мына аярлығын естігенде жүрегім жарылып кетердей тынысым тарылып, тұншығуымды әзер бастым да, ойланбастан сіздің соңыңыздан жүгірдім.  Енді не болады? — деді Ботабай.

— Енді не болатынын Мариям апаңнан естисің. Қаратасқа барамыз. Ол кісінің сондағы ауруханада жатқанын айтқанмын өзіңе, — деген із кесушіге ілескен Ботабай соңғы жылдары аяғы сирек тиетін, өзіне де беймәлім түйсікпен қарадай үрпие үркіңкіреп жүретін туған қаласына бет алды.

***

Күн сайын сағатын санап жолын тосқан адамының табалдырық аттағанын көзі шалған Мариям сұлық жатқан төсегінен басын көтеріп, оның амандасуға созған қолын босатпай жүзіне қатулана қарады.

— Мен балаңызға жұдырық жұмсаған, яғни ұрып құлатқан адамды таптым. Он жеті жыл күткен мына тосын да суыт хабар құлағына тиісімен арқасын жастыққа сүйей тіктелген күйі Бұланға тағы да шаншыла қадалған Мариямының қырыл араласқан зәрдей үні естілді.

— Қайтіп? Қалай іздеп, қайдан таптың? Тапқан адамың Иорданымды ұрғанын шынымен мойындады ма? Әлде бұдан он жеті жыл бұрынғы қылмыс үшін жауапқа тартылмайтынына, өзіңнің құтқаратыныңа сендірген біреуді өлмелі кемпір, менің ақшамды алдап алуға екеуара келісіп әкелдің бе?! Мына күтпеген сұмдық жалалы сұрақтардан із кесушінің тұла бойын әттегенайға толы у татыған запырандай ащы өкініш қысты.

— Сізді обалсынып бекер-ақ шабылыппын. Байлығыңызды тыққан жеріңізден шығармаңыз. Ол адамды да, мені де енді көрмейсіз, — деп Мариямның әлі жібермей ұстаған екі алақанының арасынан қолын сілки босатқан Бұлан жалт бұрылып есікке беттегенде, кемпірдің жалынышты зарлы даусы естілді.

— Ойбай-ау! Ақымақ басым-ау! Енді қайттім? Айналайын, балам! Өле-өлгенімше құлың болып өтейін. Кешіре гөр мендей жылаудан жанары жабылуға, аяғы жүрмеуге, есінен айырылып алжуға айналған кәрі мыстан қақпасты. Құйқасын шымырлатқан қасіретті үннен еріксіз кідірген Бұлан кейін бұрылды. Тобанаяқтанып,бір адым жер басуы мұңға айналған Мариямның шарасынан шыға ақ шелдене ақилана бадырайған көздерінен аққан жасы жүзін жуа, екі қолын созған күйде барынша мүсәпір халде соңынан егіле де езіле қарап отыр екен. Кідіріңкіреген із кесушінің өзіне жүзін аударғанын байқасымен Мариям тағы да жаны ышқына:                                                                                                   -Көрсетші маған қылмысын  он жеті жылдан кейін мойындаған қашқын кәззапты, — деді  үні қырылдай естіліп.

— Жарайды. Кіргіземін ішке. Көзіңізбен көріңіз. Содан соңғы сөзді тергеуші мен сот айтар, — деген Бұлан есікті ашты. Ішке сәл-пәл төмешіктей, жан-жағына қарана сұңғақ бойлы, кең иықты, қасы қап-қара, шашы буырыл тартқан, көзі шүңіректеу, келбетті жігіт кірді.

— Тоқта сол жерге! Қозғалма! Сұрағыма ғана жауап бер. Иорданымды аңдаусызда ұрып құлатқаның рас па?! — деп жастығының астын сипалай денесін тіктеген Мариямға қараған Ботабайдың «Рас!» дегені сол, кенет кемпірдің қолында алмастай жарқ еткен пышақ есік көзінде тұрған бұған қарай сілтенді. Назарын Мариямның қимылынынан аудармаған Ботабай басын бір жағына әзер бұрып үлгерген еді. Зу  еткен күйі есікке кірш ете қадалып, жерге түспей діріл қаққан пышақтың зыңылына ілесе  кенеттен Мариямның күңірене өкінген зілмәуір айқайы естілді.

— Ажалсыз екенсің. Он жеті жыл бойы жылай-жылай екі шырағым сөніп қалғанша Иорданымды өлтірген ит табылса деп, көзіне пышақ қадап,  оны да өзімдей соқырға айналдырып үнін біржола өшіруге үлгерсем деп Жаратқанға жалбарына армандадым. Қылмыскер менің емес, полицияның қармағына ілінсе, қарауылдардың оған жақындатпасын білдім де, алыстан пышақ лақтыруға, онда да адамның дәл көзінен тигізуге машықтануға бел байлаған мен бейбақ  соған қаншама жылдарымды сарп етпедім. Он жеті жыл қолымнан пышақ түспеді, жастығымның астында күні бүгінге дейін пышақ жатты. Осылай дайындалған мен көзіңді ойып алып, сотқа дейін-ақ жазаға өзім тартпақшы едім. Япыр-ай! Ажалы жоққа, амалың да жоқ екен ғой. Сен жеңдің, мен жеңілдім, — деген ол аз-кем тыныстап, сөзін жалғастырды.

— Із кесуші, Бұлан Еркеұлы! Саған айтарым, мен бұған кешірімімді бердім. Оны бостандыққа жібер. Адамның ажалына себепші болып жасырынып жүрген пенденің де көрген күні күн емес, тартқан азабының  да аз еместігін сеземін. Он жеті жыл өзін-өзі жазалағаны да жетер  оған. Егер полиция ұзақ жыл жасырынған қылмыскердің табылғанын сүйіншілеп аттана шапса, өзің қорғағын. Ол сенің қолыңнан келеді. Ал саған өле-өлгенімше алғысымды жаудырумен өтемін. О дүниедегі Иорданым он жеті жыл тынбай ажалының иесін іздеген анасы мен бейбаққа да, оны тапқан өзіңе де риза шығар енді, — деп көңілінің түкпірінде берішке айналған кесек-кесек түйіндердің тарқатылғанын аңғарта сөйлеген Мариям төсегіне жатты да, екі қолын кеудесіне айқастыра қимылдамай, үнсіз мүлгіді.

Бағдат Қалаубай, Түркістан облысы

ҰШТАҒАНДАҒЫ ҰМЫТЫЛМАС МАУСЫМ

Сағындық қарияның отбасын түгел қырып кетіпті деген әңгіме Шаған...

                              Тергеуші

         Оқиға тоқсаныншы жылдары шағын шаһарда орын алып, саябақтан кесілген...

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...