12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӨМБЕСI КӨП ЖЫЛДАР

«Шуақты сити» мөлтек ауданы, 7-үй, 7-қабат, 77-пəтердегі Бұланның мекенін дəл тауып келген əйелдің отырмастан тік тұрған күйінде: – Есімім – Мариям. Əулие ата облысының Қаратас қаласынанмын. Баламды өлтіріп кетті, – деген үнінен ызаны, кекті ішкі түйсігімен аңлаған бұл да жедеқабыл сұрады. – Кім? Қашан? Қалай? – Бұдан он жеті жыл бұрын. Ұрып өлтірді. Кім екенін іздегеніме он жеті жыл! – деп жанары ұшқын шашқан оның да жылдам жауап қайтарғаны сонша, ойын жинақтап үлгермеген Бұлан мен Мариям біріне-бірі қадала қарады. – Он жеті жыл – тым ұзақ мерзім. Кінəліні іздеп табу.., – деді із кесуші сəл ойлана мүдіріңкіреп. – Соңғы үмітім – өзіңсің. Сенен қайыр болмаса, одан əрі іздеуді де қоярмын, – деді əйел. Оның соңғы үмітін шорт кесуге дəті төзбей, əйелді байыппен тыңдаған із кесуші байлауын айтты. – Қайғылы жағдайдың қашан, қайда, қалай болғанын ине-жібіне дейін түгел еске түсіріп, қағазға жазып дайындауыңыз керек. Ал қазір жинаған құжаттарыңызды, деректерді, фото суреттерді, жалпы қолыңызда не бар, бəрін маған қалдырасыз. Екеуі осыған келісті. * * * Қаратас қаласы. 2015 жыл. Телефонның беймезгіл шырылынан оянған Мариям оған жауап берместен бұрын аяғының ұшымен жылдам баса баласының бөлмесіне барған. Қалалық Мəдениет үйіндегі жастардың əдеттегі ойын-сауығына кеткен Иорданның төсегі бос екен. Қайта оралып, əлі тынымсыз шырылдаған телефонды көтергені сол, жауаптасуға үлгертпей: – Мариям апа, Мəдениет сарайына келіңізші. Иордан құлап.., – деген абыржыңқы аптыққан дауысты жарым-жартылай құлағы шалған ол рөлге отырды да, көлігін құйын-перен жылдамдықпен заулатқан күйінде өзіне таныс cарайға тұмсығын тірей тоқтады. Учаскелік инспектор Жедел жəрдем келіп, соңғы демі үзілгенін ескертсе де, Иорданды əдепкі жатқан қалпынан қозғалтпағанын айтып жатыр. Жайшылықта құшағын жая «маматайлап» аптыға жететін жаһандағы жалғыз қызығы – Иорданы мұның грекше, орысша, қазақша боздай жоқтағанына селт етпеді. Үнсіз. Көзі тас жұмулы. Езуінен аққан азғантай қан еш жерді былғамастан қата қалыпты. – Кім ұрған? – деді Мариям мəйіттен басын көтеріп. Жұрт үнсіз. – Кім деймін сендерге өңкей мақұлық? – деп орнынан ұшып тұрғанда, қоршаған жастар кейін серпіле шегініп, ашылған ортада екі қолын көкке жая өлтірушінің кім екенін жаны ышқына қайталай сұраған Мариям мен Иорданның жансыз денесі ғана қалған еді. Жалғыз ұлы бар, жалғыз басты бұл кісі қаладағы ең дəулетті отбасының бірі де, бірегейі де болатын. Қаралы оқиғадан құлақтанып үлгерген қалалық ішкі істер бөлімінің атқамінерлерін ерткен полковник Дəрмен Ділданов көңіл айтып: – Мариям апа, қылмыскер қалайда табылады. Көкке ұшса аяғын сындыра, жерге кірсе мойнын үзе алдыңызға тізе бүктіртеміз. Əзірге балаңыздың мəйітін экспертизаға апаралық, – деді. Содан соң жанындағы қызметкерлеріне қарап: – Апамыздың кім екенін біздің Қаратас қаласы емес, бүкіл облысымыз біледі. Азаматтығымен, кəсіпкерлігімен, мырзалығымен, беделімен есімі белгілі. Қазірден бастап би билеуге қатысқандар түгел сұралсын. Сытылып кеткендерін тауып жауап алыңдар. Кімнің қайда жүргенін, бөгделер ұшырасса, қайдан келгенін анықтаңдар. Қысқасы, Иорданды қыр шынынан қиып, Мариям апаны қара жамылдырған итті ұзатпай ұстаңдар, – деген полковник барынша қаһарлана сөйледі. – Экспертизаның мəліметін күтелік, – деді қылмысты іздестіру мен тергеу бөлімінің бастықтары подполковник Айту Аманұлы мен майор Қапал Жұмаұлы. * * * Қалалық ішкі істер басқармасының таңертеңгілік мəжілісі түндегі адам өліміне қатысты оқиғаны талқылаумен басталды. – Мариям апамыз баласының мəйітін экспертизаға жеткізбей жолдан үйіне қайтарыпты. Ал өзі «Иорданымның би үстінде өзінен-өзі аяқтардың астына таптала құлап өле салатындай ауруы жоқ. Денсаулығы мықты, спортшы екенін бəрің білесіңдер. Қылмыскерді тұтқындауға сендердің шамаларың жетпесе, Москвадан көмек сұрап, мықты тергеушілерді шақыртамын» деп айбат шегуде. Біз Тəуелсіз мемлекетпіз дейміз. Бəріміз сеніп, «Мариям апалап» басымызға көтеретін грек апамыз əлі Мəскеуін ұмытпай, сол тұсқа мойын созуын қоя алмапты, – деді бастықтың орынбасары Бақтияр Сержанұлы пікірін кіжініңкірей аяқтап. – Сен өйтіп қызбаланба. Ызалы, қайғылы жан ашу үстінде не демейді?! – Мен ол кісіге балаңыздың сол жақ қабағында қызарған із бар. Соққы тигенін экспертизада анықтамасақ, біздің əрекетіміз «өзі оқыстан құлап өлдіден» аспайды дегеніме де иландыра алмадым. «Иорданымды біреудің əдейілеп ұрып, басы соғылса жарылатын цемент жақтаудың қырына құлатқаны, сөйтіп өлуге душар еткені экспертсіз де аян маған. Арызымды да солай жазамын. Баламның тəнін пышақтатпай, мүсініне дақ түсірмеген қалпында тапсырамын жер қойнына» деп бетбақтырмады, – деді подполковник Айту Аманұлы. – Солай-ақ болсын делік. Бірақ өзіміздің қызметтік міндетіміз бойынша да, ол кісінің талабы бойынша да өлтірушіні табуымыз керек, – деді Ділданов сөзін қысқа тұжырып. Дегенмен, қала мен облыстағы полковниктердің тікелей өзі басқарған; қала, облыс əкімдерінің өзі назарында ұстаған қайғылы оқиғаның жұмбағының шешілуі ұзай берді. Тек қайғылы оқиғаның сүргіні Мариям апаның жер-көкті шарлап арыздануынан басшылардың есінен шыға қоймады. Тіпті, Ассамблея аталатын ұйымның ықпалымен бірді-екілі шет жұрттан да бұл қалай деген мазмұндас сұрақтар жолданып, жауап қайтаруға да тура келді. Бірде облыстан, бірде оңтүстік, бірде солтүстік астана жақтан жіберілген қатынастарға қосыла, неше сықпыттардағы із кесушілер де кезектесе сабылды Қаратасқа. Алайда, ол дөкей тергеушілер де өз бетінше қылмыстың ізін таппай, қалалық полицияның жедел тобы тынымсыз жүргізген іс қағаздарына ешқандай жаңалық та, өзгеріс те қоса алмай, тауы шағылып кері оралып жаттты. Сондағы бəрінің сүрінетіні сол күнгі биге қатысқандардың «Иорданның қалай құлағанын білмейміз, тек еденде жатқанын ғана көрдік» деген бірыңғай жауабы еді. Қыз бен жігіті аралас қайшыласқан биші топтың ортасындағы лəлекуге есі ауа еліккендер өзге түгілі, өзінің қандай халде секіріп жүргенін байқамастай аласапыран күйде болғаны анық. Қолын біресе басына көтере, бірде бос тастап бүлкілдей, одан əрісінде жан-жағына сілтей жұлқынып, енді бірде шалқалай, одан əрісінде етпеттей еңкеңдеп есіріктене биге əулекіленген топтың ортасында кенет Иордан жалп етіп құлайды. Бар өнерін көрсете жұлқынған оны денесін игере алмай жығылғанға жорығандар алғашында дуылдай күлісе қарап, билерін одан əрі жалғастыра берген. Тек достарының мүлдем қимылсыз халін аңғарған жанашырлары ғана билерін созалаңдата кідірістетіп, жағдай сұраған сəтте Иорданның сұлық қалпынан шошына Жедел жəрдемге, полицияға хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалып, жабыла жүргізілген іздеу, тергеу қорытындысына сай «оқыстан шалқалай құлағаннан шүйдесі қатты затқа соғылып, желке күре тамырының езіле қиылуынан жүрегі бірден соғуын тоқтатқан. Қабағындағы қызарыңқы дақ та сол соққыдан бетіне шапқан» деп түсіндіргенімен, ашуға мінген анасы бақшаңдап сөзге қонақ берер емес. Барлық жағдайды уысында ұстаған полковник Ділдановтың өзі де жоқ қылмыскерді іздеп бас қатырып жатқандарын іші сезгенімен, оны Мариямға бірден айта алмады. Бірақ «Жазым болса, быламықтан да тіс сынады» деген қазақы иланымға ой тоқайластырды да, сол тұжырымын аңғарта əңгімелей «Иордан билеп жүріп цемент бұрыштың қырына оқыстан жайсыз жығылған. Сірə, біреу-міреудің аяғына шалынысқан-ау» дегені сол-ақ екен, Мариям «Демек, баламды ерегіскен біреу қасақана аяғын тосқаннан ол шалынысып құлаған. Қылмыскерді білсеңдер де жасырасыңдар» деген лаңын қоздатты. Солай мазмұндалып қайтадан жазылған арызы бойынша да қаншама тексергіштер атбастарын тірегенде экспертизаның қорытынды анықтамасын сұрап, қаратастық құқық қорғаушылардың шаңын қаққанда ол кемшілікті өз мойнына алған Мəриям эксгумацияға да рұқсат етпеді. Тергеушілердің жасаған қорытындысына сенген де, көнген де пиғылын танытпай, күдікті күйінен арылмаған, аптыққан кеудесі басылмаған райынан айнымады. Құқық қорғаушылардың іздетіп те, індетіп те жатырмыз деген жауабы өзгеріссіз айдан-айға, одан əрі жылдарға ауысудан жаңылмаған соң, ол енді тəуіп, балгерлерді жағалады. Бірақ ақылгөй балгерлерден де, көсемсіген көріпкелдерден де қылмыскердің ізін дəл індеткен ешкім кездеспеді. Жаны тыншу таппаған Мариям тіпті қылмыс əлемінің бірен-саран күштілерін де жағалады. Əлгілер бұл күдіктенетін бұзықтардың мойнын бұраға нымен, олардың Иорданның қазасына ешқандай да қатысы жоқтығы анықталған соң, бұлардың арасындағы жанжалға ұрындыратын оқиғалар да жым-жырт басылды. Мариям апа енді қаратастық пол и ц е й л е р д і ң қ о л ы н д а ғ ы күллі құжаттың көшірмесін жинақтап, кеңестік заманнан бастап бүгінгі күнге дейін қылм ы с к е р д і ң і з і н е т ү с у , жолын кесу мен ұстаудан атағы жер жарған із кесушілерді іздей бастады. Орыстан, кəрістен, өзбектен, тіпті Грекиядан шыққан мықтылардың да есігін қақты. Олардың біразы жолды алыссынып қипақтап, бірақ ақылкеңесін аямай ақтарса, бірсыпырасы Мариям апамен Қаратасқа жолаушылап, оқиға орнын көріп, істің барысына қаныққан соң, қылмыскерді əне-міне ұстап алардай сипаттама жасап, біраз үміттендірген еді. Дегенмен, соңы сиырқұйымшақтанып «көп мерзім өтіп кетіпті, əйтпеседен…» аспаған күйі келген жолымен қайтып жатты. Қаратастың Мариям апасы алғашқы маусымдарда баласының түбіне жеткен қаныпезерді өзі соңынан қалмай жүріп полицияға ұстататынына, соттататына сенген берік пиғылымен тыным таппаған. Ал соңғы жылдары баласын өлтіргенді тауып жазалау енді полицияның емес, өзінің міндетіне айналғандай жан тыныштығын тəрк еткен аласапыран күйге ұшырады. Дəл сол күні достарымен би-тамашаға үйден шығарында ешқашан бір ауыз қазақша сөйлемейтін Иордан бұған жалт қарады да қазақшалап: – Қош бол, мама! – дегенде жүрегі солқ етіп: – Олай деме, балам!, – деген-ді орысшалап. – Мен сізге «пока» дедім. Оның не сөкеттігі бар? – деп күлген баласына қазақтардың өйтіп үзілді-кесілді қоштасуды жаман ырымға балайтынын түсіндіргенде де: – Ой, қойыңызшы сол қазақтың ырымдарын. Бұл қазақша үйренген түрім еді, оның өзін сіз жақтырмадыңыз ғой, – деді де күле сөйлеген қалпында кете барды баласы. Қазір ойланады ғой ана жүрек. Жаратушы Алла пендесінің жанын қиярда ажалдың суық нышанымен оның санасын тітіркендірмеуі мүмкін емес. Қалай да аян береді. Тек адамдар соны ақылға жеңдірмей, ажалмен ойнаймыз-ау. Бірақ төтелей соғатын ажалға қарсы пенденің жасар амалы да жоқ. Менің Иорданыма да Алла анасымен қоштасуды ишаралап тіліне мұсылманшалап сөз салған екен ғой сонда. Ал көпті көргендігіме, көп нəрсені білетіндігіме тоқмейілси көкірек керетін мен баламның өзіммен мəңгіге қайырласып тұрғанын қалай сезбедім. Біле тұра оны ажалға айдаған өзім емеспін бе осы деп күйзелетін. Содан жаны ышқынған Мариям енді таптырар деймісің, іздеуімді қояйын деген ойын қайтадан ұмытып, дереу қылмыскерді індетудің амалдарын құрастырумен аласұратын. Содан он жетінші жылға айналғанда Шуақты дейтін қалада бір із кесуші барын естіп соған көңілі ауды. * * * – Сен мені түсінесің бе? Қазақы ұғыммен тəспірлесем – жалғызымды жоқтағалы он жетінші жыл. Соның көзін мəңгі ашпай қалуына душар еткен мықтыны таппай ұйқым шала, күлкім жалған. Шындап бір ақтарыла күлейін, ел қатарында жарқылдап жүрейін, бəрін ұмытып алаңсыз көз іліндірейін деймін. Бірақ бір жақ бүйірімді ауырлатып, жүрегімді дірілдетіп, жалғызымды сағындырған назалы ойлар неменеңе жетісіп күлмексің, не бетіңмен ұйқыға шомбақсың деп қабағымды аштырар, жүрісімнен жаңылдырып қадамымды дəл бастырар емес. Сен мендегі бар құжатты, суретті ал. Парақтаған сайын күйігіме күйік жамайтын бір дорба қағазды арқалап қашанғы безектемекпін. Ақшаны төлеуге қиналады демегін. Жалғызым үшін жинаған дүнием жалғызымды көрінде тыныш жатқызатын халге мені иландырғаныңша жетеді, – деп ашына сөйлеген Мариямнан алып қалған қағаздарды парақтаумен Бұлан Еркеұлы қанша күннен бері отыр. Баламды аңдаусызда ұрып, құлатып өлтірді дейді. Бірақ кімнің ұрғаны белгісіз. Бəрі осы белгісіз біреуді яғни ұрғанын тұрғызбайтын күштіні жабыла іздейді де, егер оқиға расымен де солай болса, неге əлгі ұрудың себебін іздемейді? «Иорданды белгісіз əлдекім не себепті ұрды?» деп жазды дəптеріне Бұлан. Бірінші себеп, билеп жүргенде ол біреудің немесе керісінше біреу оның аяғын басып кетіп, ерегіс туды. Төбелесті. Жоқ, төбелес болмаған. Өйткені жұдырықтасқан шуды жұрт көрер еді, араласар еді, ажыратар еді. Ондай шетін оқиға түсініктерде жазылмаған. Екінші себеп, билеп жүргенде оқыс қимылдан грек баланың қолы біреуге немесе біреудің қолы оған тиіп екеуі іліністі де, бірақ ерегіс тез аяқталып би жалғаса берді. Бұны іштей кек сақтаған əлгі белгісіз жігіт өзімен ерегісушінің қапысын тауып елеусіз жағдайда сырт көзге байқатпай ұрып жіберген. Осы оқыс соққының екпініне бидің екпіні қосылғанда қолайсыз құлаған Иордан, цемент жақтауға шүйдесімен соғылып, қимылсыз қалады. Ал ұрғыш жігіт тез сыртқа ұмтылып, соңынан қуа ілесетін қарсыласын клубтан ұзаңқырай күтеді. Бірақ полицияның, Жедел жəрдемнің қарасын көрген ол биге жоламай қайтып кеткен. Осылайша белгісіз күйде назардан тыс қалған қылмыс жасаушыны ешкім іздемеген де, сұрастырмаған да. Соның салдарынан тергеуші тарапынан қылмыс ашылмаған қалпында жабылған. «Өзі оқыстан немесе біреумен шалынысқаннан жайсыз құлап өлсе, бұл қылмыс емес» деген тергеудің шешімімен келіспеске амал жоқ. Солай десек те, неге Мариям апай баламды ұрып немесе қасақана шалып құлатып өлтірді дегенінен танбайды. Бұл – ана жүрегінің қателеспегені ме əлде қателессе де оған өзін-өзі иландыра алмағаны ма? Бұлан қалың папкіге тігілген түсініктерді тағы да шола бастады. «Ештеңе білмеймін, көрмедім» деген мазмұндағыларын бөлек буып, сəл де болса көңілге күдік ұялататынын ерекшелеп қойған еді. Сол түсініктердің ішінен Зəмира есімді қыздың жазғанын қадала оқыды. «Би қызып жатқан. «Аһ!» деген дауысқа еріксіз жалт қарағанымда, бір қыздың тізерлей құлап, аяқ астында қалмау үшін қиналса да тез тұрып кетуге əрекеттенген қимылын ғана аңғарып үлгердім. Сəлден соң əлгі қызды бір жігіттің сүйемелдеп пе, жоқ əлде орнынан көтерілгеннен кейін құшақтап па тұрғанын көрдім де жүретін жігіті бар екен-ау деп ойлап үлгердім.

Бұған менен басқа ешкім назар аудармады ғой деймін. Кенет музыка тоқтап, билеп жатқандар аңтарыла бір-бірімізге қарап, «музыка» деп шулағанбыз. Бізден сəл əріректегі жастар кейін шегінгенде, бір жігіттің еденде жатқанын көрдім. «Жедел жəрдем» шақыртылып, полиция да келді. Иордан деген грек баланың би үстінде құлап өлгенін естідім» деп жазыпты. Құлаған қыз, оны сүйемелдеген əлде құшақтап тұрған жігіт кім? Қыз неге құлады? Жігіті ме əлде басқа біреу қағып жіберіп құлатты ма?» деген ой кешті Бұлан. Мариямның айтуынша, дискотека өткен Мəдениет үйі əлі баяғы қалпында. Өйткені оны жекешелендіруге қала жастары қарсы болып, күні кешеге дейін жекеге жіберілмеген. Бірақ сол белсенділер ересек тартып, қызық қууы басылған. Ал қазіргі жастардың той-тамашасы үлкен қалаларға ауысқан сияқты. Сонымен ырду-дырдуы азайған əлгі Мəдениет сарайын бір пысықай сатып алмаққа жаныға кіріскен деседі. Жаңа қожасы бүлдіргеннен бұрын оқиға орнын қарап үлгергені жөн. Ертеңіне атбасын Қаратасқа тіреген Бұлан Мариям апасын ертіп бірден Мəдениет үйінің есігін ашты. Сахна мен билейтін алаңның арасы əжептəуір. Сызба бойынша құлаған Иорданның сахнаға жақын жатқаны бедерленген. Ол маңайда жігіттің қарақұсын үзіп ойып жіберердей қатты ештеңе байқалмайды. Сахнаның алдында ары-бері əлдене іздегендей теңселген Бұланды əлгінде Мариям таныстырған Мəдениет үйінің директоры Серікбай иығынан тартып өзіне қаратты да: – Иорданның құлаған жері мынау, – деп сарайдың төріне қарай жетеледі. – Сызбада дененің сахнаға жақын жатқаны бейнеленген ғой, – деген Бұланның сөзін Серікбай: – Иордан құлағанда оны танитындар жарығы мол сахнаға қарай көтеріп апарған сəтте келген полиция дереу сол тұсты сызған шығар. Ал кейіннен учаскелік инспектордың нұсқауымен бұрынғы құлаған жеріне апарғаннан кейін фотосуретке түсірді-ау деймін, – деді. – Оның бəрін қолыңмен қойғандай қайдан білесің? – Мен де он сегіздегі би билеген сондағы көп жастың біреуімін. Одан кейін оқуға түсіп, талай сахнада өнер көрсетіп, соңғы екі жылда оралдым туған қалама. Қазір осы Мəдениет үйінің директорымын. – Бұл сарайың жуық арада сатылатын көрінеді. Директорлықпен қош тасқан соң, тағы да кетесің бе басқа жаққа? – Ол ылғи айтылатын қыдырма сөз. Қала əкімі сатылмайтынына біржола нүктесін қойған. Қауіптенетін ештеңе жоқ, – деген директордан да түсінік алды Бұлан. Мəдениет үйінің ішінде ештеңеге, ешкімге назар аудармай, тыным таппаған Мариям сахнадан алыстау қабырғаға жақын тұсқа барды да, Бұланға жалт бұрылды. – Оқиғаның қалай болғанын білмеймін, бірақ мен кіргенде балам дəл мына жерде шалқасынан жатыр екен. Би үстінде шалынысып құлап, шүйдесімен мына цемент жақтауға соғылған, содан көк тамыры жарылып, бірден өліп кеткеніне сендірмекке əрекеттенді барлығы. Бірақ, менің көңілім осыған еш жұбанбайды. – Өткенде сұрай алмадым. Енді айтыңызшы, күдіктенетін біреуіңіз бар ма? – Бар. Бөрі деген қаланың бұзығынан көремін. Полиция оған қарсы дəлел таба алмады. Себебі биге қатысқандар Бөріден қорқып онымен бірге билегендері туралы жақ ашпады. Ал өзі өлсе мойындар. Оның сол күні биге бармағаны өтірік. Жайшылықта ойын-сауықтың исі шықса, елден бұрын сойқан сала тепкіленетін Бөрінің соншама жас жиналған жерге аяқ баспағанына сенбеймін. Өйткені, баламның құла ғанын естісімен осында жеткен мен боздап айқайлай есіктен ішке аттағанымда, дуал жағалай зытып бара жатқан Бөріні көзім шалды ғой. Соны айтсам, ешкім мақұлдамайды. Ал Бөрі маңайлатпайды. Қазіргі күні түрмеде отырған оған арнайы кіріп жолықтым. «Ақыры қамаудасың. Иорданмен бұрыннан ерегісіп жүретініңнен құлағдармын. Менің жалғызымды қапысын тауып ұрып құлатып, жазым еткеніңді рас деші. Мына жарық дүниеде байызтаппаған жаным тыншысын. Солай етсең, кешірімімді беріп, абақтыдан босануыңа көмектесейін», – дедім жалынып. «Өлтірсем, сол кезде-ақ өлтірдім деймін. Ал саусағымның ұшын тигізбеген адамның қанын мойныма жүктемеймін ешқашан» деп бетбақтырмады. Сені шындап кіріссе, кімнің де болса көңілін де, тілін де тапқыш дейді. Бекерден-бекер суреттерге үңіліп, əркімнің мыжыма түсінігіне қайта-қайта шұқшиғанша, əлгі Бөріге қылмысын мойындатшы. Уəдем – уəде. Кешірімімді беріп, басына бостандығын əперейін». Бір бастаса тоқтауы қиын Мəриямның əңгімесін ақырына дейін төзіммен тыңдаған Бұлан енді онымен бірге жүруден қашқақтап, бүгін кештете Шуақтыға қайтатынын, Қаратасқа таяу уақыттарда тағы да оралатынын, өзін бірге ерте жүріп барлық жағдайға басынан бастап қайтадан қанығуға тиіс екенін ескертіп, үйіне ұзатып салды. Содан соң директордан кабинетінде бір-екі сағат жұмыс істеуге келісімін алды. Сосын тергеушінің сызған жобаларына үңілді. Сахнада музыкасын ойнаған ансамбль бейнеленген. Одан əрі ашық ортада жатқан адамның сұлбасы сызылыпты. Конверттен он шақты суретті шығарды. Біразы видеодан алынған. Соған қарағанда біреу бишілерді оқта-текте видеоға таспалаған. Топ суреттің арасында оқиғаға жақыны алтау. Ошарылған бір топ ортаға үдірейе қарап қалған. Видеошы осы сəтте айналадағы көріністі түгел таспасына тартқан тəрізді. Мына біреуіндегілер жерде жатқанға қарап күліп тұр да, келесісінде оны тұрғызбаққа үш-төрт жігіт еңкейе қолын созған. Қыз-жігіті аралас тағы бір топ оқиғаны сырттай бақылап тұр. Осымен видеодан таспаланған бейнелер бітеді. Полиция криминалисінің əзірлеген фотосуреттерін қолмен сызылған сызбалармен салыстырды. Айырмашылық бар сияқ ты. Сызбада би алаңы ашық. Көз тоқтатарлық ештеңе бедерленбеген. Ал фотосуретте жерде жатқан адамның бас жағында əлдене қарауытады. Бұлан Мəдениет үйінен шықты да, аудандық ішкі істер бөліміне барып, бастығына кірді. Мұның келудегі мақсатын тыңдаған полковник Айту Аманұлы басын шайқай отырып күлді. – Бұл көмбесі көп істі ашуға жабыла кіріскен едік. Бірақ, қылмыс дəлелін таппағандықтан, іздеуді тоқтатқанбыз. Сол кездегі бастығымыз Мариям апайды осы тұжырымымызға иландыра алмай, жоғарыдан арызды тексеруге келіп, қайта тергеуді өздері жасамақ болғандармен қосыла алашапқын жүріп, ақыры зейнеткерлікке ілікті. Ол доғарысқа кеткен соң, апайдың тəуіптерді жағалауға кіріскенін еститінмін. Енді жеке детектив тауып іске қоса бастаған ба? Сірə, ақшасы бітпей тоқтамайды-ау апамыз, – деген бастықтың үнінен бұдан ештеңе шықпайтынына сенген емеурінді сезді Бұлан. – Бөрі есімді қаланың бұзығынан күдіктенеді екен. Бұған не дейсіз? – Бөрі дəл сол күні биге аяқ баспаған. Бірақ оған Мариям апамыз сенбейді. Мəдениет үйіне кірген сəтімде Бөрінің жанымнан өте шыққанын өз көзіммен көрдім дейді. Дегенмен Бөріні биде көзіміз шалды дейтін ол кісіден өзге ешқандай куə жоқ. Куə жоқ болған соң, мойындату да жоқ. Керісінше, Бөрімен бірге қаланың «Қырық кепе» аталатын басқа мөлтекауданында туған күнге бірге қатысқанына куəлік еткендер бар. Жалпы, əбден сіңістіге айналған бұл іске басыңды қатырмай, апаймен қоштассайшы. Үстіңнен ешкімге шағымдана алмайды ғой, – деген полковник енді ақыл айтуға көшкенде орнынан көтерілген Бұлан тез қош тасып сыртқа беттеді. * * * Уəдесі бойынша Əулиеатадағы түрмеге Бөрімен кездесуге барды. Есімін сырттай естіген жігітті көргенде, Бұланның есіне бала кезде шекелеспекке кеуде тірестірген ерегісте айтылатын «Бір ұрғанда боқ қылам, екі ұрғанда жоқ қылам» дейтін дөңайбат сөз түсті. Мына дəу сарының қара күштің иесі екені көзге ұрып-ақ тұр. – Боксқа қатыстың ба? – деді Бұлан сыр тарта қарап. – Қатысуын қатыстым. Оның саған не қажеті бар? Одан да Иорданды ұрған-ұрмағанымды сұрауың керек шығар? Негізгі жұмысың сол емес пе? – Оған да үлгереміз. Боксер екенсің, қорғаныс əдісіңді ұсташы. Мен де бокспен шұғылданғанмын.Тіресіп байқайын, – деген Бұлан əуелі өзі бокстасатын сияқты екі қолын кеудесіне жинай Бөріге қарсы тұра қалды. Мынаның қылығына қызыққандай Бөрі де оң қолын жағына таяй, сол қолын алға созып аяқтарын алшита: – Келсең кел, – деді миығына мысқыл жүгірте. – Болды, осы да жетеді. Шынымен де бокстасыпсың. Оңқай екенсің ғой. Солақай болғаныңда түрменің емес, спортшылар көтерілетін үш түрлі тақтың біріншісінен түспейтіндей жөнің барын байқадым, – деп күле қарады Бұлан. – Енді əлгінде өзің айт қан Иорданның мəселесіне келейік. – Сол апа да қадалған жерінен қан алып қоймады ғой. – Қоймағанын сөгіп сонша кімге ренжідің? – Өтірік білмегенсіме. Иорданның мамасы Мариям əкелмесе, саған əшейіннен-əшейін түрменің есігін аша салмайды ғой? – Мұның да рас. Ол кісінің куəлік етуінше, сен сол күні биге барыпсың. Ал өзгелер барған жоқ, туған күн кешінде болды деседі. Құдайшылығыңды айтшы. Осының қайсысы шын? Тоқпақтай ж ұ д ы р ы ғ ы н жұмулы күйінде үстел үстіне дүк еткізген Бөрі: – Екеуі де шын, – деді. Мен Қаратастың бір шетіндегі «Қырық кепе де» кластасымның үйінде туған күнде отырдым. Биге бару ойымда жоқ еді. Біраз сілтеген арақтың күшімен бір билеп қайтуға аңсарым ауды да, ақыры Мəдениет үйінен бірақ шықтым. Табалдырықтан аттаған сəтте аңтарылған жастарды, жерде құлап жатқан Иорданды көрісімен, дереу сыртқа шыға жөнелдім. Сол кезде есіктен алқын-жұлқын кіріп келе жатқан Мариям апаны байқасымен, көзіне шалынбау үшін топырлаған көптің ортасына ығыс тым. Ешкімге назар аудармай ішке ұмтылған ол кісі мені байқамадыға есептегенмін. Бірақ аңғарып үлгеріпті ғой. Ол гречанкадан бой тасалағаным, баласымен бір-екі би кешінде ілінісіп, жігіттер ажыратқан. Иорданды ұрып құлатқан мен еместігімді дəлелдегенімше, талай пəлеге шатылатынымды, Мариямның оңайлықпен құтқармайтынын ойлап безе зытқанмын. Сапырылысқан жұрттың көбі менің кіріп шыққанымды байқамады да. Бірақ тергеушілер сол кісінің айтуымен соңыма түскенде, туған күнде болғанымды растағандар мен барғанымды байқамағандар куəлік берді. Шынын айтқанда, Мəдениет үйінде жолыққан он шақты танысқа көрмедік деуге тиісті екенін ескертіп үлгергенмін. Сонымен полиция күдігінен құтылғанмен, Мариям апаның күдігінен əлі күнге құтылмай-ақ қойдым. Ал Иорданға саусағымның ұшы да тиген жоқ. Тіпті, онымен тірідей сол күні ұшыраспадым да. Сен оның анасына менің дəлелдерімді айтып, пəлесінен құтқаршы. Бұлан түрмеден ұзап бара жатып кімнен-кімді құтқаратын болдым осы деп мырс етіп күлді. * * * Біраздан соң Зəмираның жазғаны есіне түсіп, бұрынғы биқұмар қызды, бүгінде балалы-шағалы келіншекті іздеуге бел байлады. Мариямның көмегімен ол да тез табылды. Үйінде жолыққандағы оның баяндауы осыдан он жеті жыл бұрын жазған түсінігінен өзгермеді. Сөзін аяқтап өзіне қараған Зəмираға сурттерді ұсынып: – Мына адамдардың арасында құлаған қызды сүйемелдеген əлде құшақтаған жігіт бар ма? – деді. Қағаздағы бейнелерге үңілген ол: – Осы жігіт сияқты, – деп билеушілерге селтие қараған біреуді көрсетті. – Арада қаншама жыл өтсе де дəл сол екенін қалай таныдың? – Біздің жас кезіміздегі ерекше түрге есептелетін аяғындағы носкиі аппақ, ал кроссовкасы мен футболкасы қып-қызыл еді. Суретте қара болғанымен, менің жорамалым солай, ағасы. – Бұл жігітпен етене таныстығың бар ма? – Жоқ, мүлде ұшыраспаған адамым. Осы кезде манадан екеуара əңгімені тыңдап, суреттерге қарап қойып отырған Зəмираның күйеуі Ақылбек: – Мен танимын. Ботабай ғой. Бұл əлдеқашан Қаратастан Таразға көшкен. Жалпы, талайдан жолығыспадық та. Жанындағы қызы Фарида бізбен кластас еді. Екеуі үйленген. Бірақ кейіннен ажырасыпты. Фарида қазір осында төркінінде. Мүмкін, сол келіншегі білер қайда екенін. Өйткені, бала-шағасымен хабарласпауы мүмкін емес қой, – деді. – Бұл баланың бұзықтығы жоқ па еді? – Жас кезімізде бəріміз де шудың қай тұстан естілеріне елеңдеп өстік қой. Ботабай да төбелестен қара жаяу емес-ті. Қалада мектепаралық бокстан өтетін жарыстардан ылғи жүлдемен оралатын. Қаратастағы ересектер құрамасына қабылданды да. Көбіне қарсыласын нокаутқа жіберіпті дегенді жиі еститінмін. Бірақ, Бөрі сияқты қаланы бөріктірген емес. Жөнімен жүретін. – Мəліметіңізге рақмет. Енді өтінішім, əлгі кластасыңыздың үйіне алып барсаңыз, – деді Бұлан. Оның сөзін екі етпей жол бастаған Ақылбек: – Ботабай адам ұрып өлтіретіндей қаныпезер емес. Соны бекер-ақ əурелейсіз-ау, – деп қалды. – Неге Ботабайды əурелейсіз дейсіз? Онымен əлі кездескен де, сөйлескен де жоқпын ғой. Ол емес, таба алмай əуреленуші мен емеспін бе? – деген Бұлан күлді. Фариданың үйі қаланың орталық ауданына қарайлас екен. Тез жетті. Аулада жолыққан жігіт ағасы Ақылбекпен амандасып, оның жанындағы бейтаныс адамға сұраулы жүзбен қарағанда, Бұлан амандасуға қолын созған. Сөйткенше Ақылбек Фариданың əкесі Түгелбайдың қаладағы абыройлы азамат екенін таныстырып та, қонақ жігіттің Фариданы іздеп жүргенін айтып та үлгерді. – Дəлірегі – маған сіздің қызыңыздан бұрын оның жұбайы Ботабай керек еді. Соның дерегін білетін шығар деген оймен есік қақтық, ағасы. Жауаптасуға асықпаған ол кісі екеуін соңынан ерте табалдырықтан аттай: – Бəйбіше, дастарқан жай, шайпайыңды əкел. Фарида қайда? – деп кіреберістегі асханаға қарата дауыстады. Өзі қонақ бөлмеге өткен соң Бұланға: – Фариданы қазір осында шақыртамын. Ақыл екеуміз сендер сөздеріңді бітіргенше бəйбішінің үстеліне бара тұрайық, – деп есіктен көрінген қызына: – Сенімен Ботабай туралы сөйлеспекші, – деді де Ақылбекті ілестіре келесі бөлменің есігін ашты. – Арада он жеті жыл өтсе де, анасы баласын жоқтауын да, өлтірушіні іздеуін де тоқтатпаған екен. Қалалық полицияға оқиға болған күні биге қатысқандардың бəрі дерлік жа уабын жазып тапсырыпты. Суретке ілінгендер арасынан біраз қыз-жігіттің түсінігі алынбағанын аңғарған соң, соларды іздеп тауып қағаз жинаудамын. Сіздің де, жігітіңіздің де жауабыңыз жоқ. Қаратасқа келу себебім осы. Екеуіңіздің ажырасқандарыңызды əлгінде Ақылбектен естідім. Ботабай мұнда емес, Əулиеатада сияқты болжамдауымша. Оның дəл мекенін білетін шығарсыз? Одан бұрын Иордан құлаған сəтте екеуіңіз қайда, қандай жағдайда едіңіздер? Есіңізге түсіріп, қағазға жазып бересіз бе əлде сұрайын ба? – Жазу мен үшін қиындау. Одан да сұраңыз. Мүмкін сіздің сұрақтарыңыз дан ұмытылған жағдайлар ойыма оралар.

– Иорданды танисыз ба? – Есімін сырттай еститінмін. Жақын таныстығым болған емес. – Ботабай ше? – Ол таниды-ау деймін. Өйткені екеуі де қаланың атын шығарып жүрген спортшылар ғой. – Сіз би үстінде сүрініп құлаған жоқсыз ба? Фарида күлді. – Ол да маңызды ма? Би қызып жатқан. Кенет біреу мені иығымен арқа тұсымнан оңдырмай қағып жібергенде, етпеттей шөкеледім. Топыр ласқан билеушілердің қимылынан сескеніп, тіземнің ауырғанын елеместен жанұшыра көтерілгенімде, Ботабай құшақтай алды. Содан соң екеуміздің де назарымыз кенеттен қаумаласқан топқа ауғанда, Иордан дегеннің сүрініп пе, əлденеге шалынып па құлағанынан есін жимай жатқанын естідік. Би де тоқтады. Сол арада Жедел жəрдем де, полиция да келді. Мариям апамыз да жетті айқайлап. Аяғымды ауырсынған мен Ботабайдың сүйемелдеуімен сыртқа шығып, ешкімге қарайламай үйді-үйімізге қайттық. Көп ұзамай Ботабайдың қалауымен үйленіп, Əулиеатаға қоныс аудардық. Ол қазір сонда. – Сұрағаныма айып етпеңіз. Не себепті ажырастыңыздар? – Алғашқы он жыл жақсы өмір сүрдік. Кейін келіспеушілігіміз көбейіп, отбасымыздың берекесі қашты. Ақырында мен Қаратасқа оралдым. – Өкінішті. Байқауымша ажырасудың себебі Ботабайдың тарапынан жұмбағы көп жағдайлармен байланысты тəрізді. Есіңізге түсіруге тырысыңызшы. Тізерлей отырған сəтіңізде өзіңізді қағып құлатқан жігіттің кім екенін байқамадыңыз ба? – Етпеттей жығыла жаздап шөкелеген менің нөпір топтың арасынан арқамнан соққан адамды аңғаруым мүмкін емес қой. – Жігітіңізбен қалай биледіңіз? Құшақтасып па əлде екі жаққа бөліне ме? Фарида мырс етіп күлді. – Ол кезде əлі құшақтасатындай үйреніскен де, үйлеспегендеміз. – Демек, ондай жағдайда сізге қарама-қарсы билеген Ботабай қаққан жігітті аңғарып, кім екенін айтқан шығар? Фарида басын шайқап: – Ол да білмеді-ау. Егер көзімен көрсе, міндетті түрде жаға ұстасар еді. Ондай ештеңе болмады. – Неге болмады дейсіз? Сіз жығылып, ұшып тұрғаннан кейін-ақ іле-шала Иордан құлап, есін жинамаған күйі о дүниеге көшті емес пе? – Оның бізге не қатысы бар? Жалпы музыкаға еліте шыр айнала секіріп билегендерді бір бағытта көріп байқау қиын еді топырдан. Ботабай мені қаққанның кім екенін сəл ғана аңғарса, төбелес шығар еді. – Егер сіздің көзіңізге шалынбаған қағып құлатушыны Ботабай байқап, өзіңізді тұрғызудан бұрын алаңсыз билеп жүрген Иорданды бір-ақ соққымен ұрып жықты десем қалай қабылдайсыз? – Жоқ, ол мені құшақтай жалт бұрылып оң жағына қарағанынан, əлгіндегі есерсоқтана билеген жігітті іздегенін байқадым да, тіземнің ауырғанын да елеместен оны қолынан ұстап билеуге тарттым. Ол да маған икемделгенде ғой Иорданның құлағанын естігеніміз. – Өзіңіз бе əлде жігітіңіздің жетелеуімен бе? – Əрине, соның жетелеуімен. Егер оның сүйемелі болмаса, соншама сапырылысқандардың ортасынан ауырсынған тіземдегі жарақатпен тез жол табу да қиын тиер еді. Ондай екіұдай сəтте ешкімге қақтырмай-соқтырмай алып өту жігіттің міндеті емес пе? – Кейінірек Ботабайдан мені Иорданның қағып құлатқанын байқап, оны ұрған сен емессің бе деп сұрамадыңыз ба? – Жағдайдың мүлдем басқаша екендігін көре тұрып сұрағаным ақымақтық болмай ма? – деген Фарида енді ренжіңкірей сөйледі. Осы кезде есік ашқан үй иесі Бұланды дастарқанға шақырған еді. Дəм үстінде: – Ботабайды іздегеніңе қарап, қарыздан қарыз жамаған күйеу баламды таба алмай сандалғанның біріне жорығанмын. Сапарыңның бөлектігін Ақылбектен естідім. Фариданың не айтқанын білмеймін. Ал күйеу балалар ішіндегі көңіліме қонатыны осы Ботабай еді. Өкіндіретіні, құмар ойынға желікті де, бəрінен айырылды. Дегенмен, қазір Фаридамен хабарласып, қарыздарымнан түгел құтылдым. Бұрынғы əдеттің бəрін тастадым, қосылайық дейтін сияқты. Бірақ қызым əлі де сенбей, бармай отыр, – деді. – Құмар ойынға салынудың да себебі бар шығар? – Жеңіл көлік алмаққа біреуге қарызданыпты. Сол берешегін өтеуді əрі үстінен пайда табуды көздеп əлгі қарызданған теңгесін құмар ойынға салған шамалауымда. Оның соңы үйін саттырып, отбасының далада қалуына дейін соқтырған ғой. Мойнына ілінген борышынан құтылу үшін Сапақтан да біраз ақша алған ба? Ол да Əулиеатадағы үйіне алашағын өндірмекке қайта-қайта барыпты. Соның бірінде Фарида жолығып, неге іздегенін сұрағанда, Ботабайдың өзіне берешек екенін жайып салады. Ал күйеу балам ешқандай қарыз-құрызым жоқ, құтылғанмын дейтін көрінеді. – Ботабай несиені жерлессініп сұраған, сірə. Сапақ ақшасыз емес қой. Көмектеспекке шарттасып ұсынған шығар. Бірақ мұның күнкөрісінің жүдеулігін аңғара тұрып, соңынан қалмай қылқылдағаны дұрыс емес. Фаридаға күйеуің қарыз десе, Ботабай құтылғанмын десе, екеуінің бірі өтірікші. Менің білуімде бұл Сапақ несиесінің пайызын шырылдата көтеріп салады екен. Содан қарызын өтегенімен, пайызынан құтыла алмай, Сапақтан қарадай қашып жүргендер аз емес Қаратаста, – деді Ақылбек. – Сонда оның видеодан бөлек табыс көзі бар ма? – деп сұрады Бұлан. – Сол сурет пен видеодан басқа бұлағын көрмедім байлығының. Əйтеуір соңғы он-он бес жылда машинадан машина ауыстырып, қабаттап үй жаңартып, жағдайы оңалды Сапақтың. Естуімше аяғын мүлт басқан қызметкерлерді, қалталыларды аңдумен суретке түсіріп, видикке тартып, сонысын ертеңіне апарып көрсетіп, егер осы теріс қылықты бейнелерін сатып алмаса, Астанаға дейін жария ететінімен үркітіп, сөйтіп пайдасын еселейтін көрінеді, – деген Түгелбайдың сөзін Ақылбек жалғастырды. – Тойда қызып қалған немесе бұраңдап жас қыздармен билеп жүрген қала қонақтарының тəуірлерінің сілесін қатыратын бəлеқорлығының астары ашылып қалған соң, алғашқыда той-тамашасын видеоға таспалатқандар кейіннен шақырмауға айналыпты. Бірақ Сапақ «Неге тойыңның бейне баянын маған түсіртпейсің? Ендігі ісім сенімен…» деп əлгіні аңдып, бір сүрінгенінде түсірген суреттерін алдына тастайды екен. Қазір Қаратастағы тойдың бəрінің бейнебаянын жасау Сапақтың ғана еншісінде. Жалпы Қаратастың бəлеқоры да, блогері де сол. Тіпті, өзіміз түгілі, көрші облыстың аудандарын да шолып қайтады дейді білетіндер. Ботабай онымен бекер-ақ байланысқан. Бірақ əлгі құмар ойынға басын бір сұққан пендеңнің қайтып сырт айналмағы қиын. Сыбайластары да еркіне жібермейді деседі ғой, – деп қыза түскен алуан қырлы əңгімелерден біраз мəліметті көңіліне түйіп, Ботабайдың мекенжайын, қалта телефонын жазып алған Бұлан үй иелерімен қоштасып, Сапақтікіне бет алды. Іздеген адамы үйінде екен. Сөйлесіп жағдайды пəйіттеген соң бірден: – Он жеті жыл бойы сақтап неғыламын сонша суретті. Өздеріне керегін полицейлер сол кезде алып қойған. Дəл қазір қолымда Иорданға қатысты жұқанада қалмады, – деп аузын қу шөппен сүрте сөйледі. – Сен биді тұтас түсіріп үлгермесең де, экраныңнан біреудің Иорданды ұрып жібергенін байқаған шығарсың, бəлкім. – О, сіз де айтасыз-ау. Дəл сол уақыттағы Қаратастағы ең бай əйелдің баласын, спортшы əрі бұзықтығы да бір есекке жүк болатын Иорданды ұрмақ түгілі, оған батылы жетіп кім саусағын шошайта алар екен?! – Мысалы, Бөрі. – Иə, егер екеуі ілініссе, ол бетпақ қолын бір сілтеуін сілтейді. Бірақ дəл сол биден оны көрмедім. Кейіннен қаланың бір қиырындағы кластасының туған күніне қатысқанын естідім. – Биге келгенін шынымен байқамадың ба? – Келмегеніне куəлік етіп тұрмын емес пе? – Биге қатысқанның біреуі Қаратастағы мықты боксер Ботабай екен. – Ботабай деймісіз. Оны қайдан танисыз? – Таныстығым жоқ. Жолыққан да адамым емес. Бірақ осы іспен жүргенімде сөйлескендердің əңгімесінен естідім. – Ботабай ма, Ботабай, – деген Сапақ ойлана сөзін жалғастырды. – Оның махаббат болып жүрген қызы Фаридамен билегенін көрдім. Видеодағы көрініске де əдемі ілігіпті. Бірақ Иорданға жұдырық сілтегенін байқамадым. Тіпті, оны не үшін ұрады деп ойлайсыз? Егер нақты жағдайды дəлдеп анықтауға шын ниеттенсеңіз, Мариямның сабан ақшасын жұмысқа қоспайсыз ба? – деген Сапақ қулана күлгенсіді. Бұдан арғы сөздің жүйесіздене бастағанын аңғарған Бұлан сыпайы қоштасып, Қаратастан Шуақтыкентке қайтты. * * * Иорданның қазасына байланысты сызылған сызба екеу. Полицияныкінде оның денесінің сахнаға жақын жатқаны нобайланған. Ол тұста адамның басы соғылып өлетіндей ештеңе жоқ. Төңірегі ашық жəне топырлай билегендер ортасындағы Иордан жерге бірден шалқасынан сұлап түскенге дейін, бірнеше билеушіге соқтығысып қ ұ л а ғ а н н а н екпіні басылып барып жығылғанда есінен танып, одан əрі демінің үзіле салуы екі талай. Ал фотоға түсіргенде жасалған сызбада дене сахнаға қарама-қарсы қабырғаға тақау бейнеленген. Міне, осы қабырғалықта билеу шілердің сиректеу болуы əбден мүмкін. Бұл екінші жағдайда ауыр соққы алғанда немесе шалынысқанда бар екпінімен құлаған Иорданның басын цемент жақтауға оңдыр май ұратыны даусыз. Мариямның баламды біреу ұрып өлтірді дегеніне кереғарлық осы. Сондықтан да бұл тұста қылмыс құрамы жоқ, жазым ғана бар деген тергеушінің тұжырымы негізді. Демек, осыған сүйеніп, мұның да Иорданға қатысты əрекетін тоқтатқаны дұрыс, сірə. Бекерден бекер өзі де əуреленіп, Мариям апайды да үміттендіріп сағызша созу түк те пайдасыз іс. Осындай тұжырыммен демалуға жатқанымен, Бұланның көзі ілінбеді. Мариямнан бұрын өз жанының тыныш табуы үшін Ботабайды іздеп, кісі өліміне соқтырған оқыс оқиғадан оның тазалығын анықтауы керек. Əйтпесе ұйқысының осылай шала болғаны-болған. *** Жалдамалы пəтерінде Ботабай жоқ екен. Телефон соқты. Тез байланысқан оған өзінің Қаратастан, Фариданың жөн сілтеуімен келгенін айтқанда Ботабайдың дауысы күшейе естілді. – Сен кімсің? Фариданы қайдан білесің? Ол не үшін танымайтын əлдекімді маған жіберді? – Жолығайық. Мен біреулерді іздеп Қаратасқа барғанмын. Жұмысым тез бітуі үшін, уақыт оздырмай жолықсақ дұрыс болар еді. – Жарайды. Сөзіңе қарағанда менің пəтерімнің маңайында сияқтысың. Сол жерде күт. Қазір жетемін, – деген Ботбайдың үнінен «Мені белгісіз адам не үшін іздейді?» деген күдіктің нышаны байқалмағанын аңғарған Бұланның көңілін бекер-ақ əурелендім бе деген өкініш қобалжытып өтті. Ғырылдай естілген мотор үнінен көбірек жүріске шалынғаны аңғарылатын «Ауди» тоқтады да, одан формасын жоғалтпаған, қара қасты, шүңірек көз жігіт түсіп бұған жанарын қадай сөйледі. – Төркініне тығылған қатыным арқылы тапқан менің іздеушім сен бе? – Иə, мен. Пəтеріңізге кіріп əңгімелесейік. Өзін билеңкірей сөйлеген бейтанысқа сынай қараған Ботабай «Алимент даулауға жұмсаған Фариданың адвокаты емес пе осы? Ол қатын маған құлағына тыныштық берсем, ешқандай алимент те сұрамайтынына, бір тиын да көмегімді қажет етпейтініне уəделесіп зытып еді ғой төркініне» деп іштей түйілді. – Үйге кіріп, бас түйістіріп отыратындай əңгімең ұзақ па? Мына машинаның ішінде-ақ тындырмаймыз ба? Қатынымның жұмсауымен іздегеніңе қарағанда, менің аты-жөніммен, кəсібіммен толық хабардарлығың анық. Ал өзің кімсің? – Кешіріңіз. Менің аты-жөнім – Бұлан Еркеұлы. Жеке детективпін. – Жарайды, – деген Ботабай пəтер есігін ашып, Бұланды ішке өткізді. – Шуақкентшелеп шай-пайға ізетпен емексітіп сыпайысымай-ақ қояйын. Біздің қатынның не сұрайтынынан айта бер. – Фаридаңыз ештеңе сұрамайды. Менің жұмысым мүлде басқа. Ботабай орындығын сықырлата тіктеліп отырды. – Менің сапарым осыдан жиырма жылдай бұрын Қаратастағы Мəдениет үйінде билеген биіңізге қатысты. Енді Ботабай қарсы алдында үстелге қолтығына қысқан папкісін қо йып, өзіне жағын таяна қадала қараған Бұланға назарын тікті. Жиырма жылғы биді еске алғаны несі? Дені сау адамның сұрағы емес қой мұныкі дейтіндей көзінің жымсиғаны. – Жиырма жыл бұрын мен жиырма жаста едім. Бисіз бір күніміз бос өтпейтін ол замандағы қай би есте қалды дейсің? Сонда сені жалдаған қатыным, қай биді анықтау керегін айтпады ма? Əлде бидің тарихын сол біледіге жобалап жіберді ме? – деп ащы жымиды Ботабай. Би туралы сұрағанда, Иорданға қатысты болса, бірден бұзылған рең-басынан сыр аулауды есептеген Бұлан Ботабайдың алаңсыз əрі кекетумен отырғанына қарап, грек баланың оқиғасынан бейхабар ғой мынау деп іштей өз тірлігіне тағы да қынжылып, əңгімесін осы жерден үзе салмаққа иек арта бере: – Жиырма жасыңызда билеген барлық биіңізді емес, соның ішінде ерекше оқиғаға соқтырған биді есіңізге түсірсеңіз, – деді де папкісінен қара түсті бір суретті алып Ботабайға ұсынды. – Суреттегі адамдарды танисыз ба? Егер танысаңыз қай жерде, қай кезде билегеніңіз жəне сол күні қандай оқиғаны бастан кешкеніңіз жадыңызға оралар. Күңгірттеу бейнеге үңілген Ботабай: – Мына біреудің кейпі маған ұқсайтын сияқты. Бірақ дəл өзіммін дей алмаймын. Бұл адамдарды кім фотоға ілсе де оңдырмапты, – деген ол тағы да ащы мырс етіп суретті қайтарды. Бұлан түрлі түспен əдіптелген екінші суретті көрсеткенде Бұланға аңтарыла қараған оның жүзіндегі күлкі табы жоғалып, қату қабақпен тістеніңкірей тіл қатты. – Бұл мен ғой. Əлденеңе қажет болғандықтан, əлгіндегі қара суретті қолдан боятып қайта жасатқансың ба? Сен жалпы кімсің? Нені жұмбақтап басымды қатырмақсың? – Аты-жөнімді айттым əлгінде. Заңгермін. Қаратастық Мариям апа дегенді естуің бар ма? Сол кісі баласы Иорданның қазасына байланысты ашылмаған жұмбақты маған тап сырған. – Ой, Құдай-ай! Тапсырған деп сыпайыламай-ақ ақшаға жалданғанмын десейші. Бағанадан бері мылжыңдағанда білмегің осы ма? Оданда Иорданды кімнің өлтіргенін сұрамайсың ба? Қаратастың көкжалы Бөрі бəрін мойындап түрмеге жайғасты ғой. Абақтыдан босаған да шығар ендігі. Əлде мерзімі бітпеді ме екен? Жалпы əлдеқашан сүйегі қураған Иорданын кімнің өлтіргенін білсе де, жұртты мазалауын қоя алмай алжыған кемпір Қаратастағы бар қазақты баласының көзін құртқандарға балап шаптығып жүр екен ғой əлі. Өзіңмен бірге ертіп келмегеніңе шүкір. Мұнда да біраз бажылдап, миды бекерден-бекер шірітер еді. – Ол кісінің ілесуге денсаулығы жарамады. Екі аяғын басуы қиындап, ауруханада емделуде. Ал Бөрі туралы мен де солай есептеп, Мариям апаның сұранысымен түрмеге барғанмын. Жолықтым.

Басқа дəлелдемелерін айтпағанда, оның бұған қатысы жоқ дейтінім, ол оңқай екен. Өзіне елең ете қараған Ботабайдың қозғалақтағанын тез аңғарған Бұлан оны осы төңіректе тереңдете сөзге тартуға іштей түйілді. – Немене сөз бұл? Оңқай дегенің. – Сенің бокстан қалалық, облыстық жарыстарда чемпион атанғаныңды естігенмін. Демек, боксшы үшін солақай жəне оңқай ұғымы саған ұғынықты. Негізгі соққы сол қолмен жасалса солақай, оң қолмен жасалса оңқай делінбей ме? Əдетте солақай боксшы оңқай боксшыға қолайсыздық тудыратыны белгілі. Мəселен, сен солақайсың. – Оны қалай біле қойдың? Енді Ботабайды үстелге жақындауға ишаралаған Бұлан ортаға манағы түрлі-түсті суретті қойды. – Міне, мына бейнедегі өзіңді таныдың. Енді тұрысыңа назар аудар. Сол қолыңды иегіңнің астына таман көтере, оң қолыңды алға созып, əлдекімнің шабуылынан қорғанбақшы əрекетпен оң жақ тұсыңа қадала қарап қалғансың. Айтқаным дұрыс па? Кімнен қауіп күттің? – Ондағы тұрысымда қандай шатақ бар? Бұл рингтегі боксердің емес, алқын-жұлқын билеген адамның қалыпты бейнесі ғой. – Жоқ, билеген адам қолын кеудесіне тартып қалшия билемейді. Керісінше екі қолын төмен түсіріп немесе жоғары көтеріп бүкіл денесін қозғалтып билейді. Сол күнгі оқиға енді жадыңа қонақтады ма? Қалай болғанын айтшы. – Дұрыс айтасың. Бəрі өзің зуылдатқаныңдай жадымызда жаңғырды. Бидің əбден қызған кезінде біреу қағып жіберген Фарида тізесімен шөкелеп қалды. Мен дереу оны сүйемелдеп түрегелттім де, əлгі есерлене билеген нақұрысты іздедім. Сонша топырдан кімге ен таққандайсың? Менің сол сəттегі қимылым суретшінің экранына ілінген болса керек, – деді даусына сəл қырыл араласа сөйлеген Ботабай. – Одан ары не болды? Кібіртіктемей айтсаңшы. – Не болсын? Кенет би тоқтап, топырласқан қыз-жігіттерден əлдекімнің құлағанын естідім де, аяғын ауырсынған Фариданы сүйемелдей сыртқа шықтым. «Иордан есінен танып жатыр» деді біреу. «Иордан демсіз жатыр» десті тағы біреу. Кенет Жедел жəрдем, полиция келді. Мариям апа да жетті айқайлап. Біз біреудің өлгенін қызықтағандай кідіруге ыңғайсызданып қайтып кеттік. Ал сен мені оңқай, солақай деген долбармен осыдан жиырма жыл бұрынғы оқиғаға қатысқанға айналдырып, қылмыскер етпексің. Сөйтіп грек кемпірдің ақшасын сыпырмақсың, ə! – Қызбаланба. Егер оны сен топшылағандай Бөрі ұрса, ол бірінші күшті соққысын оң қолымен жасайды да, Иордан жастар топырлай билеп жатқан сахна жаққа қарай құлайды. Ал мұнда керісінше оның денесі би алаңының ашықтау тұсында, қабырға жағында жатыр. Демек, оған соққы сол қолмен жасалғандықтан да солай қарап құлаған. Мұқият назар аударсаң, бұл маңда жұдырығың түюлі тұрған солақай боксер өзің ғана. Сен Фариданы тұрғызбағансың. Оң жағыңда билеген жігіттің қызды қағып құлатқанын анық көрдің. Содан бидің жылдамдатылған ырғағымен алаңсыз секіре қимылдаған оны бар ашу-ызаңмен сол қолыңды туралай аямай соғып жібердің де, дереу суреттегіңдей қарсы шабуылға əзірлене қалдың. Иордан құлады деген шуды естігенде өзі де тұрып үлгерген Фариданы сүймелдей топтан жырылып шықтың. Бірақ ұзамадың. Өйткені оның соңыңнан іздеп келуін күттің. Маған сенбесең, мына түрлі-түсті суретіңе назар салшы. Фариданың құлағандағы дауысын естіген Зəмира деген қыз жалт қарағанда, қызыл футболка, аяғында аппақ носки мен қызыл красовкалы сені көрген. Бірақ құлаған қызды сен сүйемелдеді демейді. Егер Иорданды ұрып жібермей, қызыңды тұрғызып жатсаң, соны айтар еді ғой. Оқиға сенің боямалағаныңдай емес, мен баяндағандай болғаны рас қой, – дегенде Ботабай басын шайқап күлді. – Он жеті жыл бұрын өткен оқиғаны дəл көзіңмен көргендей суреттегеніңе таңмын. Бүйтіп адвокатпын əлде із кесушімін деп үй-үйді аралағанша, жазушы болуың керек еді. Сенікінің бəрі бекер сөз. Ол ешқандай соққыдан емес, жазымнан өлді. Бірақ Мариямның айқайының зорлығымен Бөрі ілінді қармаққа. Басымды қатырмай келген жағыңа қайтқаның жөн, – деген Ботабай екеуара əңгіменің аяқталғанын байқата орнынан тұрды. – Мен саған мына суреттің жартысын ғана көрсеттім, қалғанын өзіңнің мойындайтыныңа сеніп. – Сонда жартысы қайда? Оны неменеге тықпыштап отырсың? – Видеошы Сапақ жерлесіңді білесің ғой. – Оның кім тағы? Е, Қаратастағы Сапог па? Жұрт оны Сапақ дейді. Ал мен ылғи Сапог деп жынына тиемін. Айтпақшы, оның бұл іске қандай қатысы бар? – деді тағы да алаңсыз күлген Ботабай. – Қатысы бар ғой. Сол күнгі оқиғаны видеосына түгел таспалапты. Мына суретіңді видеоға тартқан Сапогың қазір сенің өзіне қарызыңды əл-əзір қайтармайтыныңды есептеп, қалған ақшаңды төлеуді қайын жұртыңдағы Фаридаға ескерту үшін күн аралата соғатынын өз аузынан естідім, – деді Бұлан қазіргі жағдайды өз пайдасына қарай бұра сөйлеп. Бірақ Ботабай тағы да бұрынғыша мысқылдай күліп, міз бақпаған қалпын бұзбады. Өзінің дəлелдемекші сөздерін құлағына қыстырмаған оның бұ жолы ашық мойындауынан күдер үзгенде есіне Сапақтың «Мариям апайдың ақшасы сабан ғой. Соны пайдаланбайсыз ба?!» деген ілме сөзі түсті. Демек, Сапақтың қолында Иорданға қатысты жасырып отырған басқа да суреттер бар. Енді сол дəл деректерді видеошыға сұраған қаржысын төлеп сатып алуы, сөйтіп бұл іске нүкте қоюы керек. Яғни, Сапақты Мариямның ақшасына жығып, Ботабайдың мысқыл күлкісін күмəраға айналдырмаққа сенімді бел байлаған із кесуші үстелге жайылған қағаздарын жинастырып жатқанда, Ботабайдың телефоны шырылдап, ол біреумен сөйлесуге кірісті. Портфелін қолтығына қысқан Бұлан үй иесіне «Мен сенімен қоштаспаймын, əзірге сау боп тұр!» деді де сыртқа беттеді. Көшеге шығып, көлігіне отырғанда, сол қолындағы телефонын бұлғай «Тоқта-тоқталап!» өзіне қарай жүгірген Ботабайды көрді. – Үйге жүр. Бəрін өзім айтамын басынан, – деді ентігі басылмай, демін зорға ала сөйлеген Ботабай. Аяқ асты бұл неткен өзгеріс екенін пайымдамай, өзіне сұраулы жүзбен қараған Бұланға: – Ол ит менің қанымды тағы да сормақшы. Түрмеден қорқып оған жалпылдағанша, бəрін мойындап сол абақтыда отырғаным артық. Он жеті жыл Мариям апа қалай боздаса, мына Сапақ ит мені де тура он бес жыл қанымды сорып түгімді қалдырмады, – деген Ботабай Бұланды ертіп үйіне кірген соң əңгімесін жалғастырды. – Бəрінің қалай болғанын тыңда енді. Он жеті жыл деген аз уақыт емес. Егер Сапақ ит болмаса мен тіпті ұмытқандай да едім. Əдейілеп өлтіру үшін ұрғаным жоқ. Егер ол Фариданы қағып жібермесе, қол көтеріп не жыным бар? Бұған дейін ерегіскен де, жауласқан да, тіпті сөзбен де ілініскен емеспіз. Мен мұны қылмысқа емес, халықтың «Жазым болса, быламықтан тіс сынады» дегеніне жорығанмын. Арада үйленіп жұмыс істемекке Əулиеатаға қоныс аудардым. Бала-шағамыздың ортасында Фаридамен бақытты өмір сүріп жаттым. Бір күні үйде оңаша отырғанымда Сапақ келді сумаңдап. Қаратас тың бірді-екілі жаңалығын əңгімелеп отырды да, кенет Иорданды қозғады. Оны біреудің ұрып құлатып, содан басы тасқа соғылып өлгенін, анасының жер-көкті қоймай қылмыскерді іздетіп, бірақ ештеңе таппай, босқа шығынданып жатқанын əңгімеледі. Мен ештеңе білмегенсіп үндемедім. – Ол күнді ұмытсаң есіңе түсірейін. Оны ұрып құлатқан сенсің. Бұған менің айғағым бар, – деп төбемнен жай тастағандай болған оның жағасынан қалай ала түскенімді байқамаппын да. Үстелге басынан тұқырта еңкейтіп: – Не оттайсың оңбаған ит. Сені жұрт жабысқақ деуші еді. Маған да бəлеңмен жабыспақпысың? Сендей бəлеқорды жабысқақша сығып тастаймын, – дедім бетін қайтарып, аузын екінші мəрте ашпайтындай шошытпаққа. Қолымнан жағасын босатып орындығына жайғасқан ол менің алдыма бірнеше суретті лақтыра салды да ұшып тұрып: – Суреттерге əбден анықтап қарағын. Сонан соң иманыңды үйіре бер. Видеоны сол күйінде, ал суреттерді көбейтіп Мариямға да, полицияға да тапсырамын, – деп үйден шыға жөнелді. Түрлі-түске боялған суреттерден Иорданға қол сілтеген өзімді көргенде есімді бірден жинадым да, Сапақтың соңынан жүгірдім. Жеткен бойы жалынып, кешірім сұрап үйге қайта кіргізіп не керегін сұрадым. – Мен енді саған келмеймін. Талабымды тек телефонмен айтамын. Егер мерзімінде орындамасаң, барлық дəлел əлгінде айтқан екі жерге жөнелтіледі, – деді. Оның шарттарына көнбеске амалым жоқ еді. Өйткені баласын өлтіргенді індете іздеп, көзін жоятынын жариялап жүрген Мариямның əрекеті бүкіл облысты кеулеп тұрған. Соның өзінен сырттай үркектейтін мен қанша аласұрсам да мынадай фактімен біреуге мəжбүрлікпен байланғанымды біржола мойындаудан басқа жол таппадым. Содан Сапақ мені телефонмен сауа бастады. Айлығым айлықтай, тапқантаянғаным дүниедей оның обыр аузына құйылып, аранының түбі көрінер болмады. Өлтіргім келген. Бірақ оны өлтірсем де, Иорданды ұрғанымды мойындасам да мекендейтінім сол түрме. Мынау ақша сұрағанын тоқтатар күндердің күнінде деген үмітпен Сапақтың соңынан салпақтаумен он б е с ж ы л ы м өтті. Соның сұ раған ақшасын табу үшін ойынханаға байландым. Ұ т у е м е с , ұ т ы л ы с ы м молайды. Ең соңында оның қойған шартын біржола бітірмекке үйімді сатып, бала-шағаммен далада қаңғырдым. Бірақ ол оқта–текте мазалайтын əдет тауып, соңымнан қалмады. Фаридаға рақмет, соның бəріне көніп үндемеді. Жүйкем тозған мен кейінгі жылдары оған тыныштық таптырмауға айналдым. Ақырында əйелім төркініне кетіп құтылды менен. Егер Иорданмен арадағы оқиғаны бірден мойындағанымда, ендігі түрмеден босайтын да едім-ау деп өкіне ойланамын. – Оқиға қалай болды? – деді Бұлан өз ойын тағы да тиянақтай түсу үшін. –Бəрін көзіңмен көргендей айтып келіп, «Солай болған ба еді?» деп сұрағаның қалай? –Бағана менің дəлелдеріме күле қарап, ештеңені қаперіңе алмай отыр дың. Енді табан астында неге өзгеріп кеттің? – Е, соны айтпаппын ғой. Өзіңіз кетпекке жиналған сəтте телефоным безілдеді емес пе? Қоссам – Сапақ. «Үйіңе детектив барды ма?» дейді. «Иə» дедім. «Жақсылап тыңда. Егер менің архивімдегі Иорданды ұруға қол сілтеген суреттеріңді соның пəпкісіне салсын демесең, бір миллион ақша дайында» дейді. «Ондай қаржы менде жоқ. Онсыз да сенің сұрағаныңды табамын деумен тырдай жалаңаш қалып, отбасыммен де ажырасып тындым емес пе?!» деймін шыр-пырым шыға. «Астыңдағы «Аудийіңді» сат. Содан соң: «Сіздің қолыңызда болып, малыңызды бағамын. Үйіңізден ешқайда кетпестен, бар жұмысыңызды істеймін. Фаридамен қосыламын. Тек тез арада бес жүз мың теңге тауып беріңіздерші» деп қайын атаң мен енеңе жалын. «Аудиің» бес жүзге өтеді, қалған бес жүз мыңды əлгіндей амалмен қайын жұртыңның қолына кірген соң талап етемін. Соған дейін күтемін» дейді міз бақпай. Сапақтың мына аярлығын естігенде жүрегім жарылып кетердей тынысым тарылып, тұншығуымды əзер бастым да, ойланбастан сіздің соңыңыздан жүгірдім. Енді не болады? – деді Ботабай. – Енді не болатынын Мариям апаңнан естисің. Қаратасқа барамыз. Ол кісінің сондағы ауруханада жатқанын айтқанмын өзіңе, – деген із кесушіге ілескен Ботабай соңғы жылдары аяғы сирек тиетін, өзіне де беймəлім түйсікпен қарадай үркіңкіреп жүретін туған қаласына бет алды. * * * Күн сайын сағатын санап жолын тосқан адамының табалдырық аттағанын көзі шалған Мариям сұлық жатқан төсегінен басын көтеріп, оның амандасуға созған қолын босатпай жүзіне қатулана қарады. – Мен балаңызға жұдырық жұмсаған, яғни ұрып құлатқан адамды таптым. Он жеті жыл күткен мына суыт хабар құлағына тиісімен арқасын жастыққа сүйей тіктелген күйі Бұланға тағы да шаншыла қадалған Мариямның қырыл араласқан зəрдей үні естілді. – Қайтіп? Қалай іздеп, қайдан таптың? Тапқан адамың Иорданымды ұрғанын шынымен мойындады ма? Əлде бұдан он жеті жыл бұрынғы қылмыс үшін жауапқа тартылмайтынына, өзіңнің құтқаратыныңа сендірген біреуді өлмелі кемпір, менің ақшамды алдап алуға екеуара келісіп əкелдің бе?! Мына күтпеген сұмдық жалалы сұрақтардан із кесушінің тұла бойын əттегенайға толы у татыған запырандай ащы өкініш қысты. – Сізді обалсынып бекер-ақ шабылыппын. Байлығыңызды тыққан жеріңізден шығармаңыз. Ол адамды да, мені де енді көрмейсіз, – деп Мариямның əлі жібермей ұстаған екі алақанының арасынан қолын сілки босатқан Бұлан жалт бұрылып есікке беттегенде, кемпірдің жалынышты дауысы естілді. – Ойбай-ау! Ақымақ басым-ау! Енді қайттім? Айналайын, балам! Кешіре гөр мендей жылаудан жанары жабылуға, аяғы жүрмеуге, есінен айырылуға айналған кəрі қақпасты. Құйқасын шымырлатқан қасіретті үннен еріксіз кідірген Бұлан кейін бұрылды. Із кесушінің бұрылғанын байқасымен Мариям тағы да жаны ышқына: – Көрсетші маған қылмысын он жеті жылдан кейін мойындаған қашқын кəззапты, – деді үні қырылдай естіліп. – Жарайды. Кіргіземін ішке. Көзіңізбен көріңіз. Содан соңғы сөзді тергеуші мен сот айтар, – деген Бұлан есікті ашты. Ішке көзі шүңіректеу, келбетті жігіт кірді. – Тоқта сол жерге! Қозғалма! Сұрағыма ғана жауап бер. Иорданымды аңдаусызда ұрып құлатқаның рас па?! – деп жастығының астын сипалай денесін тіктеген Мариямға қараған Ботабайдың «Рас!» дегені сол, кенет кемпірдің қолында алмастай жарқ еткен пышақ есік көзінде тұрған бұған қарай сілтенді. Назарын Мариямның қимылынан аудармаған Ботабай басын бір жағына əзер бұрып үлгерген еді. Зу еткен күйі есікке кірш ете қадалып, жерге түспей діріл қаққан пышақтың зыңылына ілесе кенеттен Мариямның күңірене өкінген зілмəуір айқайы естілді. – Ажалсыз екенсің. Он жеті жыл бойы жылай-жылай екі шырағым сөніп қалғанша Иорданымды өлтірген ит табылса деп, көзіне пышақ қадап, оны да өзімдей соқырға айналдырып үнін біржола өшіруге үлгерсем деп Жаратқанға жалбарына армандадым. Он жеті жыл қолымнан пышақ түспеді, жастығымның астында күні бүгінге дейін пышақ жатты. Осылай дайындалған мен көзіңді ойып алып, сотқа дейін-ақ жазаға өзім тартпақшы едім. Япыр-ай! Ажалы жоққа, амалың да жоқ екен ғой, – деген ол аз-кем тыныстап, сөзін жалғастырды. – Айналайын Бұлан! Саған айтарым, мен бұған кешірімімді бердім. Адамның ажалына себепші болып жасырынып жүрген пенденің де көрген күні күн емес. Он жеті жыл өзін-өзі жазалағаны да жетер. Егер полиция ұзақ жыл жасырынған қылмыскердің табылғанын сүйіншілеп аттана шапса, өзің қорғағын. Ол сенің қолыңнан келеді. Ал саған өле-өлгенше алғысымды жаудырумен өтемін. О дүниедегі Иорданым он жеті жыл тынбай ажалының иесін іздеген анасы мен бейбаққа да, оны тапқан өзіңе де риза шығар, – деп көңілінің түкпірінде берішке айналған кесек-кесек түйіндердің тарқатылғанын аңғарта сөйлеген Мариям төсегіне жатты да, екі қолын кеудесіне айқастыра қимылдамай, үнсіз мүлгіді.

Бағдат ҚАЛАУБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң...

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...