12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КҮЛ АСТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң ата Қазына ауылының үстін қалың тұман басты. Ауадағы иіс – түтін мен дымқыл топырақтың аралас иісі. Бұл кезде ешкім көшеде ұзақ жүргісі келмейтін. Ертерек тұрған Сəрсенкүл сиыр саууға далаға шыққанда, көрші Тұрысбайдың иесіз қалған үйінен түтін шығып жатқанын байқап қалды. «Мынау түтін бе, басқа ма? Көзіне сенбей, біраз тұрып қалды. Үйдің мұржасынан жіңішке көкшіл түтін бұрқырап көкке көтеріле берді. – Бұл үйге біреу кірген бе? – деп күбірледі ол. Тұрысбай шал осыдан екі ай бұрын қайтыс болған еді. Ол үйде жалғыз өзі ғана тұратын. Туыстары, балалары не əйелі жоқ еді. Содан бері үй бос тұрған. Есігі құлыптаулы, терезелерін мал, не ойнаған балалар сындырып кетпесін деп тақтай қағып тастаған еді көршілері. Енді сол үйдің мұржасынан түтін шыққаны… Біртүрлі түсініксіздеу… Ол дереу учаскелік полиция өкілі Шəріпке хабарласып, болған жəйтті жеткізді. Аудан орталығынан алыс орналасқан бұл ауылға келудің өзі біраз уақыт алатын. Қатты жүрсе керек жарты сағат өтпей Шəріп те жетіп, Тұрысбайдың үйі алдына тоқтады. Ол алдымен үйдің ауласын шолып шықты. Үй есігі ашық. Құлып бұзылған. Ескі ағаш есік желмен ашылып жабылып сықыр-сықыр етеді. Сыртта жан баласы көрінбегесін ол үйге кірді. Үй салқын, бірақ пеш ыстық екен. Пештің айналасы күл, ал пештен күйген иіс мүңкіп тұр. Шəріп қол шамын жақты да, пешке үңілді. Əуелі көмір сияқты көрінген нəрсені көзі шалды да, дереу қолғап киіп, темір қысқышпен күлді түртіп қарай бастады. Сол кезде темір қысқыш күл арасынан бір нəрсені іліп алып шықты. «Тас па екен?» – деп ойлап, қолымен түртті де, əлгіні үрлеп жібергенде… Шошып кетіп, бойын тіктеді. Көзі шарасынан шықты. Бұл – адам саусағы еді. Дереу аудандық полиция бөліміне хабарласып жедел тергеу тобын сұратты. Облыстық ПД-нің басшылары қылмыстың ауырлық дəрежесіне қарай жəне резонансты іс болғандықтан, бұған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші полковник Қайсенов Абылайды арнайы жіберуге шешім қабылдады. 42 жастағы Қайсенов Абылай отбасылы, полиция академиясын үздік бітірген, бойы сұңғақ, көзі өткір, адам байқамайтын кішкене детальдарға мəн беретін, тік мінезді, өз ісінің маманы еді. Алайда оның бір аптадан кейін демалысқа шығатыны, Астана қаласында тұратын əке-шешесіне бармақшы екені жайлы басшылар білгенмен, бұл істі басқа тергеушіге сеніп тапсырудың өзі қиын, мұндай күрделі істі ашу тек тəжірибелі маманның ғана қолынан келері белгілі еді. Қызметтік телефон шырылдады. – Қайсенов Абылай тыңдап тұр! – Қайсенов, маған жолығып кетші, саған тапсырма бар – деді облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Əділжан Баймұратов. – Құп болады! – деп Абылай дереу қызметтік кітапшасын ала басшы кабинетіне беттегенде «Осы күл арасынан табылған саусақ үшін шақырып жатқан секілді. Менің келесі аптада еңбек демалысына шығуым керек екенін білетін еді ғой…» – деген ойда еді. Сəлден соң ол Əділжан Баймұратов кабинетінің есігін қақты. – Кіріңіз. Абылай… жақынырақ отыр! – Тыңдап тұрмын! – Абылай! Сенің келесі аптада еңбек демалысына шығуың керек екенін білемін. Алайда оны кейінге қалдыруға тура келер. Қазына ауылында пештегі, күл арасынан саусақ та былып жатыр. Осы істі ақырына дейін жеткізіп барып еңбек демалысына шығуға қалай қарайсыз? Абылай əке-шешесін көруге асыққан болатын, алайда басшылықтың өзіне сенім артқаны оны жігерлендіріп: – Құп болады! Іске қатысты түпкілікті шешім қабылдаған соң, сізге баяндаймын, – деп бөлмеден шығып кетті. Ол іссапарға шыққан ауыл да, ол ауыл қарайтын аудан орталығы да облыс орталығына алыс емес болатын. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде жедел тергеу тобының автокөлігі Қазына ауылындағы оқиға орнына жетті. Болған жəйтті Шəріп баяндап болысымен Абылайдың бұйрығымен Тұрысбайдың үй ауласы лентамен толық қоршалды, өзі оқиға орнын қарап тексеруді бастап кетті. Үй ауласынан тергеу қызығушылығын тудыратын дəлелдемелер таппаған соң, ол үй ішіне кірді. Үй асүйді қосқанда екі бөлмелі, орындық пен үстел, көне жиһаз бен көне пеш. Тек адамның аяқ іздері бар, заттар шашылмаған, барлығы өз орнында. Үй ішінде төбелестің де белгісі жоқ, қан немесе өзге белгілер байқалмайды. Пеш айналасы шашылған күл. Бəлкім учаскелік полиция қызметкерінің пешті қарауынан кейінгі салдар шығар. Ол пештің ішін қарай бастады. Қабырғалары ыстық, мұндай ыстық тек көмір жаққан кезде ғана болады, ал ағаштан бұндай қызу шықпайды жəне пеш осыншама уақыт қызып тұрмайды. Яғни, біреу əдейі от жаққан сияқты. Көмір қайдан келген? Не үшін от жаққан? Неге осы үйде? Сұрақ көп… Пештен біртүрлі иіс шығады, Абылай бұл иіспен бұрын да кезіккен еді. Иə, бұл күйген сүйектің иісі болатын. Ол бұл иісті еш нəрсемен шатастырмас, мұны тек мəйіттермен жұмыс жасаған адамдар ғана түсінеді. Сүйектің өзіндік, тек өзіне ғана тəн иісі болады. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Пеш ішінде толық өртеніп біткеннен кейінгі күл ғана қалған. Күлдің арасында сақинасы бар сұқ саусақ жатыр. Саусақ шамамен 8-10 см, от сақина болған соң саусақты толық өртей алмаған. Шамасы күл астында қалып от толық тимей қалды-ау. Буындары мен тырнақ қалдығы байқалады. Саусаққа қарап, адам денесі ірі екенін болжауға болады. Бірақ адам өртелсе бұл жерде күл көп болушы еді. Дереу саусақты алып, дактилоскопиялық іздер алып, ары қарай медициналық сараптамаға жіберді. Үй ішінде басқа ешнəрсе жоқ. С о л к ү н і кешке ауыл іші гу ете қалды. Əркім əртүрлі болжам айтып жатты: – Данияр жоғалған еді ғой, соны өлтіріп пешке жаққан шығар… – Мына жақта баяғыда бір қаңғыбас жүретін, сол шығар… – Жын-пері болмағай… Абылай оқиға орнынан оралған соң, аудандық полиция бөліміне хабарласып, ауылда із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар туралы деректерге сұрау салды. Арада жарты сағат өткенде алғашқы мəлімет келді. Екі апта бұрын Қосмұрынов Данияр есімді ауыл тұрғынының жоғалып кеткені тіркелген екен. Бұл екі бөлек іс болғанымен, бір адамға қатысты секілді. Дереу саусақтың Даниярға тиесілі ме, жоқ па екенін анықтау үшін ДНК сараптамасына жіберілді. Данияр – отыз сегіз жаста, жалғызбасты, ауданға жақын тұстағы шахтада жұмыс істейтін, жұмысынан ешқашан қалмайтын, көп сөйлемейтін тұйық, тəртіпті, бірақ көпшілікпен араласа бермейтін жігіттердің бірі болатын. Шешесі ерте қайтқан, ал əкесінің бұларды тастап қалаға кетіп қалғанына жиырма жылдан астам уақыт өткен. Туған-туысы жоқтың қасы. Ауыл тұрғыны Айжан Шөкеева деген əйел оның жоғалғанын алғаш байқаған. Бұған бастапқыда ешкім мəн бермей, «Қалаға кеткен шығар», «Жұмыспен жүр» дегендей сөздер айтылып жүрді. Тек үш күн өткен соң ғана, оның телефоны сөнгені, ешкімге хабарласпағаны, тіпті банк картасынан да ешқандай əрекет болмағаны жайлы жедел уəкілдің баянаты тіркелген. Оны қайтып келер деген оймен қылмыстық істі дұрыс тергемеген екен. Абылай тергеуді алдымен Даниярдың үйін қарап, тексеруден бастау керек деп солай қарай бет алды. Көне үй. Қабырғалардан сыз сезіледі. Ішке кіргенде оның бірден аңғарғаны – заттар орнында, ұрлық болмаған. Ас үй үстелінде су құюлы шəйнек, тоңазытқышта қуырылған тауық тұр. Төргі бөлме есігінен коридорға шығар есікке дейін іздер байқалады – бұл жерден асығыс кеткен адам болмағаны байқалады. Бірақ ең таңғаларлығы – жатын бөлмеде үстелдің үстінде қара сиялы қаламсап жатты. Бояуы үстел үстіне жұққан, жазылғаны анық, бірақ қағаз жоқ. Ол кереует маңынан қоқыс салған пакет тауып алды. Ішінде умаждалған парақ жатыр екен. Парақты ашып қарай бастағанда қара сиямен жазылған: «56 240.19» деген сандарды оқыды. Абылай терең дем алды. Бұл сандар нені білдіреді? Біреуге қарыз ақшаның сомасы ма? Əлде басқа ма? Бұл сандар – мəселенің түп тамырына сілтеме сияқты. Осы жазудан бастап тергеу мүлде басқа бағытта өрбіді. Оның нақты Даниярдың қолтаңбасы екенін анықтау үшін қолтаңба сараптама тағайындауға жіберілді. Келесі күні оқиға жайлы Айжаннан қайта жауап алу үшін Абылай Қазына ауылына барды. Айжанның үйіне келгенде есік алдындағы скамейкада отыздың жуан ортасындағы əйелдің инемен ер адамның киімін жамап отырғанын көрді. Абылай Айжанның бойдақ, қарапайым жан екенін істен оқыған. Ойға келген күдікті ысыра ол: – Саламатсыз ба, Айжан апай! Мен тергеуші Қайсенов Абылаймын. Жоғалып кеткен Данияр жайлы қосымша сұрақтар қоюға келіп едім, – деді танысуын бастап. – А-а-а, иə, кел отыр. Бірақ бар білетінімді бұрын айттым ғой, басқа қосарым жоқ, – деді Айжан. – Сіз Даниярдың біреумен төбелескенін, жанжалдасқанын, əлде қарыз болғанын, болмаса мінез-құлқында өзгерістер болғанын байқадыңыз ба? – Мен өз үйімнің тіршілігімен жүремін, біреудің үйін бақылап нем бар? Тек Данияр үйінде жоқ екенін біраз уақыт өткесін, малды өріске, жоғары тау бөктеріне шығарып жатқанда ғана байқадым. – Басқа ешқандай күмəнді зат байқамадыңыз ба? – Ауыл əйелдерінің əңгімесінен оның Ғалымжанмен қатты дауласып қалғаны жайлы естідім. Бəлкім, өсек болар. Өзім көрген емеспін. – Қай Ғалымжанды айтып отырсыз жəне оны неге енді айтып отырсыз? – Ол əңгімені естігенім кеше ғана, пеш ішінен табылған саусақтан соң, ал, Ғалымжан дегеніміз Назаров қой. Басқа сұрағың болмаса мен тіршілігіме оралайын. – Иə, рақмет, қосымша сұрақтарым болса қайта келермін. Осы сəтте Абылайдың ұялы телефонына хабарлама келіп түсті. Онда ауыл тұрғындары айтып жүрген қаңғыбастың полиция бөліміне жеткізілгені айтылыпты. Абылай дереу қалаға бет алды. Бөлімге жетісімен қаңғыбасты шақыртты. Қаңғыбас Рашид Омаров деген 1965 жылы туған, бойдақ, тұрғылықты мекенжайы жоқ, əбден тағдырдың тауқыметіне түсіп қажыған адам екен. Жауап алу барысында оның тек азанда бөтелке теретіні, кешке араққа тойып ішетіні белгілі болды. Бұл біреудің саусағын кесіп алмақ түгіл, өзін əрең көтеріп жүрген адам, яғни, бұл емес деген ойға келді Абылай. Енді кезек Ғалымжанға келді. Ғалымжан – ауылдағы жалғыз дəнекерлеуші, төрт баланың əкесі, жұртқа ашық көрінгенімен, Даниярмен аралары жақсы еместігін ел айтып отыр. Абылай оны учаскеге шақыртты. Ескі болғанмен жағдайы жақсы «Москвич» көлігімен келген Ғалымжан ештеңеден бейхабар кейіпте. Таза киінген, сақал-мұрты алынған, көзі өткір. – Ғалымжан мырза, отырыңыз! Сізден Данияр жайлы сұрайын деп едім. Соңғы рет оны қашан көрдіңіз? – Екі апта бұрын. Көшеде кездесіп қалып, амандастық. Сол күні жұмыста едім. Асығыс болғасын əңгімелесуге уақыт болмады. – Айжан ханым сіздерді бірде сөзге келіп қалды, – деді. – Не болды? Ғалымжан сəл жымиды: – Иə, рас. Жəй ғана түсініспеушілік. Үйімнің жанынан шелекпен су тасып жүр екен. Азырақ тасы, суымды тауысарсың, – деп қалжыңдап едім, ренжіп, күңкілдеп, иығымнан итеріп, кетіп қалды. – Қолыңыздағы жарақат ізін байқадым. Оны қай уақытта алдыңыз? Ғалымжан сəл іркілді: – Иə…Шеберханада темір қиып жатып кесіп алдым. Сол мезетте ауыл ауруханасына барып көріндім. Бəрі тіркеуде тұр. – Түсінікті… Қосымша сұрақ болса өзім хабарласамын, ал қазір боссыз. Ғалымжанды шығарып салды. Ғалымжанның бір нəрсені айтпай, жасырып қалғаны анық. Оны анықтау тағы бір бөлек жұмыс болды. Абылай өзінің қойын дəптерін ашып жаза бастады. Тергеушінің басты қаруы уақытылы дұрыс шешім қабылдай білу. Сол себепті іс бойынша фигуранттарды тізе бастады. Сəрсенкүл – марқұм Тұрысбайдың үйінен түтін шыққаны жайлы хабарлаған. Айжан – көрші, Даниярдың жоғалып кеткенін бірінші байқаған. Ғалымжан – Даниярмен жанжалдасып қалған. Рашид – ауылдың маскүнемі, қаңғыбас. Тұрысбайдың үйі – неге кенеттен дəл соның үйінде от жағылған? Дəптерге жаза салысымен, Абылайдың ойында бірнеше сатылы жоспар құрылды. Сол күннің кешінде-ақ тағайындалған сараптамалар қорытындысы келді.

ДНК сараптама қорытындысы бойынша пеш ішінен табылған саусақ Даниярға тиесілі екенін, алайда күлдің арасында ешқандай адамның іш құрылысы немесе адам денесінің молекулаларының жоқ екені расталды. Дактилоскопиялық сараптама да саусақ іздерінің Даниярға тиесілі екенін растады. Қолтаңба сараптамасы хаттағы жазу Даниярға тиесілі екені жайлы тұжырымдама берген. Демек өртенген саусақ Даниярға тиесілі болса, онда дене қайда? Ол тірі ме, жоқ па, ол да белгісіз. Дəлелдемелерге байланысты іс-түссіз жоғалу дерегі мен кесілген саусақ дерегін бір қылмыстық іске біріктіріп тергеуге шешім қабылдады. Абылай өзінің ішкі түйсігіне сенетін. Бұл түйсігі оған: «Бұл жай ғана өрт емес. Біреу ізді жасырып жатыр…» – деп тұрғандай еді, Ол тергеудің келесі сатысына өту үшін Ғалымжанның шеберханасына барды. Шеберхана іші тап-тұйнақтай болғанымен, оның назарын пештің алдындағы қара күйе аударды жəне күйік иісі қатты сезілді. Пештің ауқымы үлкен. Бəлкім шеберхана болған соң, əдейілеп үлкен қылып салған болуы мүмкін. Пештің ішкі бетінен түрі өзгешелеу ыс байқалды. Абылай дереу сараптама тағайындау үшін, сүртінді алды. – Пеш жақпайсың ба? – Кейде от жағам… Бірақ қазір көп қолданбаймын… Бұған оның теріс қарап тұрып сөйлегені ұнамады. Шеберхананың ішін қарап шықты, алайда қызығушылық танытатын ештеңе таппады. Абылайдың ойындағы басты сұрақ «Данияр тірі ме?» – деген еді. «Қанша дəлел болса да, ақиқат бір-ақ жерде жатады – адамдардың жүрегінде жəне сол жүректің тылсым тереңінде…» Данияр жоғалған түн – ауыл үшін бейбіт, жай түн болған сияқты. Алайда Абылай егжей-тегжейін тергей келе сол түні қараңғылық астарында талай сыр жатқанын анықтай бастады. Абылайдың ойында полиция академиясында жиі айтылатын «Идеалды қылмыс болмайды, тек идеалды емес тергеушілер болады» – деген нақыл сөз қалып қойған еді. Бұл қылмыс идеал тергеушіні талап ететінін түсінген ол екі есе қарқынмен жұмысқа кірісті. Абылай ең алдымен ауыл тұрғындарынан, көршілерден сұрастыру жұмыстарын жүргізе бастады. Алдымен зейнеткер – Оразбай ақсақалға барды. Себебі оның ауылдағы барлық жаңалықты естіп, көріп-біліп отыратынын естіген болатын. – Ассаламағалейкум, ақсақал! Жоғалып кеткен Данияр жайлы сұрастыра келіп едім. Ауыл кішкентай ғой, білген-көргеніңіз болса? – Иə, балам… Осыдан екі апта бұрын түнде құдды біреу айқайлап жатқандай болды. Терезеден қарасам, қараңғыда біреу үйдің артына қарай жүгіріп бара жатыр екен. – Таныдыңыз ба? – Жоқ. Анық көрінбеді. Бұзақылар шығар деп бөлмеден шыққан жоқпын. Абылай осыдан кейін келесі көшедегі Данияр үйінің сырт жағындағы көршісі Дина есімді жалғызбасты əйелдің үйіне барды. – Сəлеметсіз бе Дина ханым! Мен Данияр жайлы сұрауға келіп едім? Соңғы рет қашан көрдіңіз? – Саламатсың ба, балам! Даниярды көрмегеніме біраз болды. Екі апта бұрын түнгі 02:00 шамасында біреу аула жақтан тарс еткізіп қақпамды жапты. Шам жағып үлгермей қалдым. Бірақ Даниярдың үйі жағынан кетіп бара жатқан біреудің көлеңкесін көрдім. Қолында бір зат бар сияқты болды… Сіз бұл адамды таныдыңыз ба? – Жоқ… Бірақ, жүрісі таныс көрінді… Бірақ кім екенін айта алмаймын… Абылай терең ойға батты. Оқиға куəгерлерінің бəрі бір бағытты меңзеп тұр. Бірақ олардың айтуымен ғана біреуді кінəлау мүмкін емес. Сол түні Даниярдың не үшін сыртқа шыққаны, не істегені, не көргені жұмбақ болып қала берді. Бірақ енді сол түннің пердесін ашатын бір ғана жол бар еді, ол – Даниярдың телефоны болатын. Иə, ол табылса, бəрі белгілі болар еді. Абылай тергеуді тереңдете түсті. Ол Даниярдың телефонын табу үшін операторлармен байланысып, соңғы сигнал берген орынды анықтауға тырысты. Байланыс орталығы бір сағат ішінде жауап берді: Даниярдың ұялы телефоны соңғы рет ол жоғалған түнгі 2:17-де белсенді болған. Орны – ауыл шетіндегі ескі диірмен маңы. Абылай сол жаққа қарай жол тартты. Ескі диірмен – ауыл балаларының қорқатын орны. Иесіз жер. Қарағайлардың арасында бұғып тұрған көне ғимарат. Ішінде жартылай құлаған баспалдақтар, тозған қабырғалар. Көп уақыт алса да, іздеу кезінде сол жерден, шөптің арасынан шаң басқан ұялы телефон табылды. Телефон жартылай жарамды, экранда жарық жоқ. Абылай оны техникалық сараптамаға жіберді. Бір күннен соң сараптама қорытындысы келді. Телефон жадында бірнеше дыбыс жазбалары бар екені анықталды. Абылай оларды тыңдай бастады. Бірінші жазба жай ғана күнделікті дыбыстар: Данияр шəй құйып жатыр, сірə, кешкі уақыт. Бірақ, екінші жазба бəрін… бүкіл ойды төңкеріп жіберді. – Сен не істедің, Ғалымжан?! Бұл не сұмдық?! – Данияр, тыныш бол! Ешкім білмейді. Бұл сенің де мүддеңе сай. – Жоқ, мен полицияға барам. Бұл адам өлімі! – Онда… кешір… Одан кейін – шуыл, алыс-жұлыс, ыдыс-аяқ сылдыры, ауыр тыныс алу, артынан тып-тыныш үнсіздік… Абылай жүрегі суып, басын көтерді. Бұл жазба – дəлел. Жазбадағы екі дауыстың бірі Даниярдікі екені күмəнсіз. Екіншісі – Ғалымжанның дауысы. Егер жазбада Данияр адам өлімі деп Ғалымжанды кінəлі етсе, өлген адам кім? Бұл іс бара-бара шым-шытырық қиынға тартып барады. Түсініксіз. Тергеу барысында Даниярды өлтірген Ғалымжан ба десек, мына жазба барлығын өзгертетін сияқты ғой. Апырай ə! Енді не істейміз? Бұл – қасақана кісі өлтіру ісі екені анық. Бірақ кімге қарсы? Тағы жұмбақ. Телефондағы жазбалар – шын дыққа жол ашатын есік болды. Бірақ біреуді айыптауға əлі ерте… Д а н и я р д ы ң телефонынан табылған жазбадан кейін Абылай полиция бөлімшесіне шұғыл бұйрық беріп, Ғалымжанды тұтқындауға шешім қабылдады. Оған қатысты – адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс бойынша күдікті екені түсіндірілді. Ол шеберханада жұмыс істеп жатқан жерінен ұсталды, қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ көзі тік, түрі сабырлы еді. Полиция бөлімінде жауап алу басталды. Абылай алдымен бейтарап сұрақтар қойды. Содан кейін Даниярдың телефоны туралы айтты. – Біз Даниярдың телефонын таптық, Ғалымжан. Онда сен екеуіңнің сөйлескендерің жазылған. Өте анық… Жазбаны тыңдаған Ғалымжан сəл үнсіз қалды. Содан соң мырс етіп күлді. – Мен сендерге ештеңе айта алмаймын. Басқа айтар жауабым жоқ. Түрмеге жабам десеңдер жабыңдар, бірақ сендер соңында қатты таң қаласыңдар… Бұдан соң ол бір ауыз тіл қатпады. * * * Ғалымжан қамақта. Тергеу жалғасып жатыр. Бірақ басты мəселе – Даниярдың денесі табылған жоқ, ал, пештен шыққан саусақ қана нақты айғақ. Бұл жеткіліксіз. Абылай пеш ішінен алынған саусақ пен Ғалымжанның үйінің пешінен қырып алынған күйік қалдықтарын сараптамаға жіберіп қойған еді. Бір апта өткенде сараптама қорытындысы келді. Басты жаңалық – Ғалымжанның пешінен алынған қалдық адамға тиесілі. Бірақ ол Даниярға тиесілі қалдықтар емес. Адам шамамен екі күн жоғары температурада жанған. Сол себепті адам толықтай өртеніп кеткен. Даниярдың саусағы мен белгісіз адамның ДНКсы басқа. Абылай сараптама қорытындысын оқып отырып, таң қалып, іс бо йынша сұрақтарды ойша тізе бастады. Бұл қылмыста нақты қанша адам өлген? Саусақ Даниярға тиесілі болса, мəйіт қайда? Өртеніп кеткен белгісіз адам кім? Ғалымжан не жасырды? 56 240.19 саны нені білдіреді? Сұрақтар өте көп болғанымен, жауап мүлде жоқ. Ауыл тұрғындары бір-біріне ренжісе болды саусақ кесіп, пешке өртей сала ма? Тəрбие, əдеп, иман қайда адамдарда? Тек қылмысын жасыру үшін осындай əрекетке бара ма? – деп қатты ойға кетті Абылай. Техникалық сарапшылар Даниярдың ұялы телефонынан өшірілген фотоларды қайта орнына келтіріпті. Ол диірмен маңында түсірілген екен. Фото бұлдыр болғанымен, адам жоқ. Құдды бір абайсызда түсірілген фото секілді. Тек онда үш адамның көлеңкесі көрінеді… Бірі – бойы аласа, бірі – орташа, үшіншісі – ұзындау. Бұл үш көлеңкенің біреуі Даниярдікі, біреуі Ғалымжан болар. Ал үшіншісі – белгісіз адам. Абылай бұл суретті үлкейтіп, кəсіби фототехникалық сарапшыларға берді. Олар көлеңкелердің ұзындығы мен орналасуына қарап келесі тұжырымға келді: «Фото диірменге жақын маңда, шамамен таңғы 6:00-де түсірілген. Сол жақтан бастап санағанда бірінші көлеңке иесі – бойы 167 см, екіншісі – 175-180 см, үшінші көлеңке иесі – бойы 185 см-ден жоғары, денелі адам». Демек, үшінші адам бұл Ғалымжанның пешінде өлген адам. Абылай ауыл маңындағы ірі денелі ер адамдар тізімін қарап шықты. Солардың ішінде күдік тудыратын бір ғана адам болды, ол – Қанат Жүнісов, бұрынғы учаскелік полиция өкілі, қазір жеке мал шаруашылығымен айналысады. Бұл кездейсоқтық па? Дереу Ғалымжан жайлы сұрау салдырғаны сол еді, учаскелік полиция қызметкерінен Қанаттың туысқандары іс-түзсіз кету дерегі бойынша арыз жазып жатқанын хабарлады. Енді түсінікті болды фотодағы үшінші адам осы болды ғой. Нақтылау үшін ДНК сараптамасына Ғалымжанның пешінен табылған күйік пен Қанаттың жеке заттары берілді. Шамамен 15 күн ішінде жауабы келді. Күмəн сейілді. Белгісіз өртеніп кеткен адам қалдығы Қанатқа тиесілі болып шықты. Туысқандарына адам денесін емес, тек 2-3 кг болатын күлді беру үйреншікті жағдай емес. Қанаттың туыстары да бұны алғаш естігенде түрлері бозарып, есеңгірегендей халде болды. Мəселенің бірі шешілді. Белгісіз мəйіт Қанатқа тиесілі. Алайда Ғалымжан бұл бойынша өз кінəсін мүлде мойындамай отыр. Не сөйлеспейді, не жауап бермейді. Келесі мəселе – Данияр қайда? Мүмкін оны да Ғалымжан өлтірген шығар. Адамды өртегеннен не сұрайсың, адам өлтіру шыбын өлтіргенмен тең ғой бұған. Сөйтіп ойланып отырғанда түн ортасы болғанын да байқамай қалыпты, асығыс үйіне қайтты. Алдынан жұбайы Айша күтіп алды. Ол қалалық ауруханада дəрігер болып қызмет атқаратын. – Айша, амансыңдар ма? Балалар не істеп жатыр? – Аманбыз, Медғат пен Қасым демалып жатыр. Ал Еркеназ əкем келген соң жатамын деп сені күтіп отыр. Бұл сөзден кейін жүрегі елжіреген Абылай, ортаңғы бөлмеде күтіп отырған қызына барып – Күнім-ау! Ұйықтамадың ба, менің кеш келетінімді білесің ғой. – Əке, мен тоғызыншы сыныпты бітірейін деп жатырмын ғой. Соңғы қоңырауға өзіңнің келгеніңді қалаймын. Келесің бе? Бұл сөзден кейін əке жүрегінің соғысы жиіледі. «Əрине, қызым», – дей беріп еді, ол қуана құшақтады да, бөлмесіне қарай кетті. Тамақтанып болған соң сəл миды тынықтыру үшін Абылай диванға жайғасып, теледидар қосып, бірер минуттан соң ұйықтап кетіпті. Бір кезде Айшаның «Демалсаңшы» – деген сөздерінен оянып кетті. Теледидарды өшіріп жатын бөлмеге бармақ еді, теледидар экранынан жүгіртпе жол көрінді. Бір сандар берілуде. Үңіліп қараса «платина — 32.324,00, алюминий – 12 363,25, никель – 75016,9, паллади – 5056,50, цинк – 10645,13, алтын – 56 240,19. Мұны көрген сəтте Абылай санасында найзағай ойнағандай болды. «Өңім бе, түсім бе?! Енді тапжылмастан қайта-қайта жаңалықтардың астындағы жарнаманы қарауға көшті. «Иə, шынымен 56 240.19. Шынымен 56 240.19. Бұл сонда алтынның бағасы болғаны ма? Даниярдың үйінде табылған қағазда алтынның бағасы жазылған ба? Енді мұны көрген соң ұйқы қайдан болсын». Абылай ой үстінде, таң атқанша көз ілмеді. Ертеңіне 08:30-да жұмысқа келісімен, керекті қағаздарын реттеп, қамақта отырған Ғалымжанға кіруді жөн көрді. Уақытша ұстау абақтысы болғанымен, бұл жер талай адамды ойынан айнытқан болатын. Темір тор, тамақ мезгілімен, бас бостандығың өз еркіңде емес, тек төрт қабырға… Əрине, ойландырады. …Ғалымжанды полиция қызметкері алып келді. – Иə, Ғалымжан, жайғас, бері отыр. Сенің менімен сөйлескің келмейтінін білемін, бірақ саған бір қызық оқиға айтайын ба? Тыңдағың келе ме…Мен алтын жайлы білемін… Ол əдейі орнынан тұрып, шығуға беттеді. Ғалымжанның түрі бұзылып кетті. Абылай мұны сезіп, артына қарамастан кете берді. Бірақ Ғалымжанның алтын деген кезінде көзінің жанары үлкейіп, сасқалақтап қалғанын, психологиялық шабуылдың сəтті болғанын сезді.

Мұндай психологиялық əдіс-тəсілдер өте көп. Тек нақты қолдану уақытын білу керек жəне де бұл полиция академиясында арнайы сабақ ретінде өтіледі. Ендігі мəселе алтын жайы боп тұр. Алтынның бағасы неге Даниярдың үйінен табылды? Бұл жерде алтын үшін Қанатты өртеп жіберген секілді. Ал Ғалымжан мен Данияр алтын үшін төбелесіп, соңғысын осы себепті өлтіріп, саусағын кесіп алды ма? Алтын қылмыс жолымен келген болуы мүмкін. Бұл тек болжам ғана. Нақты дəлел жоқ. Полиция бөлімінен ұрланған алтын жөнінде деректерді іздеп көрді. Алайда соңғы уақытта ешқандай алтынмен байланысты қылмыс болмаған. Демек алтынның бағасын қағазға жазса бұл үлкен көлемде болу керек. Егер алтын алқа, сырға болса, оны ломбардқа-ақ өткізе салар еді. Түсінікті, бұлар алтын тауып алған болуы керек. Ауылдың аты да «Қазына» деп босқа аталмаса керек. Абылай мұрағатқа барып, ауыл жайлы дереккөздерді қарай бастады. Бір жазбадағы ауыл маңына кəмпеске-аштық кезінде бір бай бір сандық алтынын тығып кеткен деген дерекке көзі түсті. Бірақ бұл сенімсіз дерек. Аңыз ба, шындық па белгісіз. Алайда бұны да ойдан шығармау керек. Не болса да Даниярдың телефонынан табылған суреттің абайсызда түсіріліп, одан соң өшірілгені тегіннен тегін емес. Сол жерге барып қайта тексеру керек. Ол көздеген жеріне шамамен 30-40 минут ішінде жетті. Диірмен сол баяғы диірмен. Ішіне кіргенде, төбесі құлап кететіндей кейіпте. Қабырғалары əзер тұр. Аяқ асты толған қоқыс, қабырғаларда неше түрлі жазулар «89 алға» , «Жанар, сені жақсы көрем», «Здесь был Антош», т.б. Диірменнің түкпіріне қарай кіргенде үлкен домалақ қақпақтай тас тұр. Қалыңдығы бір келідей, сірə, ұн тартатын диірмен тасының жұқарған түрі болуы керек. Тас қатты соққыдан екі бөлініп, орнынан ығысқан. Астында үлкен қуыс тұр. Іші бос. Басқа ештене жоқ. Диірмен жайлы сұрау үшін Абылай ауыл қариясы Оразбай ақсақалдың үйіне қайтадан барды. – Ассалаумағалейкум, ақсақал! Қалайсыз… Амансыз ба? – Уағалейкумассалам, балам! Шүкір! Аман-есенбіз. Не сұрағың бар еді, сен əшейін келмеген боларсың. Абылай мырс етіп күліп: – Ақсақал осы ауылдағы диірмен жайлы сұрайын деп едім. Ол қай жылдардан бері тұр, кім тұрғызды, кімдер жұмыс жасады? – Е-е-е-, бұл диірменнің тұрғанына нақты қанша жыл болғанын білмеймін. Мен бала кезімнен білемін. Қазір 78 демін. Ол оның алдында бар. Патша заманынан қалса керек, бұл Совет одағының кезінде жұмыс жасап тұрды да, 1990-нан бері қарай жұмыс істемей қалған. Ішінде жұмыс істеген адамдар қазір бұл дүниеде жоқ. Күрсіне сөйледі ақсақал. – Осы диірмен жайлы қандай да бір əңгімелер естіп па едіңіз? – Бала кезімде əжемнен еститінмін, сонау аласапыран заманында бір бай келіп, диірменшіге бір қап ұнға бір сандық алтынды айырбастап кетіпті дегенді. Бірақ диірменші бір сандық алтынды алғанымен, көп ұзамай қайтыс болыпты. Ауыл тұрғындары диірменшінің үйіне кіріп, алтынды іздегенімен, ештеңе таппаған. Содан бұл тек жəй əңгіме екен ғой деп ұйғарады. Бірақ əжем айтатын, «Қарғыспен келген байлық адам түбіне жетер, жетпесе ұрпағына берілер» деп.

– Түсінікті, ақсақал, аман болыңыз. – Балам, саған айтарым, не болса да алтын бар жерде қауіп бар, қарғыспен келген заттан сақтан. Сенің не іздеп жүргеніңді білмеймін, бірақ абай бол… Ақсақалдың бұл сөзі бір нəрсені сезіп жорығандай. «Бірақ, алтын табылса оны мемлекетке тапсырамын ғой». Енді Данияр алтынды табу мақсатында жұмыс жасады. Қаланың барлық ломбардтарына, базардағы саудагерлерге, теледидардан жəне радиодан ха барламалар беріліп жатты. Іске қы зығушылық танытқандар да аз емес. Соның бірі аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Еркін Шерімбетов еді. Оның кезекші бөлім жанынан өткені сол еді, кезекші Шерімбетовтің өзін шақырып жатқанын баяндады. Қылмыстық іс облыстық ПД-ның өндірісінде болғандықтан, бұл жерде тергеу сатысы жайлы баяндалмайды. Алайда Абылай шақыру себебін білу үшін Шерімбетовтің қызметтік бөлмесіне барды. – Рұқсат па, полковник мырза. Шақыртыпсыз… – Иə. Кір Абылай. Мына жерге отыр. Сенің тергеп жүрген қылмыстық ісің жайлы сұрайын деп едім. Қандай алтын жайлы əңгіме болып жатыр? – Əзірге белгісіз…. – Бір сандық деп естідім ғой. – Деректер көзі əлі нақты емес, бұл тек əзірге тергеу нұсқаларының бірі ғана. – Абылай, сен бір сандық алтын жайлы ешкімге айтпай тұра тұр. Егер ол жайлы тіс жаратын болсаң, ауыл тұрғындары тергеуге кедергі келтіріп, сенен бұрын Данияр мен алтынды тауып алар. Басқа қылмыс болмай тұрғанда əзірге бұны жасырын ұстау керек. Сол себепті алтынның көлемі мен санын көрсетпей тұра тұру керек. – Ескертуіңізге рақмет. Абылай ойы сан тарауға бөлінді. «Бұл шынымен маған айтқан ақылы ма, əлде …. Періште алтын көрсе жолдан таяды. Періште жолдан тайса, біз не істер екенбіз? Неге осы уақытқа дейін менің ісіме қызығушылық танытпаған адам қазір көмектесе қалды. Табылған саусақ бар, бірақ денесі жоқ, күл болып кеткен мəйіт, қамаудағы адам осының барлығы бола тұра алтын дегенде ғана мені өзіне шақырғаны қалай. Жо-жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес. Бірақ шынында алтын жайлы əзірге айтуға болмайды». Сапырылысқан ойдан басы қатты. Ұйықтаса да, жүрсе де, тамақ ішсе де осы оқиға есінен кетпеді. Бұны қалай болғанда ақырына жеткізу керек.

Əйтпесе жынданып өлерміз, – деп іштей күле жұмысын ары қарай жасай бергені сол еді, ойына бір нəрсе сап етіп түсті. Тоқта! Мен Даниярдың үйіне барып тексергенімде, тоңазытқышта қуырылған тауық тұрды. Ал Даниярдың жоғалғанына екі апта уақыт өткен. Бірақ тауықтың пісірілгеніне қарағанда екі апта уақыт өтпеген. Мен неге бұған мəн бермедім. Сонда ол тірі ме? Тірі болса ол қайда? Əлде түнделетіп үйіне келіп кетіп жүр ме екен. Бұны білудің тек бір ғана амалы бар. Абылай Даниярдың үйін күзетуді жоспарлады. Алайда ауыл кішкентай, барлық қадамың алақандағыдай көрініп тұрады. Демек үй ішіне тығылу керек. Бұны іске асыру үшін үй ішіне жалған тергеу əрекетін жасап, өзі үйдің бір жеріне тығылып қалып, қалғандарын қайтарып жібергені жөн сияқты. «Дұрыс, дəл осылай жасаймын». Келесі күні Абылай тергеу тобымен бірге Даниярдың үйін қарап тексеру тергеу əрекетін жасағансымақ болып жүріп, үй ішін аралап жүрді. Үй ішінде тығылатын жер көп, бірақ өзіне ыңғайлы жер іздеп жүріп қоқыс қабына кезікті. Сол жерде қоқыс қабын үстіне киіп, қалғандарын шығарып, өзі күзетуге кірісті. Қалған қызметкерлер өзара дабырлай сөйлесіп, кетіп қалды. Барлығы кетті. Үй іші тым-тырыс. Жүгіріп жүрген тышқандар ғана. Үнсіздік. Түн болды. Аяқ ұйып қалды. Шөл қысты. «Кішкене шөлмек су мен нан алғаным қандай жақсы болды», – деп ойлап отырғанда сырттан тарс ете қалған дауыс шықты. Бірақ бұл көршінің үйінен шыққан дауыс сияқты. Тағы да бір-екі сағат уақыт өтті. Ешкім жоқ, тым-тырыс. Ол осы уақыт ішінде осы күнге дейінгбарлық іс-əрекетін саралап шықты. Жалғыздықтан адам іштей өзінен-өзі сөйлесіп кетеді екен. «Адам жалғыз болса философияға көп көңіл бөледі екен. Байырғы заманда үйін тастап, медитацияға не үшін кетеді десем…». Сыртта дауыл басталды, шайқалған ағаш-жапырақтар дауысы, ауланың жабылмай кеткен ағаш есігінің сықырлаған дыбысы шықты. Бір кезде үйдің табалдырығын біреу басқандай болды. Иə, иə, шынымен баспалдақпен біреу көтеріліп келе жатты. Бірақ ол жалғыз емес. Олар екеу. Əйел адамның дауысы шықты. Бірақ дауылдан дым естілмейді. Есік ашылды. Ақырын баса үйге кірді. Қаптан сығалап қарап еді, ол өз көзіне өзі сенбеді. Алдында Данияр тұр, суреттен көріп, санада жатталып қалған бейненің өзі. Данияр тірі ме? Қалайша? Даниярдың артында тұрған əйелдің бет-жүзі көрінбейді. «Еш кідірмей ұстау керек. Əйтпесе айырылып қалармын». Абылай іске кірісті. – Тоқтаңдар! Полиция! Сендер ұсталдыңдар! – деп қаптан шыға тапаншасын кезегенде Данияр мен əйел қаша жөнелді. Екеуі де епті екен. Данияр əйелді бірінші жіберіп, өзі Абылаймен арпалыса кетті. Абылай еркін күрес шеберіне үміткер, талай турнирлердің жеңімпазы болатын. – Беріл! Данияр, əшкере болдың. Беріл деймін. – Не оттап тұрсың, сені осы жерде өлтіріп кетемін, сүмелек. Ол мұны қылғындыра бастады. Осы сəтте кенеттен шыққан дауыс бəрін тоқтатты. Тарс… Тапанша атылды. Құлақ шыңылдап тұр. Қолына жылы қан төгілді. Оқ өкпесіне тиген екен, Даниярдың аузы-мұрнынан қан шыға бастады. Қақалды. Дыбыс жоқ. Көзі ашық, жұмылмайды. Өлді… Өлді… Өлді. Мен не істедім… Сол жерде Абылай біраз отырып қалды. Данияр дың денесінен жылу кете бастады. Қалтыраған қолымен телефонын алып кезекші бөлімге хабарласып болған жағдайды баяндады. Белгісіз əйел қашып кетті. Таң атты. Оқиға орнында аймақ прокуроры, өзіндік қауіпсіздік басқармасы, облыстық жəне аудан полиция басшылары жүр. Бірақ барлығы қажетті қорғаныс, полиция қызметкеріне шабуыл деп білді. – Енді белгісіз əйелді табу керек, – деді Əділжан Баймұратов. – Оның мен кім екенін білемін. Ол көрші Айжан болу керек. Мен Айжаннан жауап алуға барғанымда, ер адамның киімін тігіп отырған болатын, алайда ол бойдақ əйел жəне де Данияр мен оның үйі ауылдың екі бетінде. Малды Даниярдың үйі арқылы тау бөктеріне өріске шығарам деп еді, алайда оның малдары тау бөктеріне емес, тау етегіне жайылады екен, – деді Абылай. Бұндай кəсіби адамның өз қарамағында істегеніне мақтанған Əділжан Баймұратов «Дереу Айжанды жеткізіңдер!» – деп бұйрық берді. Көп ұзамай Айжан ұсталды. Жауап алу барысында ол өз кінəсін толық мойындап, болған жəйтті толығымен ашып берді. Оқиға былай болыпты. Данияр, Ғалымжан, Қанат үшеуі көне диірмен ғимаратының ішінде арақ ішіп отырған екен. Сол сəтте Данияр ұялы телефонын қараймын деп байқамай диірмен маңын фотоға түсіріп алып, артынша өшіріп тастаған. Арақтың кесірінен Ғалымжан мен Қанат арасында жанжал туып, төбелес орын алған. Төбелес барысында диірмен тасына Қанаттың басы тиіп, оны қақ ортасынан жарған сəтте, астынан жылтыраған зат көрініпті. Сөйтсе астында бір сандық алтын бар екен. Сол сəтте өз өміріне қорыққан Данияр екеуінің əңгімесін жазып алған екен. Төбелес кезінде Даниярдың сол қолының сұқ саусағы қайырылып, сынып кетеді. Ғалымжан алтынды екіге бөлуді ұсынған. Бұл ұсыныстан бас тартудан қорыққаннан Данияр келісіп, жарты сандық алтынды үйіне алып барады да, көптен көңілдес боп жүрген Айжанды шақырып, болған оқиға жайлы егжей-тегжейіне дейін айтып береді. Бұдан соң Айжан дереу Даниярды ерте Ғалымжанға келіп, түн ішінде оның «Москвичімен» қалаға жетеді де, бұрын өзі медбике болып қызмет істеген аурухана хирургін оятып, Даниярдың қолына ота жасатады. Хирург болса бұрын көңілдесі болған Айжанның айтқанын істеп, саусақты алып тастап, барлығын ың-шыңсыз бітіреді де, жансыз саусақты бұзылып кетпес үшін арнайы ерітіндіге салып береді. Бұл кезде Айжан санасында туған ойдан барлығы да бейхабар еді. Ауылға оралған Ғалымжан өзінің шеберханасында Қанаттың мүрдесін екі күн бойы өртеген болатын. Қылмыстық істе Айжанның рөлі басталды. Ол Даниярға Тұрысбайдың пешіне от жағып, жансыз саусаққа жүзік кигізіп, от ішіне тастауды тапсырды. Ондағысы – Ғалымжан Даниярды өлтірген екен деген ой туғызу болатын, Ғалымжан сотталса жəне Даниярдың да көзін жойып, тəйірі, ресми өлген адамды жоқ қылу қиын болып па, бар алтынды иеленбекші болған Айжанның ойы іске асуына сəл-ақ қалған болатын. … Іс толығымен тергеліп, сотқа тапсырылды. Абылай еңбек демалысына шығып, отбасымен Астана қаласына кетті. Қазына ауылы баяғы тыныш күйіне қайта оралды. Бірақ ешкім ол оқиғаны ұмытпады. Себебі – бұл ауылда пеш ішінен табылған саусақ – көп шындықтың бетін ашып берген еді. Бұл оқиға – бір ғана ауылда, бір ғана қылмыс айналасында өрбігенімен, адам табиғатының тереңдігін көрсетер, кейде жақсы мен жаманның арасы бір қадам ғана екенін, сенім мен сатқындық, кешірім мен өкініш – бəрі де бір адамның бо йында қатар өмір сүретінін көрсетті.

Бекмухамбет ƏБДРАСУЛЛАЕВ Қызылорда қаласы, Тасбөгет кенті

Мылқау түн

Әуеден жерге қонғанша Сараның жаны шығып кете жаздады. Көзі...

“Құпия жазу”

Қала орталығындағы ескі кітапхананың күзетшісі кітап қоймасына кіргенде, үстел үстінен қан дағы сіңген дәптер тауып алды. Дәптердің бетінде бір-ақ сөйлем жазулы еді: “Ақиқат мен өлгенде ғана ашылады”. Айналасына бажайлап қарап еді, сөредегі кітаптардың мұқабаларына да...

КЕБІН: ҚАБІРДЕГІ ҚҰПИЯ

Айман марқұмның мәйіті жоғалып кетті... Бірнеше апта бұрын Айман әжей бақиға...

Кафедегі атыс

Күздің күні Шымқаланың қақ ортасындағы кафеде болған атыс көше...

ҚАРМАҚШЫ

Ұлдана шипажайдан көтеріңкі көңілмен оралды. Келген күні-ақ Саямен хабарласып,...