Халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай табысы артты

2026 жылдың II тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 410 088 теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14%-ға жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген.

Статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа ақшалай шығысы тоқсанына 358 584 теңгені құрады. Ал тұтынуға пайдаланылған табыс мөлшері орта есеппен 362 900 теңге болды.

Қазақстандықтар табысты неден алады?

Халықтың ақшалай табысының басым бөлігі еңбек қызметінен түседі. 2026 жылдың II тоқсанында оның үлесі 72,7%-ды құрады. Соның ішінде жалдамалы жұмыстан түсетін табыс жалпы кірістің 64,6%-ына, ал жалдамалы емес жұмыстан түсетін табыс 8,1%-ына тең болды.

Әлеуметтік трансферттердің үлесі 24,2%-ды құрады. Оның 20,2%-ы зейнетақыға тиесілі. Жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және стипендиялардың үлесі 4% болды.

Туыстар мен таныстардан алынған материалдық көмек, алименттер және басқа да осы сипаттағы түсімдер жалпы табыстың 1,7%-ын құраған. Өзге табыстардың үлесі 1,4%, оның ішінде меншіктен түсетін кіріс 0,3% болды.

Қай өңірде еңбек табысының үлесі жоғары?

Өңірлер арасында табыстың қалыптасу құрылымы айтарлықтай ерекшеленеді.

Еңбек қызметінен түсетін табыстың ең жоғары үлесі Маңғыстау облысында тіркелген – 82,2%. Шымкентте бұл көрсеткіш 80,4%, Ұлытау облысында 78,3%, Атырау облысында 77,6% болды.

Ал еңбек табысының үлесі ең төмен өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда жалпы кірістің 64,7%-ы еңбек қызметінен түскен. Жетісу облысында көрсеткіш 66,2%, Абай облысында 67,3%, Шығыс Қазақстан облысында 68% болды.

Әлеуметтік трансферттердің үлесі Жетісу облысында 31,4%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 30,2%-ға, Абай облысында 30%-ға және Шығыс Қазақстан облысында 29,1%-ға жеткен.

Тұтынуға ең көп табыс Алматыда жұмсалған

Тұтынуға пайдаланылған табыс көлемі өңірлер бойынша да әртүрлі.

Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркелді. Мұнда жан басына шаққандағы тұтынуға пайдаланылған табыс тоқсанына 483 887 теңгені құрады.

Одан кейін Қарағанды облысы – 480 696 теңге, Павлодар облысы – 453 161 теңге, Астана – 451 999 теңге және Ұлытау облысы – 426 213 теңге.

Шығыс Қазақстан облысында көрсеткіш 410 876 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында 413 800 теңге болды.

Ал ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген – 265 386 теңге. Шымкентте бұл сома 274 354 теңге, Атырау облысында 274 511 теңге, Қызылорда облысында 285 098 теңге болды.

Қазақстандықтар ақшасының жартысын азық-түлікке жұмсайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың барлық ақшалай шығысының 90,7%-ы тұтыну шығыстарына кеткен.

Соның ішінде азық-түлік тауарларына шығыстың 50,5%-ы жұмсалған. Азық-түлік емес тауарлардың үлесі 19,5%, ал ақылы қызметтердікі 20,7% болды.

Бұдан бөлек, ақшалай шығыстың 7,3%-ы кредиттер мен қарыздарды өтеуге кеткен. Туыстар мен таныстарға материалдық көмек пен алиментке 1,9%, салықтар мен басқа төлемдерге 0,1% жұмсалған.

Өңірлер арасында азық-түлікке жұмсалатын шығынның ең жоғары үлесі Жетісу облысында – 60,2%. Маңғыстауда бұл көрсеткіш 59,9%, Шымкентте 57,4%, Алматы облысы мен Жамбыл облысында 56,1%-дан болды.

Ал азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі Қарағанды облысында 42,9%, Астанада 43,8%, Ұлытау облысында 44,2% және Павлодар облысында 44,4% деңгейінде қалыптасты.

Кредит пен қарызды өтеуге жұмсалатын қаражаттың үлесі Ұлытау облысында ең жоғары – 19,5%. Қарағанды облысында 12,1%, Қызылорда облысында 11,9%, Жетісу облысында 11,8%, Ақтөбе облысында 11% болды.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық статистика бюросы үй шаруашылықтарының шығындарын есептеуде жеке тұтынудың жаңартылған халықаралық жіктеліміне көшті. Соған байланысты кейбір шығын санаттарының құрылымы өзгерген. Мәселен, бұрын азық-түлік шығыстарына енгізілген үйден тыс тамақтану енді ақылы қызметтер санатына жатқызылады.

Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтерді 12 мың үй шаруашылығын қамтитын іріктемелі зерттеу негізінде қалыптастырады.

2027 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді: Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді 

Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бөлігі сақтандыру моделіне көшуі жалғасуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды 

Мемлекет басшысы Берлинде бизнес-форумға, ал Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады.

Үсік жүріп, тұман түседі: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы 

«Қазгидрометтің» мәліметінше, 29-30 қыркүйекте Қазақстан аумағының басым бөлігіне жоғары атмосфералық қысым өрісі әсер етеді.

583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды? 

2025 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүктілікке және босануға байланысты артық төленген қаражатты өндіріп алу үшін 583 алушыға қатысты сотқа талап-арыз берген.

Қазақстандықтар қаржысын қаншалықты сауатты басқарады? 

Ұлттық Банктің 2025 жылғы қорытындылары бойынша келтірген дерегіне сәйкес, қаржылық сауаттылықтың жиынтық индексі 42 пайызды құрады.