Елімізде көп балалы отбасыларға қандай көмек бар? 

BAQ.KZ тілшісі Қазақстанда 2026 жылы балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрлері мен баспана алу мүмкіндіктеріне шолу жасады.

Бала күтіміне байланысты төлем

Бала туған кезде ата-аналарға біржолғы жәрдемақы төленеді. Оның көлемі баланың нешінші болып туғанына байланысты есептеледі. Бірінші, екінші және үшінші балаға шамамен 140 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 230 мың теңгеден астам төлем қарастырылған.

Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Жұмыс істемейтін ата-аналар бұл төлемді мемлекеттен алады, ал ресми жұмысы бар азаматтарға қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.

Төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға көпбалалы отбасы ретінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған. Төлем көлемі бала санына қарай өзгереді.

Көпбалалы отбасыларға арналған көмек

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе жиырма үш жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан төмендегі көлемде жәрдемақы тағайындалады:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК;
  • бес балаға – 20,04 АЕК;
  • алты балаға – 24,05 АЕК;
  • жеті балаға – 28,06 АЕК;
  • сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК қосымша 4 АЕК бойынша жеті баладан кейінгі әрбір үшін.

Атаулы әлеуметтік көмек

Табысы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) үміткер бола алады. Бұл көмек жан басына шаққандағы табыс кедейлік шегінен төмен болған жағдайда беріледі.

Баспана мәселесін шешуге арналған мемлекеттік бағдарламалар да жалғасады. Соның бірі – Отбасы банк жүзеге асыратын жеңілдетілген ипотека. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы көпбалалы, толық емес және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар 2-5% мөлшерлемемен несие рәсімдей алады.

Сондай-ақ әкімдіктер тұрғын үй сертификаттарын береді. Бұл – бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған бір реттік көмек. Әдетте оның көлемі 1-1,5 млн теңгеге дейін жетеді.

Мемлекет жалдамалы пәтер ақысының бір бөлігін де субсидиялайды. Мұндай көмек табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Одан бөлек коммуналдық қызмет ақысы отбасы табысының белгілі бір бөлігінен асып кеткен жағдайда тұрғын үй көмегін рәсімдеуге болады. Әр өңірде бұл шек әртүрлі белгіленеді.

Жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектің басым бөлігін eGov.kz порталы арқылы онлайн рәсімдеуге болады.

Баспана кезегіне тұру 

Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою тәртібіне өзгеріс енгізілген болатын. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енген жаңа талаптарға сәйкес, енді бұрынғыдай тек әлеуметтік осал топтар ғана емес, баспанасы жоқ кез келген қазақстандық тұрғын үй кезегіне тұра алады.

Жаңа жүйе бойынша өтініштер orken.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Өтініш иесі мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмауы керек. Ал Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары үшін соңғы үш жылда тұрақты тіркеуде болу талабы сақталады.

Тұрғын үй саясаты аясында азаматтарға бірнеше мемлекеттік қолдау шарасы ұсынылады. Олардың қатарында коммуналдық тұрғын үй беру, жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, жеңілдетілген ипотека және тұрғын үй сертификаттары бар. Ал мемлекет тарапынан тегін баспана беру қарастырылмаған.

Өтініштер бір жұмыс күні ішінде қаралады. Егер қосымша құжаттар талап етілсе немесе тұрғын үй апатты деп танылған жағдайлар болса, қарау мерзімі үш жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.

Сондай-ақ жаңа өзгерістерден кейін тұрғын үй кезегі табыс деңгейі мен кезекке қойылған күнге байланысты бөлінетіні айтылды. Бұл ретте жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлердің кемінде 70%-ы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, ардагерлер мен толық емес отбасылар бар.

Құжатта отбасы мүшелерінің де баспанасының бар-жоғы ескерілетіні көрсетілген. Мәселен, жұбайының атында неке қиылғанға дейін алынған үй болса да, азамат тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Сондай-ақ мұрагерлікпен немесе жекешелендіру арқылы алынған тұрғын үй үлесі де есепке алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Анкарадағы Этимесгут әуежайында Қазақстан Президентін Режеп Тайип Ердоғанның өзі қарсы алды.

Мемлекеттік көмек шынымен мұқтаждарға берілуге тиіс – Президент 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттап, әлеуметтік реформаларды мұқият сараптау қажеттігін айтты.

Тоқаев 2027 жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий енгізуді талқылауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын...

2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді: қаржы қайда жұмсалады?

Президент әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға...