Қазақстанда бизнеске арналған кейбір лицензиялар мен рұқсат автоматты түрде беріле бастады. Бұрын лицензия алу үшін 15–30 күн күту керек болса, енді оны жылдам ала аласыз. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Лицензияны қалай алуға болады?
Бұрын кәсіпкерлер қажет құжаттарды жинап, мемлекеттік органға тапсыратын. Содан кейін тексеру аяқталып, шешім шыққанша 15–30 күнтізбелік күн күтуге тура келетін еді.
Енді автоматтандырылған қызметтер бойынша электрон өтініш берсе болды.
Жүйе кәсіпкер туралы қажет мәліметтерді мемлекеттік деректер базасынан өзі алып, белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Барлық шарт орындалса, лицензия немесе рұқсат беру туралы шешім автоматты түрде қабылданады.
Бұл шешімді жүйе мемлекеттік орган қызметкерінің көмегінсіз автоматты түрде қабылдайды.
Бұл жүйе қай салаларда жұмыс істейді?
Министрліктің мәліметінше, автоматты шешім қабылдау тетігі мына салаларда қолданылады:
- құрылыс;
- ауыл шаруашылығы;
- сыртқы сауда;
- өнеркәсіп қауіпсіздігі;
- қоршаған ортаны қорғау.
Қазір мұндай жүйе бизнеске арналған 12 мемлекеттік қызмет бойынша жұмыс істейді.
2024 жылдан бері eLicense.kz порталы арқылы өтініштер автоматты түрде тексеріліп, 87 088 мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Кәсіпкерлер үшін не өзгереді?
Жаңа жүйе кәсіпкерлердің құжат жинауға және шешім күтуге кететін уақытын үнемдеуге бағытталған.
Министрлік мәліметінше, бұл үшін әкімшілік рәсімдер қайта қаралып, артық талаптар мен кезеңдер қысқартылған. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер өзара байланыстырылып, шешім қабылдау тәртібі автоматтандырылған.
«Біздің міндетіміз – кәсіпкер мемлекетте бар мәліметтерді қайта жинап, қолмен тексеруді күтуге мәжбүр болмайтын мемлекеттік қызметтер моделін қалыптастыру. Егер шешімді шынайы цифрлық деректер мен нақты талаптар негізінде қабылдауға болса, ол автоматты түрде қабылдануы тиіс», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрайымы Айнұр Юсупова.
Оның айтуынша, цифрландырудың нәтижесі енгізілген жүйелердің санымен емес, азаматтар мен бизнеске ыңғайлығымен өлшенуі керек.
Барлық лицензия бірден беріле ме?
Жоқ. Әзірге автоматты шешім қабылдау тетігі тек 12 мемлекеттік қызметке енгізілген.
Министрлік алдағы уақытта бұл жүйені цифрлық деректер арқылы тексеруге болатын басқа да мемлекеттік қызметтерге кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.


