Қазақстанда егін жинау науқаны былтырғыдан екі есе жылдам жүріп жатыр. 17 тамыздағы мәлімет бойынша, 2,6 млн гектардан дәнді дақыл жиналды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,3 млн гектар болған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, орташа өнімділік гектарына 14,6 центнерді құрады. Сонымен қатар 513 мың тонна картоп, 1,1 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Өнімділіктің артуына агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Соңғы үш жылда АӨК-ті қаржыландыру көлемі 140 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін өсті. Шаруаларға алдын ала қаржыландыру беріліп, тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай және техника сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған.
Соңғы екі жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге артып, 1,8 млн тоннаға жетті. Элиталық тұқымдарды пайдалану үлесі 2023 жылғы 7,1%-дан 11,6%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға да басымдық берілуде. Жеңілдікті лизингке бөлінген қаржы биыл 350 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бері 7 718 бірлік техника сатып алуға қолдау көрсетілді.
Егін жинауға қажетті инфрақұрылым да дайын. Қазақстандағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында 2,5 млн тонна астық сақталуда, бұл олардың жалпы қуатының 18%-ына тең.
Биыл аграршыларға 803 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 401 мың тоннасы күзгі дала жұмыстарына бағытталған. Негізгі астық егетін өңірлерде шаруалар үшін дизельдің бағасы литріне 305–310 теңге деңгейінде белгіленді, бұл нарық бағасынан шамамен 10%-ға төмен.
Бидай алқаптарының 875 мың гектарға қысқаруына қарамастан, жалпы өнім көлемінің өсуі егістікті кеңейтуден гөрі өнімділікті арттыруға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Үкімет агросекторды одан әрі технологиялық жаңғыртуға, ресурстарды тиімді пайдалануға және әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыруға басымдық бермек.


