Елімізде балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі жаңарады 

Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елдегі педиатриялық учаскелер сақталады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша шамамен 1300 педиатриялық учаске жұмыс істейді және олар балаларды қабылдауды жалғастыра береді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің гибридті моделін енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа жүйеге сәйкес балаларды бақылау және емдеумен педиатрлар да, жалпы практика дәрігерлері де айналысады. Алайда олардың міндеттері нақты бөлінеді.

Педиатрлардың рөлі күшейтіледі

Жаңа модель бойынша педиатрлар нәрестелер мен ерте жастағы балалардың денсаулығын бақылауға басымдық береді. Бұл кезеңде баланың дамуын мұқият қадағалау аса маңызды болғандықтан, негізгі жауапкершілік балалар дәрігерлеріне жүктелмек.

Сондай-ақ педиатрлар күрделі жағдайлар мен созылмалы ауруларға шалдыққан балаларды емдеумен айналысады. Министрліктің пікірінше, мұндай науқастар арнайы білім мен тәжірибені қажет етеді.

Ал жалпы практика дәрігерлері емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында пациенттердің негізгі легімен жұмысын жалғастырады.

Министрдің сөзінше, мұндай тәсіл бірқатар елде қолданылып келеді және денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өзгерістер не үшін қажет?

Соңғы он жылда Қазақстандағы балалар саны 1,5 миллион адамға артқан. Қазіргі таңда елде шамамен 7 миллион бала тұрады. Бұл – халықтың үштен біріне жуығы.

Балалар санының көбеюі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды және дәрігерлер арасындағы жүктемені тиімді бөлуді талап етеді.

Министрлік өкілдері бұл өзгерістер педиатрларды қысқартуға бағытталмағанын атап өтті. Керісінше, балалар дәрігерлерінің рөлі олардың кәсіби біліктілігі аса қажет бағыттарда күшейтіледі.

Біз командалық жұмыс қағидатын сақтаймыз және педиатрлардың рөлін олардың құзыреті ерекше қажет болатын ерте жас кезеңі мен күрделі аурулар саласында күшейтеміз, – деді Ақмарал Әлназарова.

Педиатрларға қосымша қолдау көрсетіледі

Министрлік балалар дәрігерлерін ынталандырудың қосымша тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көтермелеу үстемақылары мен мамандарды қолдаудың өзге де механизмдері қарастырылуда.

Сонымен қатар жалпы практика дәрігерлерін даярлау жүйесін жетілдіру көзделген.

Болашақ дәрігерлерді даярлау тәсілі өзгереді

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау бағдарламасы тәжірибеге көбірек бағытталады.

Егер бұған дейін оқытудың басым бөлігі стационарлар базасында жүргізілсе, енді негізгі екпін емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына жасалады. Болашақ дәрігерлер дәл осы мекемелерде балаларды қоса алғанда, пациенттермен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді.

Бұл ата-аналар үшін нені білдіреді?

Министрлік жаңа модель педиатрларды жалпы практика дәрігерлерімен алмастыруды көздемейтінін атап өтті. Керісінше, екі мамандық арасындағы міндеттер тиімді бөлінеді.

Нәтижесінде педиатрлар ең кішкентай балалар мен күрделі диагнозы бар науқастарға көбірек көңіл бөледі, ал жалпы практика дәрігерлері емханалардағы күнделікті медициналық қызметтердің кең ауқымын атқарады.

Ведомствоның пікірінше, бұл тәсіл балалар санының артуы жағдайында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Биыл әскерге алынғандарға қандай жеңілдік бар?

Президент Жарлығына сәйкес 2026 жылғы 17 наурыз бен 30 маусым аралығында өтетін көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі жалғасып жатыр.

Қазақстанда 5 мыңнан астам оқушы жұмыс істеп жүр

Министрдің айтуынша, елімізде еңбек қызметіне рұқсат етілген 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 1,7 миллионға жетеді.

Елімізде көмірден газ бен дизель отыны өндірілмек 

Қазіргі уақытта елде көмір химиясы саласындағы үш ірі жоба жүзеге асырылуда.

Ұлттық қор, тегін тамақ және жазғы демалыс: Қазақстан балаларына қандай жағдай жасалған? 

Қазақстанда балалар саны 6,9 миллионнан асты. Мемлекет білім беру, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік және денсаулық сақтау бағыттарында жаңа бастамаларды іске асырып жатыр.