Қолданыстағы қуат көздерінің әлеуеті сарқыла бастады. Жаңа өндіріс орны ашылмаса, енді 10 жылдан кейін елде энергия тапшылығының дағдарысы басталады. Бұл Алматыда өткен «Қазақстандағы АЭС құрылысының экономикалық аспектілері. Энергия қауіпсіздігі мәселелері» атты дөңгелек үстелде айтылды.
Сарапшылар елдегі электр қуатының базалық көзі АЭС болу керектігін мойындай отырып, мұндағы түйткілдің бәрі оның экономикалық жағынан тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келіп тірелетінін жеткізді. 20 жылдан астам уақыттан бері талқыланып жүргенімен, әлеуметтік зерттеулерде АЭС салуды халықтың 40 пайызы қолдап, 60 пайызының қарсылық танытуы қоғамдағы ақпараттық-түсіндіру жұмысының әлсіздігі мен халықтың билікке деген сенімінің төмендігінен туындап отыр. Өйткені, олар АЭС-ке қарсы емес, биліктің оның қауіпсіздігі мен тиімділігін толық қамтамасыз етуіне ғана сенімсіздік білдіріп, өз күмәндарын сейілте алатындай негіздеме ұсынуын талап етуде. Егер бұл жобаға қатысты нақты шешім қабылданбайтын болса, елдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету енді мүлде қиындайды.
Бұл шараны ұйымдастырған «Қазақстандық атом электрстанциялары» ЖШС-нің бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, АЭС салудағы басымдықтар: жыл сайын АЭС-тің 1000 МВт жұмысы парниктік газ шығарындыларын 4 млн тоннаға дейін азайтуы; АЭС-тегі 1 жұмыс орны іргелес салаларда 10 жаңа жұмыс орнын құруы; Электргенерацияның тұрақты төмен өзіндік құны; 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді, тұрақты энергиямен қамтамасыз ету; экономиканың жоғары технологиялық секторларын, кадрлық әлеуетті дамытуды ынталандыру, техникалық мәдениеттің жалпы деңгейін көтеру; Отандық атом өнеркәсібі өнімдерін қолдану болып отыр. Проблемалар: дәстүрлі станциялармен салыстырғанда АЭС салудың жоғары капиталдық шығындары және ұзақ мерзімдері; Жоғары қуатты АЭС-ті резервтеу үшін қосымша электр желілік құрылыс қажеттігі; Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеуге және пайдаланылған ядролық отынды кәдеге жарату шығындары. Ал ондағы басты сын-қатерлер: атом энергетикасын дамытуды қоғамның қабылдауының қажетті деңгейіне жете алмау; Жобаны сенімді қаржыландыру мен оны іске асырудың кепілдендірілген мерзімдерін қамтамасыз етудің қиындығында.
«2022–2035 жылдары қолданыстағы генерацияны дамыту мен жаңа енгізулерді қоса алғанда, жалпы енгізілімдер төмендегі сценариймен өрбиді: 1) «АЭС-сіз жасыл енгізулер» 18,9 ГВт. 2) «Оңтүстіктегі АЭС және жасыл енгізулер» 17,7 ГВт. 3) «Солтүстіктегі АЭС және жасыл енгізулер» 17,7 ГВт. Көрсетілген баланстарды ескере отырып, солтүстік-оңтүстік бірлестігі бойынша базалық қуат тапшылығы төмендегідей болады: 2030 жылға қарай 1,8 ГВт; 2035 жылға қарай 3,2 ГВт; 2040 жылға қарай 4,1 ГВт; 2050 жылға қарай 5,0 ГВт. Сондықтан базалық қуат тапшылығын өтеу үшін кемінде қуаттылығы 1000-нан 1400 МВт-қа жететін екі блогы бар АЭС салу қажет. Бұл үшін арнайы параметрлері бойынша таңдап алынған Абай облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен кентінің табиғи-экономикалық факторлары жан-жақты қарастырылып, инфрақұрлымдық басымдықтары бойынша екіншісі таңдап алынды», – деген Тимур Мифтахұлының сөзіне қарағанда, АЭС салу үшін 10-11 жыл керек. Атап айтқанда оның құрылысы жобасын іске асырудың бастапқы мерзімдері былай болады. 2023 жылы технологияларды жеткізушісі таңдалады. 2025–2028 жылдары техникалық экономикалық негіздеме мен жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, оларға сараптама жасалып АЭС салу туралы Үкімет қаулысы қабылданады. 2029 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау және жабдықтарды жеткізу жүргізіледі. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2034 жылы аяқталып, 2035 жылы ғана пайдалануға беріледі. АЭС құрылысын қаржыландыру 80% – 20% қатынасында қарыз қаражатын тарту мен жеке қаражатты пайдалану арқылы жобаланып отыр. Қаржыландыру құрылымы АЭС технологиясын жеткізушілерді таңдау кезеңінде жеткізушімен ынтымақтасатын қаржы институттарының/ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып, толығырақ талқыланады.
ҚР Инженер-энергетиктер одағының директоры, Қазақстан мен ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі Марат Дұлқайыровтың пайымдауынша, кеңестік дәуірден қалған электр энергиясын өндіруші көздердің әлеуеті шектеулі. Оларды қанша жамап-жасқағанымен тапшылықтың орнын толтыра алмаймыз. Ондағы металдың тозуын тоқтату мүмкін емес, тек ауыстырудан басқа жол қалған жоқ. Егер АЭС салуға қазір кіріспейтін болсақ енді он жылдан кейін елде энергияға тапшылық дағдарысы басталады. Өйткені, электрэнергетикалық жабдықтың тозу дәрежесінің өте жоғарылығынан бізде авария көп болып жатыр.
– Келіссөзді қанша уақыт жүргізу керек? Мен Энергетика министрлігі мен Үкіметтен енді сөзді тоқтатып, іске көшуді сұраймын. Өндірісті ұлғайту үшін қуат көзінің қай түрі болса да бізге жаңа нысандар ауадай қажет. Бізді электр энергиясының 70 пайызы көмірден өндіріледі. 2 жылдан кейін Париж келісімі өз күшіне енген кезде шикізатқа негізделген біздің экономика бәсекеге қабілетті болмайды сыртқа шығатын тауарларға көміртегі салығы енгізілген кезде. Біз 30 жылда газ кен орнын тапқан жоқпыз Жүргізіліп жатқан газ құбырларының бәрінде ілеспе газға ғана үміт артып отырмыз. Бізде жаңғырмалы энергия көздеріне көп сілтеме жасалады. Қазақстан алғашқылардың бірі болып оны қолдады, заңнама да жасалды. Алайда жаңғырмалы энергия көздері сенімсіз, тұрақсыз және болжанбайтын генерация. Ұланғайыр территориясы бар елде электр қуатын бір өңірден екінші өңірге тасымалдаудың шығыны мол. Менің ойымша келешекте бізге бәрібір бір емес, бірнеше АЭС салу қажет болады. Сондықтан Курчатовта да, Балқашта да АЭС құрылысын қатар бастасақ одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сол сияқты көмірмен жұмыс жасайтын Екібастұз–2 ГРЭС-індегі жоспарланған 8 блоктың қазір екеуі ғана бар. Уақыт өткізбей оның да үшіншісінің құрылысын бастаған жөн. Қолдағы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін», – деген М.Дұлқайыровтың сөзін Қазақстаның энергетикалық аспектілерін зерттеу орталғының директоры Алмаз Әбілдаев да қолдайды.
АЭС қазіргі технологиялармен 80 жыл қызмет етеді. Ол 20-25 жылда өз шығынын ақтайды. Бізге жоғары тұтыну бар жерлердің бәріне АЭС салу қажет. Ондағы ашылған әрбір жұмыс орны түрлі салада қосымша 10 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, АЭС кешенді түрде қаралу керек. Тіпті, «Электр энергиясы туралы» заңға да жаңа өзгерістер мен түзетулер енгізу қажет. Белорус пен Өзбекстан елдеріндегі АЭС құрылысы ең дұрыс жолмен салынуда. Оны мемлекет салу керек. Реакторды анықтауда экономика рөл атқарады. Мұндай технология ұсынған елдің 20-30 жылдық стратегиясын және 50 жылдан кейін одан бас тарту мүмкіндігін де ескеру керек. Қазір кейбіреулер біздің елімізде салынатын АЭС-те қойылатын реактор Ресейдікі емес, басқа елдікі болу керек деп жатыр. Егер бұл саладан хабары бар адам болса олар бұлай айтпас еді. Онда, бұдан былай шешім қабылдауда өзгенің емес, мамандардың пікіріне құлақ асу керек. Өз басым электр қуатын өндіруде тек бір көзге басымдық бермей, барлық түрін қатар дамытуды қолдаймын. Мәселен, ОАР мен Қытай көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-терін қайта жаңғыртуда. Біз де солай жасауымыз керек. Жақсы ЖЭС құрылысы 3-4 жылда салынады. Ал бізді жаңғырмалы қуат көздері құтқарады деу дұрыс емес. Өз басым АЭС салу үшін де референдум өткізу қажет дегенді қолдамаймын»,– дейді А.Әбілдаев.
Егер былтырғы жылдың қорытындысына көз жүгіртер болсақ елдегі электр энергетикасы саласындағы ең жоғары жүктеме – 15,8 ГВт, электр тұтыну – 113,9 ТВт сағат, өндіру – 114,4 ТВт сағат, белгіленген қуат – 24,0 ГВт, қолда бар қуат – 20,2 ГВт болғанын байқауға болады. 2035 жылға арналған болжам бойынша электр тұтыну – 153 млрд кВт сағат, ең жоғары электр жүктемесі – 23 ГВ-қа жетеді. Ал 2022–2035 жылдары электр энергетикалық жабдықтың тозу дәрежесі белгіленген қуат бойынша – 8,1 ГВт, қолда бар қуат бойынша – 7,8 ГВт болады. 2022–2028 жылдары дәстүрлі генерация жобаларының көлемі – 0,63 ГВт, ЖЭК жобаларының көлемі – 1,5 ГВт-ы құрайды. Яғни, болашаққа деген дайындықты бүгіннен бастап қарекет жасамасақ, ертеңгі күні жасаған тірлігіміз кеш болуы да мүмкін екенін қазіріг жағдай көрсетіп отыр. Ендігі қимыл сөзде емес, істе көрінуі керек.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»


