Азаматтық даулардың ішінде еңбек қарым-қатынасынан туындайтын келіспеушіліктер өте өзекті. Себебі халықтың әл-ауқатының жақсаруы, елдің дамуы тапқан табысына тікелей тәуелді. Бұл өз кезегінде азаматтарды жұмыспен қамту, еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызу, еңбек қауіпсіздігінің бұзылуына жол бермеу, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы даудың алдын алу секілді мәселелерді оңтайлы шешуді міндеттейді.
Жұмыс беруші мен қызметкер – еңбек қатынасындағы негізгі тараптары болып табылады. Екі тарапты біріктіретін жұмыс өнімділігі болғанымен, жұмыс беруші көп жұмыс істетіп, аз ақша беруді қаласа, жұмысшы неғұрлым аз еңбек етіп, көбірек табыс тапқысы келеді. Ал бұл өз кезегінде жұмыс берушінің қарауындағы жұмысшыға артық талап қоюына, еңбек қауіпсіздігін екінші қатарға ысырып тастауына, шығынды азайту үшін жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау керектігін ескермеуіне алып келеді. Осының кесірінен тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы жиі орын алады.
Сот тәжірибесінде байқалғандай біздің азаматтардың құқықтық сауаты әлі де төмен. Оны талап арыздардың мазмұнынан анық аңғаруға болады. Мәселен кейбір азаматтар еңбек келісімшарт жасамай жатып, жұмысқа кірісіп кетеді. Ал еңбек келісімшарты – жұмыс беруші мен жұмысшының міндеті мен құқығын айқындайтын, заңсыздықтың орын алмауына кепілдік беретін бірден бір құжат. Келісімшарттың болмауы – жұмысшының өз құқығын дәлелдеуіне қиындық келтіреді. Өйткені, мұндай жағдайда жұмысшыға жұмыс жасағанын дәлелдеу керек.
Еңбек қарым-қатынасында мұндай түйткілдің барын судьялар да үнемі жазып, өз тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырады. Бірақ, соған қарамастан құжатқа салғырттық танытып, келісімшартқа мән бермегендер кейіннен сан соғып қалады. Мұндай қадамға шарасыздықтан баратындар да аз емес. Қазіргідей нарықтық заманда тұрақты жұмыс табу қиын екені белгілі. Соны білгендіктен азаматтар кез келген ұсынысты бірден, ешбір қарсылықсыз қабылдайды. Шарасыз жандардың жұмыс берушіге жақпай қалмайын деген оймен келісімшарт талап етпейтіні де сондықтан. Осыған орай, құзырлы орындар жыл сайын акция, рейдтер ұйымдастырып, еңбек келісімшартының жасалуын қатаң қадағалап келеді. Соның арқасында соңғы жылдары жұмысшыларды еңбек келісімшартынсыз жұмысқа қабылдау деректері айтарлықтай азайды. Тиісінше бұған қатысты сотта қаралатын дау да аз.
Қазіргі кезде еңбек дауларын сот тәртібімен шешу әлі де сирек кездеседі. Өйткені еңбек дауы туындағанда тараптар сотқа жүгінбестен келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге тырысады. Әсіресе келісім комиссияларының құрылып, еңбек дауларының алдымен солардың сүзгісінен өтуі жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы түйткілді бейбіт, әуре-сарсаңсыз реттеудің кепілі.
Десек те, еңбек қарым-қатынасына қатысты түсіндіру, заң талаптарын таныстыру жұмыстарын үнемі назарда ұстау керек. Қазақстан азаматтарының құқығы тапталмағаны жөн.
Н.Серикова,
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы