12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Дар алдында

— Әке, бүгін сіздің мадоннаңыздың, біздің мамамыздың туған күні ғой. Бермен қарай шықсаңшы.

Нәзіктігі мен сұлулығы қатар ұштасқан Еркеназ ашық тұрған есіктен әкесінің кітап оқып отырғанын көрді де, — Тағы да Артур Конан дойлды оқып отырмысың. – деп сөзін жалғастырды.

  • Иә, қызым біздің жұмыс осы ғой. Үздіксіз ізденіп, шытырманнан шиыр тауып, шығар жол іздеу керек.

Әкесі қызының басынан сипады. Еркеназдың шаш түйреуіші басынан сусып түсіп, еденде жатқан үстел добына тиіп, ол есіктің саңлауынан өтіп қонақ үйге қарай секіре жөнелгенде, бұрышта жатқан марғау артынан қуып берді. – Міне, бұл детектив.- деп әзілдеді әкесі.

  • Оны білем ғой әке. Бірақ жүрекке салмақ салып, жүйкені жүндей түтетін оқиғалар – денсаулыққа зиянды емес пе? Мен алдында Эдгар Поның «Қара мысығын» оқимын деп, үш-төрт күн ұйықтай алмай шықтым.
  • Қызым-ау, оны саған кім оқы деді. Ол үлкендердің өзі әрең қорытатын магиялық шығарма. Саған Конан Дойлдың «Көгілдір жақұты» сияқты көңілді детективтерді оқыған жөн балады, — Алдында жатқан қызылқоңыр мұқабалы Агата кристидің «Он қара домалақ» деген кітабын нұсқап, – Ал мынау сияқты кітаптарды оқу саған әлі ерте. – деп шашылып жатқан үйме-жүйме кітаптарды жинастырып, тұруға ыңғайланды.

Сырттан Медғат пен Қасым дабырласа кірді.

  • Елдің даңқын асыратын ол – өнер мен ғылым. Спорт дегенің қисынсыз болар, —  деді Медғат аяқкиімін шешіп жатып.
  • Мұныңа келісе алмаймын. Мысалы олимпияда чемпиондары елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттің абыройын асырмады деу қиянат болар, — деді Қасым өзі де бокспен айналысатын болған соң.
  • Иә, сенікі жөн делік. Бірақ түптің түбінде көсегемізді көгертер ғылым ғана екенін мойындау лазым. Сосын біздің айти саласында да жетістікке жетіп жатқан жастар жетерлік. Соларды неге олимпияда чемпиондары сияқты бағаламаймыз. Неге алалаймыз? Өтірік лепіру мен бос мақтанды қою керек.

Асүйден алдында жапқан алжапқышы бар мамасы Ұлпан шыға келді.

  • Болыңдар, болыңдар. Сендерді ғана күтіп отырмыз. Дастарқан дайын. Бұлар тіпті аналарының туған күнін ұмытып кеткеннен сау ма, түге? – деп өзімсіне тіл қатты да, лыпи басып барып, айнаға қарап  қисайып кеткен орамалын түзеді.

Төрт көзі түгел жайнаған туған күн дастарқанына жайғасты. Сүйікті келіннің туған күніне ата-апасы арнайы Астанадан келген.

  • Ал, дастарқанның байлығын берсін, келінжан айналайын жаның жамандық көрмесін. Туған күнің құтты болсын! – деп ақсақал бата қайырды. Дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме, құттықтаулар мен жылы лебіздер жалғасып жатты.
  • Әй, осы ақ келінім болмаса, шалым екеуміз баяғыда-ақ тырапай асар едік. Келіннің дәрігер болғаны, құдайдың бізге берген сыйы екенін несін жасырайық. Айналайын өркенің өссін, — деп кейуана ағынан жарылды.
  • Мұндай болғанда, екеумізде дәрігер қыз таппасақ, жағдайымыз қиын болатын сияқты ғой, — деп Қасым әңгіме ауанын Медғатқа бұрып, отырғандарды ду күлдірді.
  • Әй, жүгермектер дәрігер ме, инженер бола ма, бастысы қазақтан табыңдар. Қазір жастар қағынан жеріп, аралас неке дегенге әуес боп кетті ғой өзі.
  • Иә, бәйбіше айтқаның жөн. Қан тазалығын сақтау керек. Ол ұл яки қыз болсын басқа нәсілмен шатысса өзін ғана емес сол әулеттің мың жылдық шежіресін бұзып, түбіне жетті дей бер, — деп қостады шалы сарқасқа шәйді сораптап.
  • Сонда Алаш арыстарының көбі неге өзге ұлттан алды әйелді? Мәселе, үлт та емес, адамгершілікте шығар? – деп әңгімеге қосылды Еркеназ.
  • Енді ол кездегі тарихи жағдай, тағдыр дейміз бе, олардың жазмышы солай болды емес пе? Қазір заман басқа, заң басқа дегендей, — деп атасы немересіне қарады. Осы сәтте бәрі де Еркеназдың оқшау сөзіне аңтарыла қалған еді. Бәрін мұқият тыңдайтын әдетімен Абылай әңгімеге араласпай, бәрін үнсіз тыңдап, бақылап отыр.
  • Не болды? Бәріңіз маған қадалып. Мен жәй әңгіме болсын деп айтып жатырмын. Білмегенімді сұрау айып па екен? – деп Еркеназ томсырая қалды.
  • Менің еркетайыма бұлай тесіреймеңдер. Қалалық қыздар орысша шүлдірлеп, дүбәрә боп жүргенде, менің еркем Алаш арыстары туралы сұрақ қойып, тарихын түгендеп жүр. Қайта қуансаңдар етті. Кімді бар мұндай қыз? – деп апасы әңгіме ауанын жаймашуақтап, Еркеназдың басынан сипады.

Медғат пен Қасым бөлмесіне кірді де, қолдарына ұстаған конверті бар жымыңдап қайтадан шықты.

  • Мама, туған күніңіз құтты болсын! Мынау Қасым екеуміздің сыйымыз. Анталияға екі адамға жолдама. Әкем екеуің демалып , қыдырып қайтыңдар.
  • Рақмет, айналайын құлындарым, — деп анасы күтпеген сыйға таңғалғанын жасырмады. Басқалары да риза болып туған күн иесін құттықтап бокал қағыстырды. Сыңғырлай шыққан үнмен бірге Абылайдың телефоны да шырылдай жөнелді. Абылай телефонына қарады да «жұмыстан хабарласып жатыр. Сіздер отыра беріңіздер. Қазір келем» деді де, жедел басып балконға беттеді.
  • Бұларға, демалыс күні де бір тыным жоқ-ау, — деді көңілді отырсты бұзған күтпеген қоңырауға кейіген кейуана.
  • Енді балаңның жұмысы сол – елдің амандығы, жұрттың бүтіндігі екенін білесің бәйбіше. Кімге кінә тағарсың?

Абылай бөлмесіне суыт кірді де, формасын киіп шықты.

  • Мені шұғыл жұмысқа шақырып жатыр. Бармасам болмас. Өздеріңіз мені бар деп отыра беріңіздер. Жылы сөз, ақ тілектеріңізді Ұлпанның төбесінен жаңбырша жаудырыңыздар. Тоқтай көрмеңіздер. Канеки, канеки! – деді де бокалды алып әйелі Ұлпанмен сосын жағалай қағыстырды да, есікке қарай беттеді.

Капитан Жанат Оңласынның хабарлауымен тергеуші полковник Абылай Әзімханұлы тізгін ұшымен сағат түнгі бірден он минут өткенде оқыс оқиға болған жерге жетті. Оқиғаның жәй-жапсарымен танысты. Самал ықшам ауданындағы элиталық көп қабатты үйдің төртінші қабатынан 28 жастағы  келіншек құлап түскен. Түн болғандықтан оны алғашында ешкім байқамаған. Куәгерлер сәл кешігіп жедел жәрдем көлігін шақырғанымен, ауызы-мұрынынан қан кеткен келіншектің демі үзілгені мәлім болды. Қымбат жиһаздармен жасақталған  келіншек құлаған пәтерге  барған полицейлер ваннадан аяқ-қолы байланған күйде жатқан марқұмның 40жасар күйеуін тапқан. Жараланып, бір қолы сынған. Үй шашылып, астаң-кестеңі шыққан. Есік-терезе қираған.

«Өлтіріп кетті, өлтіріп кетті!» деп бір сөзді ғана қайталап шошынып қалған, есі кіресілі-шығасылы келіншектің күйеуін алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға алып кетті. Абылай үрейленген тұрғындарды үйлеріне қайтарып, оқиға болған орынның бәрін сызып, қоршатты.  Сарапшы мамандармен бірге пәтерді қырағылықпен мұқият зерттеді.

  • Не айтасың Жанат Оңласынұлы? – деп капитанға Абылай қыран қабақтың астынан сұраулы көзбен қарады.
  • Аң-таңмын. Күйеуі байлаулы. Әйелі терезеден секіреді, — деді капитан екіұшты.
  • Секірмеді, оны біреу лақтырды деп те қарастырсақ қалай? Бұл да бір жорамал.
  • Мүмкін.
  • Оны ертең күйеуінен білетін боламыз. Сосын осы көп қабатты үйдің айналасындағы камералардың қатты дискысын жинатыңдар.

Абылай сөйлей жүріп, ештеңені назардан тыс қалдырмай сынып, бүлінген дүниенің бәрін суретке түсірді. Кейбір күмәнді заттарды арнайы целлофанға салдырып, қалған шаруаны ертеңге қалдырып, түн жарымында бөлімшеге аттанды.

Таң ата үйіне келген Абылай үйдегілерді оятып алмас үшін, мысықтабандап кіріп қайта шыға бергенде, құс ұйқылы анасы оянып кетті де, баласын ыммен тоқтатып, жанына келді.

  • Әкең екеуміз бүгін Астанаға кетеміз. Жұмысың ауыр. Денсаулығыңды күт айналайын. Жұмысыңа байланысты дос-дұшпаның да көп. Сондықтан мына бойтұмарды тағып ал, — деді де ораулы шүберектің ішінен тұмарды алып, баласының мойынына тақты.
  • Ой, мама, алаңдамаңыз. Бізді сақтап, қорғап-қолдап келе жатқан сіздердің алғыс-баталарыңыз ғой. Қарбалас болып сіздермен де дұрыс әңгімелесе алмадым. Жарайды , жолдарыңыз болсын. жақында Астанаға іссапармен барамын. Сонда асықпай қауқылдасайық, — деді де анасымен қоштасып, сыртқа шықты.

Тергеу процесі басталды. Бірінші ретте әрине марқұм келіншектің күйеуінен жауап алынды.

  • Азамат Қуаныш Бейсенбаев болған жайт өте ауыр. Қабырғаңыз қайысып отырғаны түсінікті. Сонда да болған жәйді бүкпесіз айтуыңызды сұраймыз. Бұл қылмыстың жылдам ашылуына көмектеседі. – деді де Абылай диктафонын қосып, «ал, сөйлеңіз» дегендей ыңғай танытты.

Қалың қайғыдан естанды болған Азамат Бейсенбаевтің халы шынымен адам аярлық еді. Абылай құйып берген стакандағы суды ішіп алған соң, дауысы жарықшақтанып, сөз бастады.

  • Сол күні әдеттегідей жұмыстан сағат кешкі 8 дерде жұмыстан үйге оралдым. Әйелім өзі күтіп алды. 14 жасар және 4 жасар қызымыз демалыс күні болғандықтан, ата-апасының үйіне кеткен болатын. Санду екеуміз асүйде тамақтанып, оны-мұны әңгіме етіп отырғанбыз. Сағат 11 лерге қарай есік қағылды. Көршілердің бірі шығар деп, ойымда ештеңе жоқ есікті ашқаным сол еді, бетперде киген еңгезердей ер адам мені электрошокермен талдырып тастады. (иә, ондай зат табылды деп ойлады Абылай) Бір кезде есімді жисам, әйелімнің жаңағы еркектен жанұшыра қашып жүргенін көрдім. Ой-санам тұманданып, бар күшімді жиып, қарсыласпақшы болып едім, ол мені бейсбол таяғымен кеудемнен және мына білегімнен ұрды. Есімнен танып қалыптым. Ар жағы бұлдыр, — деп аур күрсінді.
  • Демек қаскүнем әйеліңізді зорлауға келген ғой?
  • Солай. Өздеріңіз көргендей үйдегі қымбат мүліктердің бірде-бірі қолды болмаған.
  • Отбасыңызға қастық жасайды-ау деп күмәнданатын адамдар бар ма еді? Немесе бәсекелестер дегендей. Ірі кәсіпкердің дұшпаны көп болатыны айдан анық.
  • Кім біледі? Тап басып мынау деп айта алмаймын?
  • Қылмыскерді түр-тұлғасы қалай?
  • Бойы шамамен 2 метрге жуық. Алып денелі, тіліне қарағанда шетел азаматы болуы керек.
  • Әйеліңіз сұлу, көрікті болғандықтан, көз сүзіп жүрген еркектер болуы да мүмкін ғой?
  • Әрине, несін жасырайын. Бейтаныс ер кісілерден хат, сыйлық келіп тұратын. Әйелім адал болғандықтан, оларды бірінші маған көрсететін. Сөйтіп екеуміз ондай дүниелерге көз жұма қарайтынбыз.
  • Сандуғаш Көкеновамен отасқандарыңызға қанша жыл болған еді.?
  • 5 жыл.
  • Жарайды Қуаныш Тимурұлы. Болған іске болаттай болыңыз. Біз тағы да айғақтармен танысып, бұл қылмыстың бетін ашатын боламыз. Бара беріңіз.

Қуаныш Тимурұлы шығып кеткеннен кейін, Абылай болған оқиғаға ойша анализ жасап отырды. «Соңғы кезде не үшін осындай оқиғалар жиіледі? Әйелдер неге құрбандыққа шалына беруі керек? Бұл қалай болғаны? Біз қай жерден қателестік?»

Кабинетке капитан Жанат Оңласынұлы арсалаңдап кіріп, Абылайдың ойын бөліп жіберді. Өзіңнен естіген анегодотты бір айналып өзіңе айтып беретін қожанасырлау ақкөңіл жігіт. 

 — Абылай Әзімханұлы оқиғаның жіпұшы табылды.- деді олжалы келгенін байқатып.

  • Тамаша. Ал, Сөйле.
  • Қандай әдемі келіншек. Өлімге қимайсың ғой, қимайсың
  • Сонда ажарсыздау, сиықсыз адамдарды өлімге қиясың ба? Ауажәйілмай дерегіңді айт.
  • Оқиға болған көп қабатты үйдің айналасына қойылған камерадан пәтерге кірген бейтаныс ер адамды байқадық. Тұрғындардың ешқайсысы танымайтын боп шықты.
  • Сағат нешелерде кірген?
  • Түнгі 11 шамасында.
  • Мм, дәл келіп тұр. (Қуаныш Тимурұлының айтқан жауабын ойлады.)
  • Пәтерден қай кезде шығыпты?
  • 12 жарым шамасында.
  • Онда ұрыста тұрыс жоқ. Дереу іздеуге кірісейік.

Жанат қалтасынан насыбай алып, ауызына салуға ыңғайланды да, Абылайдың қарап тұрғанын көріп, тұқшыңдап қалды.

  • Әбеке, бұл бәлені сіз сияқты бірден қоя алмай жүрмін. Жайлап ұмытармын. Ұрыспаңыз.
  • Насыбайға мемлекет шектеу қойды. Ал сен заң адамы бола тұра, заңды бұзасың. Осың дұрыс па?
  • Болды, басеке. Қойдым міне, — деді де терезеден насыбайды лақтыра салды.
  • Мынауың дұрыс болды қожанасырым, — Сағатына қарады да. – кеттік залға жаттығамыз, — деп Абылай кабинеттен шықты.

Артында қалған Жанат тағы бір қалтасынан насыбай шығарып: — Мына қалтада тағы барын білмей қалды. Сізді де атақты детектив дейді-ау. – деп күбірлеп қуалана жымиды.

Қаланың барлық полиция қызметкерлері жұмылдырылып, бір апта дегенде Алтын орда базарының маңайындағы жалдамалы жатақтардың бірінен күдіктіні қолға түсірді. Күдікті – 52 жастағы Наматжан Сабиров. Өзбекстан азаматы. Жалдамалы жұмыскер. Дереу тергеуге алынды. Күдікті бастабында жалтаруға тырысқанымен, электрошокер мен бейсбол таяғындағы саусақ ізі, камерадағы бейне, т.б бұлтартпас айғақтарды көлденең тартқанда, қылмысын мойындауға мәжбүр болды.

Абылай Әзімханұлы күдіктіге бастан-аяқ барлай қарады.

  • Иә, ол пәтерге не мақсатпен бардыңыз?
  • Бастабында тонау мақсатымен барғаным рас.
  • Олардың бай отбасы екенін білетін бе едіңіз? Жоқ басқа біреулер жол көрсетті ме?
  • Мен Қуаныш Тимурұлының құрылыс компаниясында біраз жылдардан бері жұмыс істеймін.
  • Демек, бұрыннан таныссыз. Уақытылы есептесіп тұрдыңыз ба?
  • Иә, ақымды жеген кезі болмады.
  • Ары қарай жалғастыра беріңіз.
  • Мен ол үйге бұрыннан барып, бұзылған тоқ жолдары, техникалық жөндеу жұмыстарын жасап жүргендіктен, бағалы заттарын қай жерге сақтайтынын білетінмін. Соңғы кезде қаржыдан қиналып жүргендіктен, тонаушылық жасауға бекіндім. Сөйтіп, сағат 11 лерге қарай сол пәтерге бардым. Есікті ашқан Қуаныш Тимурұлын электрошокермен талдырдым да, қымбат бұйым сақталған төргі бөлмеге қарай жүргенімде, ваннадан шыққан жартылай жалаңаш әйеліне көзім түсті… ойым бұзіліп…
  • Иә, сосын не болды?- Абылай кідіріп қалған күдіктіге сөйлей бер деп ишара жасады.
  • Еркекпіз ғой. Бұрыннан сол әйелге ындыным құрып жүретін. Орайы енді келді деп ойладым. Сонымен ұрлық жайына қалды. Бірақ әйел мен ойлағандай оп-оңай икемге келе қоймады. Қолымнан сытылып шығып, ашық тұрған терезеден өзін лақтырды. Сосын ұрлық та жайына қалып, өзім зорға бас сауғаладым.
  • Жарайды. Басқа айтарыңыз бар ма?
  • Мені шайтан азғырды. Істеген ісіме қатты өкінемін.- деді күдікті күрсіне қынжылып.

Содан бері біраз күн өтті. Тергеу барысы аяқталғанымен, бұл істен бір шикілікті аңғарған Абылай Әзімханұлы сотқа жолдауға асықпады. Мұнысы басшылыққа ұнай қойған жоқ. Бірде түс әлетінде Ішкі істер бөлімінің басшысы полковник Қуандық бірлікұлы Абылайды ресторанға кездесуге шақырды. Бұл жаңа келген бастығының сырына қанық емес еді. «Өзіңді әріптестермен алыстатпа және де жақындатпа» ұстанымен жүретін Абылай әрқилы ойдың жетегімен уәделі уақытта мейрамханаға барды.

  • О, қош келдің Абылай Әзімханұлы, — деп Қуандық ресторанның вип залынан  құшақ жая қарсы алды.
  • Қош көрдік Қуандық Бірлікұлы. Дастарқанға шақырғаныңызға рақмет. Дегенмен ненің құрметіне жайылған дәм екенін түсінбедім, — деді Абылай нәумез.
  • Ой, бауырым, тергеуші десе, тергеушісің ғой. Мінеки келгеннен тергей жөнелдің. Жай әріптес ретінде әңгімелесіп, жақыннын түсінісіп, сырласуға болатын шығар бауырым. – деп жақаурата кеңкілдей күлді. Талай істің тігісін жатқызған тісқаққан екені байқалып тұр,- Айтпақшы, мына сусындықтың қайсысынан татушы едің. – деп стол үстіндегі самсап тұрған ішімдіктерге қол созды.
  • Рақмет, мен спиртной ішпеуші едім, ал мынадайдан болады, — деген Абылай дастарқанда тұрған Тассайды алып, өзіне құйып қойды.
  • А, оның дұрыс екен. Маған рұқсат болса, — Қуандық өзіне вискиден құйып, тартып жіберді де, өзінің өмір жолы, қызметке қалай келгені, қазіргі саясатқа көзқарасы туралы ақтарылып сөйлей жөнелді. Сөзшеңдігі байқалып тұр. Абылай мұқият тыңдады.
  • Айтпақшы, Абылай Әзімханұлы сіз «Құрмет» орденін алғаныңызға 3 жыл болыпты. Содан бері басшылық неге сізді наградаға ұсынбаған? Бұл сіз сияқты өз ісіне шебер, кәсіби маманға жасалған қиянат емес пе? Дауай, құжаттарыңызды дайындаңыз. Мен сізді биыл «Парасат» орденіне ұсынамын.- деді вискиге аздап қыза бастаған Қуандық әңгіменің әредігінде.
  • Көңіліңізге рақмет. Атақ ретімен беріле жатар, құдай абыройдан айырмасын, — Сәл үнсіздіктен соң, — Қуандық Бірлікұлы әңгіменің тоқ етеріне көшсек. Жалпы маған не айтқыңыз келіп отыр. – деді тік мінезді жігіт мына іш пыстырарлық әңгімеден жалығып.
  • Иә, иә, істің тоқ етері былай. Түн ұзарса түс көбейеді деген. Ана марқұм келіншектің делосын жабу керек.
  • Қалай жабамыз. Ол істің күдікті тұстары бар. Тағы да зерттеуді қажет етеді.
  • Абылай Әзімханұлы сіз ақылды адамсыз. Қалай түсінбейсіз? Мына өмірде біз түсінбейтін, шамамыз жетпейтін қым-қуыт жағдаяттар көп емес пе?- деді Қуандық Қылмойыннан стақанына еселей құйып.
  • Жоқ, мұныңыз заңға қиғаш, — деді Абылай шорт кесіп.
  • Отбасың, бала-шағаң бар. Соларды ойла. Болашағына балта шаппа. Келіссең өзіңде жаман болмайсың. Қашанғы қызметтік пәтерде жүре бермексің?- деп Қуандық стақанын көтеріп, тәнтіректеп келді де, Абылайдың құлағына сыбырлады.
  • Тағы да қайталап айтам, мұныңыз біздің мемлекеттің заңына қайшы. Антыңызға адал болыңыз — деді Абылай түсін суытып, дауысын қатайтып.
  • Мемлекет, заң дейсің бе? Ертегіңді айтпашы. Ол, күштілер мен байлардың қолында, — деп қарқылдай күлді.
  • Есіңізді жиыңыз. Сіз мені бопсалап тұрсыз ба сонда? Тапқан екенсіз. Мен мұндай құқайдың талайын көргем.

Ашулы Абылай иығындағы Қуандықтың қолын итеріп жібергенде, стақанның күл-талқаны шықты.

  • Өмірің мен жұмысыңды ойла, өзіңе қиын болады. Тағы да ойлан, уақыт берем, — деді Қуандық ықылық атып.

Бұл кезде өрт сөндіргендей  түнерген Абылай мейрамханадан шығып бара жатты. Тіке бөлімшеге тартты. Кезекшілікте отырған Капитан Жанат Оңласынұлымен амандаспастан, насыбай қалтасын сұрап, бір атымды ерінге лақтырып, ашу-ызадан жарылардай болып, үйіне бет алды.

  • Басекең, бұ бәлені қойып еді. Мұнысы қалай? – деп түк түсінбеген Жанат Абылайдың артынан ұзақ қарап тұрды.

Үйге келген соң, іші әлем-тапырақ болған Абылай жаңа бастығының айтқандарын ой сарабынан өткізді. «Бала-шағаңның болашағына балта шаппа, жұмысыңды, өміріңді ойла » деген сөздер санасында жаңғырып тұрды. Төрде ілулі тұрған отбасылық суретке көзі түсіп, жүрегі шым ете түсті. Мына өмірде әділетсіз дүние аз ба екен? Қайсыбірінің үдесінен шығарсың. Жеке батыр боп не қиратпақ? Жабулы қазан, жабулы қалсын деп, қолды бір сілтесе ше? Дұрысы сол емес пе?..

Ауыр ойға шомған мұның көңілін көрші бөлмеде сабағын пысықтап жатқан қызы Еркеназдың жарқын дауысы аударды.

«Айтсам деген сөзім ең,

Дүниеге қарап шындық көзімен.

Ар алдында мен өзімді әрдайым,

Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем!»

Еркеназ тағы да қайталады. Тұп-тұнық, селкеусіз мөлдір үн. Алғаусыз пәк көңіл.  «Ар алдында мен өзімді әрдайым, дар алдында тұрғандай-ақ сезінем!» Абылай өлеңге қосылып кеткенін де, аңғармай қалды. Манағы күдік-күмәннің бәрі сейіліп, дереу бір байламға келді. Тіпті жадырап та қалды. «Тәуекел, — деді іштей жұдырығын түйіп. – Иә, өзімнің емес, бала-шағамның болашағын ойлауым керек!»

Содан былай Жанына капитан Жанат оңласынды алып, Сандуғаш Кокенованың ісін майшаммен қарағандай шұқшия зерттеді. Кәнігі ізкесер тосын мәліметтер жинады. Араға адамдар салып, пара бергендерді тойтарып тастады. Әрбір елеусіз детальдарға дейін сұрыптап, екшеді. Күдікті Наматжан Сабировтың мойындауынан ойға қонымсыз, жалғандықтар шыға бастады.  Сонымен Өзбек еліндегі бұрыннан таныс құқық қорғау саласының қызметкерлері арқылы Әндіжан қаласының Асака ауданының тұрғыны Наматжан туралы мәлімет жинау қиындық тудырмады. Күдіктіге әйел зорлады деп кінә тағуға ешбір негіз жоқ боп шықты. Өйткені Наматжан 20 жасында Ауған соғысына қатысып, қырғын шайқастың бірінде ауыр жараланып, еркектік мүшесіне зақым келген. Сол себепті өмір бойы үйленбеген. Былайша айтқанда әтек. Сонымен ол неге кісі өлімін мойынына алды?

  • Сонымен Жанат сен қандай қортындыға келдің? – деп Абылай сынай қарады?
  • Соған миым жетпей, ақылым айран боп отырған жоқ па?
  • Мысалы саған он миллион берсе, жасамаған кісі өлімін мойыныңа алар ма едің?
  • Қанша? Аз ғой. Тағы біраз қосса… А, жоға. Әбеке, не деп кеттіңіз? Адамды шатыстырып, — деп Жанат шоршып түсті.
  • Мінеки, ақшаны айтқанда сен бірден бейсаналы түрде келісімге келуге рай таныттың. Ал, құрылысшы өзбектерге бұл көп ақша. Алигархтар үшін бұл копейка. Арзымас дүние.
  • Сонда Сандуғаш Көкенованы күйеуі Қуаныш Тимурұлы өлтірді дегіңіз кеп тұр ма?
  • Дәл солай. Бірақ дәлел жеткіліксіз.
  • Әй, қайдам. Көршілерінің бұл отбасы тату-тәтті, күйеуі мешітке садақа беріп, қайырымдылықпен жиі айналысады  деп шаң жуытпай, олардың жарасымды жұп екеніне кепілдік беріп отырғанын қайда қоямыз?
  • Күштінің арты диірмен тартқан заман. Бай кәсіпкерден жасқанып, жалған куәлік берулері әбден мүмкін.
  • Иә, ондай жағдайлар болады.
  • Сосын күдікті Наматжанның жалдамалы жүмыскер жағыз бауыры жуырда ғана Асака ауданының орталығынан жап-жаңа үй алған. Бұл мәселеге ауылдастарының өзі таңқалысын жасыра алмапты.  
  • Бұл рас болса, Наматжанның бауыры үшін жасаған ісін бағалауға болады. Менің ағамды білесіз ғой, әйелінің айтқанынан шықпайды.

Абылай бір жымиып қойып әңгімесін жалғастырды.

  • Олардың жауабы бойынша, марқұм терезеден секірген-мыс. Ал өзің ойлашы, әйел шалқасынан жатыр. Өз еркімен терезеден секірген адам көбінде екпетінен құлайды.
  • Ана оңбағандар өлген әйелді терезеден лақтырған демекпісіз?
  • Межемен солай болуы мүмкін. Тұра тұр. Сөзімді бөлмей тыңда. Есіңде болса, Наматжан тергеуде әйелдің ваннадан шыққанын айтса, ал, күйеуі ол уақытта ас үйде әйелімен тамақтанып жәйбарақат отырдық деді. Сондай-ақ Қуаныш Тимурұлы мен Наматжан оқиғаның сағат 11 ден кейін болғанын айтқанымен, марқұм келіншектің қолынан табылған ақылды сағат Санудғаш Көкенованың жүрек қағысының  9 жарымда тоқтағанын айғақтап тұр. Міне парадокс. Бұған қоса Қуаныш Тимурұлының бұрынғы екі әйелінің де кездейсоқ ажал құшқанын есепке алыңыз. Мен сенімді адамдар арқылы күні бұрын қысқартуға жіберілген сот-медициналық сараптамасына қол жеткіздім. Марқұм келіншектің өлуден бұрын төрт қабырғасының сынғанын және тырнақ астынан күйеуінің тері қалдықтарын анықтадым. Демек оны айуандықпен қинап өлтірген.  Жарайды қалғанын тағы көре жатармыз. Мен қызымды мектептен алуға кеттім. Деректер туралы тіс жарма.

Істің байыбын әлі қорытып үлгірмеген Жанат басын сипаған күйі қалды.

Абылай апақ-сапақта Горни гигантта орналасқан Назарбаев зиаткерлік мектебінде оқитын қызы Еркеназды күтіп алуға барды. Көп күттірмей қызы да шықты. Екеуі қатарласа жүріп, көшені кесіп жаяулар жолынан өте бергенде қапталдан өздеріне қарай құйғытып келе жатқан қара джип көлігін көрді. Қас-қағым сәтте әбжіл қимылдаған Абылай қызын арғы бетке итеріп үлгіргенімен, өзі қатты соққыдан анадай жерге ұшып түсті. Абылай ауруханада есін жиді. Оң жақ ортан жіліктің морт сынғаны болмаса, басқа жарақаттарды елемеуге болады. Бастысы қызы дін аман. Абылай мұның сөзсіз қастандық екенін сезді. Аса діншіл болмаса да, бір құдіретті күштің барына сенетін. Мойынындағы анасы берген бойтұмарды сипалап, жүрек тұсына басты.

Арада он күн өткен соң, жақындары мен доғдырлардың қарсылығына қарамай балдағын сүйеніп, ақсаңдай басып Сандуғаш Көкенованың ісін аяқтауды ұйғарды.

Наматжан тәжрибелі тергеушінің бірдем өктем, бірдем жұмсақ, шым-шытырық қойылған сұрақтарынан сынып түсті. Иә, ол үйге сағат 11 де Қуаныштың шақыруы бойынша барған. Сосын қожайыны табан астында сценари құрған. Оның қаржыдан қысылып жүргенін күні бұрын білетін Қуаныш Наматжанмен 9 миллионға келіскен. Бұл кезде бір жарым сағат бұрын жантәсілім еткен келіншек еденде жатқан еді. Сөйтіп Наматжан тергеушіге үлкен сомаға кісі өлімін мойынына алғанын  мойындауға мәжбүр болды.

Ал Қуаныш бұлтартпас деректердің барына қарамай, барынша қарсыласып, бұлталақтап баққанымен:

  • Мен оны үлде мен бүлдеге орадым. Алтын-күміске малындырдым. Ол қалағанның бәрін жасадым. Елде жоқ көлік мінгіздім. Коттеж салып бердім. Ол оңбаған менің жасаған жақсылығымды білмеді. Өзінің менің ғана жеке меншігім екенін түсінбеді. Еркін жүргісі келді. Соңында сыбағасын алды, — деп айғайлады тығырыққа тірелгенін білген соң.
  • Мінеки, сен оған жеке мүлкің ретінде қарадың. Ол жиһаз емес, адам еді, адам деймін. Ал, сені адам деуге ауызым бармайды, — деді көп ашулана бермейтін Абылай үстелді тоқпақтап.
  • Мені бәрібір қамай алмайсыңдар. Ертең-ақ бостандыққа шығатын боламын. Осы істеген ісіңе әлі-ақ өкінесің, — деді мізбақпай
  • Сен байлығыңа сеніп, қылмысты  жасыруға тырыстың. Тіпті сот-медициналық орталығындағы адамдарды, ішкі істер бөлімінің басшысын парамен сатып алдың. Бірақ сатылмайтын дүниелер де болады. Ол –ар-ұждан. – деді Абылай бұ жолы байсалды түрде.

Сөйтіп, біразға созылған қылмысқа нүкте қойылып, іс сотқа жөнелтілді.

  • Отағасы-ау, жұмыс-жұмыс деп әбден діңкелеп болдың. Енді әлгі екі ұлдың алып берген жолдамасымен Анталияға барып, демалып қайталық. – деді әдеттегідей Ұлпан күйеуіне өзімсініп.
  • Сәл күте тұр. Тағы да бір кезек күттірмейтін іс болып тұр.

 Абылай әйеліне сөйлей жүріп, балдағына сүйеніп, самалдыққа шықты. Қазанның ептеп желемігі соғып тұр. Үстіндегі киімін қаусырынап, іштей күбірлеп: — Енді аяқастынан мезгілсіз еңбек демалысына кеткен Қуандық Бірлікұлының ісімен айналысу керек, — деді Алатауға қарап.

Аршын Нұрбақыт

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...