Байтақ партиясының Алматы қалалық филиалында «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Алматы қалалық филиалында бір топ журналистермен кездесіп, алдағы жоспарларын бөлісті. Жиынға қатысқан партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Жұмабек Бастаубаев, «Байтақ» жасылдар партиясының хатшысы Ерлан Қыдырбаев, партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Ұлықбек Қапалбеков және Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Абай Сағитов журналистердің сұрағына жауап беріп, еліміздің экологиясы, Алматы қаласының ластанған ауасы секілді маңызды мәселелерді ортаға салды.
Партияның алдағы уақытта ел экологиясын жақсарту бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен шетелдік ірі жобаларға қатысып, экология мәселелерімен бетпе бет келіп, өз біліктілігін танытып жүрген академик Абай Оразұлының пікірлері журналистер тарапынан қызығушылық туғызды.
Осы орайда «Байтақ» жасылдар партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Жұмабек Бастаубаев «Біз қазір алдағы ондаған жылда Қазақстанның қандай болатынын анықтайтын өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. Президент цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын өте орынды атап өтті. Бұл тек басқарудағы тиімділікке, ашықтыққа және азаматтарға ыңғайлылыққа апаратын жол ғана емес. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашатын, ғылым мен білімге серпін беретін, халықаралық аренадағы орнымызды нығайтатын тұтас жаңа индустрия қалыптастырудың негізі. Осы орайда еліміздің экологиялық бастамаларына қолдау білдіріп, экологиялық мәселелердің алдын алуға ұмтылу, кейбір экологиялық мәселелердің нақты шешімін ұстау басты бағытымыз болып отыр», – деп атап өтті.
Журналистер тарапынан қойылған Алматы қаласының ауасын жақсарту, балалар арасында белең алған аллергиялық аурулардың алдын алу бағытындағы сұрақтарға партия хатшысы Ерлан Қыдырбаев тиянақты жауап берді. Сондай-ақ «Біздің ғылыми кеңесіміз қоғамдық бақылау жүргізіп, Алматыдағы жасыл желектерді қорғау саласында заңбұзушылықтарды анықтады. Соңғы 5–6 жылда қала тұрғындары уытты химикаттарға ұшырады. Бұл экожүйеге және адамдардың денсаулығына кері әсер етті: аллергия, иммунитеттің әлсіреуі және басқа да аурулар – барлығы химикаттардың салдары. Зиянды заттардың концентрациясы бірнеше есе өсті! Экология министрі осы газға толы қаланың ауасына қоқыс жағу зауытының шығарындыларын қосқысы келеді. Министр қытайлық компаниямен келісімге өзі қол қойды, заң бойынша өтуі тиіс аукционсыз және алматылықтардың келісімінсіз. Мен сенемін, бірде-бір алматылық қосымша улануды және онкология қаупін қаламайды. Біздің партия осы шешімге алғашқылардың бірі болып қарсы шықты. Біз бұл шешімді заңсыз, есептелмеген және азаматтардың денсаулығы мен экожүйеге қауіпті деп санаймыз. Өз ұстанымымызды БАҚ арқылы жеткізіп отырмыз, халық бізді қолдап отыр. Қоғамдық тыңдауларда зауыт салынбайды деп сенеміз.
Облыста жасыл желектерді қалпына келтіріп, Алматының жасыл белдеуін отырғызу және өсіру керек. Тек сол кезде қала мен облыстың атмосферасына әсер етуге болады. Барлық жұмыстар кешенді түрде жүргізілуі тиіс: қоқыс, ағындар, ағаштарды қалпына келтіру, карьерлер.
Биыл жауын-шашын аз болды, ал келесі жылдары Қазақстан үшін тіпті құрғақ жылдар күтілуде. Жасыл қордың аздығы – ылғалдылықтың төмендеуіне себеп. Егер бүгіннен бастап жұмыс бастамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сол кезде тек тірі қалу мәселесі күн тәртібінде қалады. Экономикалық немесе әлеуметтік тақырыптар өзектілігін жоғалтады.
2025 жылдан бастап қала негізінен қауіпсіз биопрепараттармен өңделеді. Бірақ жұмыс тоқтамайды. Біз Алматы қаласының экожүйесін қалпына келтіреміз. Биофабрикалар саламыз. Пайдалы жәндіктер мен құстарды – зиянкестердің табиғи жауларын – қайта әкелеміз. Өсімдіктерді қорғауда тек адамға және табиғатқа қауіпсіз биологиялық әдістерді қолданамыз.
Алматы ауасы соншалықты ластанған, кез келген қосымша зиянды шығарындылар, оның ішінде уытты химикаттар, адамдардың денсаулығына және экожүйеге бірден әсер етеді. Бұл – иммунитеті әлсіреген науқас ағза сияқты: барлық қосымша қауіп ауруларды тез тудырады» деп өз ойын ортаға салды.
Және Алматы қаласынан қоқыс өңдейтін зауыт салуға ашық қарсылығын білдіріп жүрген азамат ретінде «Биылғы қала үстіндегі ыс өткен жылға қарағанда әлдеқайда қою. Көктөбеден қала көрінбейді, тіпті биік ғимараттар да көрінбейді. Досаев аәкім болып тұрған кезде де қоқыс жағу зауытын салғысы келген еді. Біз баспасөз конференциясын өткізіп, әкімдік бұл жоспардан бас тартты. Сол сияқты, қазіргі әкім Сатыбалды Дархан Амангельдиевич жалғыз дұрыс шешім қабылдайтынына сенеміз. Сонымен бірге, Алматы экологиясын тек қала арқылы қалпына келтіру мүмкін емес. Алматы облысын да ескеру қажет. Жұмыс агломерация аясында жүргізілуі тиіс. Алматы – қоқыс генераторы, облыс ресурстарының тұтынушысы. Бұл міндетті түрде ескерілуі қажет. Қаладағы қоқыс пен канализациялық ағындарды шешіп, дұрыс пайдаланып, қауіпсіз қайта өңдеу және утилизациялау қажет» деп ойын түйіндеді.
Расында да, қазіргі таңда еліміздің экологиялық мәселелері ушығып кеткені жасырын емес. Сондықтан табиғат жанашырларының ұсынысы «Еститін Үкімет» құлағына жетеді деген үміттеміз!


