12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Бағдат АХМЕТОВ, «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «ӘДІЛЕТТІЛІК ПЕН ШЫНДЫҚ — ЗАҢДЫЛЫҚҚА ӘКЕЛЕТІН ТІКЕ ЖОЛ»

– Бағдат Қаспақұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауында «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет» деп атап өтті. Бұдан қандай ой түйдіңіз?

– Бұл жолғы жолдаудың жаңа Қазақстанды құрудағы маңызы ерекше болды десем, артық айтқандығым емес. «Бесінші бағдар. Заң және тәртіп» деген тарау заң үстемдігін нығайтуға толық арналған. Онда сот жүйесін одан әрі дамыту бағыттары нақты атап көрсетілген. Қазіргі уақытта елімізде сот реформасы қарқынды жүріп жатыр. Президенттің бастамасымен Жоғарғы Сот тарапынан атқарылып жатқан іргелі істер, жаңа қабылданған заңдар көпшіліктің оң пікіріне ие болуда. Оған біздің, яғни Жоғарғы Соттың, отставкадағы судьяларының да қосқан үлесі аз емес.

– Өзіңіз осы ұйымның белсенді мүшесісіз. Жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері сот реформасын үнемі бақылап, өзіміз қызмет еткен саланың бүгіні мен болашағына алаңдап отырамыз. Соған байланысты Мәжілісте өтетін талқылауларға қатысушы Гүлнәр Оразқызына нақты ұсынымдар жолдадық. Осының алдында «Заң газетінде» аталған тақырыпқа байланысты бірнеше мақала жарияланды. Солардың көпшілігін аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Өмірсерік Қожабаев ұсынды. Соның ішінде менің де екі-үш мақалам жарық көрді. Біздің ұйымға кейде азаматтардан арыз-өтініштер түсіп жатады. Оларға жауап беріп, заң тұрғысынан түсіндірмелер береміз. Сонымен бірге, Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановқа жолдаған маңызды ұсынымдарымыз қолдау тауып, жұмыс топтарында жаңа заңнама әзірленгенде ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда, отандық сот жүйесінің беделін арттыруға заңдық тұрғыдан қолдан келген көмегімізді аянып жатқан жоқпыз. Ұзақ жылғы өмірлік тәжірибемізді жас заңгерлермен бөлісеміз. Сот жүйесіндегі келелі істер, жаңашылдықтар, қабылданған заңдар туралы БАҚ арқылы қоғамды, судьяларды хабардар етіп отырамыз.

– Судья қызметіне кімдер лайықты? Заңгер мамандарды судьялыққа ұсынған қаншалықты дұрыс?

– Жалпы, сот жүйесін, қызметтегі судьялардың бәрін жөн-жосықсыз сынап-міней берген дұрыс емес. Себебі, кез келген судья болсын, сот қызметкері болсын, әділеттілікті, заңдылықты назарда ұстап, әділ және заңды шешімдерді қабылдауды қамтамасыз етуге бар күшін салады, білім-тәжірибесін жұмсайды. Қызметімізді дұрыс жолға қою үшін бізде білікті және білімді судьялар жеткілікті. Сұрағыңа келсек, судьялыққа Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясынан білім алып шыққан азаматтар немесе судьяның консультанттарын, соттарда хатшылық қызметін атқарғандарды қабылдаған жөн деп ойлаймын. Қазіргі кезде бұған қатты көңіл бөлініп отыр. Ал тек қана жоғары білімді заңгер мамандарды судьялыққа қабылдауда бір ескеретін жайт ондай маманға сот билігін шығару бастапқыда қиынға соғуы мүмкін. Олай болған жағдайда, шағымданушының реніші туындайды. Сондықтан заңгерлерді судьялық қызметке алар алдында оларды Сот төрелігі академиясынан дайындықтан өткізсе, дұрыс болмақ. Судья боламын деген азамат өте адал, принципіне қатал, іс бойынша анықталатын іс-әрекеттерді терең түсініп, оларды заң талаптарына сай бағалай білуі тиіс. Сот мәжілісінде керекті сұрақтарды айқындау сот тәжірибесіне байланысты екендігі белгілі. Судья сот мәжілісін тікелей өзі өткізгенде ғана тәжірибе жинай алады. Ал әрбір іс бойынша тәжірибелі судьялар немесе сот төрағасы ешқандай да кеңес бере алмайды әрі оған заңмен тыйым салынған. Судьялыққа барам деген жанның, ең әуелі, адамға деген мейірімі болуы керек деп ойламын. Президент жолдауында «Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет» деп атап өткендей, қызметтерін адал, әділетті және кәсіби деңгейде атқарған судьялар ғана көпшіліктің сеніміне ие бола алады.

– Судья әділ шешім шығару үшін қандай қағидаттарға сүйенеді?

– Судья әділеттік принциптерін орындау үшін тек қана заң талаптарын қатаң сақтауы қажет, іс бойынша келтірілген дәлелдерді терең зерттеп, дұрыс баға бергені жөн. Ол тек тәжірибеге байланысты. Сондықтан әділеттілікті қамтамасыз ету күн тәртібінің өзекті мәселесі деп айта аламыз. Ескере кету керек, әділеттілік пен шындық – екеуі де заңдылыққа әкелетін тіке жол. Оларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Мемлекетімізді өркендету, заң талаптарын қатаң сақтау, әділеттілікті қалыптастыру үшін әрбір заңды тұлға, жоғары лауазымды азамат, мемлекеттік қызметкер шындықтың, әділеттіліктің үлгісі болуы тиіс. Мысалы, жергілікті әкімдер азаматтарға баспана салып алуға жер бөлуге ауызша рұқсат береді де, кейін бастапқы сөзінен тайқып шыға келеді. Немесе азаматтардың үй салып жатқанын күнде көріп жүрсе де, оған мән бермейді. Кейін «ол адамдар үй салу үшін жерді заңдастырып алмады» деп сотқа арызданып, көптеген азаматтарды жанұяларымен үйлерінен шығарып, үйлерді бұзу туралы соттан шешім шығаруды талап етеді. Сот болса, «жер заңдастырылмағандықтан, үйлерді азаматтар өз еріктерімен салғандықтан, әкімнің талап арызы орындалуға жатады» деген шешімге келеді. Бұл, бір қарағанда, заң талаптарына сай келеді, алайда, оның екінші қыры да бар. Ол жерде бір емес, көп үй салынып қояды және онда адамдар жанұяларымен бірнеше жыл өмір сүріп жатады. Сол себепті оның арты үлкен дауға әкеліп соғады. Мұндай келеңсіздіктер әкімдік тарапынан кеткен заң бұзушылық салдарынан болса да, жеме-жемге келгенде, заңды шешім шығарған судья не сот органын сырттай сынап жатады. Оған кім кінәлі десеңіз, әрине, ондай жағдай әкімдердің салғырттығынан болған мәселе деп айта аламыз. Жерді беру, оны бақылауда ұстау – әкімдердің құзырындағы іс. Әкімдер үйлер салынып жатқанын көре тұра, алдын ала ешқандай әрекет жасамайды. Сондықтан олардың жауапкершілігін барынша қатайту керек.

– Азаматтарды әуре-сарсаңға салып қоятын осындай заңсыздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?

– Лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту қажет. Әділеттілікті орнату үшін күнделікті бақылау болуы шарт. Ол үшін, ең алдымен, жоғарғы бақылаушы органның лауазымды қызметкері адал, елінің, халқының болашағын ойлайтын азаматтар болуы тиіс. Адалдық принциптерін жанұядан бастап, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында, қызмет істейтін жерінде қатаң сақтағандары дұрыс. Бұған қоса, азаматтар сот жүйесін және оның қандай, қалай билік жүргізетіндігін, өз құқықтарын қалай қорғауды білуі керек.

– Бүгінде жастардың біразы ана тілімізде сөйлегісі келмейтіні аға буынды қынжылтатыны жасырын емес. Мемлекеттік тілдегі мектептерде білім алатыноқушылардың көпшілігі үзіліс кезінде бір-бірімен өзге тілде шүлдірлеп сөйлесіп жатады. Бұған не дейсіз?

– Оқушы болсын, студент жастар болсын, қазақ ұлтынан бола тұра, ана тілінде сөйлеуге дағдыланбай келеді. Есік алдына шыққан балалардың да,балабақша тәрбиеленушілердің де орысша сөйлеп жүргенін көреміз. Қазақ мектебіндегі балалардың өздері үзіліс кезінде бір-бірімен өзге тілде сөйлейтінін байқаймыз. Оларға әке-шешесі де, мұғалімдер де ескерту жасамайды емес, жасайды. Бірақ, еш нәтижесіз. Ал кейбір ата-әжелер немерелеріне еріп, басқа тілде сөйлеп жатады. Одан олардың намыссыздығын байқауға болады емес пе?! Қазақта «Намыссыз халық – ынжық, құрып бітеді жүнжіп», «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деген мақал бар. Тіл туралы Дағыстанның атақты ақыны Расул Ғамзатов былай деген: «Балгер де емес, дәрігер де емес емдейтін, Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін. …Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ». Осы қанатты сөзді зердеге тоқып алғанымыз жөн. Қазақ мектептері көбейіп, жоғары оқу орындарында сабақтар мемлекеттік тілде берілгендігі жақсы ғой. Алайда, олардың оқу, білім сапасына ерекше мән берілуі қажет. «Кісінің көркі – киім емес, білім», «Кісінің сәні – өнер, білім, ақылы» дейді үлкендер. Олай болса, біз оқу, білім сапасына көп көңіл бөлуіміз шарт. Мұндай талап балабақшадан, тіпті, бала өмірге келген шақтан бастап жанұядан басталуы тиіс. Әрине, бұл жағдайлар күнде тоқтамай, шаршамай еңбек етуге шақырады. Бұл қасиеттер үлкендердің, жоғары лауазымды адамдардың, қызметкерлердің бақылауында болуы қажет. Сонда ғана біз жетістіктерге жете аламыз. Бұл мәселеге жоғары оқу орындарында жете көңіл бөлінбей отырғаны бізді алаңдатады. Мемлекеттік тілді меңгермеген студенттен қандай маман шығатынын бір сәт ойлап көріңізші! Әсіресе, болашақ дәрігерлер сапасыз білім алса, олар науқасты қалай емдейді? Үлкен мәселе. Бізде жоғары оқу орындарына түсу үшін шет тілінен емтихан тапсыруды талап етеді, оның қажеттілігі неде? Неге онда мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды енгізбейді? Меніңше, шет тілін білу ғылым жолын қуғандарға керек. Онда шет тілін талапкерлердің өздері-ақ үйреніп алады. Ана көңілі – теңізден терең, таудан жоғары, аспаннан биік. Ананың мейіріміне не жетсін! Ендеше, ана тілімізді неге құрметтемеске, неге мемлекеттік тілді өркендетіп, өзара ана тілімізде сөйлемеске?

– Мүмкін, мемлекеттік тілдің маңызын ұрпақтар жетесіне дұрыстап жеткізе алмай жүрген шығармыз?

– Біздің азаматтарымыз үшін үлкен міндет – ана тілін балаларына үйретіп, ана тілінде сөйлеуді талап ету. Аталарымыз бен бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, саясаткерлік әдістермен бізге байлығы мол жерлерді мұраға қалдырды. Енді біз осы жерімізді болашақ ұрпағымызға сол көлемде аманаттауға тиіспіз.

– Бағдат Қаспақұлы, тәжірибелі заңгер болғандықтан, біраз мәселеге байланысты пікіріңізді білгім келіп отыр. Жақында «көшеде түкірігін шашып жүретіндерді аямау керек, заң тұрғысында жауапқа тартып, айыппұл салу керек» деген мәселе БАҚ-та көтерілді. Осы пікірге көзқарасыңыз қандай?

– Бұл мәселені баспасөзден оқып, біліп отырмын. Заң талабын қолдаймын. Себебі, біздің бірсыпырамызда әлі де болса, ішкі мәдениет жетіспейді. Көшеде кетіп бара жатып, қағаз, қоқыстастай салу, көлікті жүргізіп бара жатып, есігін ашып, түкіре салу, т.б. келеңсіздіктерді өз басым жиі көремін. Сондықтан көпшілік жүретін жерлерде түкіргені үшін айыппұл төлеу туралы заң ережесін енгізу орынды деп санаймын. Ол ереже азаматтарды мәдениеттілікке бейімдеудің шешуші тәсілі деп айтар едім. Заңнамаға қарағанда, көпшілік жиі жүріп-тұратын, мәдени орындарда түкірік қалдыру – қауіпті. Далада, есік алдында, саябақта, көшеде, кісілер көп жиналған жерлерде түкіру микробтың көбейіп, түрлі жұқпалы аурудың таралуына әкелетіндігі айтылады. Сондықтан ондай заң талабын қатаң сақтауға міндеттіміз. Оны балаларға, немерелерге үйретіп, заң талабын сақтауды қатаң талап етудің маңызы зор.

– Сөз соңында оқырмандарға қандай кеңес айтасыз?

– Әрбір жанұя балаларының жақсы өмір сүруіне, оқуына, күні ертең еліміздің үлгілі азаматы болып ержетуіне жағдай жасағаны жөн. Балалар қандай мамандықты да жоғары дәрежеде игеруге ұмтылуы керек. Ең маңыздысы, баланы мейірімді, шыншыл болып өсуге баулу қажет. Біз отбасының қадірін әрқашан биік ұстайтын халықпыз. Сол үшін таңның атысынан күннің батысына дейін адал еңбек етіп, мағыналы өмір сүреміз. Ұрпақтарымыз ата-баба аманатына адал болып, байтақ елімізді, ұланғайыр жерімізді, қасиетті Отанымызды қадірлей біліп, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғауға, ел дәулетін еселеуге азаматтық үлесін қосса дейміз. Сонда ғана біз отаншыл ұрпағымызбен, мемлекетшіл балаларымызбен, немерелерімізбен мақтана аламыз әрі еңбегіміз еш кетпейді.

Нұрлан ҚАЛҚА, Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі

Қазақстандағы су тасқыны: қанша отбасы жаңа баспанаға ие болды?

Су тасқынынан кейін 202 қазақстандық отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтер алды.

Әділет вице-министрі Бишімбаевты мерзімінен бұрын босату шарттарын атады

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін тойлаудан тағы бас тартты

17 мамыр – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы бұл күнді қалай өткізуді жоспарлап отыр?

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысы әкімі қызметінен босатылды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды.

ҰБТ-ға қанша қазақстандық қатысады?

Бүгін Қазақстанда 2024 жылғы негізгі ҰБТ басталды. 180 мыңнан аса түлек тестілеуге қатысуға ниет білдірген, әрқайсында екі мүмкіндік болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасилов мәлімдеді.