2026 жылғы 12 қазаннан бастап Қазақстанда кепілсіз несие алған азаматтарға оны рәсімдегеннен кейін 14 күнтізбелік күн ішінде айыппұлсыз немесе өсімпұлсыз қайтару құқығы беріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жаңа ережеге сәйкес, қарыз алушы несие шартын жасасқаннан кейін екі апта ішінде одан бас тарта алады. Бұл жағдайда банк клиенттен тек ақшаны нақты пайдаланған күндері үшін есептелген пайызды ғана талап ете алады.
Азаматтар несиеге байланысты рәсімделген ерікті сақтандырудан да бас тартуға құқылы болады.
Жаңа талаптар қаржы ұйымдарының клиенттермен жұмыс істеу тәртібіне де қатысты. Атап айтқанда, кредиторларға несие шарттарын жасыруға және клиенттерге қосымша қызметтерді күштеп ұсынуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, несие рәсімдемес бұрын қаржы ұйымдары азаматтарға қарыздан бас тарту құқығы туралы алдын ала хабарлауға тиіс.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 12 қазаннан бастап күшіне енеді.


