Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанда 2021 жылы ақылы жолдардан қанша табыс түскенін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, жалпы ұзындығы 682 шақырым болатын төрт ақылы жол: «Нұр-Сұлтан — Теміртау», «Нұр-Сұлтан — Щучинск», «Алматы — Қапшағай» және «Алматы — Қорғас» республикалық жол учаскелерінен 6,9 миллиард теңге түскен.
Сонымен қатар, елімізде былтыр 23-қарашадан бастап тағы 7 ақылы учаске жұмыс істей бастады. Олар: «Тараз — Қайнар», «Шымкент — Қызылорда», «Шымкент — Тараз», «Шымкент — Өзбекстан шеккарасы», «Талдықорған — Қапшағай», «Көкшетау — Щучинск», «Нұр-Сұлтан — Павлодар» автожолдары. Бұл учаскелерде бір айдан сәл астам уақыт ішінде 1,2 миллиард теңге түскен.
«2021 жылы елімізде ақылы жолдарынан түскен қаражат мөлшері 8,1 миллиард теңге болды», — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жиналған қаражат ақылы жолдарды күтіп ұстауға және бағдарламалық-аппараттық кешенін қолдауға бағытталды.