12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ата-аналық құқықтан айыру жауапкершіліктен айыру емес

Адами құндылықты сақтаудың бір жолы – адам құқығын қорғау. Осы игілікті іске асыруда судьялардың атқаратын міндеті зор. Жауапкершілік пен талап тағы бар. Сырт елге еренсіз естілгенімен адам тағдырын шешуде кәсіби біліктілікті қажет ететін жұмысымыздың бір саласы ата-ана құқықтарынан айыру рәсімі және оның салдары. Негізі ата-ана өз балаларына қамқорлық көрсетпесе, тәрбиелемесе ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін екендігі заңнамада анық жазылған. Нақтылай түссек, ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 76-бабына сәйкес, ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап қоюы ата-аналардың немесе баланың басқа да заңды өкілдерінің талабымен қойылуы мүмкін.
Ата-аналардың кінәлілігі анық­талған жағдайда ғана сот оларды жоғарыда аталған кодекстің 75-бабында көзделген негiздер бойынша ата-ана құқықтарынан айыруы мүмкiн.
Судья ата-ананың бiрін құқығынан айыру немесе оны шектеу туралы iстi сот талқылауына дайындау барысында кәмелетке толмаған баланың құқықтарын қорғау және оны одан әрі тәрбиелеу үшін қажеттіліктерімен қамтамасыз ету, сонымен қатар, баламен бiрге тұрмайтын ата-анасының құқықтарын қорғау мақсатында осы ата-анаға сот талқылауының уақыты мен орнын хабарлауға, оның баланы тәрбиелеу үшін өзіне беру туралы талап етуге құқылы екенін түсiндiруге міндетті.
Жауапкердің сотқа қатысуын қамтамасыз ету үшін сот қызметкерлері орасан зор еңбек етеді. Себебі, талап қоюшы жауапкердің мекенжайын көп жағдайда білмейтіндіктен соңғы мекен жайымен қарауды сұрайды.
Ата-аналардың төл міндеттерін орындаудан жалтаруы балаларының моральдық және физикалық тұрғыда өсіп, дамуына, білім алуына теріс ықпал етеді. Алимент төлеуден қасақана бас тартуы өмірлік қиындықтарды тудыратыны анық. Бұл мәселені шешу кезінде, алимент төлемеу мерзімінің ұзақтығы мен себептерін ескеру қажет. Алименттер төлеу туралы нотариат куәландыр­ған келісімнің немесе өндіріп алу туралы сот актісінің негізінде алиментті төлету анықталады. Баса айтатын мәселе алимент төлеушінің кінәсінен берешектің жиналуы, яғни ай сайын алатын жалақысының, өзге де табыстарының мөлшерін, мекенжайын жасырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 669-бабы, Қылмыс­тық кодекстің 139-бабына сәйкес жа­уапкершілікке тартылуы мүмкін.
Алимент төлеуші тарап, егер сот оны ата-аналық құқықтарынан айырса оны алимент төлеуден де босатады деп ойлап, ата-аналық құқықтарынан, яғни баласынан бас тартып жатады. Мұндай жағдайларда сот ата-аналық құқықтан айыру, ата-аналық міндеттен босатады деген ұғымды білдірмейтіндігін түсіндіреді.
Егер баланы ата-анасымен қалдыру психологиялық тұрғыда кері әсер етіп, нерв жүйесінің бұзылуы немесе өзге де созылмалы ауруы қозып, ауыр жағдайларға душар болу қаупі болса, ата-ана құқықтары шектеледі. Бұл шектеу ата-ананы әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танумен байланыстырмайды. Шектеу туралы мәселені шешу барысында ата-аналар кінәлілігін сезінетінін-сезінбейтінін және оны жақсы жағына өзгерту ниетінің бар-жоғын анықтау қажет. Заңнамада ата-ана құқықтары шектелу мерзімі белгіленбегендіктен сот ата-ана құқықтарын шектеу мерзімін көрсетпей шешім шығарады.
Азаматтық-процессуалдық кодекстің 48-бабы бойынша қойылған талапты тану жауапкердің құқығы болып есептеледі. АПК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе өзгелердің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот жауапкердің талап қоюын қабылдамайды. Ата-ана құқықтарынан айыру жөнінде қойылған талапты қанағаттандыру туралы соттың шешімі тек жауапкердің қойылған талапты мойындауына ғана негізделмейді. Өйткені, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 75-бабында көзделген негіздер болмаған кезде ата-анасының өз баласына қатысты ата-ана құқығының күшін жою жөніндегі ниеті ата-ана құқықтарынан айыруға негіз болып табылмайды.
Сонымен қатар, осы кодекстің 77-бабының 2-тармағына, 80-бабының 2-тармағына сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу ата-ананы өз баласын күтіп-бағу мiндеттерiнен босатпайды, сондықтан сот ата-ана құқықтарынан айыру немесе оны шектеу туралы iстердi қарау барысында талаптың қойылғанына-қойылмағанына қарамастан балаға алимент өндiру туралы шешім шығарады.
Талап қоюшының баланы күтіп-бағу үшін алименттер өндіріп алудан бас тартуы заңға қайшы келеді және баланың құқықтарын бұзады, сондықтан АПК-нің 48-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот мұндай бас тартуды қабылдай алмайды.
Ата-аналық құқықтардан айыру туралы талап қойғанда, талап қоюшылар, баланың ата-анасын құқықтардан айыр­ғанда оларды «Әкесі» немесе «Анасы» деген бағаннан алып тастауды көздейді. Осы жерде айта кететін жағдай, ата-­аналық құқықтарынан айыру олардың ата-ана екендігін даулау деген сөз емес.Сондықтан кәмелетке толмаған баланың әкесі ата-аналық құқығынан айы­рылғанмен «Әкесі» немесе «Анасы» деген бағанда жауапкердің аты-жөні әкесінің аты алынып тасталмайды.

Жанар Беимбетова,
Алматы облысының №2 кәмелетке толмағандар істері
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

Алматы облысы

Мәміленің жарамсыздығы және мәміленің түрлері

Азаматтық заңнамада мәміле нысанына белгілі бір талаптар бар. Осылайша, екі...

Азаматтық істердің соттылық мәселесі

Бүгінгі күні барлық соттар үшін ортақ болып соттардың азаматтық...

Шарттық даулар

Шарттық даулар – тараптары ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, азаматтар бола...

Сот отырысы хатшысының жұмысы

Сот отырысының хатшысы соттың өзіне жүктелген функцияларды орындауы кезінде...

Әкімшілік істегі медиация

Медиация, медиатор деген ұғымдардың елімізде пайда болуына Қазақстан Республикасының...