12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ХАЛЫҚ БАНКТЕРГЕ 4 ТРЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Бүгінде елімізде мыңнан астам микроқаржы ұйымы бар екен. Санаулы минутта қажетті қаржыны қолыңызға ұстатып, онлайн несие берумен айналысатындардың пайызы шектен тыс жоғары. Алайда халықты пайыздың көптігі емес, оңай ақшаны тексермей-ақ беретіні қызықтыратын секілді. Микроқаржы ұйымдары алдында берешектің 400 миллиард теңгеге жуықтауы соның дәлелі. Қарыз әрбір қазақстандыққа шаққанда 470 мың теңгеден асады. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 290 мың теңге еді. Осы уақыт ішінде ол 180 мыңға өсіп, жарты миллионға жуықтаған. Яғни банк алдындағы қарыз мөлшері де жылдан жылға өсіп барады.

Бұл сома ел азаматтары алған несие көлемін экономикалық белсенді халықтың санына бөлгенде шығып отыр. Жалпы қазақстандықтардың банктерге берешегі 4 триллион теңгені құраған. Несиені
тегін ақшадай көретін жұртшылық бүгінде банктерді, микроқаржы ұйымдарын ғана емес, ломбардтарды да жағалап жүр. Осыған алаңдаған Мемлекет басшысы көктемде құқық қорғау құрылымдары мен қаржы нарығын қадағалайтын және мониторингілейтін мемлекеттік орган
басшыларымен өткізген кеңесте ломбардтардың жұмысын қатаң қадағалап, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлуге шақырған болатын. Расында да халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен бүгінгі күні алаяқтық жолмен халықты қанайтындар көбейіп барады.
Мәселен еліміздің бірнеше қаласында ашылған шаш, бет күтіміне қатысты косметологиялық орталықтар мыңдаған әйелді басында «тегін процедура жасаймыз» деп шақырып алып, кейін мойнына екі жүз мыңнан бастап, миллион теңгеге дейін іліп жіберген. Бүгінгі күні сұлулық салонына барып сан соғып қалған мыңдаған әйел банк пен сот арасында сандалып жүр. Әрекеті әдемілікпен айналысудан гөрі алаяқтыққа ұқсайтын, халықтың қаржылық сауатсыздығын өз мүдделеріне пайдаланғандар инстаграм әлеуметтік желісінде де онлайн ойындар ұйымдастырып, «тиын берсең теңге аласың» жолымен халықтың қалтасындағы соңғы ақшасын сыпырып алуда. Түрлі аккаунтар ашып, жалған жарнамамен жұртты өзіне тартып жатқандардың парақшасына жазылушылардың да
қарасы қалың. Олардың жазған постарына миллиондаған адам пікір қалдыратынына қарап-ақ халықтың оңай олжаға әуестігін, сенгіштігін, қаржылық сауатының төмен екенін байқауға болады. Ол аздай ғаламтор мен әлеуметтік желіні жаулап алып, «қомақты ақша салып, компания акциясының бір бөлігін иемденіп, онлайн бизнеске ие бол» дейтіндер де халықтың ақшасын
қалтасына басуда. «Евро құнын жоймайды» деп, өздерінің айтуынша «құнды қағазын» евромен сататындардың әрекеті де күмәнді. Оларды теңгенің тағдырынан гөрі, «әлемге ортақ ақшаға» сеніп, жұртшылықты да соған шақырып, «дәуірі келгенде» іске қосылатын бизнестеріне басқаларды да тартуды көздеп жүргеніне қарап, қаржылық сауатсыздықтың әлі де талайларды орға жығатынына сене түсесің. Осылайша инстаграм жұрты 2-3 мың теңге аралығындағы
соңғы ақшаларын онлайн ұтыс ойындарына тігіп жатса, ғаламторды жаулап алған «онлайн бизнес» халықтың басындағы үйін, астындағы көлігін сатқызып, миллиондарын жұтып жатыр.
Жалпы елімізде кәмелеттік жастан бері қарайғы қазақстандықтардың 90 пайызы бір рет те болса несие алған. Бұл қажеттілік пе, әлде қаржылық сауатсыздық па? Халық ипотека мен бизнесті
қойып смартфон, телевизор, тоңазытқышты, тіпті киімді қарызға алып, қарнын бір тойғызу үшін
де несие рәсімдейтініне қарап, қаржылық сауатты көтеретін кез жеткенін түсінесің. Экономист Балжан Әріпқызы «Соңғы кездері студенттер арасында соңғы шыққан телефонның моделін жарыса ұстау әдетке айналған. Төлем қабілетін сұрамастан, рәсімделе беретін онлайн несиелерді алып, өзі ақылы оқуда оқитыны аздай, әке-шешесінің мойнына телефонның қарызын ілетін ойсыз балалар әрекеті де қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі» дейді.
Ерлі-зайыптыларды ажырастыруға, сүр бойдақтар санының көбеюіне себеп болып, тіпті қаржылық
сауатсыздықтан миллиондаған несиенің қамытын мойнына іліп, шарасыздықтан суицидке ұрынатындардың қатарын арттырып, елдің әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер етіп отырған қаржылық сауатсыздықтан қалай арыламыз?! Бірнеше жылдан бері шетелде тұрып жатқан жас отбасылардың бірі Назым Космосбек: «Шет елде тұрғалы бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарым қалыптасты. Оған себеп бізге қанша академиялық жағынан мектепте басымдық берсе де, өмірге баулу, спорт, қаржы және заңдық сауаттылық жағынан мақұрым екендігіміз шетте жүргенде білінді» – дейді. Жақында сенатор Нұртөре Жүсіп те бастауыш сыныпқа жаңа пән енгізуді ұсынған болатын. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың көбейіп бара жатқанына алаңдаған Сенат депутаты адам құқықтарының негіздері туралы пән енгізу арқылы, оқушылардың бастауыш сыныптан бастап құқықтарын түсіндіріп, жеке бас қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге болады деген ұстанымда.
Осы орайда айта кетер жайт, Ресейдің Білім және ғылым министрлігі қаржылық сауаттылық
бағдарламаларын балабақшаларда, мектептерде және ЖОО-да оқытуды енгізе бастады. Дамыған елдерде де тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын жою мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Мәселен, 2002–2003 жылдарда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия сияқты мемлекеттерде халықтың жаппай қаржылық сауатын ашу мақсатында ұлттық бағдарламалар қолға алынған. Нәтижесінде тұрғындар қаржының бағамын біліп, жөнсіз алаяқтарға да алданбай, несиені тек жылжымайтын мүліктерді сатып алу кезінде ғана қолдануға көшкен. Бәлкім бізге де қоғамның қаржылық сауаттылығын көтеруді мектеп қабырғасынан бастау керек шығар?! Қалың қарыздан қазақты қалай құтқарамыз?!

Халықтың қаржылық сауатын қалай арттырамыз?

Халықтың несиеге деген көзсіз ұмтылысын байқаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы көктемде тапсырма берген еді. Өкінішке қарай дәл қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жоқтың қасы. Несиеге тәуелділік күн өткен сайын артып барады. Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?

Жанұзақ Әкім, экономист:

  • Расында да, ел ішінде несиеге тәуелділік артып барады. Ол мұқтаждықтан ба, жоқ әлде, несиені тегіндей көретін халықтың психологиясынан ба?! Менің ойымша соңғы кездері халық несиге толықтай иек артып алды. Қыз ұзатып, келін түсірсе де, маусымдық киім ауыстырып, көшеде келе жатып қарны ашса да несиелік картамен төлей салатын хәлге жетті.

Банктер де несиелік карталарды оңай жолмен рәсімдеп, халыққа қалай болса солай несие тарата беретін болған. Банкке жол жабылса, микроқаржылық ұйымдарды, ломбардтарды жағалайтын болған. Елімізде микроқаржылық ұйымдардың да көбеюінің бір себебі ел ішінде оған деген сұраныстың болуынан. Әдетте, микроқаржы ұйымдарына банктерден кредит алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінеді. Олардың қарыз алушыларға қоятын талаптары төмен, қарызды беру реті де жеңілірек. Қазақстандықтар тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де содан. Банктерде қара тізімге енген соң, еріксіз осындай несиелік ұйымдарға барады. Сондықтан микроқаржы ұйымдарына қатысты талаптарды күшейту керек. Қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Келесі жылдан бастап микроқаржы ұйымдарына талаптар күшейтіледі деп күтілуде. Бірақ микроқаржы ұйымдарына баратын жолды жабумен ештеңе өзгермейді, халықпен де жұмыстар жүргізілуі керек. Елімізде қаржылық сауаттылықты арттырудан гөрі, микроқаржы ұйымдары мен ломбардттардың жарнамасы жер жарып тұр. Тіпті теледидарды қоссаң да, көшеде келе жатсаң да олардың қаптаған жарнамасы алдыңнан шығады. Сондықтан бұл жерде халықты «ломбардтарға неге жүгіре бересің» деп кінәлай алмайсың. Ломбардтар қазір алтынды қойып, көлікті, қымбат телефонды кепілге алатын болған. Яғни қаржылық сауаты жоқ халықты осылай тонатып жатырмыз. Сондықтан халықпен осы бағытта жұмыстар жүргізілуі керек.

Ашып айта кетер жайт, халықтың несиеге деген құштарлығы да тұрғындардың әл ауқатының көтерілуіне мүмкіндік бермей тұр. Халық қолы жетпей тұрған нәрсесін ақша жинап алғаннан гөрі қарызға алғанды жақсы көреді. Нәтижесінде несиенің пайызын өмір бойына төлеп жүреді. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Қаржылық білім туралы айтпас бұрын, сол халықтың табысын арттыру жағын да ойлауымыз керек. Айлығын айдан айға әзер жеткізіп жүрген адамға «несиеге жолама», «қаржыны сауатты жұмса» деп тықақтай беру де орынсыз.

Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы:

  • Қаржылық сауаттылықты арттырудың бір жолы мектептен бастап қаржылық сауаттылық пәнін енгізу дер едім. Шетелде сан түрлі қаптаған пәндерден гөрі, уақыт ағымына қарай бейімдеп, оқушыларға өмірлік пайдасы бар, дұрыс өмір сүруге бейімдейтін сабақтарды оқытады. Біз де қаржылық сауаттылық, өз құқығыңды білу, ішкі мәдениет, қоршаған ортаны қорғау секілді құндылықтарды мектеп бағдарламасына енгізуді қарастыруымыз керек. Өйткені азаматтарымыз осы жағынан білімі аздау. Сосын кейбір жағдайда халық өзіне қажеттіні алу үшін онлайн курстарға қатысып әуреленіп жүр. Демек халықтың осы сұранысын мектеп бағдарламасына енгізіп қанағаттандыруымыз керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Экономика негіздері мектеп қабырғасында факультативтік сабақ ретінде жүргізілді. Одан бірақ балалардың қаржылық сауаттылығы артып кете қоймады. Сондықтан пәнді енгізіп қана қоймай, оның тиімділігін көру үшін методикасын да лайықтау керек. Қазір қаржылық сауаттылығын көтергісі келгендер өз беттерінше «Бай әке және кедей әке» атты халықаралық бестселлерді оқып, ізденіп жүр. Осындай керемет кітаптар негізінде қаржылық сауаттылықты көтеру пәнінің керемет методикасы жасалса дұрыс болар еді. Қаржы саласының мамандары да адамдардың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі мен қарызға батуының себеп-салдарын қаржылық сауаттылықтың жетіспеуімен байланыстырады. Демек шын мәнінде халқымызға бұл пән ауадай керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізілсе халыққа пайдасы зор болар еді. Шыны керек, халқымыз өте ысырапшыл. Қонақ шақырса да, той жасаса да шектен тыс ысырапқа жол береді.

Әсіресе балаларды  кішкентай кезінен бастап үнемділікке және ақшаны орынды жұмсауға үйрету қажет, бұл уақыт өте келе өзінің қаржылық мүмкіндігін бағалауға және өз бюджетін мұқият жоспарлауға көп септігін тигізеді. Жөнсіз алаяқтардың арбауына түсіпеуіне де жақсы. Яғни өмірлік пайдасы бар нәрсе.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Укрепление экономической интеграции

Казахстан и Кыргызстан намерены вывести двустороннее сотрудничество на качественно...

Дорожная карта индустриализации

В прошлом году в Казахстане был принят Национальный проект...

Семь раз отмерь…

Как известно, Казахстан намерен построить атомную электростанцию, об этом...

Смаилов поручил ТЭЦ провести внеплановые проверки

Премьер-министр Алихан Смаилов поручил провести внеплановые проверки тепловых электростанций, передает...

Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды, -...