12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қасымов Темірхан Балтаұлы туралы

Әкесі Балта ұлағатты ұстаз атанып, жүздеген шәкірт тәрбиелеген үлкен өнеге иесі еді. Бертін бірнеше жылдар бойы ауылдық Кеңестің төрағасы болған. Өмір бойы адалдықты ту еткен осы кісі мен анасы Мәликенің тәрбиесі Теменің заңгер болуға қызығушылығын оятты. Сөйтіп ол Свердловск заң интитутын ойдағыдай бітіріп, 40 жыл бойы заңгерлік қызметті абыроймен атқарды.

Атап айтқанда, 1975 жылдың қараша айынан 1993 жылдың маусым айына дейін ғұмырын прокуратура саласына арнады. Осы жылдары Темірхан Балтаұлы Зеренді аудандық прокуратурасының криминалист-прокуроры, Көкшетау ауданы мен Щучье қаласы прокурорларының орынбасары, осы аудан мен қаланың прокуроры болып абыройлы қызмет істеді. Заң саласындағы адал еңбегі үшін прокуратура басшылары Т.Б.Қасымовқа жеті мәрте ресми алғыс жариялап, марапаттады.

Заңгерлік қызметтің қыры мен сыры прокуратура органдарында егжей-тегжейлі меңгерген ол бұдан кейін өзін сот жүйесінде сынап көруге бел буды. Осылайша 1993 жылдың маусым айында Темірхан Балтаұлының 22 жылдық судьялық еңбек жолы басталып кетті. Ол Көкшетау облысының Келлер аудандық сотының төрағалығына тағайындалды.

Ол жылдар тәуелсіздігімізді жаңа ғана алып жатқан кез еді ғой. Еліміздегі күрделі өзгерістер,әрине, сот саласын да айналып өтпеді.  Сот төрелігінің ежелгі ауыртпалықтарына заманның аумалы-төкпелі оқиғалары қосымша салмақ жүктеді.

Судья қабылдаған барлық шешім заңнамаға толық сәйкес келуі керек және істің мән-жайы сол шешімде жан-жақты негізделуі басты міндет. Темең қабылданған сот шешімдерінің барлығы дерлік осы талапқа сай болып отырды. Солай бола тұра, сот шешімі ісі сотқа түскен азаматтардың барлығының бірдей көңілінен шыға бермейтіні тағы бар. Себебі, қандай іс болсын, оқиғаның бір жағында айыпкерлер, келесі жағында айыптаушылар тұрады.  Сондықтан, судья қара қылды қақ жарып, қаралатын істі заңның, заманның, өзінің ары мен тәжірбиесінің таразысына салып, болған жағдайға әділ бағасын беріп, барынша дұрыс шешім қабылдауы шарт. Шешім осы талаптарға сай болса, екі жақ келесі сот инстанцияларына,Жоғарғы сотқа да шағымды сирек жазады. Міне, Темірхан Балтаұлының шығарған шешімдері сол кездегі әріптестерінің айтуынша, осы үдеден шығып отырған. Тіпті, шағым жазылған күнде де толықтай дерлік заңды деп танылып, өзгеріссіз қалдырылып жатқан.

Міне, біздің кейіпкеріміз ұзақ уақыт бойы осылайша судьяға қойылатын барлық кәсіби талаптар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, 2015 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Бұл ретте, оның осы сот жүйесіндегі 22 жылдың соңғы 15 жылын Ақмола облыстық сотының судьясы қызметінде өткізгенін ерекше айта кету керек.

Әрине, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, әрбір сот шешімінің әділ, негізді шығарылуы үшін судьяның өз жеке басы да адамгершілік жоғары қасиеттерден тұруы керек. Ол өз міндеттеріне деген зор жауапкершілік пен адалдық, моральдық тұрақтылық пен әділдік, адалдық пен сабырлық, қарапайымдылық пен әдептілік, адамның жан дүниесінің қыры мен сырын ұғып, түсіне білу сияқты қасиеттер. Осы қасиеттірдің барлығы Темірхан Балтаұлының бойында молынан бар. Оның осы адамгершілік бейнесін тек қана сот жүйесіндегі әріптестер емес, сонымен қатар, прокуратура, полиция, тағы басқа құқық қорғау саласындағы қызметкерлері де бір ауыздан сипаттай алады.

Т.Б.Қасымовтың сот жүйесіндегі ерен еңбегі облыстық және республикалық сот жұйесі басшылары тарапынан сан рет лайықты бағаланды. Атап айтқанда, 2007 жылы ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының Алғыс хатын иеленді. 2012 жылы қаңтар айында өткен облыстық және аудандық, қалалық соттардың судьяларының конференциясында Ақмола облысы бойынша «Жылдың үздік сульясы» атағына ие болып, республика бойынша осы атаққа ұсынылды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар одағының ең жоғары марапатты – «Үш би» төсбелгісімен, ал, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды. 2015 жылы «Судьялар одағының құрметті мүшесі» медаліне ие болды.

Адами және кәсіби қасиеттеріне орай, Темірхан Балтаұлы көп жылдар бойы судьялық қызметімен қатар, судьялар әдебі комиссиясының төрағасы және тәртіптік-біліктілік алқасының төрағасы міндеттерін мінсіз атқарды. Қазір ол облыстық соты жанынжағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңестің төрағасы болып табылады.

Т.Б.Қасымов құқық қорғау саласындағы абыройлы жұмысымен отбасы бақытымен де ұштастыра білген жан. Жұбайы Әлияш екеуі үш ұл-қызына өнегелі тәлім-тәрбие беріп, осы күні солардан өрбіген немере-жиендерінің қызығын көріп отыр.  Осы орайда, бір айта кеткені, ұлы Абай, қызы Дана да құқық қорғау, заң салаларында әке жолын лайықты жалғастырып келеді.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еліміздің әр судьясы Темірхан Балтаұлында болса, бұдан тұтастай алғанда сот жүйесінің жұмыс тиімділігі мен сапалы да арта түсер еді. Әділеттің, кісілік, ақыл-парасаттың ақ жолымен келе жатқан қадірлі әріптесіміз.

Сот жүйесінде алға қойған ірелі міндеттерін іске асыруда сенім биігінен көрінген Темірхан Балтаұлына тек қана жақсылық, жаңа табыстар тілейміз.

Осымен қатар, сот қызметінде қызмет атқарып жатқан әріптестерімізді 24 маусым – судья және сот қызметкерлері күнімен шың жүректен құттықтаймыз.                          

Ақмола облысының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Б.С.Әлжанов

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...