12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

«Қамысты бос ұстасаң қол кеседі»

«Тәрбиесіз өскен баладан, тәртіппен өскен тал артық» дейді қазақ. Бұл бабаларымыздың бала тәрбиесіне, ұрпағының келешегіне бейжай қарамағанын көрсетеді. Дегенмен, кейінгі жылдары отбасылық құндылықтардың арзандап, ұлттық тәрбиенің ақсағанын еріксіз мойындауға тура келеді. Әсіресе, ата-ананың қадірін білмейтін, сөзін тыңдамайтын жастардың заң шеңберінен шығатын әрекеттер жасауы тыйылмай тұр. Кәмелетке толмаған баланың заңға қайшы әрекеті үшін ата-анасы жауапқа тартылатыны белгілі.

Балалардың түнгі уақытта көшеде жалғыз жүруі, көңіл көтеру орындарынан табылуы ата-ана тарапынан бақылаудың дұрыс жасалмағанын, тәрбиенің әлсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ, заңмен тыйым салынғанына қарамастан кәмелетке толмағандардың сауда орындарынан темекі өнімдерін, спирттік ішімдіктер сатып алуы да қадағалаудан кеткен кемшілік. Өкінішке орай, үлкендер бақылаусыз бала қылмысқа бейім болатынын түсінгісі келмейді. Кейде тіпті, балаға шектен тыс еркіндік берген ата-ананың бармағын тістеп жататынын сот тәжірибесінен жиі байқап жүрміз. Данышпан қазақ мұндайда «Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деп, баланы еркіне жіберудің де елеулі қателік екенін аңғартқан.
Баланы бетінен қақпай өсі­рудің залалын көлік жүргізуге қатысты заңбұзушылықтардан да көруге болады. Осындайда қазақтың «Балаға пышақты бермесең бір жылайды, берсең мың жылайды» деген терең маңыналы сөзі ойға оралады. Дәл осы тіркес ата-анасының көлігін рұқсатсыз мініп, жолда өзіне де, өзгелерге де қауіп төндіретін жасөспірімдерге қаратып айтылғандай көрінеді.
Қара жолда қайғы көп. Соның көпшілігі жүргізушілердің жауапсыздығынан орын алады. Бұл қатарға соңғы уақытта кәмелетке толмағандар да қосылған. Ата-анасының жоқтығын пайдаланып көлікті рұқсатсыз жүргізетіндер баршылық. Әрине, жасөспірімге бәрі қызық. Желпілдеп, елпілдеп тұрған жастар достарының алдында солай ұпай жинап, өзін ересек ретінде көрсетуге тырысатыны қалыпты жағдай. Бірақ оның залалы қаншама! Мысалы біздің сотта кәмелетке толмаған баласы көлік жүргізгені үшін ата-­аналарға қатысты 2021 жылдың алғашқы 4 айында 33 іс түскен, барлығына айыппұл тағайындалған еді. Ал биылғы жылдың 4 айында 27 іс түсіп, әкімшілік құқық бұзушының 20-сына айыппұл салынса, 7-еуіне әкімшілік қамақ жазасы белгіленді.
Мысалы, Жаңаөзен қаласының әкімшілік құқық­бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында А. деген азаматқа қатысты іс қаралды. Бұл азаматтың жасы он жетіге енді толған ұлын жол сақшылары көлікті құжатсыз басқарып бара жатқан жерінен ұстаған. Іс ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен дәрежеленген. Өйткені, ата-ана шын мәнінде кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған. Әрине, қара жолдағы қауіп-қатерден ешкім де сақтандырылмаған. Тіпті, талай жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқан, тәжірибелі, білікті жүргізушілердің өзі техникалық ақау туындағанда, жолда апатты жағдай орын алғанда дұрыс шешім қабылдай алмай әбігерге түсіп жатады. Ал жол ережесін білмейтін, көлік табиғатын түсінбейтін, төтенше жағдай туындағанда сарабдал көзбен қарап, баға бере алмайтын жасөспірімнің қайғылы жағдайға ұшырауы әбден мүмкін. Мұндай кезде ол өзінің өміріне де, айналасындағылардың өміріне де қауіп төндіреді. Сот істі таразылағанда осы мәселеге көбірек ден қояды.
Сот отырысында бала тәрбиесін уысынан шығарған әкеге ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігімен бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы белгіленді. Бұл жаза бала тәрбиесіне бейжай қараған әкеге сабақ болары анық. Сонымен бірге, өзінің шалыс қадамы үшін әкесінің жазаға тартылғанын көрген бала да енді қиыс қадамға бармайды деп үміттенеміз.

Кенжегүл Қалауова,
Жаңаөзен қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

Біздің мақтаныштарымыз

Әлемдегі ең ұлы қолбасшы Ескендір Зұлқарнайын «Мен өзімнің ұстазыма...

В ЗАЩИТУ ПРАВ ЖЕНЩИН И ДЕТЕЙ

Как известно Главой государства 15 апреля текущего года подписаны...

Жеке сот орындаушылар жұмысы жандануда

Қазақстанда жеке сот орындаушылар институты тиімділігін толықтайдәлелдеуде. Оны сот...

Азаматтық істер бойынша сот актілерін орындау

АПК-нің 241-бабына сәйкес, шешім дереу орындау жағдайларын қоспағанда, заңды...

Оңалту процедурасын қолдану

Экономиканы қалпына келтірудің маңызды міндеттерінің бірі барлық тиімсіз және...