24 C
Алматы
Среда, 18 мая, 2022
spot_img

Таңдау еркі – талап қоюшыда

Елімізде әкімшілік әділет құрылымын енгізу ең алдымен мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуді көздейді. Бұл институт біздің мемлекетімізде жаңа құрылым саналғанымен, әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан жемісті жұмыс істеп келе жатыр. Ал осы жаңа институттың негізі саналатын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің мақсатын, қағидатын, міндетін түсіндіру жұмыстарын әлі де кеңейте түсу керек. Өйткені, азаматтар сотқа ісі түскенде болмаса, басқа уақытта жаңа заңдардың ерекшелігіне мән бере қоймайды. Соның ішінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің «Істердің соттылығы» деп аталатын 16-тарауына ерекше тоқталған дұрыс.
Кодекстің 102-бабында айқындалғандай әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Сондай-ақ, азаматтар тұрғылықты жері бойынша аудандық соттарға да жүгіне алады. Яғни, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. Алайда, заңның дәл осы талабы бүгінде өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Мәселен, әкімшілік істер бойынша азаматтардың талап арызы тұрғылықты жеріндегі аудандық соттарда қаралатыны заңмен бекітілген. Солай болғанымен, аудандық соттар мұндай арыздарды тікелей жаңа әкімшілік соттардың қарауына жолдауда. Соның салдарынан әкімшілік соттардың жүктемесі жоғарылап отыр.
Бәрімізге белгілі, республика бойынша тек 21 әкімшілік сот құрылған. Оларға қосымша штат қарастырылмай, басқа соттардың судьялары есебінен кадр құрамы жасақталған. Ал енді жария құқықтық дауларды қарауға енді бейімделіп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша жаңадан бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға күш салып келе жатқан әкімшілік сот судьяларына дәл қазіргі уақытта қолдау керек. Судьялар жүктемесінің шамадан тыс көп болуы қателік жіберуіне ықпал етіп, ізденуіне, жаңа бағыттағы кәсіби біліктілігін көтеруіне кедергі келтіреді. Сондықтан 102-бап талабының сақталуын назарда ұстаған жөн.
Кодекстегі 16-тараудағы тәртіпке сәйкес, бірінші саты сотымен келіспеген тараптар облыстық және оларға теңестірілген соттарға апелляциялық тәртіппен жүгіне алады. Әкімшілік істер жауапкердің орналасқан жері бойынша, ал, электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралады.
Егер жауапкер бірнешеу болса, талап қою жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. Осы бапқа сәйкес іс соттылығына жататын бірнеше сот арасындағы таңдау талап қоюшыға тиесілі болады. Моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны заңмен көзделген.
Сонымен қатар, кодекстің 109-бабында соттылық туралы дауларды шешу тәртібі белгіленген. Соған сәйкес, соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды. Ал облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот шешеді.
Заңның басымдықтарын халыққа таныстыру міндет. Құқықтық мемлекетте ешкім заңды білмегендіктен жапа шекпеуі тиіс. Бұл істердің соттылығына да қатысты.

Мэлс Идирисов,
Алматы облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының төрағасы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости