20 C
Алматы
Четверг, 19 мая, 2022
spot_img

Алқабидің мәртебесі
судьямен тең дәрежеде

Тәуелсіздік алған сәттен бастап халықаралық стандарттар негізінде адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға бағытталған ең ауқымды заңдар біздің елде алғашқылардың бірі болып қабылдануда. Өз азаматтарын қорғау үшін нақты жағдай жасау мақсатында ел Конституция­сына сот төрелігін алқабилердің қатысуымен жүзеге асырудың мүмкіндігі туралы норма енгізілген болатын.
2005 жылы Президент жанындағы Демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия тек фактіні жариялау бойынша ғана үкім шығаратын дербес алқаны құрайтын, бір кәсіби судьясы мен 12 алқабиі бар классикалық алқаби сотын енгізу туралы заң жобасын даярлады. Ұзақ талқылау мен халықаралық тәжірибелерді саралау арқасында 2006 жылы қаңтарда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Бұл жай ғана қылмыстық іс жүргізу институты емес, ерекше әлеуметтік институт. Қаралатын істердің қаншасы алқабилер сотының үлесіне тиесілі екеніне қарамастан, мұндай соттың болуының өзі осы елде жарыспалы сот төрелігінің бар екендігін білдірді.
Қазақстанда алқаби соты енгізілгеннен бері 15 жыл өтті, осы кезеңде алқаби соттары біршама тәжірибе жинады. «Алқабилер туралы» заңға сай, алқабилер қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауға қатысу үшін шақырылады және сол бойынша ант қабылдайды. Алқабилер заң аясында сот отырысында тәртiп сақтауға, сот отырысының залынан кетпеуге және төрағалық етушiнiң заңды өкiмiне бағынуға; алқабидiң мiндетiн атқару үшiн сот көрсеткен уақытта келуге, сот отырысын себепсіз бұзбауға міндеттеледі.
Алқабилер туралы заң талабы аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады және де олардың қатысуымен іс тек сотталушының өтініші бойынша қаралады деп заңда нақты көрсетілген. Егер сотталушы бас тартса, қылмыстық іс кәсіпқой судьялардың қарауына алынады.
Сот ісінде жариялылыққа, тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында дүниеге келген алқабилер институтының ең бас­ты ерекшелігі олар кеңесу бөлмесінде бірқатар маңызды мәселеге айрықша назар аударады: әрекеттің орын алғаны нақты дәлелденді ме, бұл әрекетті сотталушының жасағаны расталды ма және бұған сотталушы кінәлі ме? Міне, осы сауалдар арқылы сотталушының кінәлілік дәрежесі анықталып, соған сәйкес айыптап соттауға немесе жауаптан босатуға шешім қабылданады. Ата Заңымызда белгіленген сот тәуелсіздігі, кінәсіздік презумпциясы, тараптардың теңдігі және жарыспалылық қағидатын сақтай отырып, ар-ождан таразысы арқылы адамдардың тағдыры шешіледі. Бұл ретте қоғам мүддесін білдіретін алқабилердің моральдық бейнесі кіршіксіз, азаматтық ары таза, адамгершілік ұстанымы жоғары болуына баса назар аударылады. Олардың әр күніне кәсіпқой судьялар жалақысының 50 пайыз көлемінде айлық төленеді. Әрине, алқабилер тізімінің дұрыс жүргізілмеуі, алқабиге үміткерлердің жауапсыздығы секілді себептер біраз сергелдең тудырады. Алқабилер қатысуымен қаралатын сот процестерінің ізгілікті және әділдікті арқау ететіні халыққа үлкен сенім ұялатады.
Бүгінде елімізде алқабилер соты саласына реформа жүргізу қолға алынуда. Бұған дейін алқабилер соты 2007 – 2015 жылдары тек өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын істер санатын қарап келді. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған соң халық билері қарайтын істер санаты азая түскен еді. 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау аясында алқабилер қарайтын істер тізімі кеңейтіліп, адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабы), адам саудасы (128-бап), кәмелетке толмаған адамды қылмыс­тық құқықбұзушылық жасауға тарту (132-бап) және кәмелетке толмаған қыз-­бозбалаларды сату (135-бап) секілді істер санаты да алқабилер қарауына өтті. Ал, 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Кейбір заңнамалық актілерге қыл­мыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданып, алқабилердің қылмыстық процеске қатысуын одан ары кеңейту бағытында шаралар жасалды. Осы заңға сай 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилер «егер сотталушы өтініш білдірсе», онда «аса ауыр қылмыстарға» қатысты барлық істі қарай алады.
Бұл реформа біріншіден, сот жүйе­сін демократияландыруға ықпал етеді. Екіншіден, соттарға деген сенім деңгейін арттыруға септеседі. Үшіншіден, халықтың сот төрелігін жүзеге асыру рәсіміне қатысуын кеңейтеді және қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын өсіруге түрткі болады.
Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында тағы да алқабилердің қарауына берілетін істер санатын кеңейту туралы айтты. Бүгінде алқабилердің қатысуымен тек 14 қылмыстық құрам қаралса, енді ол 30 құрамға дейін артпақ. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң күшіне енгеннен кейін алқабилер сотталушы өтініш білдірсе, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы барлық істі қарайды.
Қазір «Қылмыстық іс жүргізу кодексіне алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту жөніндегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын ашық жария талқылау үшін НҚА интернет-порталына орналастырылды. Жаңа заңның сапалы дайындалуына үлес қосайық!

Азат Избасаров,
Батыс Қазақстан облысы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости