27 C
Алматы
Вторник, 21 июня, 2022

«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп»

Аз халықтың басын біріктіріп, түтінін түзу шығаруды мақсат еткен Күлтегін бабамыз «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деп татулықты дәріптеп өткен екен. Расында, ынтымағы жоғары, бірлігі бекем елде даму бар. Содан болар, қазақтың көне құқықтық заңнамаларының бәрінде дауды бейбіт келісіммен бітіруге, таласты татулықпен түйіндеуге басымдық берілген. Бабалардан қалған осы ізгі дәстүрді жандандыру, жаңғырту бағытында кейінгі жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанынан көпшілік хабардар.
Өркениетті елдерде дау-жанжалдың бәрі сот тәртібінде қарала бермейді. Біз үлгі тұтатын дамыған мемлекеттердің көпшілігі медиация институтын әлдеқашан құқықтық реформалардың алғышарты деп мойындаған. Оларда дауды сотқа жолдағанға дейін медиаторлардың қарауына ұсыну заңды, қалыпты тәртіп саналады. Мұның тиімді екенін уақыт та, тараптар да біліп, түсінген. Біздің елімізде де медиация­ны жандандыруға қатысты қадам «Медиация туралы» заңды қабылдаудан басталды. Бұл қажеттілік. Себебі, дауды сотқа жеткізбей өзара келісіммен шешудің тиімділігін санамалап, дәлелдеп жату артық. Дауды шешудің балама тәсілдерінің енгізілуі құқықтық салаға үлкен бетбұрыс жасаған жаңашылдықтың бірі. Осы ретте, дауды өзара бітіммен шешіп, татуласу арқылы қол алысқан, партисипативтік тәсілдің көмегіне жүгінген тараптардың барлығы үнемделген қаржы, уақыт үшін, сақталған сыйластық үшін сот саласындағы жаңа бастамаға риза. Осындайда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар» деген тағылымды сөзі әлі маңызын, мәнін жоймағанын мойындауымыз керек. Шындығында, дауды сотта қарау – тараптардың жүйкесіне салмақ түсіреді, өз мүддесін жоғары қойған адамның ашумен небір ойсыз әрекеттерге баратынын, лайықсыз қадамдар жасайтынын тәжірибеден көріп жүрміз.
Дауларды сотқа дейін реттеу үшін ауыл, аймақтарда татуластыру орталықтары құрылып, Билер кеңесінің жұмысы бір жүйеге түсті. Татуластыру орталықтарында қаралатын даулардың басым бөлігін – отбасылық, неке, жер даулары, еңбек шарттары мен басқа да келісімшарттардан туындайтын даулар құрайды. Орталықта кәсіби медиатордан бастап психолог, нотариус, сот орындаушылары, конфликтологтар мен адвокаттардың топтастырылып, тегін кешенді қызмет көрсетуі халықтың жағдайын ойлағаннан қолға алынған игі шара. Елге, ортасына сыйлы азаматтарды медиаторлыққа тартудың да оң ықпалы аз болмады. Өйткені, халық өзі білетін, сөзін тыңдайтын азаматтардың айтқанына көбірек ден қояды, құлақ асады. Демек, дауды сотқа дейін реттеуде ауыл ақсақалдарының, қоғам белсенділерінің көмегі қомақты. Сонымен қатар, Азаматтық процестік кодекс­ке «Сотқа дейінгі хаттама» институтының енгізілуі тараптардың өз мүмкіндігін бағалауына, татуласуға қадам жасауына ықпал ететін пәрменді тетік. «Сотқа дейінгі хаттама» азаматтардың даукестігін азайтып, қарсы тараптың дәлелдеріне құрметпен қарауға, соған сай шешім қабылдауына көмектеседі.
Қоғамда дауларды соттан тыс реттеудің тәсілдерін насихаттауға қатысты да тәжірибе қалыптасып үлгерді. Бұрын бұл жұмысты тек сот қызметкерлері атқарса, кейінгі кездері медиацияның тиімділігін насихаттауда өзге сала мамандарының да белсенділік танытатынын байқап жүрміз. Жоба нәтижесінде дауларды шешудің мәдениеті қалыптасты, моральдық және материалдық шығын азайды; даукестіктің деңгейі төмендеді және құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік туды. Соның нәтижесінде азаматтардың сотқа кез келген себеппен бара беретін дағдысын өзгертуге қолжеткіздік. Сотта қолға алынған жобалардың қоғамнан қолдау тауып, ел игілігіне мінсіз қызмет етіп жатқаны қуантады.

Исағали Тұңғышбаев,
Жаңақорған аудандық сотының судьясы
Қызылорда облысы

Басқада | О других

Жаңалықтар | Новости