12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Әли Бектаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты: Ауылдың тең жартысы тараудың алдында тұр

– Әли Әбдікәрімұлы, Мемлекет басшысы биылғы Парламентте жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру жөнінде айтты. Мәселенің бұлай қойылуы неліктен деп ойлайсыз? Осыған дейін жүргізілген реформалардың бәрінің дұрыс болмағаны ма?
– Әрине, ол реформалар түк бермеді деп айтуға болмайды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы мемлекеттің жетегінен толық шығып, тиімді агробизнеске айналды. Саладағы адамдар жеке кәсіпті игеріп, нарықтық экономиканың қатал тәртібіне дағдыланды. Біле білгенге бұл үлкен өзгеріс. Екіншіден, қаржылық кооперативтер, асыл тұқым палаталары сияқты тәуелсіз институттар дами бастады. Лизинг, сақтандыру, кепілдеме сияқты қаржы құралдары енді. Пандемия кезінде біраз мемлекеттерде сөрелер босап қалғанда, Қазақстанда азық-түлік тапшылығы сезілген жоқ. Соның өзі үлкен жетістік. Әрине, қазіргі жағдай халық ойлағандай деңгейде емес. Аграрлық сектор әлі де проблемасы көп сала ретінде қалып отыр. Біз өзіміз шығаратын өнімдермен өзімізді толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Өндірілген өнімнің тек 40% ғана қайта өңделеді. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауда қыруар кемшіліктер бар. Антикордың берген соңғы есебінің өзі мемлекеттік қолдау тетіктерінде құйтырқы тұстарының көптігін көрсетті. Дегенмен де, көш жүре түзеледі демекші, соңғы 30 жылда ауыл шаруашылығы саласын дамыту 2003-те «Ауыл жылдарын» жариялаған сәттен бастап қана нақты қолға алына бастады. Алдағы уақытта цифрландыруды енгізу арқылы мемлекеттік қолдау тетіктерінің коррупциялық тәуекелдері жойылса, көп нәрсе өзгеретін болады деген сенім бар.

– Жалпы, ауыл шаруашылығының басты мәселесі не деп ойлайсыз? Неліктен мал өнімдерін өндірудің, егін салудың атадан балаға жеткен дәстүрі бола тұра бұл сала кері кетті?
– Басты мәселе ауыл инфрақұрылымының нашарлауында. Ауыл шаруа­шылығы – бейнеті көп, ауыр сала. Соған шыдап, тынымсыз еңбектеніп жатқан адамдардың тұрмысы нашар болса, әлеуметтік қажеттілігі сапалы деңгейде шешілмесе, ауылда кім қалады? Қазірдің өзінде жұмысшы табу қиын. Ауыл шаруашылығын дамыту барысында ауыл инфрақұрылымын (су, жол, жылу, білім мен денсаулық саласы) жақсарту шаралары қатар жүруі тиіс. 6300 ауылдың тең жартысы жабылуға жақын тұр.
Бізде ауыл шаруашылығы экстенсивті жолмен дамып келеді. Майда шаруашылықтардың саны көп. Оларда жаңа технологияларды пайдалану деген атымен жоқ. Кооперацияға біріктіру тетіктері жетілмеген. Мемлекеттік қолдаудың, бөлінетін жеңілдетілген несиелердің 5 пайызы ғана соларға тиесілі.

– Қаншама бағдарлама қабылданды. Олар неге нәтижесін бермеді? Бұл қаржыландырудың жеткіліксіздігінің немесе мамандар біліктілігінің төмендігінен бе?
– Біріншіден, аграрлы саясатта тұрақтылық жоқ. Министрлік бірде сыртқа ет экспорттаймыз деп, осы мәселені басты мақсат тұтты. Одан соң оны жоққа шығарып, жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативіне басымдық берді. Ішкі нарықты толтыруға бел буды. Мұнда үлкен билікті айыптай алмаймыз, себебі, сала бойынша берілетін нақты ұсыныстар орталық атқарушы органдардың құзырында. Үкімет қажетті қаражаттың барлығын мүмкіндігіне қарай беріп келеді. Кейбір жылдары тіпті Ұлттық қордың ақшасын да бөлген еді. Олар министрліктің берген тұжырымдамаларының бірде-біреуінің бетін қайтармады. Енді міне агросаясаттың тұрақсыз болуынан Президентіміздің өзі араласуына тура келді. Бюджеттен бөлініп жатқан ақшаға кешенді тексеріс өткізу бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес ұйымына берген тапсыр­масы да осыдан туындайды. Жалпы, агросаясат ең осал тұстарды тауып, ең алдымен соны шешуге тікелей бағытталуы тиіс. Азық-түлік бағасының қолжетімді болуы, субсидиялардың көмекке нақты мұқтаждарға берілуін қамтамасыз ету сияқты мәселелер шешімін табуы керек. Екіншіден, Қазақстан табиғи тәуекелді жағдайлары көп аймақ. Оның үстіне су ресурстары азайып барады. Жауын-шашын сиреп, құрғақшылық белең алуда. Осының барлығы шаруаларды қолдау қажет екенін көрсетеді. Өкінішке орай, ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Бүгінгі күні субсидия ретінде беріліп жатқан ақша АӨК-ің ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын ғана құрайды. Бұл дамыған мемлекеттермен салыстырғанда 2-4 есе кем. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банкілердің инвестициялық жобаларды қаражаттандырудағы қарқыны өте төмен. Салаға несие ретінде 2 трлн теңге керек. Мемлекеттік қаржы институттарынан бөлінетіні соның бестен бір бөлігі ғана. Ауылдардың болашағы бұлыңғыр болып тұрғаннан соң ондағы бар мүліктің кепілдік құны төмен. Жекеменшік банкілердің агробизнесті несиелендіруден қашатыны сондықтан.

– Сарапшылар бағдарламалардың ғылыми негізсіз жасалатындығын айтады? Осы тұжырыммен келісесіз бе?
– Жобалар ғылыми негізсіз жасалды деп айту қиын, себебі, кез келген бағдарлама жобасына Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ведомстволық құрылымдары талдау жасайды. Ал олардың ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы бар. Талқы­лауға осы мекемеге қарасты 23 ғылыми мекеме қатысады. Менің ойымша, мәселенің барлығы жасалатын талдау­дың сапасында! Сараптама нақты әрі шынайы экономикалық есептерден құралғаны абзал. Қазірдің өзінде «өзіндік құн» деген түсінік тіпті ұмытылды. Субсидия бағыттары мен мөлшерлерін анықтау барысында осы маңызды параметр ескерілмей жатады. Нәтижесінде дотация алмай-ақ жұмыс істей алатындар мемлекеттік қолдауға ие болып жатады, ал нағыз мұқтаж жандар, әдетте бұл кіші шаруашылықтар, керісінше ала алмайды.
– Ауыл банкісін ашу туралы мәселе сан рет көтерілді? Сіздіңше мұндай құрылымның болуы қажет пе? Егер солай болса, оның ашылуына не кедергі?
– Мемлекеттік агробанк салаға өте қажет. Бұл мәселені қайта көтеруге тиіспіз. Ауыл шаруашылығы субъектілері өз айналымындағы қаражаттары мен тапқан пайдасын екінші деңгейдегі банкілерге беріп жүр. Менің есебім бойынша, фермерлердің депозиттегі қаражат көлемі кем дегенде 1-2 трлн теңгеден асып жығылады. Ал екінші деңгейдегі банкілер болса, бұл қаражатты ауыл шаруашылығы емес, басқа салаларды қаражаттандыруға жұмсап отыр. Агроөнерксіптік кешенді дамыту үшін инвестиция тапшы болып отырғанда мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, пайдалану керек. Мемлекеттік аграрлық банк өз пайдасын 280 мыңға жуық фермерлерге кассалық қызмет көрсету арқылы ғана таба алады. Осының арқасында инвестициялық жобалар мен несие ретінде берілетін қарыздың сыйақы мөлшерін тағы да төмендетуге болар еді. «ҚазАгро» холдингі жабылып, оның еншілес ұйымдары «Бәйтерекке» берілсе де, қаражат мәселесі әлі де шешілмей тұрғанын мойындауымыз керек. Әрине, аграрлы банк ашуға байланысты қаржы мамандарының айтары бар шығар. Солармен үстел басына қайта жиналып, бұл мәселені тағы бір мәрте талқылау керек.

– Елімізде суармалы жерлердің толыққанды пайдаланылмай отыр­ғаны жайлы депутаттар талай рет мәселе көтерген еді. Өкінішке қарай, бұл үкіметтің назарынан тыс қалып отыр. Сырттан келіп жатқан талай өнімнің өзімізде өндірілуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қаншама жанды жұмыспен қамтитын осы ресурс неліктен кәдеге жаратылмай отыр? Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Расымен де, Қазақстан суармалы жерлерді тиімді пайдаланса ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімін кем дегенде 2 есеге көтеруге болар еді. Осы орайда, бау-бақша мен жүзім өндірісінен мысал келтірейін. Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтарды есептемегенде жеміс өндірісі 40 мың гектар алқапта ұйымдастырылған. Жылдық өндіру көлемі 300 мың тонна. Өнімділігі әлемдік деңгейден бірнеше есе төмен, гектарынан бар-жоғы 7-8 тонна. Бұл саланы қолға алып, мемлекет тарапынан сәл демеп жіберсе, осы алқаптың өзінен-ақ 1 млн тонна жеміс алуға болады. Мұнымен қоса 1 гектардан алынатын кіріс деңгейін 200-400 доллардан 10 мың долларға дейін жеткізуге болады. Яғни, Президент тапсырмасы орындалып, еңбек өнімділігі еселеп көтеріледі деген сөз. Жүзім өндірісін, тіпті, мақта саласын әртараптандыру құралы ретінде пайдалануға толық негіз бар. Құнарлылығы төмендеген топырақтың сапасын жақсартады. Тағы бір алаңдататын мәселе – су тапшылығы. Суармалы алқаптардың төрттен үш бөлігі еліміздің оңтүстік аймақтарында орналасқан. Ол жерде негізгі пайдаланатын су ресурстары – трансшекаралық өзендер. Көрші мемлекеттер су жіберу көлемін жыл сайын азайтып жатыр. Бұл тенденция сақтала берсе, ашық су көздерінің әлеуеті азаяры анық. Сондықтан да жерасты суларын пайдалану керек. Қазір оңтүстік облыстарда жаңбырлатып және тамшылатып суғару қолға алынған. Жергілікті бюджет есебінен лизингілік операторлар құрылып, суармалы жерлерде агрегаттар орнатылып жатыр. Шаруалар 2010 жылдан бастап тамшылап суғару қондырғыларын арзандатылған несие арқылы алып жатыр. Су ресурстарын үнемдеу бойынша халықаралық конвенцияның бар екендігін де ұмытпағанымыз абзал. Бұл ретте қалалардағы су тұтыну көлемін үнемдеу жағын да қолға алуға тиіспіз.

– Күнгейдегі бір танысымыз былтыр жаздай маңдай терімен еккен картобын өткізе алмай, ақыры шірітіп алды. Айтуынша, өзі секілді еккен өнімдері осылай рәсуа болатындар аз емес. Ал, базарда осы картоптың құны өсіп барады. Бұған не айтасыз?
– Картоп бағасының 500 теңгеге де­йін көтерілгені әлі есімізде. Мәселе бар. Мұның басты себебі – шаруашылықтардың көкөніс сақтау мүмкіндігінің болмауы. Температуралық режимді сақтайтын заманауи технологиялар қымбат. Оны сатып алатын мүмкіндік жоқ. Сауда министрлігінің көтерме-тарату орталықтарын құру бойынша жоспары бар. Солардың аясында салынатын инфрақұрылымдарды шаруалар кооперативтерінің басқаруына беру керек. Картоп өндірушілерде сақтау мүмкіндігі пайда болады, ал тұтынушылар үшін баға арзандайды. Сонымен қатар, облыс әкімдіктері халыққа керек өнімдердің қажеттілігін дұрыс болжап, өндіріс секторына нақты көлемдерді беруі тиіс. Картоп өндірген пайдалы екен деп көп шаруалар осы кәсіпке қарай ауып кетіп жатады. Бұл барлық өнімдерге тән құбылыс. Нәтижесінде ұсыныс көлемі сұраныстан көбейіп, сатылмай қалады. Менің ойым жоспарлы экономиканың элементтерін қайта қолданысқа енгізу емес, керісінше нарықтық заманда шаруаларға сапалы аналитикалық ақпарат беру қажет. Картоп бағасының қолжетімді болуы үшін облыс әкімдері тұрақтандыру қорларын құрған еді. Солардың жұмысының ақсап тұрғанын да ойдан шығармайық. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы әлеуметтік бағамен берілетін өнімдердің сатып алу тәртібін жетілдіру керек.

– Отыз жыл бойы өз өніміміздің болмауы мемлекеттік деңгейдегі қолдаудың жоқтығынан дегенге келісе сіз бе? Бізде ішкі нарықтың сыртқы өніммен толуына билік деңгейінде мүдделілік бар сияқты.
– Билік өз мемлекетіне қарсы ешуа­қытта жұмыс істемейді. Ондай ойдан арылу керек. Импорттық тауарларға тәуелді болмас үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарламаның қабылдануына жол ашты. Қажетті қаражат та беріліп жатыр. Менің ойымша осы бағдарламаны іске асыру жолдарын жетілдіру керек. Ең алдымен шағын өндірісті қолға алу үшін, халыққа жол сілтеп, идея беру маңызды. Одан кейін өндірген заттың сатылуына қолдау көрсету керек. Шығарған затын сата алмаса одан не пайда? Сондықтан мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алу жүйесі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушыларымен тікелей байланыстырылып, олар тек отандық өнімді сатып алуға мүдделі болуы шарт. Кластер жүйелерін де қолға алуға болады. Қайта өңдеу саласының ірі мекемелері өздері импорттайтын заттардың жергілікті жерде өндірілуін қолға алуы керек. Қажет болса ақша бөліп маңындағы елді мекендердің тұрғындарын сол өндіріске икемдеуі қажет. Жалпы, отандық өндірістің кез келген түрі жақсы. Ал азық-түлікке келетін болсақ, олардың көптеген түрлері бойынша тәуелділік мәселесі шешілген. Тек құс еті мен сүт өнімдері бойынша көлем жетіспей тұр. Тиісті бағдарлама бар, алайда қарқын төмен болып тұр.

– Ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті мәселенің бірі субсидия екені белгілі. Бұл қаржыны алушылардың қатарында оған шын мұқтаж шаруа­лар аз. Жалпы, осы қаржының бөліну тетігі дұрыс па? Оның тиімділігіне қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?
– Субсидия тек қолдау мен реттеу мақсатында берілетін көмек. Бірақ одан экономикаға нақты пайданың да болуы шарт. 2005 жылы бюджеттен бөлінген 1 теңге дотация ел экономикасына шамамен 130 теңге кіріс әкелетін. Қазір бұл көрсеткіш 21 теңгеге дейін түсіп кеткен. Демек, 6 есе! Мұны тек бір нәрсемен түсіндіруге болады – ақша тиімсіз бағыттарға жұмсалады. Сонымен қатар, субсидиясыз күнін көре алатын алпауыт компаниялар бар. Жағдайы жақсы болса да «субсидия инъекциясына» отырып алып, мемлекеттік қолдауға шын мұқтаж шаруалардың алдын орап кетіп жатыр. Сенесіз бе, бюджеттен бөлінетін қаражаттың 10/6 бөлігі осындайлардың қалтасында қалып жатыр. Бұл әділ емес! Субсидия нақты өнім алып, 1 келі болсын, мейлі 1 тонна болсын, оны нарықта сатқандарға тиесілі болуы керек. Ал енді жалпы алатын болсақ, АӨК-ні экономиканың драйверіне айналдыру үшін өндіріс көлемін көтеру керек. Азық-түлік бағасының қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді» деді емес пе. Расында да, бірталай жыл бойы мемлекеттік органдар инфляция мен азық-түлік бағасының қарыштап өсе беруіне тосқауыл бола алмады, үйреншікті жолмен жүре берсе, тосқауыл бола алмайды да. Нарық заманында бағаны тежеудің жалғыз жолы – затты көп өндіру, яғни ұсыныс көлемін ұлғайтып, бәсеке арқылы маржаның есепсіз өсуіне жол бермеу. Президентіміз осыны меңзеп отыр емес пе. Ал енді сол өндіріс көлемін біршама өсіру үшін не істеу керек? «Кепілдік беріп, несие ал» деген қағида Президентіміздің күтіп отырғанындай нәтиже бермесі анық. Мұндайда ауыл шаруашылығымен айналысып, азық-түлік өндірісін көбейтуге атсалысамын дейтіндердің қолына дайын құрал беру арқылы агробизнеске жұмылдыру қажет. Ол дайын объектілер лизингі, кепілсіз несиелер мен үлестік қаржыландыру. Бұл бағдарламаларды нарықтық заманда қолданып, туындайтын тәуекелдерге алаңдамай іске асыруға болады.

– Қаңтар оқиғасынан кейін халық үкіметтің құрамынан жаңа адамдар күтті. Өкінішке орай, шенеуніктердің көбі орнында қалды. «Болашақпен» шетелде оқып келіп жатқан кадрларымыз қайда? Олардың білімі неге елдің әлеуетін көтеруге пайдаланылмайды?
– Біз Президентке сенеміз! Ол қаң­тар оқиғасынан кейін жасаған жолдауында мемлекеттік басқару жүйесіне жастар керек, бірақ институционалдық тәжірибесі бар адамдарды да ұмытпайық деп айтты. Мұнда жастардың энергиясы мен көп жыл мемлекетке қызмет еткен ел ағаларының тәжірибесінен құралған ортақ симбиоз қарастырылып отырған сияқты. Президенттің жанында жастардың кадрлық резерві жасақталды. Сайлау жүйесінде жастарға 30 пайыздық квота қарастырылған. Жақында ғана қайта құрылған үкімет қатарында жас министрлерді көрдік. Әкімдіктерде де квазимемлекеттік мекемелерде де басшылар әжептеуір жасарып қалды. Олардың көбі «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алғандар. Орталық атқарушы органдарда мәнсап баспалдағымен көтеріліп, еңбегі бағаланып жатқандарды да өз басым бірнеше рет көрдім. Айтарлықтай қозғалыс бар.

Айша Құрманғали,
«Заң газеті

Тоқаев су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы су тасқыны жағдайына байланысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ең бастысы, адам өмірін барынша сақтап қалдық — Тоқаев су тасқыны туралы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.