12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ТӘУЕЛСІЗ СОТ – ӘДІЛДІК ПЕН СЕНІМНІҢ БАСТЫ ШАРТЫ

Өткен жұмада судьялардың VIII съезі болып өтті. Қуанарлығы сол, төрт жылда бір болатын дәстүрлі жиынға әлемді жайлаған індетке байланысты қалыптасып отырған жағдай кедергі келтіре алмады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен судьялар онлайн режимінде қатысты. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан соттарының басшылары, Германия, Эстония, Астана ХҚО, Евразиялық экономикалық одақтың судьялары, мемлекет елшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері де осы жиынның құрметті қонағы болды. Соның арқасында бұл съезд халықаралық жиынға айналды. Бұл әрине, соттар қызметіне берік орныққан цифрландыру жүйесінің арқасы.

Бағдарға алынар үш басымдық

Еліміздің сот жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқын тиімді қорғау мақсатында басқа мемлекеттік органдардан бұрын ақпараттық технология жетістіктерін игеріп, өз қызметіне батыл енгізгенін білеміз. Бұл ілкімділік қазіргідей адам өмірінің қауіпсіздігі үшін қарым-қатынас шектеліп, барлық шараны онлайн режимге өткізу қажеттілігі туған сәтте өз жемісін беруде. Өткен съезден бергі уақыт ішінде сот жүйесі қызметіне оң өзгеріс әкеліп, оның қолжетімділігін, ашықтығын, тиімділігін арттыруға ықпал етіп отырған да осы цифрлық жүйе. Бүгінгі таңда сот процестерінің 95 пайызы қашықтан өтеді екен. Бұл күніне 4,5 мыңға дейін онлайн-процесс жүреді деген сөз. Жалпы бұл салада, жаңалық та, солардың арқасында жетіп отырған жетістік те аз емес. Алқалы басқосуда баяндама жасаған ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асановтың айтуына қарағанда, кез келген елдің сот жүйесінде үш өзекті мәселе болады. Олар – судьялыққа кімді тағайындау; жұмыс істеп жүргендерді қалай ынталандырып, қызметін қалай бағалау; олардың шешімі мен үкімдерінің сапасы және инфрақұрылым, яғни соттардағы қызметке қолайлы жағдай жасауға қатысты. Осы проблемаларды шешуде атқарылған жұмыс аз емес. Алдымен заңнамаларға өзгеріс енгізуді қажет етпейтін жағдайлар реттелді. Мәселен, заңгерлер мен адвокаттардың тілегі бойынша процестерге том-том қағаз тасудан құтқаратын гаджеттер енгізу, қатардағы судьяларға қысым жасап келген рейтингті жою мәселесі шешімін тапты. «Түнгі соттар», «отбасылық соттар», «мәмілелесу орталығы», фронт кеңселер және тағы басқа жобалар жүзеге асырылды.

Үміткерлерді таңдау әдісі өзгерді

Құқықтық кеңістікті өзгерту арқылы шешетін мәселелер бойынша да ауқымды жұмыс жүрді. Оның нәтижесінде 30 заң жобасы дайындалды. Бүгінде оның 17-сі қолданысқа еніп үлгерді. Бұл құжаттар сот жүйесіне елеулі өзгеріс әкеліп отыр. Соның бірі сот төрелігін жүзеге асырудағы негізгі тұлға – судьялыққа кімді таңдаймыз және қалай таңдаймыз деген мәселені шешті. Бұл бүкіл сот саласы қызметінің сапасын арттырудағы шешуші фактор. Өйткені, кез келген мемлекеттік органда шешімді тұтас мемлекеттік аппарат дайындап, оның нүктесін жетекші қояды. Ал, сот жүйесінде судья бірінші күннен бастап шешімді өзі жазып, өзі қабылдайды. Оған нұсқау беруге ешкімнің құқы жоқ. Жиырма жылдық өтілі болса да немесе күні кеше судья болып тағайындалса да оның қателігінің бағасы бірдей. Сондықтан Судьялар одағы бүкіл судьялыққа үміткерлер таңдау амалдарын өзгертті. Соның арқасында бұрын 4 үміткердің біреуі судья бола алса, қазір 20 үміткердің бірі ғана бұл лауазымға қол жеткізе алады. Осындай қатаң іріктеу нәтижесінде судьялық орынның 14 пайызы бос тұр. Жақып Қажыманұлының айтуынша, кездейсоқ кадрлар келгеннен гөрі осы жақсы. Қызмет етіп жүрген судьялардың біліктілігін бағалау жүйесі де өзгерді. Олардың бес жылдық қызметі жаңа әдістеме бойынша сараланады. Онда IT жүйесі арқылы автоматты түрде «қауіпті топ» анықталады да сосын олар үміткерлерді іріктеу құралдары бойынша тексеріледі. Мұның нәтижесінде бұрын 100 судьяның бірі ғана өтпей қалса, қазір он адам бұл сынақты еңсере алмайды. Мәселен, соңғы 1,5 жыл ішінде 51 судья кәсіби жарамсыз болып шықты.

Сот шешімінің жаңа үлгісі

Сот шешімі мен үкімдерінің сапасын арттыру бойынша да нақты шаралар қабылданды. Мәселен, сот шешімдерінің жаңа үлгісі енгізілді. Оларды жазуда көмекші құрал ретінде екі тілдегі сот шешімі үлгілерінің жинақтары дайындалды. Судьяларға шешім жарияланған соң оның қандай негізде қабылданғанын түсіндіру міндеттелді. Осының арқасында жоғары сатыдағы соттарға шешімдер мен үкімдерге жасалатын шағым 30 пайызға азайды. Сот қызметіне қолайлы инфрақұрылым жасауда да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі таңда 230 сотта фронт кеңсе ашылып, сотқа жүгінушілерге бірыңғай сипатта кеңестер беріліп – бітімгер, нотариус, қорғаушы қызметтері ұсынылуда. Ақтау үкімдерінің саны елеулі артты. Мәселен, ауыр қылмыстар бойынша олар 12 пайызға көбейіп отыр. Егер бұрын жылына 15 адамның ғана кінәсіздігі дәлелденетін болса, бүгінде бұл көрсеткіш 180 адамға жуықтады. Соттың бес буыннан үш буынға көшуі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына жақындатты.

Жарыспалылық қағидаты сақталуы тиіс

Десе де, шешімін күткен мәселе бар. Ол – бүгінде судьяға қылмыстық істің толықтай берілу тәжірибесі. Яғни судьяның жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар жасаған қаралым хаттамаларын, адамдардың куәгерлігін, сараптама актілерін зерделеуге міндеттілігі. Бұл шара кез келген судьяның айыптау сезімін туғызады. Ол түпкі санасында айыпталушы – қылмыскер, сондықтан ол жазалану керек деген қорытындыға келеді. Ал, қорғаушының уәждеріне саусақ арасынан қарайды. Сондықтан сарапшылар сотқа қылмыстық іс толықтай бірден берілмеу керектігін айтады. Оған тек айыптау мен қорғаушы актілері берілу керек. Прокурор мен адвокат қана дәлелдерін мөлшерлеп берсін. Сонда ғана соттың жарыспалылық қағидаты сақталады. Осы жолмен ғана сотталушының кінәсі дәлелденуі тиіс. Көптеген елдерге тиімділік беріп отырған бұл үлгі Қазақстанның сот жүйесі үшін де пайдалы болар еді. Сот саласындағы сыбайлас жемқорлықты азайтуда да нақты қадам жасалуда. Жақып Қажыманұлы бұл ретте жаңа судьяларды таңдауды жария түрде жүзеге асырудың маңызылығына тоқталды. Мұны Бас судья «Бұл сот жүйесінің ашықтығына жасалған қадам ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсылықтың шешуші факторы» деп атап көрсетті.

Іс азайса, сыбайластық кемиді

Асанов мырзаның айтуынша, сотқа түсетін істер санын азайту да ықпалды тетік. Өйткені, онда сыбайластықтың үлкен қаупі бар. 2018 жылы соттарға түсетін талап арыз 4,5 миллионға жетті. Күніне 20 мың іс түсіп, әрбір судья 11 шешім қабылдауға мәжбүр болды. Олардың арасында үлкен ақша айналып жүрген істер бар. Бұл үрдісті жою үшін түсетін істер саны күніне 6 мыңға дейін азайтылды. Өйткені іс азайған сайын сыбайластық қаупі де кемиді, сапа да артады. Бұл заңнамаға дауласушылар өздері мәмілеге келетін тетіктер енгізудің арқасында мүмкін болды. «Судья-мәмілегер деген ұстаным енгізіліп, бітімге келу мерзімі ұзартылды. Судья бұрынғыдай тек анау ұтты, мынау ұтылды деп қана отырмай, тараптарды мәмілеге келтіруді мақсат етеді. Сыбайластықтың екінші факторы – мемлекеттік органдардың жауапкершілікті мойнына алуды қаламай, бәрін сотқа жіберуге дайын тұруы. Осы ретте 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінен күтетін үміт көп. Асановтың айтуынша, осы институт енгізілген елдерде мемлекеттік органдардың тәртібі мен жауапкершілігі бірден артқан. Сыбайластықтың үшінші факторын Жақып Қажыманұлы судьяларды әділ болуға шақырудың кейде нәтижесі бола бермейтіндігімен байланыстырды. Бұл ретте қатал шара қолданбаса болмайды. Сондықтан Жоғарғы Сот ҰҚК мамандарымен әріптестікті нығайтып, сыбайластыққа қарсы күрес агенттігімен де жұмыс жолға қойылған. Соның арқасында 2018 жылдан бері 28 судья қылмыстық іздестіру нысанына айналды. Олардың 14-і сотталды. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп.

Апелляцияның сапасы артпай, жүйені жақсарту қиын

Жиында сөз алған Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәріпжанов апелляцияның тиімділігін арттыру туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, соттың бұл сатысына халық сенбей, әділдікті көбіне Жоғарғы Соттан іздейді. Қазіргі таңда жоғары саты судьяларының жүктемесі апелляцияға қарағанда 3 есе көп. Бүгінде аудандық сот судьяларының жауапкершілігі айтарлықтай күшейді. Осындай талапты апелляцияға қоятын кез келді. Оның жұмысы жақсармай, сот жүйесінің өзгеруі қиын. Кәрібжанов назар аудартқан екінші мәселе өткен ғасырдың 20 – 80-жылдарында салынған сот ғимараттарының жағдайы. Олардың көбі ескі және тар. Қазіргідей сотқа сұраныс артып отырған жағдайда бұл мәселе үлкен қиындық тудыруда. Оны шешудің жолы кейбір мемлекеттер секілді несиеге ғимараттар салу емес, аудандық соттарды біріктіру. Кәріпжанов айтқан тағы бір мәселе білікті кадрларды сотқа жинау. Өкінішке орай олар судьялық қызметке келгісі келмейді. Себебі, жауапкершілік көп, ал әлеуметтік жағынан қорғалу мардымсыз. Сол себептен судьялардың бос орындарының үлесі 10 пайыздан асып тұр. Әрбір бесінші аудандық соттың төрағасы жоқ. Лайықтылар конкурсқа қатыспайды. Қызығушылық аз. Бұл проблема да қаржыға келіп тіреледі. Осы мәселені бюджетке салмақ түсірмей шешудің тиімді жолы – мемлекеттік бажды көтеру. Мысалы, сот арқылы ажырасудың құны – бар-жоғы 830 теңге. Өзбекстанда бұл сома 25 есе, ал Молдовада 120 есе көп. Баж төмен болғандықтан, мыңдаған адам келісімге келмейді. Бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері 90-шы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Істердің 84 пайызы бойынша баж құны 5 мың теңгеге де жетпейді. Тіпті 15-20 теңге тұратын даулар бар. Бұл бірақ әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қатысты емес. Оларды баждан мемлекетіміз міндетті түрде босату қажет. Осы және басқа да жолдармен қаржыландыруды көбейтсек, сот жүйесіне қатысты біраз мәселе шешімін табар еді.

Жаза заңға сай

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық сотының төрағасы Татьяна Курынова қоғамдағы судьялар біреуге тым қатал, біреуге тым жұмсақ жаза тағайындайды деген пікірдің жаңсақтығын, әрбір жаза заңға сәйкес белгіленетіндігі жайлы пікір қосты. Сонымен қатар сексуалды зорлық, педофилия, адамдарды саудалау, браконьерлікке қатысты санкциялардың күшейтілгені секілді балаларды азаптау, оларды қауіпті жерде қалдыру, кәмелетттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынас жасаушылыққа да жазаны қатайту қажеттігіне назар аудартты. Жалпы заң өзгерсе сот тәжірибесі де өзгеріп, бұл өз кезегінде қоғамның әділдікке деген сеніміне оң әсер ететінін атап көрсетті. Курынова ханым сонымен қатар сот төрелігіне БАҚ тарапынан жасалатын қысым жайлы да айтты. Тікелей жәбірлеуге дейін баратын мұндай әрекеттерге қарсы тұру судьяларға қиын. Жалпы сотта қоғамдық пікірге сәйкес келе бермейтін шешім қабылдау қиын. Қазіргі таңда соттардың баспасөз қызметі белсенді жұмыс істеуде. Коммуникация орталығы тәулік бойы кез келген сауалға жауап беруге дайын. Судьялар даулы істер бойынша брифингтер өткізіп, әлеуметтік желілерде пікірталастар жүргізеді. Тұрғындармен де күнделікті тікелей жұмыс жүруде. Соған қарамастан судьяларға жала жабу, жәбірлеу жазасыз қалуда. Ол, сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қылмыскерлердің құрықталуы жайлы ақпаратты жария етуге асығып тұратынына да наразылық білдірді. Олар бірден дәлелденген қылмыс секілді шулы мәлімдеме жасап, брифинг өткізеді. Сотқа әлі іс түспеген, ал, халық болса оны қылмыскер, түрмеге қамау керек деп шешім шығарып тастаған. Сотқа келіп түскенде мұндай істердің көбі дәлелденбей жатады. Осындай шаралардың салдарынан сот билігіне деген сенім азаяды. Сондықтан олар да сотқа қысым болып табылды. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жарияланбау керек. Оны тек прокурордың рұқсатымен жүзеге асыру керек. Ал, Конституция бойынша үкім заңдық күшіне енгенге дейін тұлға айыпты бола алмайды. Сондықтан барлық дамыған елдердегідей БАҚ-қа ақпаратты тек прокурор беру керек.

Сотқа қысым жасағандар жазалануы керек

Жиынға арнайы қатысып сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Әсіресе індет жағдайында қазылардың азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқығын қорғау ісіндегі ілкімділігіне ризашылығын білдіре келіп, жалпы сот төрелігінің әділ әрі заңға сай жүзеге асуына мемлекетпен қатар бүкіл қоғам мүдделі екендігін атап көрсетті. Сот жүйесіндегі әрбір процесс азаматтардың, кәсіпкерлердің, инвесторлардың мүддесі тұрғысынан қаралуына, онда тек заңдылықтың ғана үстемдік құруының маңыздылығына назар аудартты. Бұл ретте сот жүйесі тәуелсіздігінің шешуші фактор екендігін, өйткені, бұл әділ сот төрелігінің, азаматтардың сотқа деген сенімінің басты шарты екендігін мәлімдеді. – Отандық және халықаралық сарапшылар судьялар әлі де сот пен алқа төрағаларына тәуелді деген ойда. Бұл келеңсіздіктен арылу керек. Сонымен қатар, судьялардың құқық қорғау органдарына кіріптарлығы да айтарлықтай проблема. Ешкімнің сот тәуелсіздігіне қатысты күмәні болмауы керек. Азаматтар, инвесторлар, кәсіпкерлер қазақстандық соттардың адал, заңды шешім қабылдайтынына сенімді болуы керек, – деді Президент осы ретте. Қасым-Жомарт Кемелұлы судьялар бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жиі қысымға ұшырайтынына қатысты да өз ұстанымын жеткізді. Мемлекет басшысы жекелеген журналистер мен блогерлердің тергеу әлі аяқталмай, іс сотқа әлі берілмесе де судьялардың шешімін болжап мақала жазуын жағдайды шиеленістіру деп атап көрсетті. Президенттің айтуынша, бұған қабылданған шараларды және ұсталған адамдарды алдын ала қылмыскер деп жариялауға асығатын кейбір құқық қорғау органдары да кінәлі. БАҚ-тың жариялылығы мен ашықтығын сотқа қысым жасауға пайдалануға мүлдем болмайды. Сот төрелігі тек сот залында және тек сот процесінің қорытындысында орын алуы тиіс. Әрбір судья өз әрекеті мен шешіміне жеке жауап береді. Сондықтан сотқа қысым жасау фактісі заңмен қудалануы тиіс.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Қазақстанда вейпке тыйым салынды: Тоқаев заңға қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Астанада жылу беру маусымы қашан аяқталады?

Астана әкімдігі жылу беру маусымының аяқталғанын хабарлады.

Қонаевқа жаңа әкім тағайындалды

Асхат Бердіханов Қонаев қаласының әкімі болып тағайындалды.

Демалыс күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер алдағы демалыс күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ өңірлердегі жағдайды айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді.