12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ӘКІМШІІЛІК ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ КОДЕКС: МӘСЕЛЕ ЖӘНЕ ҰСЫНЫС

Мәуленов Д.Б.,

з.ғ.к.,

Тараз қаласы мамандандырылған

әкімшілік сотының судьясы

Шетелдік заңгер-ғалымдармен дидарласудың сәтін салса, олар біздің «әкімшілік құқық бұзушылықтар» институтына таңғалып, түсінбей жатады. Олардың түсінігінде, құқықтық санасында құқыққа қайшы әрекет орын алса, ол үшін не азаматтық не қылмыстық жауаптылық туындауы мүмкін. Үшінші бір жауаптылықтың бар болуы олар үшін таңсық нәрсе. Көбіне олар бұл институтты Кеңестік дәуірдің сарқыншығы деп бағалайды. Шетелдік, әсіресе Батыстық құқықтық ойдың біздің құқықтық жүйенің дамуына соңғы кездері әсерінің көп болуы кейбір жаңа институттардың қолданысқа енгізуімізге жол ашып отыр. Мысалы, бұрын тек қылмыс институты болса, енді қылмыстық құқықбұзушылық деген ұғымды енгізіп, оны екіге бөлетін болдық:  қылмыс және қылмыстық теріс қылық деп. Бұл бірте-бірте әкімшілік құқықбұзушылықтар институтынан бас тартуымыздың алғышарты болса керек. Бірақ, бұл үрдіс біздің қоғам үшін керектігі қаншалықты? Бұл әлбетте жеке мақала, жеке пікіралмасу өзегі болуы тиіс.  

Осы тұста кейінгі кезде енгізілген өзгерістер Кодекстің қызмет етуші нормаларын қолданудағы мәселелерді шешудің орнына қиындықтарды еселетіп жіберетіні көңілге кірбің түсіреді.

Біз осы мақала шеңберінде қызмет етуші «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің заңнамалық дәл реттеуді қажет ететін кейбір жекелеген мәселелеріне тоқталсақ дейміз.

 

БАЛАМАЛЫ ЖАЗА МӘСЕЛЕСІ

 

Қызмет етуші «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс ережелеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды. Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян келтіруді мақсат тұтпайды. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. [1].

Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін:

1) ескерту жасау;

2) әкiмшiлiк айыппұл;

3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;

4) арнайы құқықтан айыру;

5) рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;

6) қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;

7) заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;

8) әкімшілік қамаққа алу;

9) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу [2].

Кодекс реттейтін құқық бұзушылықтар құрамдарына сараптама жасасақ  көбісі бойынша баламалы жаза көзделмеген. Әсіресе бір жыл ішінде қайталап жасаған құқықбұзушылқ әрекеттері бойынша әдетте баламалы жаза жоқ.  Бұл қаншалықты дұрыс? Біздің жеке пікіріміз бойынша Кодекстегі әр құқықбұзушылық үшін баламалы жаза көзделуі тиіс. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық үшін жаза мақсаттарына жету үшін қажетті деп білемін. Оны үстіне әр құқық бұзушылық үшін баламалы жазаны көздеу «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексте көзделген ізгiлiк және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген соттың (судьяның) және органның (лауазымды адамның) тәуелсiздiгi сияқты қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік берер еді деген ойдамын. Сондықтан, менің пайымдауымша, әр құқық бұзушылық үшін баламалы жаза енгізу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың мiндеттерiнің шын мәнінде орындалуына жол ашар еді. Сонымен қатар баламалы жаза болмағандықтан Кодекстегі құқықбұзушылық елеусіздігі туралы ережені қолданып, жауаптылықтан негізсіз босату фактілері тыйылар еді деп ойлаймыз.

ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ТАҒДЫРЫ

Қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс дәлелдемелер мен дәлелдеуге жеке тарау арнаған. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады. Сөз болып отырған тарауда дәлелдеме түрлері, дәлелдемелерді ұсыну, дәлелдемелермен қамтамасыз ету, дәлелдемелерді жинау, дәлелдемелерді тексеру, дәлелдемелердi бағалау сияқты мәселелер қамтылған. Алайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып біткен соң дәлелдеме тағдырын шешу мәселесіне жеке бап арналмаған. Осылайша бұл мәселе ескерусіз қалған. Бұл жағдай өз кезегінде тәжірибеде кейбір мәселелердің туындауына әкеп отыр. Мысалға алсақ, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексте 200-бап бар. Бұл баптың 3-бөлігіне сәйкес мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда өткiзудi қоспағанда, алкоголь өнiмiн сағат 23-тен келесі күнгі сағат 8-ге дейiн, этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзу үшін жауаптылықты көздейді. Яғни, полиция қызметкерлері  этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнiмiн сатып алып, дүкеннен шығып келе жатқан тұлғаны анықтайды, дүкен иесіне не сатушысына хаттама толтырады. Алкоголь өнiмiнің өзі іс бойынша дәлелдеме. Артынша хаттама толтырылып, іс материалдары жасақталған соң кей жағдайда осы алкогольді өнімді не дүкен сатушысына, не оны сатып алған тұлғаға қайтарылып жатады. Бұл дұрыс тәжірибе ме? Бұл дәлелдеме жалпы іс мәнісі бойынша қаралып, қаулы қабылданғанға дейін іс құжаттарында болуы керек емес па? Мұны міндеттейтін норма Кодексте болуы керек емес па?  Нақты осы алкогольді өнім кімге қайтарылуы тиіс? Әлде заң талаптарын бұзып, тыйым салынған кезде сатылғандықтан айналымда болуға рұқсат етілген зат болса да  мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс пе?  Полиция қызметкерінің сот қарауына берілген іс бойынша дәлелдеменің тағдырын өз бетінше шешуі дұрыс па? Осындай сұрақтар жалғаса береді. Сондықтан сөз болып отырған Кодекс тарауы «дәлелемелер тағдырын шешу» деген баппен толықтырылып, негізгі мәселелерді қамтуы тиіс.

Осы тұста Қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексті 822-бабының 3-бөлігінде («Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы»)  әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген, алынып қойылған заттары мен құжаттары туралы, заңды тұлғаға тиесiлi алынып қойылған құжаттар мен мүлiк туралы мәселелер шешiлуге және көрсетілуге тиiстігі көрсетілгенін айтуымыз керек. Бұл нормада:

1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралдары не нысанасы болған және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған жеке немесе заңды тұлғаға тиесiлi заттар осы Кодекстiң 2-бөлiмiнің Ерекше бөлiгi нормаларының санкцияларында көзделген жағдайларда тәркiленедi не тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады; қалған жағдайларда тиесiлiлігі бойынша қайтарылады;

2) айналысына тыйым салынған заттар тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады;

3) құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалар өтiнiшхат берген жағдайларда оларға берiлуi мүмкiн;

4) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар iсте оның бүкiл сақталу мерзiмi iшiнде қалады не мүдделi тұлғаларға берiледi деп көрсетіледі. [3].

Біздің ойымызша бұл норма дәлелдемелердің тағдырымен байланысты барлық негізгі ережелерді қамтымайды деген ойдамыз. Әрі бұл баптағы айтылған ережелер «Дәлелдемелер» тарауында орын алған жеке бап шеңберінде көрсетілуі тиіс деп ойлаймыз.

Және бір мәселе бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс 822-бабының 3-бөлігі ережелеріне сәйкес дәлелдеме мәселесі қаулы деп аталатын процестік құжатта шешілуі тиіс. [4].  Ол дұрыс та. Өйткені, бұл мәселе істі мәнісі бойынша қарау нәтижесінде қабылданған құжат – қаулыда қамтылуы тиіс. Алайда, Кодекс әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібін көздейді. Бұл қысқатылған өндіріс ережелеріне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық табылған және оны жасаған тұлға анықталған кезде, осы Кодекстің 804-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізу қозғайды және тұлғаға айыппұлды баптың санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді. Хаттама жасаған уәкілетті адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесін белгіленген үлгідегі түбіртекпен бірге адамға табыс етеді. Айыппұлды көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда іс мәні бойынша қаралды, шешім заңды күшіне енді, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептеледі. Яғни, бұл өндіріс шеңберінде қаулы қабылданбайды. Ол жағдайда іске тіркелген дәлелдемелер мәселесі қалай шешілмек? Мысалға алсақ, Кодекс 676–бабынде жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру деген құқық бұзушылық көзделген. [5].  Бұл санаттағы істер бойынша сыйақы пәні болған ақша купюралары алынып, дәлелдеме ретінде іске тіркеледі. Егер бұл істер бойынша құқықбұзушыға қатысты қысқартылған өндіріс қолданылса, тиісінше қаулы шықпаса, ақша түріндегі дәлелдеме тағдыры қалай шешілуге жатады? Бұл мәселені нормада көрсету арқылы заңнамалық реттеу дұрыс болып көрінеді.

Дәлелдемелер тағдырына байланысты тағы бір мәселе бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің 481-бабына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға осы мекемелерде сақтауға және пайдалануға тыйым салынған алкогольдік ішімдіктерді, дәрілік және есеңгірететін әсері бар басқа да заттарды, ақшаны, тамақ өнімдерін, бұйымдарды және басқа да нәрселердi жете тексеруден жасырып беру немесе кез келген тәсiлмен беруге әрекеттену үшін жауаптылық бар.[6].  Құқықбұзушыларға бұл құқық бұзушылық жасағандары үшін ескерту түріндегі жаза тағайындалған тұста әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болып табылған заттар сотта қаулыларына сәйкес иелеріне қайтарылады. Бұл заттар түптеп келгенде іс бойынша дәлелдеме болып табылады. Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға келушілер кейде ол мекеме орналасқан елді мекенен өзге қала, ауыл, облыстардан келіп жатады. Кейінірек қаулы күшіне енген тұста бұл заттарды-дәледемелерді иесіне қайтаруда қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерi, арнаулы мекемелер қызметкерлерінде қиындықтар туындайды. Өйткені иелері өз еркімен заттарын алып кетпейді. Заттар құнды болған соң пошта байланысы арқылы жолдау мүмкін емес, әрі бұл жағдайда сот қаулысының орындалуы туралы анық көз жеткізу қиын. Қызметкерлерді заттарды иелеріне тапсыру үшін іс-сапарға жолдау да негізсіз мемлекеттік шығындарды туындатады. Бұл жағдайда дәлелдеме тағдыры қалай шешілуі тиіс? Бізді ұсынысымыз бойынша тиісті түрде хабарланған зат иесі өз затын 1 жыл ішінде алып кетпесе, оны мемлекет пайдасына тәркілеуге болады. Алайда бұл норма нақты заңнамалық шешім тауып, Кодексте реттелуі тиіс әрі бұл мәселе біз енгізілуі керек «дәлелдеме тағдыры» деген жеке бапта айтылуы тиіс.

 

ІСТІ ҚАЙТА РӘСІМДЕУГЕ ЖОЛДАУ

Қазіргі қызмет етуші «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс 2014-жылдың 5-шілдеде қабылданған тұстағы  елеулі өзгерістің бірі – әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қайта рәсімдеуге қайтару мүмкіндігі көзделген норманың алынып тасталуы болды. Мақаланың кіріспе бөлімінде Кодексті жаңартуда кейбір уақыт өзінің тиімділігін көрсеткен институттарды негізсіз алып тасталғаны туралы айтқан болатынбыз. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қайта рәсімдеуге қайтару институтын сол кері жаңашылдықтардың бірі деп бағалаймын.

Сөз болып отырған институт іс сотқа түскен күні қаралатын істер санаты бойынша дәлелдемелердің толықтығын қамтамасыз етудің тетігі болатын. Бүгінде бұл механизм жойылды. Осылайша судьялар дәлелдемелік базасы «шикі» істер бойынша шешім қабылдауға мәжбүр. Әлбетте Кодекстің қағидаттарына сай жеке тұлға кiнәсi анықталған құқық бұзушылықтары үшiн ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады. Жеке тұлғаның кiнәсiз зиян келтiргені үшiн объективтi кiнә тағуға, яғни әкiмшiлiк жауаптылыққа жол берiлмейдi. Осы қағидатты негізге алып, істер бойынша өндірісті тоқтатуға болады. Өйткені тұлғаны кінәлігін дәлелдеу істі қозғаған лауазымды тұлғаның міндеттерінің қатарында. Алайда олар өз міндеттерін кей жағдайда салғырт орындауда. Бұл өз кезегінде кінәлі тұлғаларды дәлелдемелік базаның қамтамасыз етілмеуі себепті жауаптылықтан жалтаруына жол ашып отыр. Осыған орай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қайта рәсімдеуге қайтару институтын қайта Кодекске енгізу- күн тәртібіне қойылуы тиіс деп білемін.

     ШАҒЫМ БЕРУШІНІҢ ҚАТЫСУЫНСЫЗ ІСТІ ҚАРАУ

Қызмет етуші «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс ережелеріне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне  (44-тарау) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына (44-1 тарау) шағым жасауға болады.

Кей жағдайда тұлғалар сотқа шағым береді, оның қаралуына келмей жатады.

Бұл жағдайда соттық инстанция міндеті қандай?

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс 44-тарауы талаптарына сай тиісінше хабардар етілген (хабарланған) адамның келмеуі шағымды қарауға кедергі болмайды. [7].

Органның (лауазымды адамның) қаулысына сотқа шағым келтірілген жағдайда шағым берушінің қатысуынсыз қарау не қарамау мәселесі 44-1 тарауда мүлде шешілмеген. Заңшығарушы тұлға шағым келтірген соң міндетті түрде өзінің шағымының қаралуына қатысады деп топшыласа керек.

Шын мәнінде іс жүзінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымының қаралуына да, органның (лауазымды адамның) қаулысына шағым қаралған тұста да кейде шағым берушілер келмей жатады. Бұл өз кезегінде істі қараудың толықтығын қамтамасыз етуге кедергі болатыны даусыз. Кей жағдайда шағым берушілер өзі қатысқан сот отырыстарында талаптарын өзгертіп не толықтырып жатады. Істі шағым берушінің қатысуынсыз қарау кезінде оны өз жазбаша шағымындағы талаптарын қолдайтынын не қолдамайтынын білу де мүмкін емес.

Осы тұста салыстырмалы түрде азаматтық іс жүргізушілік тәртібіндегі мына нормаға көңіл аудартпақшымыз:

«Сот, егер, ісі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша  сотқа келмесе талап қою арызын қараусыз қалдырады»      (Қазақстан Республикасыны Азаматық процестік кодексінің 279-бабы, 6-тармақша). Меніңше осы іспеттес норманы   «Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы» Кодексте шағым қарау тәртібіне қатысты енгізу орынды.

Жалпы қазір соттарда қашықтан, бейнеконференция байланыс құралдарын қолдана отырып іс қарауға барлық жағдай жасалған. Демек, тұлғаға сот ғимаратына келмей-ақ шағымды қарауға қатысуына болады. Алайда кей шағым берушілер мұндай мүмкіндікті де пайдаланбай, не өздері сот отырысына келмей шағым қарауға қиындықтар туғызады. Бұл жерде кей шағымнан оның берілу негіздерін түсіну де қиын болып жатады. Сондықтан «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің негізгі қағидаты- заңдылықты қамтамасыз ету үшін әкімшілік іс өндірісі шеңберінде шағымдарды шағым берушілердің қатысуынсыз қарау ережелерін қайта ой елегінен өткізіп, реттеу керек деп ойлаймыз.

СОТТЫҚ ЖҮКТЕМЕНІ АЗАЙТУ

Соңғы кездері Қазақстандық қоғамда даушылдық деңгейінің жоғары екендігі жиі айтылып жүр. Бұл қоғам даушылдығының теріс деңгейі еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан көрінуіне кері әсер етіп отыр. Қоғам даушылдығының әлбетте негізгі белгісі – соттық жүктеменің шектен тыс көп болуы. Өз кезегінде соттық жүктеменің көп болуы сот төрелігінің сапасына да жағымсыз кері әсер етіп отыр. Сондықтан елімізде негізсіз соттық жүктемені азайту шаралары қолданылып келеді. Ол дұрыс та.

Қызмет етуші «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс ережелеріне сәйкес бүгінгі күні әкiмшiлiк жаза түрлерiнiң бiрi ретiнде әкімшілік қамаққа алу, шетелдiктерді не азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған заттарды тәркiлеу, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістерді (дивидендтердi), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркiлеу, нақты адамға берiлетін арнайы құқықтан айыру (оның iшiнде көлiк құралын басқару құқығы), белгiлi бiр қызмет түрiне не белгiлi бiр әрекеттер жасауға лицензиялардан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу, қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi судья қарайды.

Осылай сот қарауына жатқызылған істер санатын жаза түрлеріне сай шектеу дұрыс болып көрінеді.

Дей тұрғанмен жоғарыда келтірілген ереже қамтылған «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің 683-бабының 4-тармағына сәйкес осы Кодекстiң 24-бабына сәйкес, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiліп жатқан адамның жазбаша арызы бойынша осы Кодекстiң 2-бөлiмiнiң Ерекше бөлiгiнде көзделген кез келген құқық бұзушылық туралы iстi, егер бұл әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс қарауға дейін берілсе, судья қарайды.

Әрине Кодекстің 24-бабының ережелеріне сай әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғауға құқығы бар. Мүдделi тұлға бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн заңда белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы. Ешкiмге өзінің келiсiмiнсiз ол үшiн заңда көзделген соттылығын өзгертуге болмайды. [8].

Алайда біз жоғарыда келтірілген Кодекстің 683-бабының 4-тармағының күшін жойып, бұл ережені мүлде алып тастауды ұсынамыз.

Оның себебі неде? Сөз болып отырған нормаға сәйкес лауазымды тұлғалар не органдар қарауына жатқызылған істер арыз түскен жағдайда сотқа жолданады. Тәжірибе көрсеткендей хаттама толтырып, істі қозғаған лауазымды тұлғалар тұлғаның кінәлігін растайтын дәлелдемелік база нашар болғанда, іс материалдарын қалыптастыруда, оны толықтығын қамтамасыз етуде жауапсыздық орын алғанда,  не тұлғаның іс-әрекетінде құқықбұзушылық оқиғасы не құрамы бар-жоғы күмән келтірген тұста мемлекеттік органдар өздеріне жауапкершілік артпай,  тұлғаларды көндіріп, не алдап-арбап тиісті арыздарды жаздыртып алады, сотқа істі «сырғыта» салады. Осылайша жасанды түрде сот жүктемесі көбейеді, ал мемлекеттік органдар істі сотқа «сілтеп» қойып жайбарақат отырады. Біздіңше бұл тәжірибеден бас тартуымыз керек. Сол кезде мемлекетік органдарды іс қозғау бойынша жауапкершілігі артады.

Жоғарыда келтірілген тұлғалардың сотқа жүгіну кепілдіктеріне келсек, мемлекеттік органдар шешімге келіп, қаулы қабылдаған соң да оған сотқа шағым келтіріп-ақ  іске мүдделі жақтар құқықтарын қамтамасыз ете алады.

Екінші бір мәселе, ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қабылданған қаулыға апелляциялық шағым келтіру мүмкіндігі. Қазіргі қызмет етуші заңнамаға сәйкес бұл қаулыларға апелляциялық шағым келтірілген жағдайда мемлекеттік баж төленбейді. Бұл өз кезегінде кей жағдайда еш негізсіз шағымдардың санын, тиісінше екінші сатылы сот жүктемесін көбейіп отыр. Біздіңше бұл мәселеге сараптама жасап, тиісті қызмет етуші салық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға толықтырулар енгізетін кез келді.

Қорытындылай келе  «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекс нормаларын жақсарту жұмыстары жалғасын табуы керек деген ойдамыз. Заң бастамашылдығы құқығына ие субъектілер біздің ұсыныстарымызды ескереді деген үміттеміз.

 

Пайдаланған әдебиет:

  1. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  2. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  3. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  4. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  5. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  6. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  7. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235
  8. http://zan.kz/kaz/docs/K1400000235

Особенности раздела имущества супругов

Гражданским процессуальным кодексом определены процессуальные вопросы разрешения гражданских споров....

Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді

Ұлтты өзгелерден даралайтын – тарихы мен тілі, салт-дәстүрі мен...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — баршамызға ортақ іс

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып...

Гендерлік теңдік- тұрақтылыққа тірек

Соңғы жылдары елімізде гендерлік теңдік мәселесі жиі қозғалып жүр....

Баланың тағдыры елеусіз қалмауы керек

«Бала – біздің болашағымыз!». Баланың жарқын болашағы толығымен оның...