«Birgemiz» қоры қазақстандықтарға 50 мың теңгеден таратып береді

Бірінші кезеңде 7,6 миллиард теңге мөлшеріндегі қаржылық қолдауды 150 мыңнан аса мұқтаж азамат алады. «Birgemiz» қоғамдық қорынан халықтың әлжуаз топтарына кіретін азаматтарға 50 мың теңгеден таратуға шешім қабылданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі «Nur Otan» партиясының ресми сайтына сілтеме жасап.  

Қамқоршылық кеңестің төрағасы, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, бастапқыда қор қаражатын 100 мың мұқтаж азаматқа тарату жоспарланған. Әйтсе де, бүгінде өңірлерден түскен өтініштер саны айтарлықтай өскен, ал партияның онлайн ресурсына көмек сұрап хабарласушылар екі есеге көбейген.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қор қаражаты қарапайым қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады. Бұл берілетін көмектің әрбір жанға дербес белгіленуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Biz Birgemiz» акциясының аясында қор халықтың әлеуметтік әлсіз санатына кіретін мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден аударады. Бірінші кезеңде қаржылық қолдауды 150 мыңнан аса мұқтаж азамат алады, ол 7,6 миллиард теңгені құрайды», – дейді Байбек.

Ал қор төрағасы Руслан Сакеевтың сөзіне қарағанда, материалдық көмек қолма-қол берілмейді, оны екінші деңгейлі банктер арқылы адамдардың карточкаларына немесе ағымдағы есепшоттарына аудару жоспарланған. Қазіргі кезде материалдық көмекті аудару кезінде комиссия алмау, сондай-ақ, кредит бойынша қарызы бар азаматтардың берешегі үшін ұстамау мәселесі пысықталып жатыр

«Ешқайда барудың, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Таяу күндерде аталған қаражат өңірлік қорларға аударылып, әрі қарай ол адамдардың есепшоттарына түсетін болады. Ол үшін біз алдын ала бүкіл өңірлермен тиісті меморандумдарға қол қойғанбыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынымдарының негізінде көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Әкімдер аталған санаттар бойынша көмек алушылар тізімін ұсынды», – деп атап көрсетті Сакеев.

Қордың шешіміне сәйкес, 50 мың теңгені алатындардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алмайтын тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алып жүрген және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетімдер мен асыраушысының бірінен айырылған балалар), Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар.

«Бұл ретте аталған әрбір санатта мұқтаж жандар да, сонымен бірге көмекті қажет етпейтіндер де бар екенін атап өткен жөн. Сондықтан біз тізімді тікелей жергілікті жағдайды жақсы білетін әкімдіктерден алдық. Аталған көмек облыс орталықтары мен коронавирус таралу қаупі жоғары ірі қалалардың тұрғындарына көрсетіледі. Осы жәйттер ескеріле отырып, 23 қала анықталды», – дейді Сакеев.

Бұдан бөлек, қордың қамқоршылық кеңесі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының індетке қарсы іс-шараларға тартылған 2 мыңдай медицина қызметкеріне материалдық қолдау көрсету үшін 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлу туралы ұсынысты қолдады. Осы ақшадан әрбір дәрігерге 50 мың теңгеден таратылады.

Айта кетейік, бүгінде «Birgemiz» қоғамдық қорының есепшотына 13,2 миллиард теңгеден астам қаражат түсті. Күні кеше қор үкіметтік оператор «СК-Фармация» компаниясынан 5 миллион бетперде сатып алу туралы шартқа қол қойды. Бұл бетперделер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағынан ең әлсіз топтарына үлестіріледі.

Алматы халқының саны 2040 жылға қарай 3,6 миллионға жетуі мүмкін

Алматының жаңа бас жоспары бойынша, 2040 жылға қарай қала халқының саны 3,6 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр.

Жалған ақпарат, ұрланған фото, жеке деректер: Жаңа заңда қандай жауапкершілік қарастырылуы мүмкін? 

Цифрлық ортада адамның ар-намысы, жеке өмірі мен беделін қорғау мәселесі өзекті. Жаңа Азаматтық кодекске ұсыныс айтылды.

Қазақстанда электромобильдер саны 43 мыңнан асты 

Электромобильдер ең көп шоғырланған өңір – Алматы қаласы.

Қазақстандықтар желтоқсан айында қанша күн демалады? 

2026 жылдың желтоқсан айында қазақстандықтарды Тәуелсіздік күніне орай бір қосымша демалыс күні күтіп тұр. Мемлекеттік мереке 16 желтоқсанда атап өтіледі. Биыл бұл күн сәрсенбіге сәйкес келеді.

Қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін 

Қазақстанда қаржы пирамидаларын жарнамалаған блогерлер мен танымал тұлғалар заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін.