12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Электронды есеп айырысу — киберқауіптің көзі

Бүгінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қалыпты жағдайға айналды. Соның арқасында қазір адамдар төлемді портативті құрылғылармен ғана емес, смартфонмен де жасай алатын деңгейге жетті. Қазіргі таңда қазақстандықтар үшін үйде отырып коммуналдық қызмет ақысын төлеу, банктегі есепшоттарды басқару күнделікті шаруаның бірі іспетті. Сауданы да қазір телефон арқылы жасайды.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз есептесудің көрсеткіші 71 пайызға өсіпті. Бұл қаржы шығынының миллиардтаған теңгені құрайтын үнеміне қол жеткізіп отыр. Енді бүгінгі таңда электронды саудаға басымдық беріліп, ондағы төлем жүйесіне QR-код енгізіліп жатыр екен. Мұның бір артықшылығы қымбат тұратын POS-терминал енгізудің қажеттігін жояды. QR-кодты кез келген тауарға түсіру арқылы мобильді телефон немесе картаның көмегімен операцияларды іске асыруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда бұл жоба еліміздің ірі мегополистерінде жүзеге асырыла бастады. Егер бәрі сәтті болса, QR-код өзге өңірлерде кеңінен енгізілмек. Демек, виртуалды ақшамен есеп айырысу технологиясы күннен күнге жетіліп жатыр. Аталмыш шара оның соңы емес екендігіне еш күмән жоқ.

Алайда, заманауи жүйенің пайдасымен қатар зияны да болып тұр. Әсіресе, банк арқылы жүзеге асырылатын электронды есеп айырысулар киберқауіптің көзіне айналуда. Соның ішінде банкілердің пластикалық карточкаларындағы ақшалардың жоғалуы виртуалды есеп айырысудың толыққанды сенімді төлем жүйесі бола алмайтынын көрсетіп отыр. Дамыған технологиялар сонымен қатар заңсыз операцияларды қаржыландыру, кірістерді жасыру және капиталды сыртқа шығарудың да оңтайлы құралы болуда. Парламент Сенатында «Ақшаны жылыстатуға, елден капиталды шығаруға және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Қазақстанда төлем жүйелерін дамыту мәселелері» тақырыбында өткен мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуде жаңа төлем жүйесінің осындай зиянды тұстары жайлы бірқатар мағлұматтар белгілі болды. Жиынға Сенат депутаттары, Қаржы министрлігінің өкілдері, Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшылары қатысқан еді.

Отырыс тізгінін қолына алған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина бүгінгі таңда заңсыз операцияларды қаржыландыру, кірістерді жасыру және капиталды шетелге шығару барысында заманауи қаржы технологиялары қолданылып отырғанын айтып, бұл ретте тиімді шаралар кешені қабылдануы қажеттігін алға тартты. Жиында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртановтың айтуынша, жалпы былтыр банктер төлем жүйесі арқылы 793 трлн теңге сомасында операция жасапты. Оның ішінде Ұлттық банктің төлем жүйесі арқылы 762 трлн теңге (96%) және жеке төлем жүйесі арқылы 31 трлн теңге (4%) аударылған. Ол бұл ретте ақшаны жылыстату және елден капиталды әкетуге қатысты мәліметтер келтірмеді. Ондай фактіні қаржы мониторингі төрағасы Ғабит Лесбеков ортаға салды. Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында ұлттық және шетел валютасындағы жалпы сомасы 554 млн АҚШ долларынан астам ірі мөлшердегі қаржы шетелден қайтпаған. Осы қаржы бойынша экономикалық тергеулер қызметінің аумақтық органдарына жіберілген 436 материалды қарау қорытындысы бойынша 321 қылмыс тіркеліпті. Ал, сенатор Сергей Плотниковтың сөзінен түйгеніміз, капиталдың кетуі мен халықаралық аудармалардың, яғни елге келіп жатқан ақшаның айырмасы екі есеге жуық. Бұл ретте Қазақстаннан кетіп жатқан ақша сомасы көп болып отыр. Айталық, өткен жылы шетелге жалпы сомасы 655 млрд теңгеге 2,6 млн транзакция жасалыпты. Ал, шетелден Қазақстанға аударылған 344 млрд теңгеге 1,6 млн транзакция жүзеге асырылған. Алайда жиында бұл фактілерге қатысты құзырлы орын өкілдері тарапынан мардымды уәж ести алмадық.

Біртановтың сөзіне сенсек, қаржы жылыстату, шетелге заңсыз капитал шығаруға қарсы аз шаруа атқарылмады. Мәселен, Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай Парламент депутаттары арнайы заңнамаға бастамашылық жасапты. Қазақстанның бірқатар заңнамаларына шетелдік валютадағы ипотекалық қарыздар мен төлем қызметі нарығы нысандарын жетілдіру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді көздейтін бұл құжат негізінде саланың біраз түйткілін шешу көзделіп отыр екен. Соның бірі виртуалды ақшаны жасырын атпен пайдаланушылар арасында және осындай әмияндарға жасалатын ақша аударымдарына шектеу қою. Электронды әмияндар арқылы ақша аударымы тек коммуналдық және провайдер пайдасына көрсетілетін басқа қызметтерге немесе оларға сәйкестендірілген тұлғаларға рұқсат етіледі. Сонымен қатар электронды ақша иелерінің категориясына байланысты онымен жасалатын операциялардың лимиті белгіленді. Мәселен, сәйкестендірілмегендер 50 айлық есептік көрсеткіш, жеңілдікті сәйкестендірілгендер 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша аударымын жасай алады.

Құжаттың тағы бір жаңалығы – төлем жүйесі операторларының қаржы жылыстатуға ережелер қабылдауға міндеттелуі. Олардың сақталуын Ұлттық банк бақылайды.

Көлеңкелі экономика мен елден заңсыз ақшаны шығаруға қарсы әрекеттер аясында 2017-2018 жылдары Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, ақшаны әкету белгісі бар валюта операцияларының тізімін анықтап, олар бойынша мемлекеттік кіріс органдарымен ақпарат алмасу тетігі іске қосылды. Ұлттық банк 2019 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетіне 50 мың АҚШ долларынан асатын валюталық операция бойынша төлемдер және аударымдар туралы ақпараттар жібереді. Қазақстанда қазірдің өзінде 1000 айлық есептік көрсеткіш деңгейіндегі қолма қол есеп айырысуға заңдық шектеу бар. Бұл талап қосымша құн салығын төлейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қолданылады. Сонымен қатар 10 млн теңге көлемінде ақшаны банк арқылы шешіп алу, немесе салу әрекеті қаржылық бақылауға алынып, құзыретті органға тапсырылады. Көлеңкелі экономиканы қысқарту мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірге көлік пен жылжымайтын мүлік алғанда мәмілені қолма қол ақшасыз есеп айырысуға ауыстыру жолын да қарастыруда. Мәселен, осы бағытта арнайы заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр екен. Тұтастай алғанда, ақшаны жылыстату және капиталды елден шығару Үкімет пен Ұлттық банктің айрықша назарында тұр. Мұның сыртында депутаттар бастамасымен жасалатын заңнамалық шаралар қаржыны жылыстату мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет жүйесінің тиімділігін анағұрлым арттырады деген үміт бар.

Әйтсе де виртуалды төлем жүйесінде ескерілмей отырған мәселелер аз емес сияқты. Мұны жиында сөз алған сенаторлар аңғартты. Олардың сөзінен түйгеніміз, қолма-қол ақшасыз төлем жасау жүйесін қолдануға ынталандыру шаралары кенжелеп тұрған секілді. Мәселен, депутат Бақтыбай Шелпекбаевтың айтуынша, сатушыларға арналған комиссия тым көп. Бұл әсіресе кәсіпкерлердің көбірек төлеуді қаламай, банк терминалдарын орнатудан қашқақтауына әкеліп отыр. Шын мәнінде олар ашықтықты қаламаудан емес, төлем картасы бойынша ұсталатын пайыздың артығымен төлеу қалталарына салмақ салатындықтан терминалдарды орнатуға ықылассыз.

Электронды ақшаның қолданысқа енуіне жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің сандық және қаржылық сауаттылығының төмендігі де ықпал етуде. Бұған жиында депутат Нұрлан Қылышбаев назар аудартты. Оның айтуынша, өңірлерде кәсіпкерлердің өзі қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың барлық артықшылығы мен мүмкіндігі туралы білмейді. Ауылдардағы жүйе тіпті басқа: адамдар карта арқылы банкоматтан ақшасын алып тұрып, қолма-қол жұмсау әдетінен арыла алмай отыр.

Сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, бізде әзірге тек үлкен транзакцияларға, терроризмді қаржыландыру, контрабанда, ұрланған капиталды шетелге шығару сияқты заңсыз операцияларды анықтауға ғана назар аударылып, отандық бизнесті бақылау сырт қалған сияқты. Өйткені, онда чектер әрдайым беріле бермейді. Жалақы көбіне конвертпен үлестіріледі. Бұл ақшаның көлеңкелі айналымының айқын белгісі. Солай бола тұра оған тосқауыл қоятын тиімді тетіктер жоқтың қасы. Мұның өзі осы саладағы бақылаушы органдар қызметінің арасында үйлесімділіктің жоқтығын көрсетеді.

Тоқ терін айтқанда, жаңа төлем жүйесі, яғни виртуалды ақшаның кілтипаны аз болмай тұр. Әрине, әрбір тың дүниенің өмірге енуі түрлі проблема туғызатыны анық. «Көш жүре түзеледі» десек те, көп мәселенің оң шешімі құзырлы орындардың түйткілдерді дер кезінде зерделеп, тиімді әрекет етуде біліктілік пен ширақтық көрсетуіне байланысты екені анық.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

«Заң газеті»

[ratings]

Укрепление экономической интеграции

Казахстан и Кыргызстан намерены вывести двустороннее сотрудничество на качественно...

Дорожная карта индустриализации

В прошлом году в Казахстане был принят Национальный проект...

Семь раз отмерь…

Как известно, Казахстан намерен построить атомную электростанцию, об этом...

Смаилов поручил ТЭЦ провести внеплановые проверки

Премьер-министр Алихан Смаилов поручил провести внеплановые проверки тепловых электростанций, передает...

Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды, -...