12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ардақтыларды мерейтойда ғана іздейтініміз қалай?

Тәуелсіздіктен кейін кеңестік дәуірде ұмыт қалған батыр, би, хандар мен сұлтандардың есімін жаңғыртып, ұланасыр той жасап, ас беріп, ескерткіш тұрғызып, еңбектерін насихаттау жұмысы басталды. Бұл, әсіресе, мерейтойлар тұсында қарқынды жүргізілді. Нарықтың өтпелі кезеңінде тіршілік қамын күйттеп, тұрмыстық қиындықтардан еңсесі түсе бастаған халықтың көңілін көтеріп, рухын жаңғыртуда оның алар орны ерекше болғаны күмәнсіз. Дегенмен, кейде мұны мақтан мен мадақтың құралына айналдырушылар да аз болған жоқ. Сондықтан ҚР Тұңғыш Президенті «біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлылардан ұлағат алу үшін өткізуміз керек» деген болатын.

Өйткені көп жағдайда елдің ардақты тұлғаларын ұлтты ұйыстыру үшін емес, белгілі бір мерейтойлық шаралар кезінде ғана іздеп, қалған уақытта зерттеу, еңбектерін тарихи-мәдени мұраға айналдыру жағы бәсеңдеп қалатыны ешкімге жасырын емес. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында: «Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбегін халық арасында дәріптеуіміз керек» деді. Ал 9 қаңтардағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз. Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселелер туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деген ойын ортаға салды. Сондай-ақ мерейтойға орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді. Ақын шығармаларының ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аударылып, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілетінін хабарлады. Президенттің әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатынын, Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құруды жоспарлап отырғанын халық та құптауда. Дегенмен осы шаралар мерейтойсыз-ақ жоспарлы негізде, белгілі бір жүйемен атқарылуы тиіс істер екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан Мемлекет басшысы тапсырма бермесе Үкімет өз бетімен шешім қабылдай алмай ма деген сауал осы арада еріксіз ойға оралады.

175 жылдық мерейтойға – 3 млрд теңге

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, Абайдың 175 жылдығына арналған бюджеттік қаржының көлемі 3 млрд теңгені құрап отыр. Оған демеушілердің көмегін қосатын болсақ, көлемі бұдан да ұлғаяры күмәнсіз. Алайда қаржының тиімді жұмсаларына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені қазірдің өзінде Абайдың шығармаларының аудармасы мен өміріне қатысты фильмге қатысты мәселелер әлеуметтік желіде сынға ілініп үлгерді. Атап айтқанда, ақын, аудармашы Дәурен Мұқанов фейзбуктағы жеке парақшасында әкесі Ғалымжан Мұқановтың аудармаларын пайдалануға түбегейлі қарсы екенін айтып, мұрагерлікке қатысты заңнаманы алға тартса, белгілі режиссер Т.Теменов ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің «Абай» операсын теленұсқаға түсіретініне көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл сұрақты Мәдениет және спорт министрлігі жауапсыз қалдырған жоқ. Министрдің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев фейзбуктағы парақшасында: «Достар,​ әлеуметтік желіде тарап, қызу​ талқыланып жатқан​ ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің Абай Құнанбайұлы туралы фильм-опера түсіретіні туралы ақпарат​ жалған екенін хабарлаймыз» дей келе өсек-аяң термей, шындыққа көз жеткізіп алып жазу қажеттігін қаперге салды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Абайдың толық шығармалар жинағы 10 шет тіліне аударылып және 3 мың дана таралыммен басып шығарылады екен. Қазіргі таңда Ұлттық аударма бюросы Абай шығармаларын аудару, басып шығару, тарату және шетелдерде тұсаукесерін өткізу жұмыстарына, ақынның толық шығармалар жинағын 10 шетел тіліне сапалы аудару жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ ғұлама Абайдың өмірі және шығармашылығы туралы кітаптар, энциклопедиялар, фотоальбомдар мен басқа да баспа өнімдерін басып шығару мүмкіндігін қарастыру туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтінімдер жоспарға енгізілген.

Абайдың өмірі, шығармашылығы, мұрасы және қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы 8 қойылымдық-деректі фильм түсіріліп, көрерменге тарту етілмек. Осы орайда, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының 2019 жылдың 30 қыркүйегі мен 31 қазан аралығындағы іріктеу конкурсына Абай туралы 3 деректі және 3 көркем фильм киножобасы келіп түсті. Келесі кезекте, аталған орталық қолданыстағы заңнамаға сәйкес, киножобаларды Сараптама кеңесінің қарауына шығармақ. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен: 4 деректі фильм («Qazaqstan» телеарнасында «Абайдың тұңғыш жинағы», «Абайдың мұрагері», «Ақынның музыкалық әлемі», «Абайдың алғашқы кітабы», «Хабар» телеарнасында Абайдың «Қара сөздері» тақырыбында деректі фильмдер циклы. Әрбір деректі фильмнің ұзақтығы 25-30 минутты құрайды); «Абай» телесериалы («Qazaqstan» телеарнасы 6 сериялы телесериал, әр серияның хоронометражы – 42 минут) түсіріледі. Мерейтойды ақпараттық қолдау мақсатында министрлік «Абай мұрасы – адам қазынасы» атты әлеуметтік бейнелер мен қысқа метражды фильмдер фестивалін өткізу.

Бір қарағанда бәрі көз қуантып, көңіл сүйінерлік істер. Алайда осы жұмыс дәл мерейтой кезінде жасалуы неліктен? Неге бұған дейін жүйеленіп, жоспарланбаған деген сауалымыз біреулер үшін орынсыз сын боп көрінуі мүмкін. Өйткені «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының іріктеу конкурсы туралы мәліметті министрліктің өзі таратып отыр. Біз ұстанымын айқындау үшін хабарласқан Талғат Теменов: «мен оны «Қазақфильмге» барғанда басшылардан естідім. Оны біреуі шын, біреуі өтірік дейді. Жалпы Абайдай ұлы тұлғаға қатысты мұндай үлкен дүниені қазақтың дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін білмейтін адамға сеніп тапсыруға болмайды. Оны өзге емес, өзіміз түсіруіміз керек дегенім рас. Өйткені бұл бір жылдық қана емес, келер ұрпақтың да игілігі үшін жасалатын жұмыс» деп фильм мемлекет қаржысына түсірілетін болғандықтан оның өміршең болуына осы бастан көңіл бөлу керектігін жеткізді.

Біздің мақсат «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей қандай іс болса да кәсіпқой мамандардың қолынан өтсе деген тілек. Өйткені ел болып жұмылып 175 жылдықты да аман-есен өткізерміз. Алайда тойдан кейін не қалды деген кезде ішкен ас пен ондағы мадақ-марапатқа ғана тоқмейілсіп, күмілжіп қалмасақ екен деген ниет.

Сіз не дейсіз?

Семей мен Жидебайдың арасын «Абай жолына» айналдырсақ

Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА, көгалдандырушы:

– Осыдан 5-6 жыл бұрын Франциядағы Наполоенның жатқан жерін көргеннен кейін маған бір ой келді. Қазақты әлем ең алдымен Абай арқылы таниды деп 170 жылдығы қарсаңында туған жеріне арнайы бардым. Сонда Семей мен Жидебайдың арасындағы автожолдың шетіне қарағаш егіп, «Абай жолына» айналдырса, күре жолдан Жидебайға дейінгі аралыққа жиде, ал Абайдың тұрған үйінен ет жақындарының сүйегі жатқан орынның арасына емен ағашын ексе деген ұсынысымды айттым. Оған қажетті 170 емен ағашын дайындап, көгалдандыруды өз мойныма алмақ болдым. Сендіре алмадым ба, әйтеуір оларға ұсынысым қажет болмады. Сондықтан Абай бағын Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы өз ауылымда жасадым. Нұрым ауылындағы мектеп жанындағы 1 гектар жерге 170 емен ағашын егіп, Абай бағын аштым. Ұлы тұлғаны танытқан Мұхтар Әуезовтың атына 2 гектар жерге қарағай бағын жасадым.

Мемлекет басшысы 175 жылдыққа орай үкіметке әйгілі Жидебайды, Ақшоқы елдімекеніндегі Құнанбай әулетінің қорымын абаттандыруға тапсырма беріп отыр. Әрине, қысқа уақытта оны жоғары деңгейде жүзеге асыру қиын. Дегенмен бұл іс мерейтоймен шектеліп қалмай, жүйелі түрде жүзеге асса бәрін көңілдегідей етіп жасауға болады.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

 «Заң газеті»

 

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысын өткізіп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы отырысы басталды.

Көлік нөмірін кімге рәсімдеуге рұқсат етіледі? ІІМ мәліметі

ІІМ-де көлік құралын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды.

Бишімбаев ісі бойынша сот тергеуі аяқталды: ары қарай не болады?

Астана соты Бишімбаевқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Келесі кезең - сот жарыссөзі.

Алдағы күндері ауа райы қандай болады?

Синоптиктер Қазақстанда 25, 26 және 27 сәуірде ауа райы қандай болатыны туралы болжам жасады.

Алматы тауларындағы заңсыз құрылыс: қанша нысан бұзылды?

Мегаполисте қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша құрылысты, әсіресе таулы аймақтағы құрылысқа бақылауды күшейту жалғасып жатқаны айтылды.