Ақиқатты іздеген тергеуші – тек маман емес, азамат болуы керек
А.Қайсенов
Шымкент қалалық Полиция департаментінің Тергеу бөлімшесіне жаңа тағайындау туралы бұйрық шыққан сәтте-ақ, қызметкерлер арасында басшылыққа Полковник Абылай Қайсенов келе жатыр екен! — деген сөз бүкіл қабатты шарлап кетті.
Кеңсе бөлімінде отырған Айжан:
— Жаңа бастық тым қатал екен деп естідім — деп қасында отырған Гүлмираға қарады. Ол полковник жайында көп білетін болып шықты:
— Айжан, бұл есім – бізде аңызға айналған әділдіктің символы. Абылай Әзімханұлы – қылмыстың түбіне үңілмей тынбайтын, шындықты шегіне жетпей шегінбейтін хас тергеуші. Халық: «Тәңір оны әділдік үшін жаратқан» – деп бекер айтпайды. Оның көзқарасы – мұздай, сөзі – салмақты. Бір сөз айтса – тасқа басқандай. Ешкімге жалтақтамайды, ешкімге жағынбайды. Ар-намысты бәрінен биік қояды. Оның болмысы – Көкбөрідей: жалғыз жүріп, әділетсіздікпен күреседі. Әр істі шегедей қағылып, ақиқаттың тамырын тапқанша тыным таппайды. Басқа тергеушілер қағазға үңілсе, ол – шындықты адамның көзінен оқиды. Бір ымнан, бір тыныстан, кейде үнсіздіктен де айғақ таба алады. Тергеу бөлмесіне енсе, ақиқаттың тылсымы ашылады. Қылмыс – тізе бүгеді. Ұйқысыз түн, тынымсыз күн оған жат емес. Жүйелі ойлау мен орасан еңбек оны уақыттың өзінен озық қылған. Ол – парасат пен тәртіптің үйлесімін мінсіз меңгерген маман. —
Осы кезде кеңсеге жұмыс бабымен кірген майор Асқар Ермекбаев қыздардың әңгімесін естіп, олардың сөзін жалғастырып алып кетті:
— Иә, Гүлмира ханым дұрыс айтады. Абылай Әзімханұлы нағыз хас шебердің өзі. Мамандардың маманы. Қай іссапарға барса да, күрмеулі істің сеңін бұзады. Жемқорлыққа жаны қас — деп күлімсіреді.
Полковник Қайсенов қызметке кіріскен күн – бұл мекеме үшін жаңа бетбұрыстың бастауы. Енді бұл жерде жалған куә, жасырынған қылмыс, өтірік есеп өмір сүре алмайды. Енді бұл мекеме ар мен әділеттің иесі – Абылай Қайсеновтың қадағалауында.
Абылай Әзімханұлы – қырықтың қырқасынан асқан жігері мен рухы мықты, тұлғалы азамат. Бойы – 175 см шамасында, салмағы – 83 кг. Кішкентайынан спортқа құмар, еркін күресті кәсіби деңгейде меңгерген. Кең иықты, дене бітімі жинақы, тік жүрісті. Қадамы – сенімді, көзқарасы – өткір. Ол бір қарағаннан адамның жан-дүниесін шолып, ішкі ниетін көзінен таитын бірегей жан. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі. Төзім мен тәртіпке жастайынан бейім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультетінің студенті кезінде қаһармандығымен ерекше көзге түскен. Ел аузында жүрген бір оқиға бар: бірде, аялдама маңында бір топ бұзақы жас қызды қорлап жатқанда, ол ойланбастан араша түсіп, жалғыз өзі әлгілерді сабасына түсірген. Ол үшін марапат күтпеді. Себебі, оның ұғымында бұл – қарапайым адамдық міндет. Абылай – тек тергеуші емес, логика мен түйсікті қатар меңгерген интуитивті стратег. Іс материалдарын парақтамай тұрып-ақ, оқиға орнындағы ұсақ белгілерден-ақ тұжырым жасайтын, адамның бет-жүзіндегі болмашы гримасадан шындықтың ізін табатын хас маман. Ол – сезімге берілмейді, бірақ жан жарасын жазатын дәрігердей. Қылмыстың сызбасын қағазға емес, ақыл мен жүрекке салады. Әрбір істі – тағдыр ретінде қарайды. Сондықтан да ол сенімге лайық, тәртіпке мінсіз. Қызметте мансапқа емес, ар алдындағы жауапкершілікке жүгінеді. Оның келгені – әділеттің келгені. Қазірдің өзінде халық: «Енді өрісіміз кеңейеді, тынысымыз ашылады» – деп, шүкірлік айтып, қуанып жүрсе, қылмыстың тасасында жасырынып жүргендер: «Қашан бетпердеміз ашылады? — деп мазасыздануда. Бұл мекемеде енді тек бір заң үстемдік етеді. Ол — шындық!. Абылай: «Ақиқат — ол түнгі шам секілді» — дейді үнемі. Иә, жан-жағың жарық болу үшін үнемі жанып тұру керек. Ал кейде жанып тұру — өзіңді құрбан етуі де мүмкін. Абылайдың қатал қағидаға берік болуына әкесі Жақсылықтың да ықпалы зор. Ардагер полицей ұлына үнемі: «Тура жол – тайғақ, балам. Бірақ сол жол ғана адамды азамат етеді», – деп айтып отырады. Анасы Жамал да ұлының тағдырына алаңдай береді. Бірақ оның тік мінезі мен әділеттілігі жүрегіне мақтаныш ұялатады. Жұмыстан тыс уақытта Абылай отбасын бәрінен биік қояды. Асыл жары Айнұр өз саласының нағыз білгірі, Алматы қаласындағы №12 емханада дәрігер. Үш балалары – өмірінің шуағы. Үлкені Медғат – IT маманы, екінші ұлы Қасым университет қабырғасында заңгерлік білім алып жүр, кенжелері Еркеназ – әкесінің көзінің ағы мен қарасы. Отбасымен демалыс күндері Іле өзенінің жағасына барып, шомылып, балық аулап, арқа-жарқа болып қайтады. Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»- дегеніндей Абылай кез келген адаммен тез тіл табысып кететін ақжарқын жан болғандықтан достары да көп. Курстастары – Айдар мен Нұрлыбек қазіргі таңда аудандық соттардың төрағалары. Олармен арадағы сыйластық – тек достық емес, елдік ортақ мұрат. Кездесе қалса болғаны ақиқат пен әділдік жайлы сөз қозғайды.
Соңғы уақытта тергеу бөліміне түскен бір іс – Абылайдың түн ұйқысын қашырды. Жай ғана алаяқтық емес, жемқорлық белгілері де бар. Мұның артында әлдеқайда бір ірі тізбек, ұйымдасқан топ жатқандай. Жәбірленуші – Жанар есімді келіншек. Көзінде үміттен гөрі шарасыздық бар. Ол өте батыл, алған бетінен қайтпайтын қайсар. Абылай сәл кідіріп, қаламын қойып, орнынан тұрды. Терезе алдынан көше көрінеді. Ол бір сәтте ойланып тұрып қалды. Содан кейін ішінен: «Мен бұл істі соңына дейін жеткіземін. Бұл – менің азаматтық борышым», – деді. Сол сәттен бастап ол іске кірісті. Әр қағазды аударып-төңкеріп, әр деректі жіті тексеріп, әр куәні жеке тыңдап шықты. Ұсақ-түйек деп аталған бір анықтамадағы қате мерзім, бір адамның айтқан уақыттағы дәлсіздік – оны тығырықтан шығар жолға жетелейтін жіпке айналды. Оның жанарында бір ғана мақсат қалды: шындықты жарыққа шығару. Әзірге қолында ақиқатқа апарар нақты деректер пен дәлелдер жоқ. Шымкент қаласында жаңа күн туып келе жатқанымен, тергеу бөлімінде күрделі ойын басталды. Бұл ойынның ережесі – адалдық пен айла, шындық пен жалғанның шарпысуы. Ал Абылай Қайсенов – бұл ойында жеңілетіндердің қатарында болуға келіспейтін азамат. Ол қарсыласының кім екенін білмесе де, оның артында қандай көлеңке тұрғанын сезеді. Бірақ бір нәрсе анық: «Шындық – судың бетіне қалқып шығатынындай, қылмыстың да қадамы қысқа. Тек соған дейін сабыр мен сенім керек».
Жанар ұзақ күткен жаңа тергеушімен танысу үшін Шымкент Полиция департаментінің Тергеу бөліміне қарай асықты. Қабылдауда екі-үш адам отыр. Ішінен: «Жанар, сабырлы бол!» деп өзін өзі тежеп қояды. Түскі уақыт болмай кезегі келді. Кең бөлмеде сұңғақ бойлы, иығын тік ұстаған, жүзінде қатқыл сабыр бар полковник отыр. Қайсенов Абылай Әзімханұлы. Жасы қырықтан асқан, өткір жанарлы, көп сөйлеуден бұрын тыңдай білетін сұңғыла азамат.Жанар:
— Ассалаумағалейкум, бауырым! — деп, сәлем беріп кірді. Абылай:
— Уағалейкумассалам, әпке! Кіріңіз, отырыңыз. Жанар:
— Абылай Әзімханұлы, мен Жомарт Құдайбергеновтың мәселесімен келіп отырмын. Абылай:
— Иә, мен әлі бұл іспен толықтай танысып үлгермей жатырмын. Іс нәтижелі болуы үшін сізбен тығыз байланыста жұмыс жасайтын боламын. Жанар:
— Сіз менің ұзақ күткен тергеушім боласыз. Қылмыстық іс қозғалмай көп жатып қалды. Киллер мүлдем табылар емес. Ол болмаса Болатты мойындату оңайға түспейді. Абылай:
— Жанар ханым, сабырлық танытайық. Бұйырса, мен өзіне адал ас берген адамды сатқан опасызды таппай, жазаламай қоймаймын. Әділдікке жету үшін аянып қалмаймын. Жанар:
— Мен алдымен АЛЛАҒА, содан кейін Сізге сенемін. Абылай:
— Іспен толық танысқан соң сізді арнайы шақырамын. Жанар:
— «Жүзі жылыдан түңілме» дейді ата-бабаларымыз. Келбетіңде жылулық нұры бар екен. Бұл жақсылықтың белгісі. Бастысы, амандықта болайық, бауырым!, сенен хабар күтемін—деп Жанар үйіне қайтты.
Абылайдың бір істі қолына алса – соңына жеткізбей қоймайтын бөрідей алғыр мінезі бар. Жұмыс үстеліндегі жаңа түскен істердің арасында жатқан қызыл түспен белгіленген «Жомарт Құдайбергенов. Қылмыстық кодекс 99-бап. Кісі өлтіру» – деп жазылған папканы суырып алды да, тағы да мұқият қарап, ішінен бір іліп алар дәлел іздеді. Абылай терең тыныс алып, бір сәт үнсіз қалды. Саусағы қаламға барып тірелді. Ол кісі өліміне қатысты істі қарағанда, алдымен құрбан болған адамның кім екенін толық зерттеп алуды әдет қылған.
— Жомарт Құдайбергенов. 55 жаста. Жеке кәсіпкер. Көпшілікке сыйлы, елге танымал. Досының кедей інісін байытып, оған қол ұшын беріп, қызметке тағайындап жүріп, соның опасыздығынан мезгілсіз көз жұмған.
Абылайдың іші қайнап, қасы көтерілді.
— Ал сол «досы» – Болат Қожабаев. Қазір жеке бизнесмен, соңғы екі жылда күрт байып кеткен.
Ол орнынан тұрып, картаға қарап:
— «Жақсы адамды өлтірсе – пасық, опасыз, зұлым адам болғаны», — деп сыбырлады өзіне ғана естілер үнмен.
— Бұл — тұрмыстық кек емес. Бұл — ішкі сатқындық.
Абылай дереу көмекшісі, жас тергеуші Асанға:
— Асан, жедел-тергеу тобын құр. Ертең таңғы 8-де оқиға орнына барамыз. Камера жазбалары, куәгерлер, жедел жәрдемге дейінгі деректер — барлығы қажет. Асан орнынан тұра бергенде, Абылай сәл аялдап:
— Айтпақшы, Асан… Ертең намазға апта сайын баратын жұрт арасынан біраз адамдарды сөйлетіп алшы. Халық естігеннің көбін айтпайды. Бірақ шындықтың үні кейде құлақта емес – жүректе тұрады. Абылай бөлмеде жалғыз қалды. Терезеден түнгі қаланың жарығына қарап тұрып:
— «Сен өлген жоқсың, Жомарт. Сенің шындығың енді менің мойнымда…».
Таңғы сағат 07:50. Көшелерде көліктер аз, бірақ сары лентамен қоршалған Жомарттың үйінің алдында адам жоқ. Полиция көліктері, криминалистер, жедел топ мүшелері қозғалыс үстінде. Полковник Абылай Қайсенов оқиға орнына жай кірмейді. Ол әрқашан сырттан бақылап, ішкі әсерге беріліп барып қадам басады. Жол шетінде 2 минут үнсіз тұрды. Үйге, көлікке, жаяу жүргінші жолына қарады. Қарап тұрып мынаны байқады:
Көлік жүргізуші орнында тұр. Оң жақтағы есік — ашық. Жол жиегінде қан тамған, бірақ шашыраған емес — бұл жәбірленуші бірден құлағанын білдіреді. Үйдің кіреберісі – таза. Ешқандай тартыс болмаған. Ал есік алдында бір байланыс парағы (визитка) жатыр. Су тиіп, кейбір жазулары өшіп кеткен. Әйел адамның есімі жазылған сияқты Абылай, еңкейіп, оны пинцетпен көтеріп алды. Көмекшісі Асан таңырқап қалды:
— Полковник, бұл елеусіз зат сияқты ғой…
Абылай жымиып:
— Асан, қылмыс ешқашан толық болмайды. Артында үнемі бірдеңе қалады. Ең маңызды айғақ – көбіне ең кішкентай деталь. Криминалистер үй маңындағы төрт камерадан жазбаларды әкелді. Бірақ екеуінің көру бұрышы шектеулі. Үшеуінде күдікті тұлға қара күртеше, капюшонмен, бет-жүзін жасырған. Бірақ Абылай камерадағы кадрлардан күдіктінің аяғының көлеңкесіне назар аударды. Ол тоқтады:
— Көлеңке адамға опасыздық жасамайды. Қарудан бұрын, адам алдымен өз қозғалысымен байқалады. Ол бейнені кері айналдырып, жіті қарап шықты. Содан кейін көмекшісіне:
— Мына адамның оң аяғы жүріс кезінде сәл сыртқа қарай қисайып, сол иықпен қатарласа қозғалады. Бұл – солақай адамның жүріс ерекшелігі. Ол – солақай.
Асан көзі жайнап:
— Яғни, сіз оны бір бейнеден анықтадыңыз ба?!
— Жоқ, Асан. Мен тек көлеңкеден күдікті шығардым. Анықтайтын – дәлел. Ал әзірге біз болжамды нақтылауға қадам жасап жатырмыз. Қылмыстың анық-қанығына жету үшін Жомарттың жары Жанардың тергеу тобына беретін түсініктемесі үлкен көмек. Сол үшін Абылай онымен жеке сөйлесуді сұрады, Жанар бірден келісіп, тергеу бөлімшесіне барды. Абылай:
— Жанар ханым, марқұм күйеуіңіздің соңғы күндері кіммен байланысы күшейіп еді?
Жанар ойланбастан:
— Болат. Жомарт оны ұлындай көрді. Ақша берді, бизнес бастатты, үй әперді. Тіпті өзіне арнайы фирма ашып, оның басшысы етіп тағайындады. Сол бекер болды. Ол осы биікке жеткен соң қатты өзгерді. Мінезінде құбылмалық пен кісілік пайда болды. Соңғы кездері екеуінің арасы алыстап кетті. Жомарттың оған деген сенімі мен көзқарасы суып бара жатты.
— Неге?
— Себебі, құрылыс компаниясының Болат басқарып отырған бөлімшесінде қаржы жымқыру жағдайлары жиі орын ала бастады. Ортақ есепшотқа ақша түспейтін болды. Жомарт бұл күмәнді жағдайды соңғы кездері анық байқай бастады. Бұл Болатқа ұнамады. Ол түрлі сылтаулар айтып, үнемі сытылып кетіп жүрді. Сондай-ақ бірде мен Болаттың жасырын байланыстары бар екенін байқап қалдым. Есіктің артына жасырынып, бір әйелге ақша аударып жатқан кезде әңгімелерін құлағым шалып қалдым. Ал Жомартқа: «Мен саған бауырмын», – деп алдады.
Абылай дәптеріне бір ауыз сөз жазды:
«Аударым — әйел — айғақ».
Сосын сәл ойланып тұрып:
— Жанар ханым, марқұм күйеуіңіздің телефоны кімде? — деп сұрады.
— Менде. Бірақ бұғаттаулы.
Абылай үнсіз отырып, ұлы Медғатты есіне алды. Ол – IT маманы.
«Сенің қабілетің енді әкеңе емес, ақиқатқа қызмет етеді, балам…» – деді іштей. Абылай Медғатты жұмыс орнына шақырып, Жанардың қолындағы ұялы телефонның бұғауын шешкізді. Жомарттың ұялы телефоны көптеген құпияны ішіне бүккені анық. Абылай сол себепті Жанардан телефонды уақытша қалдырып кетуін сұрады. Ол: «Маған қылмыстық істің тез ашылғаны маңызды» деп Жомарттың қол телефонын үстелге қойды. Абылай Жанарды үйіне апарып салды да, оқиға орнын тағы бір мәрте шолып шығып, Жомарттың ашық қалған көлігінің есігін жапты. Тергеу енді қыза бастады. Ол іштей ойлады:
— Бұл істің түбі – сатқындық. Ең ауыр қылмыс – сенімге жасалған опасыздық. Мен енді тек айғақ іздемеймін. Мен – Жомарттың аманатын арқалап барамын…
Кешкі сағат сегізден асып кеткен. Абылай кабинетінде жалғыз отыр. Үстел үстінде — Жомарттың қара телефоны. Экранда әлсіз жарық жанып тұр: «Құпия код енгізіңіз». Үстел шамының сары сәулесі оның шаршаңқы жүзіне түсіп, көлеңке мен жарықтың арасында бір сұр әлем орнағандай. Абылай ескі блокнотын жайып, онда мұқият жазып шыққан жазбаларға көз жүгіртті. «Жомарттың туған күні, жұбайының, қыздарының туған күндері, үйдегі Wi-Fi паролі, сүйікті футбол клубы…». Бәрі де мүмкін болатын код нұсқалары. Ол ойланып отырды. Телефон коды — адамның ішкі әлеміндегі құпия сейф. Оған кез келген сан емес, жүрекке жақын, мағыналы нәрсе қойылады.
— іштей
«Адам кодты кездейсоқ қоймайды. Әсіресе, сенетін адам – жүрегіне жақын сандарды таңдайды. Мүмкін, әйелі Жанардың туған күні шығар? Жоқ… балалардың ба? Әлде…»
Кенет есіне Жомарттың еркелете жиі айтатын сөзі түсті:
«Менің өмірімнің ең нұрлы күні — Жанардың туған күні».
Абылай тынысын тартып, саусақтарымен жай басып: 1-7-0-9 — терді.
Телефонның экраны ашыла кеткенде, кабинеттің іші бір сәтке тынышталып қалғандай болды. Абылай терең дем алып, арқасын орындыққа сүйеп, көзін жұмды.
— іштей
«Сенің жүрегіңде шындық бар екен, Жомарт…»
Телефонның ішінен бір-бірлеп хабарламаларды, фотосуреттерді, жазбаларды қарап шықты. Ішкі папкаларда ештеңе байқалмайтын сияқты. Бірақ банк қосымшасын ашқанда, бәрі өзгерді.
— өз-өзіне:
«Міне, шындықтың шұңқыры осы жерде жасырынып жатыр…».
Соңғы 10 айдағы аударымдар тізімінде бір таңсық есім көзге түсті:
«Айгүл Бақытбек» — 5 000 000 теңге.
Аударым Болат Қожабаевтың шотынан жасалған. Анығы — ақша тікелей Айгүлге түскен.
— (Абылай ішінен)
«Болат — киллерге тікелей ақша аудармайды. Ол әрқашан басқаны араға салады. Сатқын — тікелей әрекет етпейді. Ол көлеңкенің арасын бетперде етеді…»
Абылай дереу блокнотына үш атау жазды:
1: Айгүл Бақытбекова – ақшаны алған әйел
2: Болат Қожабаев – негізгі күдікті
3: VPN байланыс – арнайы жасырылған қоңырау арқылы тапсырыс берілген
Сосын рацияны қосып, нық дауыспен бұйрық берді:
— Асан, Айгүл Бақытбекті тауып кел. Тіркеуі, телефоны, мекенжайы, тіпті балабақшада баласы бар ма — бәрін біл. Ол — біздің алтын кілтіміз!
Келесі күн.
Тергеу бөлмесі.
Абылайдың алдында отыздар шамасындағы әйел отыр. Көзі қызарған, қолдары дірілдеп тұр. Бұл — Айгүл Бақытбекова.
— Айгүл ханым, — деді Абылай сабырлы дауыспен. Сіз соңғы 10 айда Болат Қожабаевтан ірі көлемде ақша алғансыз. Себебін түсіндіре аласыз ба?
Айгүлдің ерні дір етті. Ол жанын қинап, сөйлеуге оқталды:
— Мен, мен білмеймін. Болат ағай көмектесші деді. Мен тек банк картамды бердім. Басқа ештеңе…
Абылай қағаз парағын алып, оған қарап қалды:
Банк картасын беру жай көмек емес, Айгүл ханым. Сол карта арқылы бір адамның өмірі қиылды. Сіз болмашы көмектің артында кісі өлімі тұрғанын білдіңіз бе?
Айгүлдің көзінен жас ыршып кетті. Көз жасын сүрту үшін сөмкесін ашып, қол орамалын іздеп жатқанда ішінен байланыс парағы (визитка) жерге түсіп кетті. Абылай ширақ қимылмен жерден көтеріп алып:
—Айгүл ханым, мына байланыс парағыңызды маған бересіз бе? —деп сұрады. Айгүл ханым:
—Әрине, алыңыз —деп, қол орамалымен көзін сүртіп жатып,
— Құдай үшін, мені кешіріңізші. Мен ештеңе білмедім! Ол тек «бір жұмысты аяқтау керек» деді. Кісі өлтіреді деген ой маған келген емес —деп ақтала сөйледі. Абылай орнынан тұрып, терезеге қарады. Аспан тұнжырап кеткен. Бұлттар қоюланып, найзағай түсейін деп тұрғандай.
— Айгүл ханым, егер Сіз шын мәнінде білмеген болсаңыз — ақиқатты айтуыңыз керек. Болат не істеді? Қайда жіберді? Ақша кімге кетті? Ақиқатты ашыңыз. Әйтпесе, сіздің де атыңыз осы іс бойынша қылмыстық тізімде қалады. Айгүл өзінің көз жасымен жуынып отырғандай:
— Болат маған шотымды бер деді. Мен сол арқылы бір танысына ақша жіберемін деді. Сосын бір-екі күннен кейін: «ештеңеге араласпа, сенің қатысың жоқ» деді. Бірақ, кейін Жомарт мырзаның өлгенін естідім. Абылай Айгүлдің жауаптарын тыңдап отырып, жазбаларға мұқият белгі қойып отырды. Әр сөзі – бір түйін, әр қайтарылған жауап – бір ілмек. Ол орнынан баяу тұрды. Кабинеттің ішін үнсіздік кернеген. Терезеден сыртқа көз тастап, көкжиектегі қою бұлтқа қадала қарады. Жарық шам әлсіз жанып, сары сәуле оның жүзін көлеңкелеп тұрды. Кенет бір ой жарқ ете қалды.
Айгүл бетін басып, жылай бастады. Абылай терең дем алып, оны үйіне қайтарды. Абылай:
— Асан! — деді ол қатқыл үнмен.
— Тыңдап тұрмын, полковник!
— Айгүл айтқан «таныстың» кім екенін анықта. Ақша сол арқылы өтіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ Болаттың соңғы бір айдағы барлық қоңырауларын көтер. VPN-мен байланыс жасаған нөмір кімге тіркелгенін де табыңдар. Абылай үнсіз қалды. Бір сәт үнсіздікте өзі мен үстелдің арасындағы кеңістік қалың тұмандай қоюланып бара жатқандай сезілді.
Асан Болаттың VPN-мен байланыс жасаған нөмірлердің тізімін әкеп берді. Абылайдың көзіне Болаттың +998 90 123 45 67 номеріне жіберген хабарлама шоқтай басылды.
Халықаралық нөмір.
Өзбекстанның коды.
Хабарламада тек үш сөз ғана жазылған:
«Бәрі келіскендей болады…»
Абылай қалың ойдың ішіне сүңгіп кетті.
Бұл кім?
Ол дереу орындыққа қайта отырды. Ақ қағазға үңіліп тұрып, әлгі нөмірді іздеуге кірісті.
Сол сәтте есік сарт етіп ашылып, Асан ентіге кіріп келді:
— Полковник! Айгүлдің шотынан екі рет аударылған
2 000 500 теңге шетелдік осы есепшотқа түскен. Шот иесі…
Абылай басын көтеріп, Асанның бетіне сұсты қарады.
— Кім?
Асан жұтынып алды да жылдам сөйледі:
— Ниязхан Төлебаев.
— Ол қалай?!
— Иә, ол – кім?…
Абылайдың жүрегі зырқ етті. Жаңағы «бәрі келіскендей болады» деген хабарламаның бұл іске қатысы барын түсінгендей болды.
Ол іштей қайталады:
«Жомарттың өлімі – тек қана сатқындық емес. Бұл – іштен шыққан жау, сыбайлас жемқорлық. Бөлмеде ауыр тыныштық орнады. Бірақ бұл тыныштықтың ар жағында дауылдың лебі сезілді.
Бәрі енді ғана басталды…
Полковник Абылай кабинетінің терезесінен қалаға көз жүгіртті. Қара түннің көз жасындай мөлдіреген таңғы шық кеппеген әйнектің арғы жағында өмір өз ағысымен өтіп жатқанымен, оның кеудесінде тыным таппаған бір алапат ой құйыны шыр айналып тұр. Түнгі тергеу материалдары мен криминалдық сараптама нәтижелерінің барлығы Болатқа нұсқайды. Дегенмен, ішкі сенім мен сыртқы айғақтың арасында әлі де болса сызат бар. Ал әділеттің есігін дәлелсіз ашу мүмкін емес — бұл Абылай үшін өзгермейтін қағида. Ол қалтасына қолын жүгіртіп еді, саусақтары Айгүл ханымның байланыс парақшасына ілікті. Осы сәтте есіне түсті — дәл осындай парақшаны Жомарттың үйінің алдынан да тапқан болатын. Дереу екеуін қатар қойып, мұқият салыстырды. Иә, айқын ұқсастық бар. Бұл жаңалық бір жіптің ұшын беріп тұрғандай әсер етті. Сонымен, Айгүл — Болаттың туысы да, жақыны да емес. Екеуі өмір жолында жолығып, кейін белгілі бір мақсатта байланысқа шыққан. Яғни, Болат оны өзінің қылмыстық әрекетіне алдап-арбау арқылы тартқан. Айгүл оның арам пиғылынан мүлде бейхабар. Күдікті парақшаны Болат Жомарттың үйіне барған кезде әдейі немесе байқамай түсіріп алған болуы да мүмкін. Абылай терең тыныстап алды да, көмекшісіне бұрылды:
— Болатты шақыртыңдар.
Болат тергеу бөлімшесіне келе сала бірден төрге озды. Иығында сенімділіктің жалауы желбірегендей. Қара көк костюмі үтіктелген, галстугі мінсіз түйілген. Көзіндегі паңдық – жылдар бойы үйренген екіжүзді маскадай.
— Қайырлы таң, полковник. Мені шақырдыңыз ба? – деді ол, іскер адамға тән сыпайы үнмен. Абылай креслосында түзу отырды. Қарсы алдында отырған адамға емес, оның жан дүниесіндегі көлеңкеге үңілгендей көз тастады.
— Иә, Болат мырза. Қош келдіңіз. Сізбен ашық әңгімелескім келеді. Бұл – ресми тергеу емес. Бірақ, сіздің сөзіңіз – шындыққа жол ашуы мүмкін.
Болат жымиды. Қолын үстел үстіне қойып, сағатына бір қарап қойды.
— Мен дайынмын, Абылай мырза. Тек шындық үшін.
Абылай басын төмен түсіріп, даусын жұмсартып: — Жомарт Құдайбергенов – біздің арамыздан ерте кеткен азамат. Ол тірі болғанда, бұл кабинетте сіз келмес едіңіз. Болат кірпігін қақпастан:
— Жомарт мен үшін ұстаз болды. Одан үйренгенім көп. Оның өлімі… жүрегімді жаралады. —
Сол сәтте Абылай столдың шетінде жатқан қалың папканы ақырын ашып, ішінен бір құжатты суырып алды да:
— 2023 жылдың 4-ші қаңтарында сіз 2 000 500 теңге, одан кейін 6 айдан соң, дәл Жомартты атып кеткен күні, яғни 19 шілдеде тура түнгі 12.00-де тағы 2 000 500 теңге, сонда барлығы 5 миллион теңгені Айгүл Бақытбекова есімді әйелге аудардыңыз. Бұл мәлімет бізге шындықтың есігін сәл-пәл ашты. Бұған не дейсіз? Болат селт етті. Көзі бір сәтке ойнап кетті. Бірақ ол өзін тез қолға алды.
— Ол менің танысым. Отбасында қиын жағдай болды, көмектестім. Соңы қайда барып тірелетінін қайдан білейін.
— Біз VPN арқылы жүргізілген келіссөздердің жазбасын алдық. Күдіктінің дауысы – сіздікі. Сіз Айгүл арқылы әлдекіммен делдал болып байланысқансыз. Және сол күні сіздің телефоныңыздан күмәнді нөмірге үш мәрте қоңырау келген. Абылайдың сөзі бәсең, бірақ өткір. Ол темірді қызған кезінде соғып тұрған нағыз тергеуші. Болат орнынан атып тұра жаздап, қайта отырды. Саусақтарының ұшы дірілдеп, тізесінің үстін сипалай бастады.
— Мен кетем. Бұл – менің құқығым. Сұрақтарыңыз шектен шықты.
Абылай орнынан тұрмастан есік жаққа көз тастады. Сол сәтте ішке жас офицер кіріп, үнсіз Болаттың иығына қолын қойды. Ол қайта отырып, ашулы дем алды.
— Жалған сөз – жүрекке салынған қарғыс, – деді Абылай, үнін қатайтып. – Ал сіздің сөзіңізде шындықтың иісі жоқ. Мен талай өтірікшіні көрдім. Бірақ сіздей бейбіт күнде бауырын сатқан, қолын қанға бояған жалған дос сирек.
Болат көзіне жас толғандай кейіп танытып: — Мен киллермен еш байланыста емеспін. Бұл – жала! Абылай Болатты қорқытып, шындықты мойындату үшін әдейі:
— Киллер ұсталды. Қазір тергеу изоляторында. Ол біреуден тапсырыс алғанын мойындады. Көп ұзамай беттестіру болады. Сол кезде шындық өзінен-өзі сөйлейді. Ал сен сол кезде не істейсің, Болат? Айгүлді тағы да «танысым» деп құтылып кетесің бе?
Болат қасарысқан күйі, сыр білдірмей үнсіз отыр. Сенгені сол баяғы Тезекбай. Бір сәтке тыныштық орнады. Кабинеттің ішіндегі ауа қоюланып кеткендей. Абылай орнынан тұрып, терезеге барды. Далада күн қарайып барады. Жарығы мол қала – алдамшы нұрға оранып тұрғандай. Ол баяу бұрылып:
— Сен Жомартты емес, өзіңді өлтірдің, Болат. Жаныңдағы аз ғана ар-ұятты тұншықтырып, мәңгілікке қапасты таңдадың. Мен заң алдында ғана емес, АЛЛА алдында да жауабың бар екенін саған ескертіп тұрмын.
Офицер Болатты орнынан тұрғызды. Абылай қолын көтеріп, тоқтатты.
— Соңғы сұрақ. Егер бәрі әшкере болса Жанар мен Жомарттың балаларының көзіне қалай қарайсың? Болат бұл жолы үн қатпады. Беті бозарып, көзі боталап барып, басын төмен салды. Есіктен шыққан кезде ғана ернін сыбырлата жымиды: Абылай:
— Шындық бәрібір жеңеді.
Абылай ауыр күрсінді. Бұл – күрестің бастамасы ғана. Ал шындықтың жүгі – әрқашан да ауыр. Абылай Болаттың үйін тінтуге санкция алды. Үйінің бір бұрышынан жасырылған флешка табылды. Ішінде – Жомарт туралы жазбалар, жеке суреттер және аудио файлдар. Абылай бір түн бойы сол жазбаларды зерттеді.
Аудиода Болаттың даусы анық естілді:
– Жомарт тірі қалмауы керек. Бұл – соңғы мүмкіндік. Егер ол сөйлесе, бәрі бітеді. Алайда бұл дәлелдер жеткіліксіз. Басты айғақ киллер табылар емес. Жанар түсініктеме беру барысында киллердің түрін көріп қалғанын айтқан болатын. Абылай Жанарға бірден телефон шалды:
— Жанар ханым, амансыз ба!
— Жақсы, шүкіршілік! Тергеу қалай жүріп жатыр? Қандай жақсы жаңалығыңыз бар?
Абылай:
— Сіз киллердің көзін және жартылай түрін көргенсіз. Сондықтан суреттеп айтып беруіңіз керек. Біз фоторобот бағдарламасы арқылы оның бет-бейнесін жасап шығаруымыз керек. Сосын суретін жан-жаққа таратамыз. Бұл қылмыстық істі ашуға көмек береді. Басқа тәсілді көріп тұрған жоқпын.
Жанар:
— Маған қылмыстық істің тез ашылуы маңызды. Әрине, қазір тергеу бөлімшесіне барамын. Абылай киллердің суретін фоторобот арқылы жасап шығарып, жан-жаққа таратты.
Полковник Абылай таңертең жұмыс орнына әдеттегіден ерте келді. Жолай тек өзі білетін кішкентай мешітке соғып, ішінен үнсіз дұға жасады:
«Я, Раббым, әділет үшін, адалдық үшін тілегімді қабыл ет. Бұл жерде бір адамның емес – тұтас сенімнің қаны төгілді…». Ол жұмысқа келген бетте Болатты тағы да кабинетіне шақыртты. Болат бұл жолы да кешікпей келді. Өзін сенімді ұстап отыр. Костюм киіп, сағатын түзеп қойып, іскер кездесуге келген адамдай сықиып отыр. Абылай оны психолог іспетті сөйлетіп, шындықты өз аузынан шығартуға тырысты. Абылай сабырлы, жұмсақ дауыспен бастады:
— Болат мырза, сіз Жомарт Құдайбергеновтың қазасына қатысты істің басты куәгерісіз. Қылмыстық істі ашу үшін сізді амалсыз тағы шақырып отырмын.
Болат жымиып:
— Мен Жомартты туған ағамдай көретінмін. Ол үшін сіздерге көмек беруге әрқашан да дайынмын. Қазасы мені де есеңгіретіп тастады.
Абылай көзін төмен салды. Бір сәт үнсіз қалды. Сосын кенет:
— Ал сіздің 2023 жылдың 4-ші қараша күні Айгүл Бақытбекке аударған 5 миллион теңгелеріңіз туралы анық ақпарат бермедіңіз? Айгүл ханымның шоты арқылы кімге аударма жасадыңыз? Болаттың жүзі бозарып кетті. Қолын үстелге қойған күйі саусақтары дірілдей бастады.
— әлсіз күлкімен
– Болмашы көмек екенін алдында да айтқанмын. Жомарт ағамның құрған компаниясы бүгінде Қазақстанға танымал. Сондықтан бізде қайырымдылық жиі жасалады. Біз көп адамдарға жәрдем береміз. Оның бәрін қалай есімде сақтаймын. Абылай өткір үнмен:
– Жалған жауап – шындықтың дұшпаны. Біз Сіздің үйіңізге тінту жасағанда біраз дәлелдер таптық. Біздің қолымызда аудиожазба бар. VPN арқылы сөйлескен күдіктінің номері – сіздің телефоныңыздан табылды. Сіз тапсырыс бергенсіз.
Болат орнынан тұруға ұмтылды:
— Мен кетем! Бұл сұрақтар заңсыз!
Абылай жай ғана алдында тұрған түймешекті басты. Есіктің сыртында тұрған жас офицер ішке кіріп, Болатты қайта отырғызды.
— Қылмыс жасаған адамның айқайы – өз шындығынан қорыққан адамның үні – деді Абылай, көзін қадай қарап. – Мен мыңдаған қылмыскер көрдім. Бірақ ең ауыр қылмыс – бауырлықты сатып кеткен адамдікі. Сен – сол бауырды өлтіріп, сатып кеткен опасызсың.
Болат:
— 5 миллион – киллер жалдау үшін жіберілген ақша емес. Ол – көмек ақша. Мен киллерді мүлдем танымаймын. Жомарт маған аға болған адам!
Абылай:
— Киллер де табылады. Сонда басқаша сайрайтын боласың. Болат:
— Онда шындық ашылады. Менің бұл іске еш қатысым жоғы анықталады. Мен енді ешқандай сұраққа жауап беруге тиісті емеспін. Аман-сау болыңыздар! Абылай Болаттың бетпақ мінезіне таңғалды. Ішкі түйсігі, барлық дәлелдер Болатты нұсқап тұр. Алайда нақты айғақ – киллер.
Қанша жерден ақылды, сақ, байсалды офицер болса да, бұл жолғы іс полковник Абылайды алаңдатпай қоймады. Жомарттың өлімі — біреудің кегі емес. Бұл – салқын ақылмен жоспарланған, жүйелі қылмыстық топтың ізі бар, тым күрделі іс екенін ол бірден түйсінді. Бірақ кім ұйымдастырды? Не мақсатпен? Қалай? Түнде кабинетінде жарығы өшпеген жалғыз терезе – Абылайдікі. Ол үстелге жайылған істі бірнеше мәрте шолып шықты. Болаттың үйінде тәркіленген телефон деректерінде ерекше нәрсе сол баяғы Айгүл Бақытбекова деген әйелдің есепшотына екі рет 2 000 500 теңге аударған. Бірдей сома. Мұндай дәлдік – кездейсоқтық емес. Бұл — қылмыстық әлемнің «қызмет ақысы». Және сол қаржы Айгүл арқылы бір беймәлім Өзбекстандық номерге аударылған. Аты – «Жүкші Нияз». Алайда, бұл адам туралы ашық базаларда ешқандай ресми дерек жоқ. Бәрі күмәнді. Абылай қалтасынан телефонын алып, байырғы досы Мұратқа қоңырау шалды. Бұл екеуін кезінде еркін күрес кілемі табыстырған. Аяқтарын сан мәрте майыстырған, арқаларын сүйеген сенімді достар. Қанша жыл өтсе де, арадағы сыйластық сөнбеген. Екеуі де құқық саласында адал еңбек етеді.
— Абылай бауырым! Не жаңалық? Көп уақыт болды, хабарсыз кеттің — деді Мұрат көңілді дауыспен. Абылай:
— Мұрат, амансың ба? Жұмыс бабымен хабарласып тұрмын. Дереу сенің көмегің керек. Бір адамды тапқым келеді. Аты – Ниязхан Төлебаев. Ташкент жақта болуы мүмкін. Мұрат:
— Айттың болды. Бір-екі күнде іздеймін.
Абылай телефон арқылы досымен ұзақ сөйлесті. Өткен-кеткенді естеріне алды. Содан орнынан тұрып, қабырғадағы картаға көз салды. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы. Ташкенттің маңы. «Жүкші Нияз». Бәрі бір-бірімен тығыз байланысқан. Бұл – ақша аудару тізбегі – қылмыскерді жасыру тізбегі.
Наурыз мейрамы жақындап қалған. Тергеу барысында мейрамды сезінбестен жүрген Абылай бір сәт тыныс алып, үйіне оралды. Жұбайы мен балаларының жарқын жүзін көріп, көкірегіндегі мұз ерігендей болды. Көрісу күні болғандықтан үлттық киім киген қыздары мен шапан жамылған баласы, дастархан басындағы көже мен әжелердің батасы – барлығы жүрегіне жылу сыйлады. Бір күнен кейін қалада Науырыз мейрамы аталып өтіледі. Абылай ерте тұрып, дүкенге барып, өзіне жаңа шапан, әйелі мен балаларына ұлттық киім сатып алып, бәріне тамаша сый жасады. Ауладағы киіз үйге барып, наурыз көжеден дәм татты. Әжелердің батасын алды. «Ұлыс оң болсын!» деген тілектер жүрекке жылу сыйлады. Көңілі бір сәтке тынышталғандай.
Бес күннен кейін Мұрат хабарласты:
— Абылай, таптық. Бұл Ниязхан деген кісі менің ауданымда тұрады. Бірақ бір қызық бар. Үйінде туысқаны тұрып жатыр екен. Келбеті сен жіберген фотодан — аумайды. Абылай қуанып кетті. Ол — дәл сол! Жомартты атып өлтірген қандықол киллер! Бір сәтке ішкі түйсігі селт етті. Бұл — жай ғана кезекті бір қылмыс емес. Бұл — үлкен құрылымның шетін сырып, тереңге үңілетін сәт. Түйсігі соны сезді. Көптен іздеген тізбектің алғашқы буыны қолына түскендей. Абылай шұғыл түрде Бас прокуратурамен, ІІМ-мен, Интерполмен байланысқа шықты. Бәрін заң шеңберінде істеу керек: экстрадиция, дәлел, айғақ, қаржы іздері. Бір түннің ішінде бірнеше томдық қылмыстық істі сүзгіден өткізіп, шетелге аударылған қаржының ізін нақтылап берді. Ташкентке жіберілген қаржының қай шоттан шыққанын, қай банкте тоқтағанын, қандай атпен тіркелгенін — барлығын мұқият ашып шықты. Өзбекстан полициясы Ниязханнан түсініктеме алды. Айтуынша, жиен інісі «жұмыс іздеп келдім» деп келген. Алайда, ол «жиеннің» шын бейнесін білмеген. Паспортты ауыстырғанымен, түрін өзгерте алмаған. Киллердің аты — Тұман. Қызық. Абылай бұл есімді алғаш естіп тұр. Қазақстандық база да, Интерполдың тізімі де бұл атты білмейді. Бұл не деген шеберлік? Демек, бұл — көлеңкеде көптен бері жасырын жүрген жан, бәлкім, бұл — оның алғашқы тіркелген қылмысы.
Ташкент әуежайынан көтерілген әскери тәртіптегі ұшақ таңғы сүттей бозалаң тартқан сәтте Шымкент қаласының ІІМ арнайы қону алаңына келіп жаймен орнықты. Абылайдың өзі сол сәтте қону алаңында тұрды. Шекара, Интерпол, прокуратура — бәрі келісілген. Ұшақтың ішінен кісенделген, басы салбыраған бір адамды екі арнайы жасақ қызметкері жетектеп шықты. Ол – Тұман. Күдікпен бүркемеленген жанар, суық үнсіздік, ішкі қарсылық сезімі — бәрі жүзінен-ақ байқалып тұр. Күдікті Өзбекстаннан Қазақстанға экстрадицияланған сәтте Абылаймен бірге Асан да еріп барды. Жол бойы үнсіз отырды. Бір сәт, бір мезет жадында қайта жаңғырды:
— Камерадағы бейнеде күдіктінің оң аяғы сәл сыртқа қарай қисайып, сол иықпен қатарласа қозғалады. Бұл — солақай адамға тән жүріс, — деген еді Абылай. Осы бір көреген сөз — жай жорамал емес екенін уақыт дәлелдеді. Асан киллерді сырттай бақыладв. Оның жүрісі полковниктің болжауымен тап басып сәйкес келді. Абылайдың шеберлігі — қағазға емес, адамның болмысына үңілуінде. Ол үшін видео — жай кадрлар емес, қылмыскердің көлеңкесімен сырласатын дерек. Ол үшін қозғалыс — сөзсіз куәгер. Міне, осыны көргенде Асанның өзі таңғалды. Полковник Абылай – жай тергеуші емес, қылмыстың шетінен ұстаған сәтте соны түбірімен қопарып шығатын хас шебер. Абылай бірден тергеу басқармасына қарай асықты. Алда – аса күрделі жауап алу процесі. Ол өзіне сөз берді: кім бұйрық берді, не үшін және қанша адам бұл тізбектің ішінде екенін түгел анықтаймын! Жомарттың өлімі — жай ғана нүкте емес. Бұл – бір үлкен парақтың бас әрпі ғана. Енді бастысы — шындықты суырып алу. Жолда келе жатып, Абылай бір нөмірге қоңырау шалды. Қоңырау сәл кідіріп барып, көтерілді.
— Алло?
— Жанар ханым, бұл — полковник Абылай. Істің барысы бойынша жаңалық бар. Телефонның арғы жағындағы үн бір сәтке үнсіз қалды. Жанардың жүрегі қатты дүрсілдеп кетті.
— Иә… Тыңдап тұрмын…
Абылай даусы нық шықты.
— Күдікті — Жомарт мырзаның өліміне қатысы бар адам Қазақстанға жеткізілді. Енді біз нақты шындыққа жақындадық. Жанар егіліп жылап жіберді. Бұл — жеңістің емес, әділетке бір табан жақындаудың көз жасы.
— Рахмет… Сізге сеніп едік… Шүкір…
Абылай үндемей тұрып қалды. Оның да көкірегін бір ащы тыныштық тырнап өтті. Бірақ қазір эмоция емес — нақты жауаптар қажет.
Тергеу бөлмесі. Қабырғада сағаттың тықылы ғана естіледі.
Күңгірт жарық, сұр қабырға, сұрақ пен жауаптың шекарасы ғана бар. Тұман үстел басында отыр. Оның екі қолы үстелдің астында кісенделген. Басында бейнебақылау жұмыс істеп тұр. Абылай жайлап кірді. Қолында қалың папка. Фотосуреттер, ақша аударымдар, телефон жазбалары.
Полковник Абылай Тұманмен жеке өзі сөйлесті. Тергеу изоляторында, темір есіктің ар жағындағы сұр киімді, мұздай көзді, қылшығы қырылмаған жас жігітпен бетпе-бет келді.
— Тұман, — деді ол орындыққа отырып жатып. Киллер үндемеді. Қабағы түйілген күйі қарап отыр.
Абылай стол үстіне Жомарттың фотосын қойды.
— Бұл адамды танисың ба?
Тұман бір көз тастап, қайта жерге қарады.
Абылай екінші фотоны шығарды. Бұл жолы — көшеде түсірілген бейнебақылау кадры. Тұманның жүгіріп келе жатқаны анық көрініп тұр.
— Бұл сен бе?
— …Қайдан білейін. Бәрі бірдей болып кеткен — деді Тұман міңгірлеп.
Абылай жымиғандай болды. Бірақ көзінде күлкі жоқ.
— Сенің Өзбекстанға кеткен жолың, Айгүлдің саған ақша аударғаны, Болатпен байланысың — бәрі дәлелденді. Енді тек бір-ақ нәрсе керек: тапсырысты кім берді?
Тұман үнсіз қалды. Сәлден кейін:
— Мен ақша алдым. Бірақ мен ешкімді танымаймын.
Абылай үстелге бір парақты жайып қойды. Бұл — Өзбекстанда Ниязханның үйінде тұрып жатқан кездегі құжат. Төлқұжаттағы есім — Сұлтанбек. Бірақ сурет Тұмандікі.
— Сен жалған құжатпен жасырынып жүрдің. Бұл — халықаралық қылмыс. Ал егер қазір өз еркіңмен жауап берсең, сот жеңілдік жасамайды. Әйтпесе — он жеті жыл емес, өмір бойына кетуің мүмкін.
Кенет Тұман басын көтерді. Көзінде болмашы шындық ұшқыны жылт етті.
— Мен тапсырысты тікелей алған жоқпын. Байланысқан адамым — Айгүл.
— Сонда Болаттың бұйрығы ма?
Тұман терең дем алды. Бір сәт ойланып:
— Иә, «Мына адам көзден ғайып болуы керек», — деді. Суретті көрсетті. Қанша алғанымды өзің көрдің.
Абылай орнынан жайлап тұрды.
— Сенімен сөйлесуге Жомарттың жесірі келеді. Оған бәрін айт. Қалғаны — заң мен АЛЛАНЫҢ үкіміне қалды.
Киллер басын изеді.
Абылай есікке бұрылып бара жатып, бір сәт кідіріп:
— Неге өлтірдің? — деді Тұманның көзіне тік қарап.
— Ақша үшін — деді киллер селт етпестен.
— Ал сен, Тұман… енді шындық айтатын уақыт келді, — деді де, сыртқа беттеді.
Тұманмен сөйлесуге Жанар келді. Кішкентай сұрақ-жауап бөлмесі. Үстелдің арғы жағында – киллер. Көздері суық, міз бақпай отыр. Кеудесін ащы шер кернеген Жанар оның көзіне тіке қарады, сұрқия көздерін бірден таныды. Сұр қабырға. Төбеден түсіп тұрған жарықтың астында екеуі. Кішкентай үстел. Арғы жағында – Тұман. Мұздай көз. Ал қарсысында – Жанар. Жүрегі шоққа оранған, көзінде жас, бірақ дауысында — темірдей салмақ бар. Жанар тісін тістей, көзінен жас ағып:
— Сен… сен менің күйеуімді өлтірдің.
Тұман кекесінмен, мұздай күлкімен:
— Иә. Бірақ мен өзім үшін емес. Жанар:
— Білемін. Сен – жалдамалы жауызсың. Ал мен шындық іздеп келдім. Айт, кімнен тапсырыс алдың?
Тұман иығын қиқаң еткізіп:
— Менің атымнан тек адвокат сөйлейді.
Жанар ашумен орнынан тұрып, үстелді нұқып:
— Сенің адвокатың енді сені бұл тозақтан құтқара алмайды!
Саған бұйрық бергендер, олар сені қазірдің өзінде сатып кетті.
Қалған ғұмырың темір тордың ар жағында, не көрде аяқталады!
Тек қазір ғана аз да болса адам болып қалуға мүмкіндік бар. Шындықты айт!
Тұман көзін тайдырып:
— Егер мен шындықты айтсам, мені өлтіреді. Жанар жан даусымен:
— Ал менің күйеуімді сендер өлтірдіңдер!
Ол тірі болу үшін күресті. Халыққа қызмет етті.
Ал сен не үшін өлтірдің? Ақша үшін бе? Бес-ақ миллионға арыс азаматтың өмірін қалай қидың?! Жомарттың өмірі бес миллион ғана болғаны ма?
Сол ақшаны сен еңбекпенде таба алатын жігітсің. Тепсең темір үзесің.
Тұманның дауысында өкініш бар:
—Иә, ол маған ештеңе істемеген еді…
Білесің бе, мен спортшы едім… ел үшін күрестім…
Бірақ бір сәттік әлсіздік, бір қате таңдау…
Қарыз, қысым, бопсалау…
Сосын келді олар. «Бәрі оңай болады», — деді.
Оңай болмады…
Жанар жылап:
— Сен оның өмірін тартып алдың. Менің үмітімді өлтірдің, балаларымды әкелерінен айырдың. Сенің қателігің бір адамның тағдырын ғана емес, бүтін ұрпақтың болашағын күйретті. Сен тек бір адамға оқ атпадың, сен әділетке оқ аттың.
Тұман төмен қарап:
— Маған қорған керек. Егер Прокуратура қорғауға кепіл берсе, мен тапсырыс берушінің атын атаймын. Жанар кең тыныс алып, көзіндегі жасты сүртіп:
— Жақсы. Мен сенің сұрауыңды полковникке жеткіземін. Бірақ есіңде болсын: мен шындық үшін соңына дейін барамын! Киллер үнсіз. Болаттың жасаған сатқындығы мен қаржылық алаяқтығы ашылуға жақын.
Жанардың ішінен:
«Жомарт, сенің сеніміңе кірген адамның түбіңе жеткенін көру қандай ауыр… Сен оны бауырым деп едің, ал ол жауың болып шықты. Сенің аманатыңды аяққа таптады. Енді не болмақ? Әділет бар ма? Сот бұл зұлымдықтың жазасын бере ала ма?».
Болат енді тергеуге толық тартылды. Абылайдың алдында соңғы кезең: киллерді анықтап, беттестіру және сотқа дейінгі материалды жабу.
Ауа біртүрлі ауыр. Тергеу басқармасының арнайы бөлмесіне екі адам қатарынан кіргізілді. Бірі – Болат Қожабаев. Екіншісі – ұзын бойлы, бетінде тыртық іздері бар белгісіз ер адам. Ол – киллер.
Кіре бергенде Болаттың беті ду етті. Қаны жүзінен қашты.
Абылай бөлменің арғы жағынан келіп, үстелге отырды.
— Бұл – жабық беттесу. Барлық сөз жазылады. Айтылған әрбір шындық – сот алдында дәлел болады. Киллер алғашқы болып сөйледі. Дауысы сәл дірілдесе де, шынайы.
— Менімен байланысқан адам – Болат Қожабаев. Ақша төлейтінін, іс жеңіл болатынын айтты. «Жай ғана қорқытып қой» деді алғашында. Кейін өлтіруді бұйырды. Ақшаны екі бөліп аударды.
Абылай Болатқа қарады. Ол үнсіз.
— Абылай даусы қатайыңқырап шықты
— Болат Қожанов, не дейсіз? Бұл айыпты мойындайсыз ба?
Болаттың басы салбырап тұр. Көзін төмен салып, тістене жауап берді:
— Мен… мен Жомарттың орнында өзім болуым керек еді. Ол… ол мені әрдайым төмен қойды. Сол себептен ешқашан өз биігіме жете алмадым. Оның көлеңкесінде қалудан шаршадым. Абылай:
— Сол үшін бауырды өлтірдің бе? Сен оның берген мүмкіндігін емес – жарығын көре алмадың. Сен өлтірген адам – саған баласындай сенген жан. Енді сені де ар-ұятың өлтіреді!
Киллер қайта сөйледі:
— Мен түрмеден қашпаймын. Бірақ Жомарттың жары – Жанар болса, кешірім сұрағым келеді. Менің қолымдағы оқ – оның жүрегін емес, армандарын өлтірді. Абылай орнынан баяу тұрды. Көзіне жас келгені байқалды, бірақ түрі сабырлы.
— Жанардың кешірімі – АЛЛАНЫҢ алдында. Ал мен мемлекет атынан істі сотқа жіберемін. Бұл заң – Ақиқатты сөйлейтін заң!
— Мен жеңбедім. Ақиқат жеңді. Ақиқат ауыр, бірақ ол – жалғыз жол. Жомарт енді қайтып келмейді. Бірақ бұл іс – бір адамның ғана емес, тұтас ұрпақтың әділетке жеткен күні. Бұл – адалдықтың бағасы.
Көп кешікпей Сот басталды.
Зал тып-тыныш. Тек төрағаның үстелді жайлап тықылдатқан дыбысы естіледі. Күздің сұрғылт күніне ұқсас ауыр атмосфера орнаған. Қылмыстық істің мән-жайын бәрі білсе де, соттың қандай үкім шығаратынын ешкім дөп басып айта алмайды.
Сот төрағасы Қасым Жайсанбайұлы:
— ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі – қасақана адам өлтіру бабы бойынша айыпталушы Болат Қожабаевқа қатысты сот отырысы басталды.
Айыпталушылар орындығында – Болат. Жүзі суық. Жанарында өкініштің ізі жоқ. Міз бақпай тұр. Жанында – киллер. Үкім оқылмай жатып-ақ мойнын салбыратып, жерге қарап, екі қолын айқастырып алған. Ол сот басталғалы бері Жанарға қарай берді.
Кенет сот төрағасы Жанарға көз тастады:
— Сіз заңгерсіз бе?
Зал іші күбір-күбір. Жанар тосын сұрақтан сәл тосылып қалды да, тез жинақталды:
— Жоқ, заңгер емеспін. Бірақ колледжде құқық негіздерінен сабақ бердім. Құқықтанушымын, – деді нық дауыспен.
Сот төрағасы басын изеді:
— Сізге сөз беріледі.
Жанар терең дем алып, сөйледі. Даусы сот залын кернеді:
— Болат, сен жарымды өлтірдің. Оған қастандық жасадың. Бірақ сенің ең үлкен қылмысың – сенімге жасалған қиянат. Ол сені бауырына тартып еді, сен оның жанын қидың. Мемлекеттің ақшасын жымқырдың, бірақ ол аздай – адал досыңды саттың. Сен үшін үкімді бүгін сот, ал АЛЛА жазаңды баяғыда шығарып қойған! Зал сілтідей тынды. Жанардың дауысы қатты шыққан жоқ, бірақ әр сөзі найзадай қадалды.
Киллер көзіне жас алды:
— Мен адастым… Жаңылдым. Кешіріңіз, – деп міңгірледі. Тек Болат қана үнсіз тұрды. Ол тіпті көзін төмен салмады.
Сот үкімі шақты.
Сот залын ауыр тыныштық басты. Адамдардың сыбырлап сөйлескені ғана естіледі. Бәрінің көкейінде бір сұрақ: «Әділет орнай ма?»
Сот төрағасы үкімді жариялады:
— Айыпталушы Болат Қожабаев – 15 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қылмысты тікелей орындаушы – 17 жыл 6 айға сотталсын.
Сот төрағасы соңғы сұрақ қойды:
— Жәбірленуші тарап, сіз соттың үкімімен келісесіз бе?
Жанар күрсініп, терең тыныстап:
— Сіздің шығарған үкіміңіз маңызды емес.
Оған баяғыда үкім шыққан. Бұл – АЛЛАНЫҢ үкімі.
Зал сілтідей тынды.
Жанар соңғы сөзін айтқанда, даусы зілмен шықты.
— Құлқыны үшін адамның қанын жүктеген адам екі дүниенің де азабын тартады. Шындық бәрібір судың бетіне қалқып шығады! Жанардың көзінен жас ыршып түсті. Бірақ ол өзін ұстады. Жанардың бұл сөзінен кейін сот залындағылар тым-тырыс болып қалды. Оның соңғы айтқаны адамдардың жүрегіне мәңгілікке мөр болып басылғандай:
«Құлқыны үшін адамның қанын жүктеген, өзіне сенген жанды сатқындықпен өлтірген адам екі дүниенің де азабын тартады!».
Сот залында Жанар Болаттың көзіне тік қарады.
— Сен бәрін саттың, Болат. Бірақ сатқындық ешқашан жеңбейді. Жомартты өлтірдің, бірақ оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Ал сен өмір бойы мойныңа ар жазасын жүктейтін боласың. Өмірде сатқындығың үшін өз-өзіңді жазалап өтесің– деді. Болат басын төмен салды. Ол енді барлығынан айырылғанын түсінді.
Жанар Болат пен Тұманға қарап:
— Сендер мені әлсіз деп ойлайсыңдар. Жоқ! Мен әлсіз емеспін. Ал сендер – нағыз қорқақсыңдар! Біреуің тапсырыс беріп, екіншің орындап, ақыры әділеттен қаша алмадыңдар!
Судья үнсіз қалды. Прокурор құжаттарын жинай бастады. Залдағы адамдар Абылайдың батылдығына, хас шеберлігіне, тапқырлығы мен даналығына таңырқап, бір-біріне қарасты. Кейбірі оның әділдігіне риза болып, бас изеді. Болат ақырына дейін міз бақпады. Оның жүзінде өкініш те, ұят та байқалмады. Дегенмен, ол Жанардың көзіне тіке қарай алмады.
Сот залынан шығып бара жатқанда Жанар мен адамдар Абылайға алғыстарын айтты. Бірі мақтанып, бірі қызығып тұрды. Сол сәтте бір журналист иығынан қағып:
— Абылай мырза, қысқаша сұхбат берсеңіз, бұл соттан қандай ой түйдіңіз?
Абылай сәл жымиып, тұтас залға көз жүгіртіп:
— Бұл – жай ғана сот емес. Бұл – адамдық пен арсыздықтың шайқасы.
Әділет – жеңді. Бірақ қуанып тұрғаным жоқ. Себебі әділет орнағанда – бір адам тіріліп келмеді. Тек бір үміт – келесі әділетсіздікке жол бермеу. Содан соң сәл кідіріп, төмен қарап:
— Сот – қағазға қараса,
Ар – АЛЛАҒА қарайды – деді.
Залдағы жұрт үнсіз қалды.
Сот залынан адамдар шығып жатты. Бірі қабағын түйсе, бірі әділдіктің орнағанына іштей риза болды. Ең бастысы – Абылай сот залынан кеудесін тік ұстап шықты. Ол өзіне артылған ауыр жүкті еңсесімен емес – жүрегімен көтеріп шықты. Оның соңынан Болаттың адвокаты ілесті. Ол әлі де Болатты ақтап алудың амалын жасамақ екен.
— Бұл – кісі өлтіру емес, қасақана жасалған әрекет те емес. Болат оны қорқытпақ болды, бірақ бәрі абайсызда орын алды. Қолымызда әлі де дәлелдер бар. Біз апелляцияға береміз, – деп өзінше біреуге емес, өзіне сендіргісі келгендей сөйледі. Абылай тоқтады да басын жай ғана шайқады:
— Сендер шындықты бұрмалауға қанша тырыссаңдар да, әділдік бәрібір су бетіне қалқып шықты. Қанша уақыт өтсе де, әділет деген нәрсе бір-ақ сәтте жарқ етіп, жалғанның бетін ашады. Апелляцияға еркін беріңдер. Бірақ сендер жеңбейсіңдер. Сендер баяғыда жеңіліп қойғансыңдар! Абылай бұрылып жүре берді. Сот ғимаратынан шыққанда әділдік жеңгенін табиғатта құптағандай аспандағы қара бұлт сейіліп, күн сәулесі маңайға нұрын төкті.
Түнде Абылай аспанға ұзақ қарап тұрды.
Жұлдыздар жымыңдап, оған «әділет орнады» деп жауап бергендей.
Бірақ әділет деген не өзі? Сот үкімі Жомартты қайтара алды ма? Жоқ.
Бірақ жауыздық өз жасасын алды!
Күндегі әдетінше жұмысқа асыға кеткен Абылай кабинетінде отырып, әйеліне қоңырау шалды:
— Жаным, бүгін ертерек барам. Еркеназдың сабағына көмектесейін. Медғат пен Қасымды да ертіп, табиғатқа шығайық. Біраз демалайықшы…
Әйелінің жылы үні естілді:
— Саған демалыс керек, Абылай. Сен біреудің өмірін емес – ақиқатын алмас қылышысың!
Жаз шықты.
Абылай отбасымен тауға шықты. Жанында – балалары, жарқын күлкі, қолында балық аулайтын қармағы бар. Көлдің жиегінде тұрып, қармағын суға тастаған Абылай терең ойға шомылды:
— Мен тергеушімін! Тағдырдың сынақтарында шындықты іздеген адамның көлеңкесімін. Шындық ешқашан қатты дауыспен сөйлемейді. Ол — ақырын келеді.
Бірақ келгенде…
Бүкіл жалғанды шайқап өтеді.
Абылай отбасында – жай ғана әке. Бірақ сыртта – бір халықтың ар-ожданын арқалап жүрген жауынгер. Ол көлдің бетіне ұзақ қарады. Күннің алтын сәулесі су бетінде ойнап тұр. Кенет көлден Жомарттың бейнесі жылт етіп көрінгендей болды. Сол сәтте жел де соқпай қалды. Бар әлем тыныштық құшағына енгендей. Абылай ақырын ғана көлдің бетіне үңілді.
Ол су бетінен әділеттің нұрын көрді…
Алмагүл Серікқалиева