«Миллиардтаған адамның тағдырына əсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес». Елордада «Ақыл-ойды байланыстыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыпта өткен халықаралық форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мəлімдеді. Мемлекет басшысының бұл сөзі бүгінде бүкіл əлем бетпе-бет келіп отырған трансұлттық қатерге қатысты айтылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте бұл қауіпке қарсы əрекеттегі бірізділіктің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Өйткені, əлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз əрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс. Қазақстан орта державалар əділетті əрі инклюзивті əлемдік тəртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың əдіс-тəсілдерге сүйену қажет. Соған сəйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс. Екі күнге созылған алқалы жиынға Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс жəне Африка елдерінен БҰҰ, ФАО, ХҚҰ жəне ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам адам қатысып, сөз сөйледі. Форум аясында 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар жəне басқа да бағдарламадан тыс шаралар өтті. Оларда негізінен экономикаға, климатқа жəне мемлекетаралық қатынастарға назар аудара отырып, жаһандық өзгерістер жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мəселелері талқыланды. Форумда сөз алғандар қатарында Руанда Президенті Пол Кагаме жəне Жаһандық жасыл өсу институтының төрағасы Пан Ги Мун болды. Халықаралық шарадағы сүбелі сөзді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бүгінде əлем жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттауға болатын белгісіздік белең алған кезеңді бастан кешіп жатқаны шындық. Дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мəліметке сəйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез əрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты, яғни қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ əрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – əлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ əзірге беймəлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллекттің даму трендімен еш үйлеспеуі. Осы жайлы ойын ортаға салған Тоқаев мырза бұл тұрғыда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген əскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайтынын мəлімдеді. Қазақстан Президенті бұл тұрғыда соғысудың орнына халқымызды, əсіресе, жастарымызды саналы əрі өркениетті қоғам құруға үндеу қажеттігін атап көрсетті. Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті, бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына əкеп соғуы, егістік атау лыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан əлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес өкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық жəне биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз. Жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керек. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осынау бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Өзекті мəселенің бірі ретінде Тоқаев климат дағдарысына назар аудартты. Президент бұл мəселені орнықты дамудың негізгі басымдығы ретінде атап көрсетті. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі əлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. «Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тəртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды» деді осы ретте Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті осы орайда сөз басында назар аударылған жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар жұмысына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде 193 ел мүше БҰҰ-ның негізгі тармақтары, əсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі жұмысы реформалану керек. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл ұйымға жəне оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына əсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған əлемнің əр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды. Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек. Əрі барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын қорғау туралы ең басты қағидаттан айнымауға тиіс. Бəріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»