Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық басмы бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сай балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Алимент – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы саласын реттейтін заңнамада балаларға төленетін алимент
мөлшерін анықталған, алимент төлеуші 1 балаға табысының ¼ бөлігін, 2 балаға – 1/3 бөлігін, 3 және одан да көп балаға – ½ бөлігін төлеуі тиіс. «Алимент төлеу – қарыз емес, парыз» деген тіркес бар. Бұл тіркес алимент төлеушілердің өз балалары алдындағы алименттік міндеттерін орындамай, жалтаруы салдарынан туған тіркес болса керек. Әр алимент төлеуші өз баласы алдындағы парызын, міндетін сезініп, бұлжытпай орындаса қаншама бала қарны тоқ, көйлегі көк алаңсыз, ешнәрседен таршылық көрмей өсер еді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаншама баланың ата-анасынан материалдық қолдау күтіп жүргенін көріп қынжыласың.
Сөзіміздің дәлелі келесі статистикалық мәліметтерде. Маңғыстау облысы бойынша жеке сот орындаушыларының іс жүргізуінде 10 354 алимент өндіру туралы атқарушылық құжат бар
(Ақтау қаласы – 5 817, Жаңаөзен қаласы – 2 739, Мұнайлы ауданы – 1 873, Бейнеу ауданы – 663, Түпқараған ауданы – 437, Қарақия ауданы – 424, Маңғыстау ауданы – 274). Оның ішінде 1 105 борышкер өз балалары алдындағы алименттік міндеттерін орындаудан жалтарып жүрген атааналар. Баласының алдындағы жауапкершіліктен жалтаратындардың саны жылдан жылға көбейіп, сәйкесінше алимент бойынша берешек сомасы да артқан. Олар алиментті уақытылы төлеп, өз баласы алдындағы да, заң алдындағы да міндетін тиісінше орындаудың орнына табысын жасырып, өз дүние-мүлкін туған-туыстарының атына өткізіп, таныстары басқаратын шағын серіктестіктерге жұмысқа орналасып алып, айлық жалақысын
мардымсыз қылып жазғызып алып, алиментті аз сомада төлеудің, кейде тіпті төлемеудің айласын жасайды. 1 105 борышкер өз баласының тағдырына бейжай қарап, алимент төлеуден жалтарып жүргендер. Облыс бойынша алимент бойынша берешектің жалпы сомасы 1 830 232 114 теңгені құрайды. Бұл цифрлардан қаншама бала мұқтаждықпен күн кешіп
жүргенін байқауға болады. Алимент төлеуден жалтарған тұлға Қазақстан Республикасы
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен әкімшілік 2 жауаптылыққа, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139- бабымен қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабымен бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған. Ал, алимент төлеуден жалтарушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен
алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Алимент төлеуден жалтарушыларға заңда көзделген әкімшілік және
қылмыстық жауаптылыққа тарту түріндегі жазалар қолданылса да, оң нәтиже болмай тұрғаны белгілі. Соңғы үш жылда алимент төлемегені үшін 220 борышкер әкімшілік, 61 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Облыс аумағында 2022 жылы 15, 2023 жылы 5, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 3 тұлға алимент төлеу жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін әртүрлі мерзімдерге әкімшілік қамаққа алынған.Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен 2022 жылы 23 борышкер, 2023 жылы 40 борышкер, 2024 жылы 27 борышкер сотталған. 2022, 2023 жылдары аталған баппен сотталушыларға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған, ал 2024 жылы 27
борышкердің 20-сына бас бостандығын шектеу, 7 борышкерге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Ағымдағы жылы 6 борышкер алимент бойынша берешектерін толықтай өтеулеріне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс
тоқтатылған. Барлық ата-ана өз баласының алдында жауапкершілігін сезініп, алиментті уақытылы төлеп тұрса, әрине, ең алдымен бала үшін жақсы болар еді. Қазіргі таңда алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-ана ертеңгі күні қартайып, бойынан күш-қуат кеткенде сол баланың материалдық көмегіне мұқтаж болуы мүмкіндігі түсінсе екен.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ж.Жусупова