– Қазақстандық адвокаттар өз еңбегін қалай бағалайды? Газетімізге хабарласатын оқырмандар адвокаттың жұмысы қаламақысына сай емес деп жатады.
– Адвокат – бүкіл әлемдегі ең жоғары жалақы алатын мәртебелі мамандықтың бірі болып саналады. Оның мәні бұл кәсіптің жоғары интеллектіні талап етуімен, түрлі тәуекел, стрестермен бетпе-бет келіп, ұшқыр да ұтымды шешім қабылдай білуімен байланысты болса керек. Адвокаттардың еңбек ақысы әртүрлі. Оның көлемі ең әуелі істің ауырлығына, күрделілігіне байланысты. Сонымен қатар, адвокаттардың танымалдығы, көпшілік тарапынан мойындалуы да белгілі бір роль ойнайды. Азаматтардың да біліктілігі жоғары, қатысқан істерінде оң нәтижеге қол жеткізіп жүрген, өз ісін жауаптылықпен атқаратын адвокатқа таңдау жасайтыны, сәйкесінше олардың еңбегінен ақы аямайтыны түсінікті.
«Бес саусақтың бірдей болмайтыны» сияқты қолға алған ісін аяғына жеткізбей, жұмысын шала орындап, қорғауындағы адамдардың көңілінен шықпайтын адвокаттар да бар. Әлбетте, сөзі көп, нақты ісі жоқ адвокаттардың әрекетіне көз жұмып қарауға болмайды. Өйткені бір адвокаттың қателігі бүкіл алқаның жұмысына көлеңке түсіреді, ісін кері кетіреді. Мұндай келеңсіздікке жол бермес үшін адвокат атқаратын жұмыс келісімшартта жан-жақты, нақты көрсетілуі керек. Келісімшарт – бұл азаматтар талабын құқықтық тұрғыда реттеудің, адвокаттармен арадағы қарым-қатынасты жүйелеудің кепілі. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінген кездегі ең бірінші қадам, келісімшарт жасаудан басталуы керек. Келісімшарт болған жағдайда өз міндетін жүрдім-бардым атқарған, жұмысы еңбекақысына сай емес адвокатты тәртіпке салуға мүмкіндік туады.
– Соттағы істердің басым бөлігі орыс тілінде қаралады. Бұған тергеушілер мен адвокаттардың мемлекеттік тілді білмеуі түрткі болады деген пікірді жиі естиміз. Шынымен де солай ма?
– Соттағы мемлекеттік тілдің үлесін адвокаттармен байланыстыру қате. Қазақтілді азаматтарды ешкім қазақша білмейтін адвокаттың қызметін алуға мәжбүрлей алмайды. Себебі, сот – адам тағдыры таразыға түсетін орын. Төрелік алаңына үлкен дайындықпен бару керек. Ал адвокат – соттағы негізгі жанашырың, басты қорғаушың. Егер адвокат қорғауындағы адамның айтқанын түсінбесе, ойындағысын ұқпаса, сотта қалай қорғайды? Оның үстіне, әркім адвокатқа беретін қаржыны өз қалтасынан шығарады. Тиісінше еңбекақысын төлеп отырған соң азаматтардың адвокаттың қай тілді жетік білетінін, бұрынғы жетістіктерін елеп-екшеп барып қорытынды жасауына болады. Республикамызда 5800 адвокат жұмыс істейтінін ескерсек, азаматтарда таңдау жасауға мүмкіндік мол.
Шыны керек, елімізде қазақ халқының үлесі жылдан жылға артуда. Соған орай мемлекеттік тілде қызмет жасауға қажеттілік те өсіп келеді. Бұл адвокаттардың да мемлекеттік тілді өз бетінше үйреніп, меңгеруіне ықпал етіп отыр. «Базардың бағасын нарық реттейді» демекші, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту азаматтардың қолында. Егер азаматтар сотқа тек қазақ тілінде талап арыз жазып, қазақтілді адвокаттарға ғана таңдау жасаса, қорғау ісі де біртіндеп тек мемлекеттік тілге көшер еді. Әзірге талпыныс бар, алдағы уақытта оң өзгерістер орын аларына сенеміз.
– Мемлекет тарапынан тегін заң көмегін беретін адвокаттар қызметіне көңілі толмайтындар көп. Әлде адвокаттар ақысы аз істер бойынша ізденгісі келмей ме?
– Адвокатурада шешілмей жатқан, қордаланған проблемалар баршылық. Солардың бірі осы мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін заң көмегіне қатысты. Мұндай заң көмегін көрсеткен адвокатқа ақы бюджеттік қаржы есебінен жүргізіледі. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін адвокаттарға 2,3 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Айтар атқа көп болып көрінгенмен, республика көлемінде заңдық көмек беру үшін бұл тым аз сома. Ең қызығы, заң көмегіне төленетін қаламақы минутпен есептеледі. Бір сағат сот отырысына қатысқан адвокатқа шамамен 1 АЕК мөлшерінде ақы беріледі. Ал адвокат қаланың бір шетінен екінші шетіне жету үшін қаншама уақытын жоғалтады. Сот процесін тосып отыратын кездері де көп. Сөйтіп сарылып сотқа қатысқанда 10-15 минут үшін ғана ақы төленіп жатады. Осыдан көріп тұрғанымыздай, адвокаттың жол жүру мен күту уақыты есепке алынбайды. Бұл тәжірибе өзгертілуі тиіс. Адвокаттың жолға жұмсаған уақыты міндетті түрде бір сағатқа дейін дөңгелектей отырып есептелуі тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде адвокаттардың қылмыстық процесті жүргізетін органдарға тәуелділігін алып тастау қажет. Бүгінгі таңда заң көмегін көрсетуге жұмсалған уақыт мөлшерін анықтау және тиісінше адвокаттың сыйақы көлемін белгілеу қылмыстық процесті жүргізетін органға жүктелген. Бұл адвокаттың тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Адвокаттарды тағайындау бойынша таңдауда да мәселе бар. Дұрысы, адвокаттарды тағайындау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы кездейсоқ әдіспен айқындалуға тиіс. Түптеп келгенде тиісті еңбекақы қарастырылмай, халыққа көрсетілетін заң көмегінің деңгейі жоғары дәрежеде болмайды.
– Ал адвокаттардың білімі мен білігі жоғары ақы төлеуге лайық па?
– Жұмыс сапасы адвокатураға үздік заң кадрларын тартуға тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Сондықтан біздің саламызға мықты мамандарды топтастыруға тырысқанымыз жөн. Бірақ мұны тек адвокаттар еңбегіне лайықты ақы төлеумен байланыстыруға болмайды. Бұл жерде мемлекеттің қатысуын талап ететін бірнеше мәселе бар. Соның негізгісі адвокаттар алқасының қоғамдағы беделін айшықтаумен өзектес. Мәселен, мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатын әртүрлі құқықтық консультациялар мен өзге де заң көмегін қаржыландырудың барлық түрін мемлекет адвокатураға беруге тиіс. Арнайы құқықтық мәртебесi жоқ адамдар бұл қызметпен айналыспағаны абзал. Тағы бір ескеретін мәселе, мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу қылмыстық қудалау органдарын ұстауға арналған мемлекеттік бюджеттің шығысымен мөлшерлес болуға тиіс. Сонымен қатар, тегін заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар шеңберін әлі де кеңейте түскен жөн. Бұл азаматтардың неғұрлым көп бөлігінің тегін заң көмегімен қамтылуына, сотта құқығының қорғалуына, сол арқылы әділ төрелікке, мықты адвокатураға деген сенімінің нығаюына көмектеседі.
– Адвокаттардың істе жеңіске жету үшін этикаға жат амалдарға баратынына да халық өкпелі. Қорғауындағы адамның құпиясын жария етіп, қарсы тараптың жеке өміріндегі кемшіліктерді пайдаланған адвокаттардың үстінен арыз жазғандар болды ма?
– Адвокаттар этикасы мәселелері кәсіби заңмен, сондай-ақ Адвокаттардың кәсіби этикасы кодексімен реттеледі. Соған сәйкес, адвокат өзінің кәсіби қызметінде құқық пен заңға қызмет ету миссиясын түсінуі, құқық үстемдігі қағидаттарын бекітуге және іске асыруға, заңдылықты мүлтіксіз сақтауға жәрдемдесуі тиіс. Мамандықтың беделін көтеріп, абыройын сақтау әрбір адвокаттың адамгершілік борышы. Жоғарыда көрсетілген ережелер алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге негізделген, адвокаттардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты негіз қалаушы халықаралық актілерде, сондай-ақ, әлемнің озық елдерінің адвокаттарының этика кодекстерінде бекітілген.
Расында адвокаттардың кәсіби этиканы бұзуы кездесетін құбылыс. Бұл ретте кәсіби этиканың бұзылуы процестік оппоненттерге қатысты ғана емес, өз әріптестерінің кәсіби қызметіне қатысты да орын алуда. Кәсіби этика талаптарын бұзған, заңға қайшы әрекет еткен адвокаттар жауапсыз қалмайды. Былтырғы жылы 180 адвокат тәртіптік жауаптылыққа тартылған. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дегенді қазақ осындайда айтса керек. Елді қорғайды, заңның бұзылмауына ықпал етеді деген адвокаттың өзі заңға жат әрекет жасаса оны жылы жауып қоюға болмайды. Кәсібіне сай келмейтін, өз мақсатына жету үшін теріс әрекеттерге жол беретін адвокаттарға біздің салада орын жоқ.
– Адвокат ретінде сот отырысындағы айыптаушы мен қадағалаушының мүмкіндігі, рөліне қандай баға берер едіңіз?
– Адвокаттардың беделін көтеру, құзыретін арттыру қоғам үшін, азаматтар үшін маңызды. Сондықтан бұл мәселеге соңғы жылдары жіті назар аударылып келеді. Бірақ, солай екен деп соттағы қорғаушы мен айыптаушының әлеуеті, мүмкіндігі теңесіп кетті деуге әлі ерте. Заңдағы прокуратураға берілген өкілеттіктер судьялардың прокурорларға тәуелділігін арттырады. Бұл іс жүзінде адвокат пен прокурордың теңсіздігіне және сот процесінде айыптау жағының басым болуына әкеледі. Заңнамаға сәйкес прокуратура заңды күшіне енген сот актілерін қадағалау құзыретіне ие. Дұрысы, прокуратураның сотта мемлекет мүддесiне өкiлдiк еткенімен, сотты қадағалауы жөн емес.
– Сот отырысында судьяны мантиясынан, прокурорды қызметтік формасынан жазбай танисыз. Ал адвокаттардың кәсіби киім үлгісі неге жоқ?
– Бұл мәселе адвокаттардың арасында да талай талқыға салынған. Әдеп кодексіне сәйкес, кәсіби міндеттерін орындау кезінде адвокаттар іскерлік этиканы және іскерлік киім стилін сақтауы керек. Алайда іскерлік киім стилі адвокаттың ерекше мәртебесін толық көрсетпейтіндіктен, кезінде арнайы адвокаттық белгі тағу ұсынылған болатын. Осыған байланысты алқа адвокаттың төсбелгісін бекіту және дайындау жұмысын қолға алған еді. Бұйырса, әріптестеріміздің кәсіби төсбелгімен отыратын күні жақын. Бұған қоса, сот отырыстарына әріптестеріміздің адвокаттық мантияда қатысу құқығы кәсіби заңда белгіленген. Бұл ретте адвокаттық мантияның нысаны мен сипаттамасын Республикалық адвокаттар алқасы әзірлеп, бекітеді. Кәсіби заңның осы талаптары алдағы уақытта орындалуға тиіс.
– Сізді адвокатураға үлкен өзгеріс алып келеді деп үміттенгендер көп. Алдағы уақытта салада қандай өзгерістер болады?
– Өзің қалаған, өзің таңдаған саланы жандандыру, заман талабына сай дамыту – үлкен міндет. Республикалық адвокаттар алқасына төраға болып сайланғаныма көп бола қойған жоқ. Отандық адвокатураға тән жетістік пен кемшілік маған жақсы таныс. Мәселені ішінен білетіндіктен, оны шешу, жолға қою қиын бола қоймас деп ойлаймын. Тек әріптестер қолдап, саланың ілгерілеуіне үлес қосса болғаны. Ал жақында әзірленген «Жаңа Қазақстан – Жаңа адвокатура» атты қазақстандық адвокатураның даму тұжырымдамасында алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар көрсетілген. Тұжырымдамада дәйектелген мәселелер шешіліп, жолға түссе – мақсатымыздың орындалғаны.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»


