Қазақстанда жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай тұрақты сақталуда. Отын тапшылығы жоқ, қажетті қорлар толық көлемде қалыптастырылған. Бұл жайлы Энергетика министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Баға және бақылау: Үкіметтің ұстанымы
Ведомствоның атап өтуінше, отын бағасы нарықтық жолмен қалыптасады, алайда мемлекет жағдайды бақылауда ұстап, бағаның күрт өсуіне жол бермейді.
Қазақстанда жанар-жағармай бағасы нарықтық жолмен қалыптасады. Өз кезегінде Үкімет бағаның күрт және негізсіз өсуіне жол бермейді, себебі халықтың мүддесін қорғау – сөзсіз басымдық– делінген министрлік жауабында.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты бақылауда.
Жағдай тұрақты бақылауда: елде отын тапшылығы жоқ, қажетті қорлар толық көлемде қалыптастырылған. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар, салалық ведомстволар және нарық өкілдерінің қатысуымен жедел мониторинг штабтары жұмыс істейді. Олар күнделікті негізде бағаны, отынның қолжетімділігін және жеткізу логистикасын қадағалайды, – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін АИ-92 бензиніне қатысты мораторий алынғаннан кейін елде бағаның күрт өсуі байқалмағаны, нарықтың нарықтық қағидаттар негізінде жұмысын жалғастырып отырғаны хабарланған еді.
Отын қоры және мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы
Министрлік мәліметінше, мораторийдің әсері баға тұрақтылығын сақтауға және жеткізілімде іркілістердің алдын алуға мүмкіндік берген.
Мораторий нәтижесінде баға тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, ірі жанармай құю желілерінде бөлшек бағаның өсуіне жол берілген жоқ, сондай-ақ ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде іркілістер тіркелмеді,– деп нақтылады министрлік.
Қазіргі таңда отын қоры жеткілікті деңгейде сақталып отыр.
Ішкі нарықтағы жағдай тұрақты, отынды жөнелту және қорларды толықтыру үздіксіз жүргізілуде. Жалпы қор жеткілікті және мынадай көлемді құрайды: АИ-92 бензині – 419 мың тонна, АИ-95 бензині – 133 мың тонна, дизель отыны – 611 мың тонна. Ірі мұнай өңдеу зауыттары өндірістік жоспарға сәйкес жұмысын жалғастыруда,- делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ министрлік мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы-алдын алу жұмыстары жыл сайын жүргізілетінін және қор қалыптастыру кезінде алдын ала ескерілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, 2025 жылы да министрлік Қазақстан негізгі отын түрлері бойынша өзін толық қамтамасыз етіп отырғанын және қолда бар қорлар ішкі сұранысты, оның ішінде маусымдық тұтыну кезеңдерін толық жабатынын мәлімдеген болатын.
Импорт және аграрларды қамтамасыз ету
Энергетика министрлігі 2026 жылы Ресеймен келісілген баланс аясында мұнай өнімдерінің бір бөлігін импорттау көзделгенін хабарлады.
Қазақстан мен Ресей Энергетика министрліктері арасындағы индикативтік балансқа сәйкес мұнай өнімдерінің импорты қарастырылған. Оның ішінде автобензин – 285 мың тонна, дизель отыны – 450 мың тонна, авиаотын – 300 мың тонна және битум – 50 мың тонна,-делінген жауапта.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету бөлек реттеледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп жыл сайын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мұнай өнімдеріне деген қажеттілігін айқындайды және көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны көлемі бойынша ұсыныстар енгізеді. Бөлу және бақылау қолданыстағы қағидалар аясында жүзеге асырылады,– деп нақтылады ведомство.
Осылайша, Энергетика министрлігі ішкі жанар-жағармай нарығы тұрақты жұмыс істеп тұрғанын және қазіргі уақытта елде отын тапшылығы қаупі жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі үкімет үшін негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді: бұған дейін бағаның өсуіне жол бермеу және отын айналымын бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданған.


