Сот – мемлекеттегі үш мәртебелі биліктің бірі. Оған ақ пен қараны анықтап, мемлекет атынан үкім шығару құзыреті жүктелген. Әлбетте, судьяның қызметі заңды жетік біліп, оны тәжірибеде сауатты қолданумен, тура төрелік жасаумен ғана бітпейді. Өйткені судья қызмет кезінде де, қызметтен тыс уақытта да көпшіліктің жіті назарында. Бұл қазыларға белгілі бір міндеттер мен шектеулер жүктейді. Соның ішінде судьялар қоғам алдындағы беделіне көлеңке түсірмей, әділдіктің айнасы, биік парасат пен көркем мінездің үлгісі болуы шарт. Бұл талаптар судьялардың Әдеп кодексінде жан-жақты қарастырылған.
Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, судьялардың ең алғашқы әдеп кодексі 1996 жылы республика судьяларының бірінші съезінде қабылданған болатын. Осы құжатта бірінші рет судьялардың кәсіби және қызметтен тыс өміріндегі мінез-құлқына қатысты этикалық ережелер топтастырылған еді. Әрбір қазының бағдарына айналған бұл кодекс бар болғаны 7 бапты қамтыды. Бірақ, осы 7 бапта судьялар корпусының ар-ождан қағидалары, этикалық міндеттемелері толық ескерілгені мәлім.
Бірақ, құжат қанша сапалы, сауатты дайындалғанымен, оған уақыт ағынына, заман өзгерісіне, қоғамның қажеттілігі мен азаматтардың талап-тілегіне орай өзгерістердің енгізіліп, жаңғыртулардың жасалуы қалыпты үрдіс. Осы үрдіспен судьялардың Әдеп кодексі де 2009 және 2016 жылдары жаңа келбетке ие болды. Бүгінде республика судьяларының ІХ съезі алдында Әдеп кодексінің жаңа редакциясы жаппай талқылануда.
Судьялардың Әдеп кодексінің жобасын талқылауға қазылармен қатар, адвокаттар, заң кеңесшілері, ғалымдар, БАҚ өкілдері де белсенді қатысып келеді. Құжатты әзірлеу барысында көпшілік тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назардан тыс қалмаған. Соның ішінде судьялардың қоғамдағы ақпараттық қызметі мен жеке өмірдегі мінез-құлық ережелерін реттеуге қатысты мәселелер де тиісінше шешімін тапқан. Судьялар одағының Орталық Кеңесі Әдеп кодексін әзірлеу барысында судьяның оң бейнесін қалыптастыру үшін қандай да бір нысанда кемсітушілікке жол бермей, азаматтардың теңдігі мен әділеттілікті қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп отыр.
Әсіресе судьялардың құқықтарын қорғауға, негізсіз сынның алдын алуға мән берілгені құптарлық. Судья әдебі жөніндегі комиссияның судьяларға қатысты келіп түскен шағымдарды қарағанда кодекс талаптарына үңіліп, кәсіби міндеттерді орындау барысындағы және күнделікті өмірдегі лайықсыз қылықтардың әрбір жағдайына жан-жақты және әділетті баға бергені өте орынды. Бұл судьялардың өзіне, өзі қызмет ететін құрылымның әділдігіне деген сенімін бекітеді. Сонымен қатар судьяларды тәртіптік жауапкершілікке негізсіз тартуға жол бермеу арқылы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылатыны да жаңа жобада дұрыс шешімін тапқан.
Судья әдебі жөніндегі жаңа кодекс республика судьялардың ІХ съезінде қаралып, қабылданады деп күтілуде. Жаңа кодексті қабылдау судьяларға әдептілік қағидатын сақтап, кәсіби қызметте де, күнделікті өмірде де басқа адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға септігін тигізері анық. Сонымен бірге, Әдеп кодексіне сүйенген судьялар сот төрелігін құқықтық негізде ғана емес, әдептілік қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырары күмәнсіз.
Э.Ақбаев,
Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы