spot_img
spot_img

Назгүл ЕСТЕУСІЗОВА, Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы: «ЗАҢ ШЫҒАРУШЫЛАР КОЛЛЕКТОРЛАРМЕН САНАССА ДЕЙМІЗ»

– Назгүл Қарасқызы , өзіңіз жетекшілік етіп отырған Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасының құрылғанына биыл 5 жыл толады екен. Алға қойған мақсаттарыңыз қаншалықты орындалды?

– «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы» заңды тұлғалар бірлестігі 2018 жылы құрылды. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын бұл бірлестік жаңадан ашылған кезде белсенді болды. Коллекторлық агенттіктің мүмкіндігі аз. Тек қана телефонмен хабарласып, хабарлама жібере алады. Құқығы шектеулі. Соған қарамастан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл сайын заңды үсті-үстіне қатайтып, көптеген өзгерістер енгізуде. Соның нәтижесінде 3 жыл бұрын палата жұмысы біршама бәсеңдеді. Оған пандемияның да әсері болды. Сондықтан алдыға қойған мақсаттарды орындау баяулай бастаған еді. «Ештен кеш жақсы» деп былтырдан бастап палатаның жұмысы қайта жаңартылып жатыр. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» коллекторлардың имиджін көтерейік, жұмысын халыққа жеткізейік деп бірігуге үндеп жатырмыз. Қызығушылық танытып жатқандар аз емес.

– Алғаш құрылған кезде коллекторлық агенттіктер саны мыңға дейін жуықтап қалған еді. Кейін күрт азайды. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

– 2017 жылдың 6 мамырындағы «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданбай тұрғанда банктердегі мәселелі бөлімдегілердің (проблемный отдел) бәрі жеке бизнеске кетіп қалып, өздерінің коллекторлық агенттіктерін ашып жатты. Заң қабылданған соң, оның «Коллекторлық агенттікті құру және оның қызметі туралы» деп аталатын 2-тарауына сәйкес талаптар қатайтылды. Соның нәтижесінде талапқа сәйкес келмегендер біртіндеп жабылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан жасалаған бұл жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда коллекторлық агенттіктер саны 180- нен сәл ғана асады.

– Коллекторлар тұтынушы мен қарыз берушінің қайсысының мүддесін көбірек қорғайды?

–180-нен астам коллекторлық агенттіктің бүгінгі таңда бізде 60-тан астамы мүшелікте тұр. Заңға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерге қатысты ұсыныстары болса, не қандай да бір тапсырмалары болған жағдайда біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен коллекторлық агенттіктер арасындағы алтын көпірміз деуге болады. Сондықтан тұтынушы мен қарыз берушінің мүддесін теңдей қорғаймыз. Екі тарапты бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Сол үшін палатаның тарапынан қаржылық сауаттылықты арттырып, борышкерлерге көмек жасау, кеңес беру мақсатында 2019 жылы республикалық деңгейде «Stop-Collector» деген жоба құрдық. Жасыратыны жоқ, борышкерлер көп жағдайда өзінің құқығы мен міндеттемелерін біле бермейді. Мәселен, борышкерлер көбінесе «коллекторлар телефон соғып жатыр, мен трубканы алмай жүрмін. Оншақты рет хабарласты» дейді. «Сіз сөйлестіңіз бе?» – десек, жоқ дейді күмілжіп. Бәрінің бойында бір үрей мен өздері ойдан жасап алған коллекторлардың ұнамсыз образдары бар. Сосын хабарласып, сөйлесіп көрмей жатып көлеңекесінен қорқып жатады. Сондықтан біз «Коллекторлармен келіскеніңіз дұрыс. Өйткені, сотқа дейінгі коллекторлар сізге борышқа қатысты мәселені шешудің тиімді жолын тауып береді. Егер іс сотқа кетіп қалса, оның өсім пайызы, мемлекеттік алымы мен сот шешімін орындайтын жеке сот орындаушылардың санкциясы дегендер бар. Ол сіздерге тиімді емес» деп түсіндіруге тырысамыз. Әйтсе де, борышкерлер арасында істі сотқа жіберсе шешіп береді деп арқаны кеңге салып, өзінше бір қиялдың жетегінде жүретіндер аз емес.

– Бәрі бір бағытта жұмыс істейтін болған соң 180-нен астам коллекторлық агенттік неге ұлттық палатаға толық кірмей жүр?

– Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасына мүше болуда олардың бізбен келіспеушілігі бар деп айта алмаймын. Жұмысымызды көрмей жатқан шығар, бәлкім. Кейбіреуі оның маған қандай пайдасы бар деуі мүмкін. Өйткені, коллекторлық қызмет – заңмен реттелетін кәсіби жұмыс. Сондықтан «сен тимесең, мен тимен» деп әркім өзінің шаруасын жеке күйттеп жүре бергісі келетін шығар. Шыны керек, коллекторлық қызмет мынандай жұмыс істеп жатырмыз деп кеуде керіп айтатын сала болмаған соң, коллекторлық агенттіктер көбіне жабықтау болып келеді. Біз, әрине, бәріне палата мынандай жұмыс жасап жатыр, қосылыңыз, бірге жұмыс жасайық деп хат жібереміз. Қосылу, қосылмау әркімнің өз еркінде.

– Палата мүшелерінің нарықтағы үлесі қандай? Нарыққа ықпал ете аласыздар ма?

– Бізбен қатар Қазақстан коллекторлар қауымдастығы бар. Оған 10 шақты коллекторлық агенттік мүше болған. Жалпы, нарықта қарызды сатып алмайтын, онымен уақытша жұмыс істейтін сотқа дейінгі коллекторлық агенттіктер бар. Сосын қарызды сатып алатындар болады. Ал қарызды сатып алатындар Қазақстан коллекторлар қауымдастығына бірлескен. Біз сотқа дейінгі коллекторлық агенттіктердің басын құрап отырмыз. Олардың көбі бізде.

– Коллекторлар арасында борышкерге еш қатысы болмаса да түгеншені тауып беріңіз деп жекесіне, жұмыс орнына хабарласушылар бар. Бұл қаншалықты заңды?

– Ол заңға қайшы келмейді. Қарыз беруші мен борышкер арасындағы келісімшартта бір пункттер болады. Қарызды қайтарудың мерзімі өткен жағдайда іздеу мақсатында үшінші тұлға, яғни таныстарына, туыстарыма хабарласып сұрауға болады деген. Яғни төртінші, бесінші, алтыншы тұлға деген жоқ. Тек үшінші тұлға деген бар. Оған көрші деген сияқтылар да кіреді.

– Борышкер қарызды төлемейтін болса, оны үшінші тұлғалардың қайтаруға жауапкершілігі бола ма?

– Жоқ. Коллекторлық агенттікке негізінен кепілсіз несиелермен жұмыс істеу жүктелген. Сондықтан бұл жерде коллекторлық агенттік ешкім ешкімге кепіл болмаған соң іздеу мақсатында ғана хабарласады. Өйткені, кейбір борышкерлер телефон нөмірі ауысса хабарласпай, кейде өз телефонын көтермей жатады. Жалпы қарызды төлеймін дегендер өздері іздеп келіп, келісімге келеді. Ал жоғарыда біз атап өткен категориядағылар керісінше қашып жүреді. Олар тек қана төлемеудің амалын іздейді. Тіпті, шағым жасап, коллекторлар бүйтіп жатыр, сүйтіп жатыр деп қоғамда оларға қатысты теріс пікір қалыптастыруға тырысады. Егер сізді іздеп жүргенін білсеңіз, өзіңіз неге келмейсіз десек жауаптан жалтарады. Өйткені, қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой, қарызгерлер кімнің не істеп жүргенін инстаграмнан жиі тауып алады. Онда тіркелген достары арқылы хабарласып, сіз мына жазылушыны білесіз бе, білсеңіз тауып бере аласыз ба деп хабарлама жазады. Әрине, таныстарының борышкерге хабарласуы ыңғайсыз жағдай тудырады.

– Олардың құқы бұзылады деп ойламайсыздар ма?

– Біз борышкерді таба алмағаннан кейін іздеп жатырмыз. Егер үшінші тұлға, тіпті туған анасының өзі «мен борышкердің қайда екенін білмеймін, енді хабарласпаңыз» деп айтқан жағдайда «Коллекторлық қызмет туралы» заң бойынша оны қайта мазалау заң бұзушылық болып табылады. Ондай жағдайда «Stop-Collector» жобасы бойынша бізге шағым түсіру керек. Біз бірінші басшыларына мәлімдемені жібереміз. Олар заңбұзушылық расталса, өздерінің ішкі тәртібі бойынша жаза қолданады.

– Палатаға мүше емес агенттіктерге қатысты шағымның тағдыры қалай шешіледі?

– «Stop-Collector» республика деңгейінде болғаннан кейін, барлығына да сауал жібереміз. Жауап болмаған жағдайда өзім коллекторлық агенттіктердің бірінші басшыларына телефон шаламын. «Осындай жағдай болып жатыр екен. Соны ушықтырмай шешіңіздер. Сөйлесіңіздер, келісіңіздер» деп ұсыныс айтамын. Біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырған ешкім жоқ әлі. – Шағым көп пе? – Тек шағым ғана емес, халықтан түрлі өтініш, хабарлама, мәлімдеме, ұсыныс, кеңестер көп түседі. Егер 2019 жылы олардың саны 3-4 мың көлемінде болса, 2021 жылы 6 мың, ал 2022 жылдың қарашасында 8 мыңға дейін жетті.

– 2022 жылы қолданыстағы заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Одан не күтесіз?

– Міндетті түрде коллектор жұмысының тәртібі өзгереді. Жарғылық капиталдан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін заңға өзгерістер қабылданып жатыр. Бұл жерде енді өзінің жұмысын шынында да жақсы көретін мамандар ғана қалады. Коллекторлық агенттіктер саны да қысқарады. Оның қаншаға қысқаратынын дәл болжап айта алмаймын. Тіпті, болжаудың өзі қорқынышты боп тұр қазір.

– Мемлекет басшысының коллекторлық агенттіктерді жоспардан тыс тексеру туралы тапсырмасының қорытындысы туралы не айтар едіңіз?

– 2021 жылы тексерілді. Шектен тыс заңбұзушылықтар орын алған жоқ деп ойлаймын. Тек қана Алматыда коллекторлар сот орындаушылармен сыбайлас болды деген бір-екі факті тіркелді. Сонымен қатар, «Коллекторлық қызмет туралы» заң қағидаларын ескермей, борышкерге 3 емес 4 рет хабарласқандар болған. Жалпы, борышкерге хабарласқан кезде қай коллекторлық агенттіктен, кім звондап тұрғанын, қандай сумма бойынша хабарласқанын айту шарт. Сол бойынша да кішкене ауытқулар болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл талапты бұзғандарға әкімшілік айыппұл салды.

– Коллекторлар кодексі қабылданған еді ғой. Ол қаншалықты орындалып жатыр?

– Бұл коллекторлық агенттік жұмысшысының типтік кодексі. Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы мен Қазақстан коллекторлар қауымдастығы арасында меморандум ретінде қабылданды. Оның қаншалықты жұмыс істеп жатқанын мен толыққанды айта алмаймын. Бірақ өзіміздің жоспарымызда 2023 жылдан бастап қаржысауаттылығын арттыру бойынша әр өңірге барып, борышкерлер, коллекторлар және жергілікті әкімшіліктермен келісім жасау туралы жоспар бар. Одан бөлек түсіндіру жұмысын жұмыскерлермен, жұмыс берушілермен де өткізу ойымызда жүр. Оның бәрі типтік кодекстің қолданыс аясын кеңейтіп, оны коллекторлық агенттіктердің ішіне сіңдіру үшін жасалатын болады.

– Қандай адам коллектор бола алады?

– Коллекторлық агенттіктің жұмысы өте ауыр. Күнделікті жұмыс көп. Коллектор болу үшін біреуге шынайы көмектескісі келетін, ешкімнің мәселесіне бей-жай қарай алмайтын және өз ісіне жан-тәнімен берілген адам болу керек.

– Арнайы білім керек пе?

– Қазіргі таңда арнайы білім керек емес. Коллектор болуды ешкім, еш жерде үйретпейді. Әр мекемеде өзінің оқу дәрісі, практикасы бар. Үміткерлер содан өтіп барып коллектор бола алады.

– Олардың білімін жетілдіру жұмысы палата тарапынан қарастырылған ба?

– Коллекторлар заңгер болса жақсы әрине. Бірақ жас заңгерлер бұл салаға көп келе бемейді. Онда негізінен орта білімі бар, колледж бітіргендер ғана жұмыс істейді. Сіз жоғарыда сауал етіп қойған тексерісте ол мәселе де қамтылып, коллекторлардың орта жасы 28 екені айтылып, оны ұлғайтсаңыздар деген ұсыныс жасалды. Жалпы, орта жастағы адамдардың көбінің өз жұмысы бар және олар коллектор болып жұмыс істегісі келмейді. Жұмыс өте ауыр. Өйткені, біреудің қарызын қайта-қайта есіне салып, оны төлеу керектігін ескерту, болмаса келісімге келіңіз деп шақырудан бөлек, тұтқаның ар жағында неше түрлі көңіл-күйде тұрған кісілер барын ұмытпауымыз керек. Біреуі денсаулығына байланысты ауруханаға түсіп қалады, біреуі жақынынан айырылады деген сияқты. Оны біз алыстан көріп, біле алмаймыз ғой. Сондықтан олардың арасында бәдік сөзбен боқтайтындары және өзімізге ақыл айтып кететіндері де бар. Мұның бәрі психологиялық тұрғыдан өте қиын. Сондықтан кадр тұрақсыздығы көп. Бұл жұмыс өзі сырттай қызықтайтын, жұрт кереметтей қызығып іздеп тұратын жұмыс емес.

– Борышкерлер санын азайтуға қаншалықты үлес қосып жатырсыздар?

– Санмен айта алмаймын. Былтыр 1 қазанда елде ресми түрде 1,5 млн борышкер бары айтылғанын білеміз. Бірақ бұл жерде мына нәрсені ұмытпауымыз керек. Борышкерлердің жартысына жуығының ішінде тек біреу ғана емес, тіпті 4-5 жерден қарыз алғаны да бар. Сондықтан жалпы саны көп секілді болғанымен, нақты борышкерлер саны ресми түрде айтылып жүргендей аса көп емес.

– Қарыз берушілер мен борышкерлердің коллекторлық қызмет нарығына деген сенім деңгейін қалай бағалайсыз?

– Алдағы уақытта нарыққа әлеуметтік сауалнама жасау жоспарда бар. Колекторларға қатысты қоғамда неге теріс ой, образ қалыптасып отырғанын сол арқылы білгіміз келеді. Осы арада мына бір мәселені де айтқан жөн, қоғамда коллекторларға қарсы жұмыс жасайтын адамдар аз емес. «Коллекторлық қызмет туралы» заңды оқып алып, бірқатар «заңгерсымақтар» кейде борышкерге көмектесудің орнына, оны одан ары адастырады. Сондай-ақ, Ресейдегі бірқатар блогерлер де құқықтық сауаты жоқ адамдарға «коллекторларға бүйте беріңдер, сүйте беріңдер, олар ештеңе істей алмайды. Біздің заңымыз ұқсас» деп өзінше кеңес береді. Әр елде халықтың менталитеті әрқилы екенін олар ескере бермейді. Қарыз алған соң оны төлеу әрбір адамға міндет. Ал жаңағы адамдар көбінесе қарызды насихаттайды. Олар қарызды қалай қайтаруды емес, бермеу жолында көп жұмыс істейді.

– Мерзімі өткен борыштарды сотқа дейін реттеуде қарыз алушылардың құқықтары жиі бұзылатыны қаншалықты рас?

– Мұнша пайыз бұзылып жатыр деп статистикалық дерек келтіре алмаймын. Әр ситуацияда әр борышкердің жағдайын жеке-жеке қарау керек деп ойлаймын.

– Коллекторларға, коллекторлық қызметке деген сұраныс қоғамда қаншалықты жоғары?

– Түрлі қаржылық ұйымдар көп болған соң сұраныс та болуы заңдылық. Барлық жерде нарық өз талабын қойып жатыр. Әртүрлі жағдай болады. Жұрттың бәрі қарыз алғанда оны кейін төлемеймін, бермеймін деп алмайды ғой. Жартысы әйтеуір бірдеңесі болар, кейін көре жатармыз дейді. Сондай ниетпен алған соң қаржылық қиындық болған кезде оларға көмек қолын созу үшін коллекторлық ұйымдар керек деп ойлаймын.

– Коллектор болу үшін арнайы заңгерлік мамандық алудың керегі жоқ па?

– Қазіргі сәтте солай, бірақ кейін өзіміз бір тренд қалыптастырсақ дейміз. Жеке бір мамандық болмаса да соған жақындау, соның жолдарын үйрететіндей. Жалпы, болашақта коллекторларды да кәсіби түрде дайындау керек шығар деп ойлаймыз. Коллекторлық ұйымдар бүгінде ірі қалаларда ғана шоғырланған. Мәселен, коллекторлардың 50 пайызы Алматыда орналасқан.

– Заңгерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарымен бұл мәселені бірігіп талқылап көрдіңіздер ме?

– Ондай талқылау болмады. Сіздің осы сұрағыңыздан ойланып қалдым.

– Қарызды қайтармауда қаржылық сауатсыздық басым ба, әлде әлеуметтік тұрмыстың төмендігі мен жауапкершіліктің аздығы көбірек әсер етіп отыр ма?

– Өзім де халықпен көп жұмыс істеймін. Қарызы бар адамға, не студентке қарызды не үшін бересіңдер деп азаматтар өзімізге шағым айтып жатады. Несиені банктер мен қаржы ұйымдары беретінін, біздің қызметіміз басқа екенін ашулы жұртқа түсіндіру қиын. «Өз мүмкіндігіңізді біліп алмай қарызды сіз неге аласыз?» десем, «беріп тұрған соң алдым» дейді. Егер әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылғымыз келсе, бізде де барлық қызмет көрсету саласы қамтылу керек. Ал несие не қарызды алу-алмау әр адамның өз таңдауындағы шаруа.

– Оны заңмен реттеу, шектеу керек шығар?

– Бұрын несие алушының кредиттік тарихы 15 күн сайын жаңаратын. Былтырғы қыркүйек айынан бастап күніне 1 рет жаңаратын болды. Ол да мемлекеттің халықтың несиелік жүктемесін азайту үшін дұрыс ойластырып жасап отырған дүниесі деп ойлаймын.

– Біз жасадық дейтіндей қолданыстағы заңнамаға енгізілген нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

– Мынау біздің ұсыныс бойынша қабылданды деп нақты айта алмаймын. Олар негізінен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен тұтынушылар құқын қорғау органдары тарапынан жасалады. Біз тек жобаны қараған кезде мынаны былай өзгертсек дұрыс болар еді деп редакциялық тұрғыдан болмаса, заңға ауыз толтырып айтарлықтай үлес қоса алмай жатырмыз. Әрине, әрдайым заң шығарушылар бізбен де санасса екен деп ойлаймыз. Нарықта жүргеннен кейін біздің практикалық тәжірибеміз көбірек. Бізден ой сұраса, ұсыныс сұраса заң сапалы шығары талассыз. Алайда бізден оны сұрап жатқан ешкім жоқ. Коллекторлар құқы тек біржақты қатайтылуда. Заңда екітараптың мүддесі бірдей қорғалу керек қой. Қаржылық үдерістер әлі де терең ойластырылып жасалмады.

– Палатаның 5 жылдағы атқарған жұмысын түйіндеп айтып бере аласыз ба?

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына қарағанда бізге түсетін арыз-шағым мен өтініштер саны әлдеқайда көбірек. Оны биыл Парламентаризм институты да атап өтті. Мәселен бізге айына 700-800 өтініш түседі. Бұдан басқа 2021 жылы меморандум түрінде қабылданған коллекторлардың типтік кодексі мен 2019 жылы бастаған «Stop-Collector» деген жобаны атап өте алам.

– 2023 жылдың нақты жоспары қандай?

– Заң аясында қоғамнан оның бір мүшесі ретінде өз орнымызды алу. Одан кейін палатадағы коллекторлық агенттіктердің санын 30 пайызға ұлғайту. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, 1,5 млн борышкердің кем дегенде 10 пайызына көмектесе алсақ, біз үшін үлкен жетістік болар еді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма...

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.